87-бап. Түнгі уақыттағы жұмыс
1. 22 сағаттан бастап таңертеңгі сағат 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі.
2. Қызметкерлерді түнгі уақыттағы жұмысқа тарту осы Кодексте белгіленген шектеулер сақтала отырып жүргізіледі.
88-бап. Үстеме жұмысқа тартуды шектеу
1. Үстеме жұмыстарға:
1) жүкті әйелдер;
2) он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер жіберілмейді.
2. Осы Кодекстің 90-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстарға тартуға қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
89-бап. Үстеме жұмыстардың шекті саны
1. Үстеме жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде - екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс.
2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс.
3. Үстеме жұмыстардың шекті санын шектеу осы Кодекстің 90-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайлардағы жұмыстарға қолданылмайды.
90-бап. Қызметкерлердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға жол берілетін ерекше жағдайлар
Қызметкерлердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға тек қана мынадай жағдайларда:
1) ел қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстар жүргізу кезінде;
2) сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, энергиямен жабдықтаудың және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін;
3) егер үзіліс жасауға болмайтын жұмыста ауыстыратын қызметкер келмей қалғанда, басқа қызметкермен ауыстыру шарасын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін жол беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |