1-Дәріс.
«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінің зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері
«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» - қазақ тілін оқытудың ғылыми-теориялық негіздерін, мақсаты мен міндеттерін, мазмұны мен формаларын, тілді меңгертудің амалдары мен ұстанымдарын, тупкі нәтижеге жетудің жолдарын, сабақ түрі мен онда қолданылатын әдіс-тәсілдері, оқыту құралдарын зерттейтін ғылым. Жоғары оқу оырндарында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін дайындау барысында студенттерге білім беру мен тілді оқытудың мазмұны мен формаларын игерту, олардың кәсіби шеберлігін қалыптастыру іске асырылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесі іргелі ғылым ретінде тілді оқытудың ғылыми-теориялық негіздерін, білім мазмұнын, лингвистикалық ережелер мен тұжырымдарын қарастырады. Бұл оқу үдерісін тиімді ұйымдастырудың алғышарты болып табылады.
«Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептерінің даму тұжырымдамасында» педагогикалық мамандарды дайындау мен білім сапасына қатысты нақты міндеттер мен ұстанымдар көрсетілген. Бұл құжатты «Қазір педагогикалық қоғамдастың алдында білім берудің жаңа моделін құрудың, сынақтан өткізу мен енгізудің ауқымды міндеті тұр. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды-машыққа қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану,жылдам өзгеріп жатқан дүниеде лайықты өімр сүру, жұмыс істеу болып табылады», - деп көрстеліген. Жоғары оқу орындары мен колледждерде тіл мамандары әр салаға қатысты дайындалады. Біріншісі – жалпы білім беретін қазақ мектептерінде қазақ тілін оқытатын мұғалімдер; екіншісі – өзге тілді мектептерде қазақ тілін үйрететін мұғалімдер. Осы тұрғыдан келгенде, басын ашып алатын мәселе: қазақ меткбіндегі қазақ тілі мен өзге тілді мектептегі қазақ тілін оқытудың айрмашылығы үлкен. Екеуі – екі бөлек, екі түрлі мәселе. Қазақ мектебінде балаға лингвистикалық білім беріп, тілдік қарым-қатынастағы сөйлеу мәдениетін жетілдіретін қазақ тілі оқытылады; өзге тілді мектепте балаға өз ойын біреуге дұрыс жеткізе білу үшін коммуникативтік дағды мен білік игертіліп, тіл үйретіледі. Қазақ тілін қоғамдағы орны мен әлеуметтік қызметіне қатысты салауатты талаптар тіл білім мен оқыту әдістемесінің алдында жаңа міндеттер қойып отырғандығы көпшілік қауымға аян. Қазақ тілін оқыту әдістемесі жеке пән ретінде осы міндеттерді шешуге тырысады.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі қолданбалы ғылым ретінде дәстүрлі екі мәселенің шешімін табуды көздейді:
Нені үйрету керек? Бұл сұрақтың жауабын қазақ тіліне арналған білім стандарттары, оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу құралдарын және оқу-әдістемелік құралдарды дайындау және оны үнемі жетілдіріп, дамытып отыру, оның тиімділігін тексеру арқылы беруге болады.
Қалай оқыту керек? Бұл сұрақтың жауабы білім берудің жаңа моделіне сәйкес қазақ тілін оқыту әдістері мен тәсілдері, жаттығу жүйесі, дидактикалық материалдар мен құралдарды, тапсырмаларды пайдалануға арналған кеңестер, сабақтарды қолданудың жолдарын ұсыну арқылы тиянақталады.
З.Бейсембаева «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінің «келешек бір маманды белгілі бір мамандық бойынша теориялық және әдістемелік тұрғыдан дайындайтын оқу пәні» болып табылатынын, оның мазмұны дәріс, семинар, өздік жұмыстар мен диплом, курс жұмыстары арқылы игерілетінін айтады.
«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәні – өзінің ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері бар жеке пән. В.В.Краевский: «әдістеме – бұл жеке пән дидактикасы, яғни жалпы дидактикаға «қосымша». Екінші жағынан, әдістеме өзінің белгілі бір пәнді оқыту мен оның құралдары арқылы тәрбиелеу сияқты зерттеу пәні бар, өз алдына бөлек пән болып табылады. Сондықтан әдістеме дидактика мен обьектісінің (оқыту қызметі) бір болуымен байланысты. Бұл обьект бойынша әдістеме бір ғана пәнді қарастырса, дидактика барлық пәнге тән жалпы байланысты қарастырады», - дейді.
Сонымен, «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінің зерттеу нысаны қазақ тілін оқытудың ғылыми-теориялық тұжырымдары мен әдіснамалық негіздерін, тіл білімі салаларын теориялық-практикалық тұрғыдан меңгертудің амалдарын, оқытудың басты ұстанымдарын, тілді дұрыс қолданудың ұтымды әдіс-тәсілдерін қарастыратын және сапалы оқу үдерісін іске асыратын әдістемелер жүйесінен тұрады.
Ал қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің мақсаты – болашақ қазақ тілі мұғаліміне кәсіби дағды мен тәжірибе қалыптастыруға негіз болатын теориялық білім беру; педагогикалық білік қалыптастыру; сабақ берудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгерту; тіл білімі салалары бойынша жинақталған білімді дұрыс сөйлеу мен сауатты жазу үшін қолдануға үйрету; студенттің кәсіби-әдістемелік шеберлігін дамыту.
«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінің міндеттері:
студенттерді мектепте оқытылатын қазақ тілінің нысанымен және міндеттерімен таныстыру;
мектептегі қазақ тілі курсының әдістемелік мәселелерін қарастыру;
қазақ тіл білімі салаларын меңгертудің әдістемелік жолдарын игерту;
студенттердің кәсіби біліктіліктерін қалыптастыру (күнтізбелік жоспар, сабақ жоспарын дайындау, сабақ түрлерімен таныстыру, оны қолданудың жолдарын үйрету т.б.);
өздігінен ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді игеру дағдыларын жетілдіру;
қазақ тілін оқыту ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері туралы білім беру, түпкі нәтижеге бағдарланған білім беру моделі мен қалыптастырылатын құзіреттіліктер жайлы түсініктерін кеңейту;
қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша жеткен жетістіктер және тәжірибелерді оқыту үрдісінде қолданудың жолдарын меңгерту;
қазақ тілін оқыту әдістемесі саласының қазіргі таңдағы жаңа бағыттары мен өзекті мәселелерімен таныстыру;
оқушылардың білім деңгейін бағалауға үйрету.
Осы міндеттерді шешу нәтижесінде «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» студентті кәсіби білікті маман ретінде даярлауды жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |