3. Дамыта оқыту технологиялары (Л.В. Занков, Д.Б.Эльконин, В.В. Давыдов жүйелері)
Дамыта оқыту технологиясы.– оқушының алған білімін өзіндік ойлаумен ұштастыратын бірден-бір әдіс. Бұл технологияларды қолдану көркем шығармалардың мәтіні арқылы сөздің мағыналық – қисындық құрылымына назар аударуды қажет етеді. Әдеби мәтіндердің көркемдік – тілдік ерекшеліктерін ажыратуға негіз болады. Көркем туындының мазмұнын түсініп, оны талдау барысында проблемалық сұрақтарға жауап беруді қамтамасыз етеді. Дамыту технологиясы әдебиетті оқытуда оқушыны жан-жақты ізденуге, өзіндік ой-тұжырымдарын жасай алуға, сонымен қатар, тұтас көркемдік талдау жасауды үйретеді.
Дамыта оқыту технологиясы - оқушының оқу, білім алу процесінде жан- жақты дамуын оқытудың басты мақсаты ретінде қабылдайды.
Дамыта оқыту идеясын әдіскер ғалым В:В Давыдов ұсынған. Даму дегенде оқушының ойлауы, табандылығы, зейіні, оқу дағдысы мен іскерлігі тағы басқа да қабілеттерін дамытуды айтамыз.
Оқушының ойлауы дамуының маңызды шарты – оқушыда ойлау мәдениетінің болуы. Сондықтан оқу процесі оқушылардың анализдеу, синтездеу, себеп – салдар байланыстарын табу, жалпылау, қорытынды жасау, түрлерге бөлу, салыстыру – сияқты интеллектуалдық дағдыларын дамытуы тиіс.
«Дамыта оқыту» деген термин психология ғылымының қойнауында туып, баланың дамуын қарастырған (Ж.Пиаже).Нәтижеде дамыта оқыту проблемасына арналған екі іргелі эксперимент жасалып, оның бірін Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов, ал екіншісін Л.В.Занков басқарады.
Дамыта оқыту – дәстүрлі оқытуға соңғы уақыттарға дейін балама жүйе деп қарастырылды. Оның нәтижесінде әр оқушы өзін-өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, соған оқыту барысында лайықты жағдайлар жасау үлкен нәтиже берді.
Дәстүрлі оқыту әдістемесі негізінде метафизикалық (сандық, мазмұндық) әдіснама, ал дамыта оқыту технологиясының негізінде диалектикалық (интенсивті, сапалық, мәнділік) әдіснамасы жатыр деп айтуға болады. Дәстүрлі оқыту балада білім, білік, дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға дайын білімді құю керек деген көзқарасқа, ал дамыта оқыту бала бойындағы табиғи қабілеттерді, ойлауды, жаңа белестерге көтеруді мақсат тұтатын принциптерге негізделген. Дәстүрлі оқыту жаттауға, есте сақтауға, ал дамыта оқыту дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйретеді.
Дамыта оқыту жүйесінде оқушылардың ойларын жетілдірудің маңызы зор.
Біріншіден – дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, оған оқушы өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді. Сабақтың алғашқы ізденіс кезеңінде жаңа ақпарат жайлы не білетіндіктерін ортаға салып, мәселені өз беттерінше шешуге талпынады. Сөйтіп олар осы мәселе туралы өз білімдерінің жеткіліксіз, таяз екенін сезіну арқылы сабаққа деген қызығушылықтары оянады, ішкі түрткілері пайда болады.
Екіншіден – дамыта оқытуда оқушы жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр оқушының өзінің деңгейіне дейін дамуға қол жеткізе алады. «Жақсы оқушы», «Жаман оқушы» ұғымының болмауы, балаларды танымдық әрекеттерге ұмтылдырады, құштарлығын арттырады.
Үшіншіден – оқушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері оқушыны белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды.
Төртіншіден – дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді. Сол себепті дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль бұл жерде тиімсіз, оқушы – “орындаушы”, «мұғалімнің тасасындағы» объект емес.
Достарыңызбен бөлісу: |