2.Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау;
3.Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік;
4.Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары;
5.Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту;
6.Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту;
7.Жаңа Қазақстандық патриотизм – біздің көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымыз табысының негізі.
ҚР Президентінің «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы мен оның маңызы.
2012 жылы 12 желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына "Қазақстан-2050" Стратегиясы Жолдауы таныстырылды. Жолдауда мықты мемлекеттің, дамыған экономика мен берекелі қоғам құрып, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы мақсат етіп қойылды. Бұл стратегияның негізгі басымдықтары: кәсіпкерлікті қолдау; экономикалық үнемдеушілік, яғни барлығын есеппен жасау; Қазақстандағы демократияны дамыту; әлеуметтік саясатта тек жәрдемақы беріп қоймай, оларға тиісті жұмыс тауып беру; сыртқы саясатты жақсарту; білім саласын одан әрі дамыту еді. Жолдау бойынша ең бастысы - еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды, мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту және әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану басты мақсат болып табылады. Елбасымыз жариялаған «Мәңгілік ел» идеясының көздегені, дәстүрімізді, әдебиет пен мәдениетімізді жаңғырту, дініміз бен тілімізді өркендету. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының осы жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген. Жолдаудың маңызы: Білім-барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған, сондықтан да Елбасы Н. Назарбаев осы Жолдауында Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесін әрі қарай дамыту жоспарын құрды. Инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту, оқыту әдістерін жаңғырту жоспарланды. Және де Президент Жолдауының «Ұлт денсаулығы-біздің табысты болашағымыздың негізі» тарауында Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, денсаулықты қамтамасыз ету ісіне жаңа тәсілдер енгізу мәселесі, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру да көзделді.
Халық денсаулығын жақсартуға бағытталған реформалар. «Саламатты Қазақстан-2020» Бағдарламасы.
Саламатты Қазақстан-2020 Бағдарламасы 2010 ж. 29 қарашада қабылданды. Халықтың әл-ауқатын, денсаулығын жақсарту мақсатында біршама мақсаттар қойылып, тиімді жүйесін дамыту көзделді. Нақтырақ айтсақ, ең алдымен медициналық, фармацевтикалық білімдерді дамытып, әр түрлі денсаулық сақтау салаларындағы байланыстарды күшейту шаралары тұрды. Біріңғай денсаулықты жақсарту, яғни жаппай екпелер енгізу, жыл сайынғы азаматтардың денсаулықтарын тексерістен өткізу жоспарланды. Және де тек емдеу мақсатымен ғана емес, сол аурудың алдын алу шараларына да міндеттер қойылды: мысалы дұрыс тамақтануды, салауатты өмір салтына ынталандыруды, санитарлық талаптарды насихаттау болып табылады. Жалпы осы халықтың денсаулығын жақсарту арқылы экономикалық өркендеу болады. Халықтың мұқтаждығын ескере отырып, ауылдардағы, аудандардағы медициналық қызмет көрсетуді қолжетімді ету және халық арасында, оқушылар мен студенттер арасында спортты дамыту, үйірмелер мен лигаларды көбейту мақсаты қойылды да, іске асырылып жатыр. Медицинадағы қажеттіліктерді толықтырулар, яғни, аппараттармен жабдықтау, маман жетіспейтін салаларға грант санын көбейту сынды бағыттар қойылды.
ҚР 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы және оның жүзеге асырылу ерекшеліктері.
Іске асыру мерзімі 2016-2020 жылдар:бірінші кезең: 2016-2018 жылдар,екінші кезең: 2019-2020 жылдар. Осы 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы», «Нұрлыжол – болашаққа жол», «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам», 2005-2010 жылдарға арналған және 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» алдыңғы мемлекеттік бағдарламаларының қисынды жалғасы болып табылады.Негізгі мақсаты-мемлекетіміздің әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикалық өркендеуінің негізі ретінде азаматтардың денсаулығын сақтаудың тиімді және орнықты жүйесін дамытуды қамтамасыз ету. Іске асырудың негізгі бағыттары: 1. Халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту; 2. МСАК-ті жаңғырту және басымдықпен дамытудың негізіндде барлық денсаулық сақтау қызметтерін пациент мұқтаждықтары айналасына интеграциялау; 3. Медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету; 4. Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру; 5. Ниеттестікті ендірудің негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және оның қаржылық тұрақтылығын арттыру; 6. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру; 7. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, инновациялар мен қазіргі заманғы ақпараттықкоммуникациялық технологиялардың негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету;
«Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» Бағдарламасы және оның басты басымдықтары.
Тұжырымдамада халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аударылып, Үкімет алдына таяу мерзімде жүзеге асыру үшін 20 тапсырма жүктеді..Осы тапсырма арқылы Елбасы біздің қоғамда азаматтарды еңбекпен қамту, жұмыспен қамту қазіргі ең басты міндеттердің бірі екенін атап көрсетті. Елбасы бұл істі шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту арқылы шешуге болатындығын баса айтты. Тұжырымдамадағы 1,2,3 тапсырмаларға орай орталық мемлекеттік органдарға елімізді әлеуметтік дамытудың жалпыұлттық Тұжырымдамалық Жоспарының жобасын әзірлеуді жүктеді. Ал, құжаттағы 4, 5 тапсырмаларда аталып өткендей әлеуметтік еңбек қатынастарының тиімді модульдерін қалыптастыру қажет. Сондықтан өзін өзі жұмыспен қамтыған белсенді халықтың жағдайын және еңбекпен қамту саласының мүмкіндіктерін саралай отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойысу, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдісін жетілдіру керек. Ал, 6-шы тапсырмада Үкіметке 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу Жоспарын дайындап, қабылдауды; ЖОО-лар мен колледждер түлектері үшін біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды белсендірек жүргізуді тапсырды.
7-ші ТАПСЫРМА
Үкіметке «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңға және Еңбек кодексіне кәсіпорындарға тексеру жүргізу бөлігінде ратификацияланған ХЕҰ Конвенциясына сәйкес өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы; Еңбек, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге еңбек дауларын әдейілеп туындатқаны үшін жауапкершілік жөніндегі ережені енгізу туралы; әлеуметтік өштесуді қоздырғандығы, ереуілге мәжбүрлегендігі, еңбекақыны дер кезінде төлемегендігі, ұжымдық шартты орындамағандығы және басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы мәселелерді қарау тапсырылды.
8-ші ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, акционерлендірілген ұлттық компанияларға жүйелі түрде алдын ала экономикалық және заңгерлік аудит жүргізуді, олардың нәтижелерін әлеуетті миноритарийлерге жеткізуді қарастыра отырып, «халықтық ІРО-ның» тұңғыш тәжірибесіне кең көлемді талдаулар жүргізуді; медиация институтын дамытуға бағытталған заң аясындағы құқықтық базаның қабылдануын қамтамасыз етуді; даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеудің осы тетіктерін дамыту мақсатында Медиаторлардың ұлттық конференциясын өткізуге бастамашылық таныту жөнінде тапсырма берді.
9-шы ТАПСЫРМА
Елбасы Үкіметке жыл аяғына дейін кәсіптік одақтар туралы заңнаманы кешенді талдаудан өткізіп және оны өзгерту жөніндегі заң жобасын жасауды міндеттеді.
Бұл ретте кәсіптік одақтар институттарын жаңғырту жұмыстары атқарылатын болады.
Елбасы мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелеріндегі негізгі әріптестерінің бірі – кәсіподақтар екендігін атап айтты.
10-шы ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметіне ең төменгі әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдіктерді енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту бәрінен бұрын барлық қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға, кедейлердің санын азайтуға және әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеуге бағытталуы керек. 2020 жылға қарай экономиканың өсуі ғана емес, әлеуметтік құрылымның ауқымды өзгеруі орын алатындықтан да бұл өте маңыздылығын айтты.
11-ші ТАПСЫРМА
Үкіметке жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөніндегі ұсыныстарды талдап-жасауды және енгізу жөнінде тапсырма берілді.
Ең біріншіден тұрғын үй жағдайының үлгі-қалыптары- қолжетімділік пен жайлылық.
Тұрғын үй, үй, пәтер – әрбір қазақстандық үшін бірінші дәрежелі мәселе, мұның өзі жеке бастың өмірі мен отбасындағы жақсы ауанның сенімді негізі, бұларсыз әл-ауқат пен өнімді еңбекке атымен қол жетпейді.
Сондықтан Елбасы тапсырмасы бойынша қазірдің өзінде «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» және «ТКШ-ны жаңғырту» атты жаңа ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ал, оның үстіне жалдамалы тұрғын үй нарығын дамыту мақсатында заңнаманы жетілдіріле түсетін болады.
12-ші ТАПСЫРМА
Жоо-лардың санын оңтайландыру және кадрларды сапалы дайындауды қамтамасыз етпейтін білім беру мекемелерінің лицензияларын қайтарып алу жөніндегі жұмысты жалғастыру.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, 2014 жылдан бастап еңбек нарығын дамытудың бес жылдық болжауларын талдап-жасауды қамтамасыз ету бағдарламасын дайындауда.
Білім беру жүйесіне Қазақстан тұрғындарының үштен бір бөлігіндейі тартылған. Мұндағы ең маңыздысы біздің балаларымыздың нақ осы білім беру жүйесінде өсетіні, қалыптасатыны және есейетіні. Сондықтан да бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа жетуінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылады.
Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт бойынша жүргізілгендігі жөн деп есептейді:
1. білім беру мекемелерін оңтайландыру;
2. оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту;
3. білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру.
13-ші ТАПСЫРМА
2013-2014 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді; Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізіп, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шараларды жүзеге асыру; орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс енгізу.
14-ші ТАПСЫРМА
Егер медицина қызметкері тарапынан салақтықпен немесе жүрдім-бардым қарау болмаса, азаматтың денсаулығына нұқсан келтіргені үшін дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде қамсыздандыруды енгізу жөніндегі мәселені талдап-зерттеу; жыл аяғына дейін емдік құралдарды пайдалануға қатысты тұрғындардың хабардарлығы деңгейін арттырудың пәрменді тетіктерін енгізу.
Бұл орайда әрбір қазақстандық үшін басты құндылық – өзінің денсаулығы болуы тиіс. Елбасы тарапынан а Тәуелсіздіктің барлық жылдарында халық денсаулығына бөлекше көңіл бөлінуде.
15-ші ТАПСЫРМА
Оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тетіктерін енгізуді қамтамасыз ету; мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен әріптестіктің жаңа түрлерін талдап-жасау:
Сондықтан Елбасы әрбір қазақстандық саламатты өмір салтынсыз, қимыл-қозғалыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс екендігін атап өтті.
Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау қолға алынатын болады.
16-шы ТАПСЫРМА
Ұлттық лотереяны дамыту жүйесінің жаңа тиімді моделін әзірлеу; қазақстандық командалардың шет елдер чемпионаттарының жоғары лигаларына қатысуын ұлғайту жөнінен ұсыныстар енгізу. Сонымен бірге құзырлы органдарға мамандандырылған спорттық теледидар арнасын құру жөнінде ұсыныс енгізу тапсырылды.
17-ші ТАПСЫРМА
«Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» арнайы заңды әзірлеу туралы; Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп ата-аналардың балаларының балабақшаларда болуын төлеу жөніндегі шығындарының, олардың отбасындағы санына байланысты, бір бөлігіне өтемақы төлеуді, бала күтімі бойынша демалыстан соң қайтадан жұмысқа шыққан әйелдерге мемлекет есебінен біліктілігін арттыру және қажетті жаңа мамандық алу мүмкіндіктерін, ҚР Салық кодексіне көп балалы отбасылар үшін табыс салығы бойынша жеңілдіктер туралы ережелерді және басқаларды заңды тұрғыда реттеу мәселелерін қарастыру тапсырылды.
Сондай-ақ, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңеспен бірлесіп, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңына жас маманның мәртебесін құқықтық айқындау, оның ең төменгі әлеуметтік пакеті және басқа да мәселелер бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды қарастыруды; жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға және индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың нақты шараларын әзірлеу арқылы көпбалалы отбасыларды қамқорлық көрсету, жастарды қолдау, көтермелеу, белсенділігін арттыру шараларын қарастыру тапсырылды.
18-ші ТАПСЫРМА
«Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, енгізу; «Мемлекеттік қызметтерді электронды пішінде көрсету туралы» заң жобасын әзірлеу; мемлекеттік қызметтер ұсыну үлгілерін және олардың орындалуына бақылау жасау жүйесін құру; облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп «электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын құру жөнінен ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сонымен бірге, 2012-2013 жылдары Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорынұлғайтуды қамтамасыз ету; журналистердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп Журналистік этика кодексінің жобасын әзірлеу; отандық БАҚ-тарды жаңғырту жоспарын әзірлеу міндеті жүктелді.
19-шы ТАПСЫРМА
Еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеп, қабылдау, «Бұқаралық іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасын Парламентке ұсыну;
мемлекеттік ұлттық, кәсіптік және басқа да мерекелерді тойлау тұжырымдамасын жаңарту; бұқаралық іс-шаралар өткізудің бірүлгілік ережесін бекіту; Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерімен бірлесіп облыстар арасындағы ақпараттар және мәдени жетістіктер алмасуды күшейту, өзара «облыс аптасын» тұрақты өткізу, әлеуметтік бұқаралық іс-шаралар өткізу моделін әзірлеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
20-шы ТАПСЫРМА
2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқару жүйесінің, жоспарлау, үйлестіру, сараптамалық жолбасшылық, үкіметтік емес сектормен әріптестік және басқа да мәселелерді қоса алғанда, тиімділігін арттыру жөнінен кешенді ұсыныстар енгізу; азаматтық қызметті заңдық реттеу мәселесін зерттеу; Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлеу тапсырмасы.
Тәуелсіз Қазақстанның спорт және дене шынықтыру саласындағы жетістіктері мен табыстары.
Елбасының бастамасымен 2006 жылы Қазақстан 2011 жылғы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. Бұл жетістік кездейсоқ емес еді. Өйткені Қазақстан Пусанда (Оңтүстік Корея, 2002 жыл), Аомориде (Жапония, 2003 жыл), Дохада (Катар, 2006 жыл) және Чанчуньда (Қытай , 2007 жыл) өткен Азия ойындарында командалық есеп бойынша абыройлы төртінші орынды тұрақты иеленіп келе жатыр еді. 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматыда өткізілген VII Қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар өте жақсы өнер көрсетіп, 32 алтын, 21 күміс және 17 қола жүлде жеңіп алды. Қазақстан құрамасы алтын жүлде саны бойынша Қысқы Азия ойындарының рекордын жасады. Бұған дейінгі рекорд Жапонияға тиесілі еді. Алексей Полторанин (шаңғымен жүгіру), Ольга Новикова, Михаил Сорокин (шаңғымен бағдарлау) – төрт-төрттен, Александр Червяков (биатлон) – үш, Николай Чеботько (шаңғымен жүгіру), Юлия Галышева (фристайл), Игорь Закурдаев және Дмитрий Кошкин (тау шаңғысы) екі-екі алтыннан иеленді. Қазақстандық альпинистер де үлкен табыстарға қол жеткізді. 2010 жылы Ерванд Ильинский бастаған Қазақстан командасы әлемде бірінші болып жер шарындағы биіктігі сегіз мың метрден асатын 14 шыңның бәрін бағындырды. Республикада кәсіпқой спорт дамыды, бокстан, велоспорттан, футболдан, хоккейден кәсіпқой клубтар құрылды. Қазақстандық боксшылар – Василий Жиров пен Геннадий Головкин әлемге танылды. 2006 жылы Президентінің бастамасымен «Астана» кәсіпқой велокомандасы құрылды. Айтулы нәтижеге бірден қол жетті – сол жылы Александр Винокуров Испания «Вуэльтасында» топ жарды. 2009 жылы «Астана» велокомандасы «Тур де Франс» мәртебелі көпкүндігінде жеңіске жетті. 2010 жылы әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Кәсіпқой велокоманданың табыстары арқасында «Астана» бренді спорт әлеміне кең танымал болды. 2010 жылы қазақстандық және шетелдік боксшылардың басын қосқан «Astana Arlans» кәсіпқой спорт клубы құрылды. Содан бері клуб Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасына тұрақты қатысып келеді. 2008 жылы Астананың «Барыс» хоккей командасы алға үлкен қадам жасады: Еуразия кеңістігінің ең жоғары дивизионында – Құрлықтық хоккей лигасында ойнай бастады. Қазақстан туы астындағы спорттық жеңістер синергетикалық әсер берді: отаншылдықты мығымдады, жастарды саламатты өмір салтына бейімдеді, Қазақстанның табысты өркендеп келе жатқан ел ретіндегі халықаралық беделін арттыра түсті.
Бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортының оңтайлы теңгерімі Қазақстан спортының позитивті ерекшелігіне айналды. Жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігі, әлемдік аренадағы табыстар – бұқаралық спорт үшін таптырмас өнеге. Қазақстандықтар үшін қашанда Олимпиялық ойындардың маңызы аса зор. 2012 жылдың шілде-тамыз айларында Лондонда XXX Жазғы Олимпиада өтті. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есеп бойынша 205 елдің арасында 12-ші жоғары орыннан көрінді. Қазақстандық спортшылар 13 медаль иеленді. «Алтын» медальды жеңіп алған Серік Сәпиев техникасы жоғары боксшы ретінде Баркер кубогына ие болды. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қола жүлдегер атанды. Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиада Қазақстан үшін аса табысты өтті. 17 алтын, күміс, қола медальдар Қазақстанға командалық есеп бойынша 22-орынға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Олимпиада «алтынына» ие болған спортшыларымыз: суға жүзуден – Дмитрий Баландин, ауыр атлетикадан – Нижат Рахимов, бокстан – Данияр Елеусінов. Күміс жүлделерді Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов (бокс) пен Гүзел Манюрова (әйелдер күресі) иеленді. Фархад Харки, Александр Зайчиков, Карина Горичева (ауыр атлетика), Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (әйелдер күресі), Иван Дычко, Дариға Шәкімова (бокс) қола жүлдегер атанды. 2014 жылғы XVII Жазғы Азия ойындарында (Инчхон қаласы, Корея) Қазақстан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, биік табыстарға қол жеткізді. Құрлықтық сайыстарда командалық есеп бойынша төртінші орынды иеленіп, 84 медальды жеңіп алды. Суға жүзуден Дмитрий Баландин үш алтын медальға қол жеткізді. Боксшыларымыз да тамаша өнер көрсетіп, он алты медальдың алтауын жеңіп алды. Тағы бір жарқын спорт мерекесі – VIII Қысқы Азия ойындары 2017 жылдың ақпан айында Жапониядағы Саппоро қаласында өтті. Бұл жолы Қазақстан 9 алтын, 11 күміс, 12 қола жүлдеге ие болып, төртінші орыннан көрінді. Алматы қаласында 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өткен Қысқы Универсиада спорт әлеміндегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Универсиадаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыс спорттың 12 түрі бойынша өтті, 85 медаль жиынтығы жүлдеге тігілді. Қазақстанның жас спортшылары туған елдің төрінде тамаша өнер көрсетіп, командалық есеп бойынша екінші жүлделі орыннан көрінді, 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальға ие болды. 2014 жылы қараша айында Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы үшінші орын алды. 2014 жылы мамыр айында Астана мен Қарағандыда велосипед спортынан Азия чемпионаты өтіп, Қазақстан құрама командасы екінші орынды иеленді. Халықаралық аренадағы қазақстандық спорттың мәртебесі біртіндеп өсе бастады: тек 2015 жылдың өзінде ғана жалпы алғанда жеті жүздей медаль жеңіп алынды. Қазақстандық спорттың табыстары спортшылардың ынтымағын, ерік күштерін паш етті, патриоттық рухты аспандатты. Қазақстандықтар кәсіби спортта да жарқын жетістіктерге жетті. А. Винокуров, А. Луценко, Ф. Ару, В. Нибали өнер көрсеткен «Astana Pro Team» әлемдегі ең табысты велокомандасы атанды. Веложарысқа қатысушы командалар жеке сында да, «Тур де Франс», «Вуэльта», «Джиро д`Италия», «Париж-Ницца» командалық жарысында да бақ сынасты. 2013-2015 және 2017 жылдары «Astana Аrlans» кәсіби спорт клубы «Дүниежүзілік бокс сериясы» (WSB) жобасы бойынша чемпион атанды. 2010 жылы кәсіпқой бокстан (WBA) әлем чемпионы құрметті атағын қазақстандық Бейбіт Шүменов жеңіп алды, бұл титулды ол 2014 жылға дейін ұстап тұрды. Қазақстандық орта салмақтағы кәсіби боксшы, 2010 жылдан бастап бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин бүкіл әлемнің миллиондаған жанкүйерінің батырына айналды. 2013 және 2017 жылдар аралығында Г. Головкинді «Ring» арнайы басылымы «Жыл боксшысы» деп жариялады. Футбол жанкүйерлері үшін аса маңызды оқиға болды: алғаш рет отандық футбол тарихында — 2013 жылы Еуропа клубтық турнирінің топтық кезеңіне — Еуропа Лигасына қарағандылық «Шахтер» футбол командасы енді. 2015 жылы елордалық «Астана» футбол клубы ең беделді халықаралық клуб турнирінің — Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне енді. Қазақстандық спортшылардың жетістіктері елдің толымды табыстарымен астасып жатты. Олар өздерінің жарқын жеңістерімен Отанымызды даңққа бөледі, Қазақстан Республикасының халықаралық беделін көтеруге лайықты үлес қосты. Біздің спортшыларымыздың жеңісі – Қазақстан халықтарының мерейі. Қазақстан спорт саласы бойынша көптеген этнос өкілдерін әлемге танытты. Олимпиадалық құрама команда халықтың нағыз спорттық Ассамблеясына айналды. Спорттағы жетістіктер, бұқаралық жарыстар елді жақындастыра түседі, бірлік пен өзара түсіністікке қызмет етеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы әлемдік спортта лайықты орын алды. Егер әрбір қазақстандық біздің олимпиадашылар тәрізді тек алға ұмтылса, онда Қазақстан сөзсіз алдыңғы қатарлы елге айналады.
Қазақстандағы ииновациялық білім берудің мазмұны және бағдарламалары. Қазақстанның Болон Декларациясына қол қоюы мен әлемдік білім беру кеңістігіне енудегі қадамдары.
Қазақстандағы инновациялық білім берудің мазмұны және бағдарламалары. Қазақстанның Болон Декларациясына қол қоюы мен әлемдік білім беру кеңістігіне енудегі қадамдары.
Өткен ғасырдың соңғы онжылдығы Қазақстан Республикасы үшін үлкен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер әкелді. Бұл өзгерістер оқыту мен тәрбиелеу мазмұнын жетілдіру, олардың жаңа түрлерін іздеу, бейімдеу негізінде білім беру саласына да жаңалықтар енгізді.
Білім жүйесінде кеңестік дәуірде қалыптасқан оқушыларды белгілі бір білімдер жиынтығымен қаруландыру принципі қайта қаралып, ендігі жерде алынған білімді пайдалануға үйрету, баланың дара ерекшеліктеріне, қабілетіне, қызығушылығына қарай бейіндік бағыттау алға шықты, сонымен қатар оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдану көп векторлық сипат алды.
