Жоғарыда айтылған мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру ондаған мың ауыл тұрғындарына жұмыс тауып береді.
Сондықтан атқарушы биліктің барлық деңгейлері мен «Нұр Отан» партиясынан үлкен түсіндіру жұмыстары талап етіледі.
Үкіметке алдағы жылдан мотивациялы ақшалай төлемдерге көшуді тапсырамын.
Басты мәселе – масылдықты еңсеру.
Жұмыссызға жұмыссыз болғаны үшін емес, мамандық алу үшін грант берілетін болады.
Кедейшілік проблемаларын мемлекеттік жәрдемақы есебінен жұмсарту емес, шешу керек.
Мемлекет тек объективті тұрғыдан еңбекке қабілетсіздер мен аз қамтамасыз етілгендерге ғана көмектесетін болады.
2.5. ТКШ-ны жаңғырту
Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі.
Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды.
Бұл бүгінде бір миллионнан астам азамат жаңа пәтерлерде тұрады дегенді білдіреді.
Бұл – біздің тұрғын үй саясатымыздың маңызды нәтижесі.
Көптеген жылдар бойы коммуналды сектор қалған-құтқанды бөлу қағидаты бойынша қаржыландырылып келді. Соның салдарынан 2008 жылға қарай коммуникациялардың 72 пайызы жөндеуді немесе ауыстыруды қажетсінді.
«Жол картасы» аясында біз 2009 және 2010 жылдары ТКШ нысандарын жөндеу бойынша үлкен жұмыс жүргіздік.
Бұл жұмысты жалғастыру қажет.
Сумен, жылумен, электр және газбен қамтамасыз ету жүйелеріне кең ауқымды жаңғырту жүргізіп, сондай-ақ тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ету қажет.
Күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың үлесі 32 пайыздан 2015 жылға қарай 22 пайызға төмендеуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |