1. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА
ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ ДАМУ ЖОЛДАРЫ
Шағын жинақталған мектептердің тарихы XIX ғасырдың орта тұсынан бастау алады. Бірқатар ғалымдардың А.И.Сембаев, Г.Ф.Суворова, Т.Тәжібаев, П.А.Жильцов, Г.М.Храпченко зерттеулеріне қарағанда, сол кезеңдегі қазақ топырағындағы өмірге келе бастаған орыс-қазақ мектептерінің басым көпшілігі бірнеше бөлімді (сыныпты) бір мезгілде бір мұғалім оқытатын шағын жинақталған бастауыш мектептер болған. Осы үлгідегі мектептердің пайда болуы негізінен, К.Д.Ушинский, Н.А.Корф, Н.Ф.Бунаков, Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметтерімен тығыз байланысты. Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің басшылығымен ұлттық мектептердің қазақстандық үлгі жүйесі пайда болды. Ол басшыларға жазған баяндама хаттарында қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы, мектептің көшпелі болуы қажет, жазда ауылдармен бірге жайлауда, ал қыста қыстауда болуы қажеттігін атап көрсеткен. Тұңғыш ұстаз «Қазақтарға – осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру – қалай дегенмен де аса қажет болып отыр», – деп білім берудің маңызын ерекше атап көрсеткен. Аталған ұстаз ғалымдардың, әсіресе, ауыл мектептеріндегі оқу-тәрбие ісін ұйымдастыруда, яғни ауыл балаларына лайықтап оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда, оларға берілетін білім көлемі мен мазмұны, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін анықтауда сіңірген еңбектері аса зор болды. Мысалы, осы мектептерде Ы.Алтынсариннің, Н.Г.Ильминскийдің, А.Байтұрсыновтың оқулықтары қолданып, оқу жоспарына сай орыс тілі, арифметика, жаратылыстану, география, шариғат пәндері оқытылады.
Қ.Бержановтың, С.Мусиннің, В.Г.Храпченконың, Н.А.Константиновтың, Е.Н.Медынскийдің, М.Ф.Шабаевтың, А.И.Сембаевтың және т.б ғалымдардың еңбектерінде Қазақстандағы ауылдық шағын жинақталған мектептердің 30 жылдардан 60 жылдарға дейінгі дамуы бірнеше кезеңге бөлінген. 1930 жылы 27 тамызда Қазақ ССР Орталық Атқару Комитеті мен Халкомкеңесінің жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқуды енгізу туралы қаулысы қабылданды. Осы қаулыны іске асыру барысында ауылдық жерлерде көптеген шағын жинықталған мектептер ашылды. Яғни, бұл кезең ауылдық шағын жинақталған мектептердің дәуірлеп, даму кезеңі болған. Белгілі зерттеуші Ә.І.Сембаев 1930 жылдың жазы мен күзінде атқарылған істерді былайша суреттейді: «Әрбір ауданда жалпыға бірдей оқудың жұмыс жоспары жасалынды, әрбір совхозда, жұмысшы поселкесінде, қалада, совхозда, басқада елді мекендерде 8-11 жастағы балалар мен 12-15 жастағы жасөспірімдер саны анықталды, ұлты көрсетілді, қазақ халқы отырықшы болып, қоныстанған аудандарға ерекше көңіл бөлінді, бұл аудандардағы халықтың келешекте қаншалықты өсіп, көбейетіні есепке алынды. Оқушылардың санына қарай мектеп 2 комплектілі және 1 комплектілі де бола алатын еді. Класс-комплектілердің саны бір мұғалімге 42 оқушы есебімен белгіленді...». Бұл пайымдаулар тарихи деректермен үндесіп жатты. Жалпы білім беретін мектептердің жұмысын жақсарту мақсатында үкіметтің 1933 жылы ақпанда «Бастауыш және орта мектеп оқушылары үшін оқулықтар», 1934 жылы «Бастауыш және орта мектептердің құрылымы», 1935 жылы «Оқу жұмыс және бастауыш, орталау және орта мектептің ішкі тәртібін ұйымдастыру туралы» қабылданған қаулыларының мәні ерекше болды. Осы қаулылардың негізінен жалпы білім беру жүйесінің толық құрылымы аяқталды. Мектептердің жеке типтері: бастауыш – 4 сыныптық, орталау – 7 сыныптық, орта – 10 сыныптық болып айқындалды.
Қазақстандағы ауылдық шағын жинақталған мектептердің 1931-1940 жылдарда іс-тәжірибесін зерттеуде, теориялық-әдіснамалық тұрғыдан пайымдауда және бұл кезеңде қалыптасқан тәжірибені жинақтауда Қ.Б.Бержанов, П.П.Блонский, Қ.Қ.Құнантаева, Ә.И.Сембаев, Г.М.Храпченко және т.б. ғалымдардың тарихи-педагогикалық еңбектері басшылыққа алынды. 1941 жылдың 24 қыркүйегінде ҚазССР Халық Ағарту Комиссаритының қаулысында халыққа білім беру бөлімі шағын жинақталған мектептерде сыныптардың толымдылығы және мектеп жүйелерін тәртіпке келтіру мәселесіне баса назар аударды. Оларда бір уақытта бір мұғалімнің сабақты 2-3 сыныптармен жұмыс жасап, оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуі керек болды. Халыққа білім беру мен облыстық бөлімдерінің мәліметтері бойынша мектеп жүйелерін тәртіпке келтіру нәтижесінде 318 ұсақ мектеп, жинақталған мұрағат материалдары бойынша 7 облыста 342 мектепте 3сыныппен бір уақытта сабақ жүргізу және 411 сыныпта бір уақытта 4 сыныпта сабақ жүргізу енгізіліп, нәтижесінде 983 мектеп қысқарды.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Қазақстанда әртүрлі типтегі орыс-қазақ мектептері көптеп ашыла бастады және олардың басым көпшілігі шағын жинақты мектептер болды. Ақмола мен Семей облыстарында – мектеп-интернаттар мен ауылшаруашылық бастауыш училищелері, Торғай мен Оралда – ауылдық, облыстық орыс-қазақ училищелері, Жетісу мен Сырдарияда – орыс-түземдік училищелер, Ішкі Ордада – старшындық және бөлімшелік училищелер ашылды. Сонымен бірге, бірдей оқулық та болған жоқ. Орыс, орыс-татар, кейінірек башқұрт, латыш, украин, өзбек, татар, чуваш халықтарына арналған кітаптар пайдаланылды.
Шағын жинақты мектептерде оқу-тәрбие жұмысының мамзмұнын жақсарту, оқушылардың білім деңгейін мемлекеттік стандарт дәрежесіне көтеру сияқты мәселелері бірқатар ғалымдармен әдіскерлердің назарын аударған. Ж.Аймауытов, Ғ.Бегалиев, Қ.Аймағамбетова, Ж.Қаржасбаев, М.Бүрлібаев, Ғ.Сүлейменов, А.Асқарбаева еңбектерінде бірнеше сыныпты бір мезгілде қатар оқытудың тиімді жолдарын іздестіру, сабақты ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері мен әдіс-тәсілдерін анықтау; Б.Құлмағамбетова, А.Асқарбаева, Г.М.Храпченков, Қ.Аймағамбетова еңбектерінде «Қазақ тілі», «Ана тілі», «Математика», «Айналамен таныстыру» пәндерін оқытудың мазмұны мен практикалық бағытын белгілеу; М.Сайпин, З.Бейсенбаева, Е.Шапаева, О.Сатқанов, Б.Катембаева еңбектерінде бір пәндік, бір тақырыптық сабақтардың тиімділігін дәлелдеу; З.Әділғазинов еңбектерінде шағын жинақты мектептер үшін болашақ мұғалімдерді дайындау мәселелері қарастырылған. Бірнеше сыныпты бір мезгілде қосып оқыту жүйесіндегі оқу-тәрбие мәселесі туралы қазақ тілінде жазылған ең алғашқы құралдардың бірі – Ж.Аймауытовтың «Комплекспен оқыту жолдары» атты кітабы. Кітапта мектеп балаларына дене, адамгершілік және ақыл-ой тәрбиесін беру керектігін анықтап алған соң, кешенді бағдарламаның мәні, кешенді оқытудың қажеттілігі, жұмыс жоспарлары, бір мұғалімнің бірнеше сыныпты қосып оқытудың жолдары, күнделікті сабақ жоспарын жасаудың әдістері, сабақ кестелері сияқты мәселелерді таратып айтып, тиянақтап көрсетіп береді. Тұтастай алғанда «Комплекспен оқыту жолдары» кітабы өз кезеңі үшін пайдалы қажетті әдістемелік құрал болған. Онда айтылған мәнді, салмақты ойлар әлі де өз маңызын жойған жоқ.
Шағын жинақталған мектептердің толып жатқан проблемаларын шешу ісіне едәуір үлес қосқан, мұндай мектептердегі оқыту процесін ұйымдастыру жолдарын мұғалімдер қауымына танытуға тырысқан әдіскерлер мен ғалымдар: Қ.Аймағамбетова, Ғ.Беғалиев, М.Ю.Конопкин, Ж.Қаржасбаев, Ә.Сытдықов және т.б есімдерін атауға болады. Бастауыш сыныптарда орыс тілін оқыту әдістемесінің дамуында орыс тілі оқулықтарының авторы – Қазақ ССР еңбек сіңірген мұғалімі Н.И.Хмелевский көрнекті рөл атқарды. Ол бастауыш қазақ және ұйғыр мектептері үшін оқулық және 1-4 сынып мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал ретінде «Диктанттар жинағы» мен «Сөйлеуді дамыту» сабақтары бойынша материалдар жинағын құрастырды.
Шағын жинақты мектептер мәселесі – тек Қазақстанда ғана емес, өзге де мемлекеттердің білім беру жүйесіндегі басты мәселелердің бірі. Әртүрлі елдердегі шағын жинақты мектептердің маңызы мен проблемалары бір-бірінен ерекшеленеді, мұндай мектептерді сақтап қалу ұстанымдары мен білімдік тәжірибелері әрбасқа. Шағын жинақты мектептердің сақталуы әлеуметтік және демографиялық жағдайға байланысты. Өзге елдердің тәжірибесі шағын жинақты мектептерді сақтап қалудың артықшылықтарын көрсетеді және шағын жинақты мектептерде білім беру технологиялары мен оқыту әдістемесін жаңаша қарастыруға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |