190-бап. Жүкті әйелдерге жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануды шектеу
Егер жұмыс күнінің ұзақтығы сегіз сағаттан асатын болса, жүкті әйелдерге жұмыс уақытының (жұмыс ауысымының) жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.
191-бап. Жүкті әйелдерді басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
Жұмыс беруші медициналық қорытынды негізінде жүкті әйелді орташа жалақысын сақтай отырып, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсері болмайтын басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті.
Жүкті әйелге қолайсыз өндірістік факторлар әсерін болдырмайтын басқа жұмыс берілгенге дейін, әйел осының салдарынан өткізіп алған барлық жұмыс күндері үшін жұмыс берушінің қаражаты есебінен орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылуға тиіс.
Ескерту. 191-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
192-бап. Жыл сайынғы ақылы демалыс кезектілігін белгілеу кезінде әйелдерге берілетін кепілдік
Әйелге, қалауы бойынша, жүктілікке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тікелей одан кейін не балаға күтім жасауға арналған демалыс біткен соң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |