Қазақ тілін оқыту – екі жақты үдеріс. Жалпы білім беретін орта мектептердегі қазақ тілін оқытуды ұйымдастыруға қажетті база жасалып, ондағы білім мазмұны, оқыту талаптары, күтілетін нәтижелер нақтыланғанмен, оның тәжірибедегі жетістігі көңіл қуантарлықтай болмай тұр. Оның себебі тілді оқыту жүйесінде мазмұн, талап жаңарғанмен, оқыту үдерісін ұйымдастыру, сабақта жаңа технологияларды қолдану жайы өз шешімін таппай отыр. Ең басты себеп – оқушыны оқу әрекетінің субьектісі деп танитын жаңа парадигма өз деңгейінде жүзеге аса алмай келеді. Шын мәнінде, оқыту – оқушы мен мұғалімнің өзара бірлесіп жасайтын әрекетінен құралатын күрделі үдеріс. Жаңа заман мектебіндегі оқыту үдерісінде мұғалім білім беруші, ал оқушы дайын білімді игеруші бола алмайды. Өйткені бүгінгі мектептің бағыты басқа, бағдары бөлек. Соған орай пәндерді оқытудың мақсаты мен міндеті де өзгерді. Біріншіден, ендігі жерде мектеп түлегін өзгермелі қоғамда өмір сүруге бейімдейтін дағдыларды қалыптастыруға басымдылық беріле бастағандықтан, оқушының білімге деген қатынасы да жаңаша сипат алды. Оқушы әлеуметтік ортада өз орнын иемденуге жол ашатын мүмкіндіктерді меңгеруге мүдделілік танытып, оқыту үдерісіне мұғаліммен тең дәрежеде қатысуға, білімді өз әрекеті арқылы іздене отырып алуға ұмтылады. Бұл дәстүрлі оқыту жүйесіндегі «пассив адам» тұжырымдамасының негізінде салтанат құрған «авторитарлық білім беру» жолын «оқушы – субьект» тұжырымдамасына құрылған «нәтижеге бағдарланған білім беру» жүйесімен алмастыруды қажет етіп отыр. Ұсынылып отырған модель бойынша оқушы жетістігі оның оқуға деген қатынасымен, білім деңгейімен, алған жоғары бағаларымен сипатталмайды, ең алдымен оның өзін-өзі бағалауымен, өзін-өзі тани алуымен, өзінің бойындағы қабілеттерді жұмсай алуымен, өзін-өзі дамытуға бейімділігімен,өзіндік көзқарастарын жеткізумен және оны қорғай алуымен, өздігінен шешім жасай білуімен, өзгелермен дұрыс қарым-қатынас дағдыларын меңгеруімен бағаланады. Бұл, біріншіден, оқыту үдерісінде оқушы-оқушы, оқушы-мұғалім қатынасында құндылықтық бағдарды негізі етіп ұстануды қажет етеді. Екіншіден, оқушының оқыту үдерісінде белсенді қатысуы оның сыни ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік тудыратын мотивацияларды айқындаумен тікелей байланысты. Бұл да мұғалім – оқушы, оқушы – оқушы қатынасын олардың өзара түсіністігіне, өзара тіл табысуына құру арқылы мумкін болады. Баланың ой еркіндігіне, сөз бостандығына құқықты екенін сезіндіретін шынайы сыйласымның негізінде білім беруді ізгілендіру ( гуманизациялау) тенденциясы жатыр. Оқыту үдерісін оқушының жеке басын құрметтеу, оның мүдделерімен санасу, қажетін тану, ішкі тілегі мен мүмкіндіктерінесай қатынас жасау мұғалімнің кәсіби шеберлігінің шынайы дәлелі, оқыту әдістемесі мен білім берудің өміршең технологияларын қолдану деңгейінің басты көрсеткіші болып саналады. Үшіншіден, бүгінгі жаһандану жағдайында жан-жақтан толассыз келіп жатқан ақпараттар ағынының ығында кетпей, одан өзіне қажеттілерді талғап алуға бейімдейтін оқыту үдерісінде оқушы – оқушы, оқушы-мұғалім қатынасының дұрыс қойылуының маңызы үлкен. Мұнда мұғалім білімінің, ақпараттың қайнар көзін табуға бағыт беруші, бала әрекетін ұйымдастырушы болады да, оқушы сол ақпараттарды өздігінен меңгеріп, оны өз бойына сіңіруші міндетін атқарады. Өзі ізденіп тауып, өзі оқып, меңгерген білім ғана оқушының танымын кеңейтіп, талғамын, рухани қор жинау қабілетін, тапқанын өз керегіне жарату білігін, ақпараттық мәдениетін қалыптастырады. Өйткені оқыту-мұғалімнің үйрету үдерісіндегі негізгі іс-әрекеті болса, ал оқу – баланың өзінің танымдық – практикалық тұрғыдағы үйрену әрекеті. Сондықтан да болса керек, педагогиканың атасы атанған ұлы тұлғалар оқытуды білім беру деп емес, үйрету мен үйренудің үйлесімі деп санайды. Соның өзінде баланың үйренуіне басымдылық береді. Мәселен, «Ұлы дидактиканың» негізін салушы Я. Коменский ХVІІ ғасырдың өзінде «Сабақта мұғалім аз үйретсін, бала көп үйренсін» десе, қазақ тілі әдістемесінің іргетасын қалаған Ахмет Байтұрсынұлы: « Асылында, оқыту дегеніміз – баланы үйренуге уйрету» - дейді. Баланы іздендіруге, оның өздігінен білім алуына қажетті дағдыларды қалыптастыру бүгінгі мұғалімнен үлкен қажет етеді. Ал шеберлік кітаптан оқып жияр білімнен құралмайды, ол өмірден тоқып жияр зерделіліктің, алғырлықтың, алымдылықтың, жаңашылдықтың, жігерліліктің, ізгіліліктің біртұтас өрімінен тұрады.
Сөйтіп, оқушының таным әрекеті мұғалімнің басшылығы бойынша жүзеге асады да, болашақ азамат өз ұлтының ғасырлар бойы жинаған руханияты мен өркениетін, ділі мен дінін, тегі мен тәрбиесін оқып-біліп, жадына сіңіре отырып, жалпы адамзаттық тәжірибеден хабардар болады. Соның нәтижесінде мектеп бітіріп, үлкен өмірге араласқан кезде он бір жыл мектеп қабырғасында алған білімі мен білігі, танымы мен тәрбиесі оның жаңылмай жол табуына ықпал етеді. Өйткені ақпараттық мәдениет қана адамның өмір бойы өздігінен білім алуына негіз қалайды. Осы талаптың қазақ тілін оқыту пәні әдістемесінің білім мазмұнында барынша кең қамтылуы қазақ тілі пәні мұғалімінің болашақта оқыту үдерісіндегі танымдық-мәдени ақпараттардың орны мен рөлін жете тануына кепіл болары сөзсіз. Ол үшін қазақ тілін оқыту әдістемесі сабақтарында да оқытушы мен студент, студент пен студент арасындағы қарым-қатынас осы парадигма негізінде үнемі дамып, жетілдіріліп отыруы маңызды саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |