1. Қазақ фольклорының жанры мен түрлері 2. Қазақ фольклорының тәрбиелік ықпалы 3. Ауыз әдебиетінің тарихи даму жолдары Қазақ фольклорының тарихы» деген ұғым мен зерттеу дәл өз мағынасында осы уақытқа дейін арнайы түрде күн мәселесіне қойылған емес. Оның бірнеше себебі болды. Біріншіден, ғылымда фольклорды жеке көркем жүйесі бар, көп өзіндік белгілерімен ерекшеленетін руханият деп түсінбей, оны көркем әдебиеттің бір саласы деп ұғыну орныққан еді. Соның салдарынан фольклор тарихы - әдебиет тарихы деп қарастырылып жүрді. Екіншіден, фольклортану ғылымының өзі де көп уақыт бойы әдебиеттанудың ішінде жүрді және сол әдебиеттанудың теориялық, әдіснамалық амал-құралдарына сүйеніп, соларды пайдаланып келді. Әлбетте, одан ол үлкен зиян шеккен жоқ, бірақ фольклордың көптеген қасиетін толық тани алмады. Үшіншіден, әдебиет тарихы жүйелі түрде, кезең-кезеңге бөлініп зерттелді де, фольклор синхронды түрде, бізге жеткен қалпы бойынша сипатталып, оның тарихи даму жолдары, қандай дәуірлерді бастан кешкені ескерілмеді, жеке-жеке жанрлар ғана зерттеліп жүрді. Әрине, фольклордың, дәлірек айтқанда, қай шығарманың нақ қай жылы немесе қай ғасырда туғанын, оның қандай өзгеріске ұшырағанын дөп басып айту мүмкін емес. Сол себепті де бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы ғалымдар да, қазіргі кезеңдегі оқымыстылар да фольклордың тарихын дәуір-дәуірге бөліп зерттеуге көп бармады, ал барған күннің өзінде маркстік-лениндік әдіснамадан шыға алмай, таптық формациялар бойынша қарастыруға мәжбүр болды. Бірақ бұл жол тұрпайы социологияға ұрындырды. Мәселен, 1950-1960 жылдар аралығында орыс фольклортану ғылымында орыс фольклорының тарихына арналған бірнеше еңбек жарық көрді. Бұл кітаптарда фольклордың тарихы феодализм дәуіріндегі, капитализм кезеңіндегі, совет тұсындағы деп жіктеліп қаралды да, әр дәуірлеудің өзі ғасырлар мен нақты жылдарға бөлінді және фольклордың тарихы көркем ойдың даму тұрғысынан емес, әлеуметтік тұрғыдан, езілуші таптың шығармашылық қабілетін дәріптеу мақсатында зерттелді. Кезінде ол еңбектер үлкен сынға да ұшыраған болатын.
Жанр категориясы – фольклортану ғылымындағы негізгі мәселе. Жанрға түрлі ғылымдар саласынан берілген анықтамалар қисапсыз. Фольклортану ғылымы тұрғысынан берілген анықтамалар да баршылық. С.А. Қасқабасовтың анықтауынша: «Жанр дегеніміз - оқиғаны, сюжеттік материалды белгілі бір мақсатпен тұтас мазмұнды, айқын идеялы шығармаға айналдырудың әдісі, жолы, құралы». Б.Уахатовтың берген анықтамасы мынадай: «Жанр – белгілі бір қоғамдық қызмет атқаратын және соған лайықты мазмұны бар, әбден қалыптасқан көркемдік форма»
Фольклордың тарихы – дербес жанрлар мен жанрлар жүйесінің тарихы. Фольклордағы жанр ұғымы әдебиеттегіден басқаша.
Ел арасында кең тараған, қазақ фольклорының құнды жәдігерлері болып табылатын батырлық жырлар, ғашықтық жырлар, тарихи жырларда жастарға үлгі болар біріздендірілетін бас қаһармандар жетерлік. Атап айтқанда, батырлар жыры бойынша «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Төстік», ғашықтық жырлар бойынша «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қалқаман-Мамыр», «Айман-Шолпан», тарихи жырлар бойынша «Едіге батыр», «Ер Сайын», «Шора батыр», «Арқалық батыр», «Досан батыр» туралы жыр-дастандар бүгінгі таңда өзінің көркемдік қуатын да, тәрбиелік мәнін де, эстетикалық идеалын да жойған жоқ.
Батырлар жырының ғашықтық жырлар мен тарихи жырлардан жанры жағынан ғана емес, кейіпкерлер портретін сомдауы жағынан да айтарлықтай ерекшелігі бар. Мәселен, батырлық жырдағы бас кейіпкердің бейнесін беруде жыршы батыр келбетін оның іс-қимылы арқылы ғана емес, ғашық жары, астындағы тұлпары арқылы да ашады. Батырдың қарсыласы да осал жау емес.
Батырлық жырлар оқырманға ұлттық рух берумен бірге, этнографиялық ақпараттарды да береді. Кейіпкерлердің киген киімін, қару жарағын, тұлпарының ер-тұрман, әбзелдерін сипаттау арқылы жырау оқырмен немесе тыңдарманды сол тарихи дәуірге жетелейді.
Ел арасында тараған ғашықтық жырлар мен қисса-дастандардың көпшілігі шығыстық сарындағы туындылар. Соның бірі - «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны. Оның бірнеше нұсқаларын шығыс шайырлары жырлаған. Бұл қиссаның қазақ тіліндегі нұсқалары да мол. Жырдың қазақы нұсқасынан сол кездегі қазақы танымды, елдің діни нанымын айқын аңғаруға болады.
Ал тарихи жырлармен танысу арқылы тарихи шежірелер мен оқиғалардың тізбесі көз алдыңыздан өтеді. Тарихи тұлғаларға қазіргі беріліп жүрген бағаның ара салмағын түсінуге жәрдемдеседі.