97-бап. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс 1. Осы Кодекстің 98-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа қызметкердің жазбаша келісімімен жол беріледі.
2. Демалыс және мереке күндерінде қызметкердің бастамасы бойынша жұмысқа жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
3. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс кезінде қызметкердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе осы Кодекстің 128-бабында көрсетілген мөлшерде ақы төленеді.
4. Ұлттық және мемлекеттік мерекелер кезеңінде, сондай-ақ осы Кодекстің 96-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.
Ескерту. 97-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 566-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
98-бап. Қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың ерекше жағдайлары Қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:
1) төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
2) жазатайым оқиғаларды, мүліктің опат болуын немесе бүлінуін болдырмау және оларға тексеру жүргізу үшін;
3) жалпы ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмысы осылардың жедел орындалуына тәуелді болатын шұғыл, бұрын көзделмеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.