Қазіргі уақытта білім беру жүйесіне қойылатын талаптар оның мүлде жаңа парадигмасын жасауды қажет етеді. Өйткені өмір сүріп келген жүйе үнемі даму үстінде болып отырған қоғамның сұраныстарына жауап бере алмайды. Жалпы білім беретін орта мектептің білім беру мазмұны оқушылар мен ата-аналардың сұраныстарын қанағаттандыра алмады. Оның үстіне білім деңгейлері арасындағы сабақтастық үзіліп, жалпы орта білім беру мен жоғары білім жеке құрылымдар ретінде өмір сүрді, бұл жағдай өз кезегінде мектеп бітірушілерді жоғары оқу орнында білім алу үшін қосымша даярлау тәрізді артық жүйенің ресми емес түрде пайда болуына алып келді. Осындай жағдайда кәсіби бағдарлау жұмыстары өз мәнінде нәтижесін бере алмай отыр. Міне, мұның бәрі мектеп бітірушілерде өзінің болашағын жоспарлауда таңдауының бұлдырлығын тудырды. Сондықтан осы мәселеге мемлекеттік деңгейде үлкен мән беріліп, білім саласын жүйелі реформалау, түбегейлі өзгерістер енгізу қолға алынды. Қалыптасқан жағдайдан шығудың бір шешімі ретінде «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» орта білімнің жоғары сатысында бейіндік оқытуды енгізу жоспарланған болатын. 2006-2007 оқу жылында еліміздің мектептерінің 10 сыныптары екі бағыт (қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық) бойынша оқытуды бейіндік саралауға кірісіп те кетті. Осы процесс келесі оқу жылынан енгізілетін 12 жылдық білім беруге көшу барысында өзінің заңды жалғасын таппақ.
Кейінгі жылдары жүргізілген педагогикалық-психологиялық зерттеулер біздің еліміздің білім беру кеңістігіндегі оқыту жүйесінің тұлғаны дамытуда және үздіксіз процесс ретінде талапқа толық жауап бере алмағандығын көрсетіп отыр. Сондықтан әртүрлі деңгейде (республикалық, аймақтық) осы мәселенің шешімін іздестіру оқытудың ұйымдық түрлерінің баламалылығын дүниеге әкелді, яғни білім нарығында білім беру мекемелерінің жаңа түрлері қалыптасты. Білім мазмұны мен оны жүзеге асыру жолдарын әлемдік тәжірибені, педагогика ғылымының жаңалықтарын бейімдеу арқылы жетілдіруге бағыт алған мұндай оқу орындары «инновациялық мектептер» деген атауға ие болды.
педагогика тарихы тұрғысынан жалпы білім берудің тарихи-педагогикалық негіздері А.Н.Ильясова, Ә.И.Сембаев, Т.Т.Тәжібаев, Б.Бержанов, К.Қ.Құнантаева, Г.М.Храпченков, В.Г.Храпченков, т.б. еңбектерінде қарастырылады. Сол сияқты қазақстандық ғалымдар Ш.Ә.Әбдіраман, Б.Ә.Әбдікәрімов, Ғ.З.Әділгазинов, Е.З.Батталханов, З.А.Исаева, Ғ.М.Кертаева, С.Қалиев, К.Ж.Қожахметова, М.С.Мәлібекова, Ж.Ж.Наурызбай, Қ.А.Сарбасова, Л.А.Шкутина, т.б. қоғам сұранысына сәйкес оқушы тұлғасын қалыптастыру, оның тұлғалық өзегі – дүниетанымын қалыптастыру, оны қалыптастырушы – педагогтың ғылыми-әдістемелік даярлығын жетілдіру және педагогикалық процесті ұлттық реңкте құру мәселелеріне жан-жақты тоқталып өтеді.
Болон процесі деп жоғары білімнің еуропалық бірегей кеңістігін жасау процесін айтады. Ол соңғы жылдары еуропалық аймақта қарқынды дамып келе жатқан интеграциялық үрдістердің айқын көрінісі болып табылады. Еуропада біртіндеп бірегейленіп келеді: ортақ экономикалық кеңістік құрылды, шекаралар ашылды, бірегей валюта енгізілді, ортақ еуропалық еңбек нарығы қалыптастырылды. Бұл жағдайларда жоғары білім жүйесінің ала-құлалығы, берілетін біліктіліктердің сәйкессіздігі жоғары білікті жұмыс күшінің ұтқырлығын тежейді.
Болон процесі тарихында үш кезеңді:
1) алғышарт: Университеттердің Ұлы Хартиясынан (1988 ж.) Болон Декларациясына дейін;
2) басталуы: Болон Декларациясы (1999 ж.);
3) дамуы: Болон Декларациясынан кейін.
ҚР Президентінің «Интеллектуалды ұлт-2020» Бағдарламасы және оның мәні мен мазмұны.
Қазіргі жағдайда қоғамның білім деңгейі мен интеллектуалдық әлеуеті
ұлттық байлықтың маңызды құрамы ретіндегі сипатқа ие болды, ал адамның білімділігі, кәсіби икемділігі, шығармашылыққа талпынысы және қалыптан тыс жағдайларда әрекет ете білуі Қазақстан Республикасының өрлеуіне негіз және тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шарт бола алады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2008 жылдың 30
қаңтарында «Болашақ» бағдарламасы стипендия иегерлерімен өткізген
кездесуінде «Интеллектуалды ұлт - 2020» ұлттық жобасы идеясын ұсынды.
Бұл жобаның басты мақсаты, жаңа формациядағы қазақстандықтарды
тәрбиелеу және Қазақстанды бәсекеге қабілетті адам капиталы бар елге
айналдыру.2010 жылы 1 ақпанда Қазақстанда "Интеллектуалды ұлт - 2020" мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты туралы мемлекет басшысы 2008 жылы 30-қаңтарда "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттарына арналған форумда мәлім еткен еді. Оның негізгі мақсаты -қазақстандықтарды жаңа формацияға тәрбиелеу, Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті адам капиталына бай елге айналдыру.
Бұл мемлекеттік бағдарлама үш басым бағыт негізінде жүзеге асырылуы
тиіс. Бірінші басым бағыты – білім беру жүйесінің инновациялық дамуы.
Қазіргі таңда жастар тек білім алып қана қоймай, олардың өздігімен
ізденуіне бағыттау қажет. Бүгінгі білім алудағы басты құндылықтар
шығармашылық ой, алған білімді қорыта білу, тыңнан шешім қабылдау,
технологиялар мен инновациялар болып табылады. Ол үшін жаңа әдістер,
оқытудың ұтымды түрлері, ізденімпаз мамандар керек.Бұл жобаны жүзеге асырудың екінші басым бағыты – ақпараттық революция болуы тиіс. Атап айтқанда, ақпараттық технологиялар паркі базасында жетекші жоғары оқу орындары мен шет елдік беделді мамандарды қатыстыра отырып аймақтық университет ашу.Жобаның үшінші басым бағыты жастарды рухани құндылықтар негізінде тәрбиелеу ісіне ерекше мән беру. Бұл жерде жаһандану үдерістерін назарға ала отырып, оған қарсы тұрудың бірден бір жолы ретінде жас буынның рухани тәрбиесіне, ұлттық-мәдени құндылықтарымызды нығайтуға көңіл бөлу керек «Интеллектуалды ұлт» және «бәсекеге қабілетті ұлт» ұғымдары Қазақстандағы ұлттық модернизацияның басты категорияларына жатады. Ұлттық модернизация – өркениетті әлемдік қауымдастықтың озық талаптарына жауап беретін дамудың сапалық тұрғыдағы жаңа деңгейі.Интеллектуалды ұлт пен бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырудың маңызды міндеттерін жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалар мен ел дамуының стратегиялық жоспары шешуші рөл атқаруы тиіс. Мұндай негізгі бағдарламалық құжаттарға: «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары», «Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010- 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жатады. “Қазақстан – 2030” Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жасалды. Бұл жоспар бойынша келесі онжылдықтағы еліміздің дамуының басым бағыттары мен стратегиялық мақсаттары айқындалды:
1) дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;
2) инфрақұрылымды индустрияландыру мен дамыту арқылы
әртараптандыруды жеделдету есебінен экономиканың тұрақты өсуін
қамтамасыз ету;
3) болашаққа салынған инвестициялар – орнықты экономикалық өсуге,
қазақстандықтардың өркендеуі мен әлеуметтік әл-ауқатына қол жеткізу үшін
адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
4) халықты сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен
қамтамасыз ету;
5) ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың
тұрақтылығын қамтамасыз ету .
Ал еліміздің индустриалды-инновациялық дамуына арналған мемлекеттік
бағдарламалар ұлттық модернизацияны, яғни ұлттың бәсекеге қабілеттілігі
мен интеллектуалдық мүмкіндіктерін жаңа сапалық деңгейге көтеруді
қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси өмірін демократияландыру жәнеқұқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамдық қалыптастыру бағытындағы реформалар.
Көппартиялық жүйеге өтумен республика халықтарының мақсат-мүдделерін, талап-тілектерін жүзеге асыру жолында қызмет жасаған саяси партиялар қалыптасты. Жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру, саяси әр алуандық, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарының мүдделері мен құқықтарын қорғау, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу мақсатында кеңінен қызмет жасады. 1990 ж. 1 наурызға қарай республикада 100-ге жуық қоғамдық ұйым қызмет істеп тұрды.
Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алдында тек демократиялық жолмен, Конституция талабына сай қызмет ету мақсаты қойылды. Олар парламенттік партияларға айналу, сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін күрес жүргізді. Бұл саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тек құқықтық жағдайда өзара түсінісу, келісу арқылы байланыс жасап отыруға тырысты. Қайта құру жағдайында Қазақстанның қоғамдық ұйымдарында да сапалық жаңа өзгерістер іске асты. 1991 жылы қазан айында Қазақстан комсомолының кезектен тыс ХҮІІІ съезі болып өтті. Съезд делегаттары республика комсомолын Қазақстанның жастар одағына ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Оның алдында республика жастарының құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеті қойылды. Осы кезде кәсіподақтың жергілікті, әсіресе, бастауыш ұйымдарының рөлін көтеруге ерекше мән берілді. Олар өздерінің мұшелерінен жиналған қаржыларды ұйым қажетіне жұмсауға толық ерік алды. Қазақстан Орталық кәсіподақ комитеті және облыстық кәсіподақ комитеттері салалы кәсіподақ Кеңестері болып қайтадан құрылды. Соңғы жылдардағы кәсіподақ ұйымдарының негізгі қол жеткен табысы – ол әр түрлі саяси және мемлекеттік ұйымдардан тәуелсіздік алды. Бұқара халықтың мүддесін қорғауда олар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді мемлекеттік және шаруашылық органдарымен тең дәрежеде келісе отырып шеше алатын жағдайға қолдарын жеткізді. Сондай-ақ бұл жылдары әйелдер кеңесіне балама ұйымдар әдеттен тыс төменнен пайда болды. Солдат аналарының комитеті, Қазақстан мұсылман әйелдерінің лигасы, көп балалы аналар, жанұялар одағы, “Айша”, “Ақ отау” және Іскер әйелдер қауымдастығы құрылды. Сөйтіп, республикада 1991 жылы барлығы 120-дан астам дербес қоғамдық негізде бірлестіктер жұмыс істеді.
Алдағы кезеңде республика мәдениетін дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, оған қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Осыған байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев “Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары” Жолдауында мәдениетті дамытудың нақты жолдарын “Мәдени-тарихи мұраны сақтау” деген бөлімінде ерекше атап көрсетеді. Онда мынадай нақты міндеттер қойылған: Біріншіден, халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның ішінде осы заманғы ұлттық мәдениетін, фольклорын, дәстүрлері мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау. Екіншіден, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар елеулі мәдени-тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді қамтамасыз ету. Үшіншіден, ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжірибесін қорыту және кеңейтілген көркем, ғылыми, өмірбаяндық дестелер жасау. Төртіншіден, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білім берудің толымды қорын жасау. Қорытып айтқанда, мұның барлығы елдің экономикасы оңала бастаған тұста әдебиет пен мәдениет, жалпы руханият мәселелеріне айрықша назар аударатын кез келгендігін, еліміздің болашағы мәдени дамумен байланысты екендігін көрсетеді.
Қазақстанның көп партиялық жүйесінің қалыптасу эволюциясы және саяси партиялары. «Нұр Отан» партиясы жетекші әлеуметтік-саяси күш ретінде.
Көппартиялық жүйе ХХ ғасырда қалыптаса бастады.Ол әсіресе демократиялық мәдениет деңгейі жоғары қоғамдардың саяси өмірінде кеңінен орын алады.Көппартиялық жүйенің қалыптасуына әртүрлі демократиялық саяси процестер ықпал етеді. Оның негізгілері: жалпыға бірдей сайлау құқығының қалыптасуы, сайлауға қатысу жасының, мүлік шартының төмендеуі, либерализм идеологиясының орын алуы, яғни, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастарының өзгеруі, мемлекеттің қоғам мен жеке адамдардың өміріне араласуының шектелуі, яғни антиэтатизм принципінің орнығуы.Қазір бүкіл адамзат өркениетке жаппай ұмтылыс жасап отырған кезде көппартиялықтың артықшылығына әлем халықтары толық көз жеткізіп отыр. Бұның өзі партиялардың саясаттары халық мүддесіне қаншалықты сай келетінін жеке азаматтардың бағалауына жол ашады.Яғни,Көппартиялық жүйе билікке ие болып отырған саяси топтарды, басқарушы партияларды алмастыруға жағдай жасайды. Ал мұның өзі қоғамда саяси қызметтерді тиімді жүргізудің алғышарты. Сондықтан да демократиялық қоғамда көппартиялыққа айрықша мән беріліп, бірнеше саяси партиялардың қатар өмір сүруіне мемлекеттік, қоғамдық тұрғыдан қолдау көрсетуге жағдай туады деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |