«Жаңаша оқыту әдісімен»
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тəрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстазға жүктелетін жүк ауыр» деген болатын. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пəнінің терең білгірі болу емес, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, жан-жақты тарихи таным, саяси экономикалық білімділік жəне ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Ол заманына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқу мен тəрбие ісіне еніп, оқытудың жаңа технологиясын шебер меңгерген жан болғанда ғана білігі мен білімі жоғары тұлға ретінде ұлағатты саналады.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы жеке адамның дарындылығын таныту сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. ХХІ ғасыр-бәсеке ғасыры, бұл бәсеке енжарлықты, керітартпалықты көтермейді. Еліміз егемендігін алып, өзін бүкіл әлемге мойындата бастаған осы кезеңде біздің қоғам дарынды, қабілетті, жан-жақты жетілген адамдарды қажет етеді. Сондықтан да еліміздің білім берудегі ұлттық жүйесі өте қарқынды өзгерістер сатысында тұр. Бүгінгі таңдағы негізгі мақсат - ұлттық құндылықты әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті, өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Ол үшін оқушылардың белсенділігін арттыру, ізденімпаздыққа үйрету және білімді өз бетінше алуы мен қолдана білетін дарын иесін тәрбиелеу керек.
Ендеше, бүгінгі біздің алдымызда тұрған келелі міндет-оқытудың жаңа технологияларын қолдана отырып, саналы, рухани бай, салауатты, жан-жақты дамыған жеке тұлға даярлау. Қазақтың кемеңгер ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген болатын. Сондықтан да, қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру деңгейіне жетуге ат салысуда, ертеңгі болашағымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуы-қазіргі қоғамдағы ұстаздарға байланысты.
Оның ішінде маған да байланысты деп ойлаймын. Олай болса, өзімді -өзім танып, үздіксіз ізденіп, тынымсыз еңбектенуім керек деген мақсатпен бүгінде танысып, үйреніп жатқан Кембриждік жоба үлгісіндегі ұстаздар біліктілігін арттыру курсында тыңдаушының бірі болып, үйрендім. Кембридж университетінің жобасы бойынша бағдарламада жеті модуль берілген. Осы жеті модулде қарастырылған идеялар сабақта жекеленген стратегиялар мен тәсілдер өзара байланыста болады. Бұл бағдарламаны оқи отырсаң, оқушымен тікелей жұмыс істеудегі іс- әрекетті үйретеді. Алғашқы күндері бәрімізге беймәлім сияқты көрінген жоба, күн сайын ұстаздар арасында өзіндік қолдауын тауып келеді. Міне, ІІ деңгей бойынша сертификатталып, курсты аяқтап, осы үйренгенімізді мектепте өз іс-тәжірибемізде байқаудан өткіздік. Әріптестер арасына келгенде біз нені үйренгенімізді олармен ынтымақтастықпен жүзеге асыруға тырыстық. Ие, әркімнің санасында өткен күндер бізге не берді, алдағы күндерден не күтемін деген ойлар мазалары сөзсіз. Міне, біз осының барлығына сыни көзқараспен қарауды үйрендік. Біздің басты көңілге түйгеніміз-сабақты оқушының қызығушылығын оятатындай етіп ұйымдастыру. Яғни, сабақ үстінде оқушының рөлін көтеру көзделіп отырады, білімді дайын күйде алмай, өзі ізденіп табуды үйренеді. Мұғалім тек оларға бағыт -бағдар беріп, оқыту барысын ұйымдастырады.Оқушылардың білімді өзі алуына итермелейді.
Сабақтар барысында көптеген сауалды ойлар да туындағаны жасырын емес. Ауыл мектебінде осы жобаны жүзеге асыруда көптеген қиындықтар кездесті. Оның бір себебі, ақпарат көздерінің қолжетімсіздігі, кітапханадағы кітап қорларының аздығы, интернет желісінің дұрыс істемеуі.
Дегенмен, әр ұстаздың шеберлігі, шығармашылық ізденісі бұл тығырықтан шығуына да қол жеткізеді екен. Біздің мақсатымыз- өзімізде бар бұрынғы педагогикалық құндылықтарымызды, жаңамен толықтыра отырып, жаңа белестерге көтерілу. Бүгінгі таңдағы білім беру – өсіп келе жатқан ұрпақтың ақыл-ойы мен дамуының, мәдениетінің деңгейін анықтаушы фактор. Мемлекетіміздің елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай: «Экономиканың қарқынды дамуы үшін қазіргі нарық қатынасы талаптарына жауап бере алатын, сыни ойлана алатын, шығармашыл адамдар қажет»
Сонымен бірге, курста алған «Оқытуда кездесетін кедергілер, оны жою жолдары», «Мұғалім мен оқушы қарым-қатынасы», «Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау», «Сыныптағы оқушылар үшін оқу үдерісін жақсарту жолдары», «Сыни тұрғыдан ойлау стратегиялары», «Көшбасшылық» және тағы басқа тақырыптағы алған білімдеріміз-келешек жұмысымыздың басты көмекшісі болды десек артық айтпаған болар едік.Ұлыларымыздың бірі Ж.Аймауытов «Сабақ беру-үйреншікті жай шеберлік емес,ол-үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер»-деп айтқандай, үйренген жаңалығымызды қолдана білуіміз –ол әр ұстаздың өз еншісінде.
Дәстүрлі оқытуда мұғалім оқушыға дайын, дұрыс ақпар береміз. Ал оқушы сол ақпаратты қабылдап отырады. Енді жүзеге асырып жатқан технологияларымызда оқушының қызметі көптеген тұлғалық қызметтеріне қарай бағаланады(ойдың дамуы, тіл мәдениеті, сабаққа деген ынталылығы, өз ісіне жауапкершілігі, дербестігі,т.б) Әрбір оқушының дамуы басқа оқушымен емес, өзімен салыстырылады, оқушыға өз сыныптасын, өзін-өзі бағалауға мүмкіндік беріледі.
Кез-келген ұстаз алдымен сабақ жоспарын құрарда өздері сабақ беретін сыныптардағы оқу бағдарламасына сәйкес білім беру мен білім алудағы әдіс-тәсілдерді таңдайды, яғни түрлі интерактивті оқыту формаларын қарастырады. Сабақтың оқушыны жалықтыратындай бір сарынды болып кетпеуі үшін шағын топтар жұмыстарын, жұптық жұмыс, жарыстарын, тренингтер саяхат сабақтар ұйымдастыруы керек. Мұндай әрекетте жұмыссыз отыратын оқушы аз болады, тіпті болмайды да. Өз тобындағы балалармен қарым-қатынасқа түсе отырып, өзіндік пікірі қалыптасады, даму динамикасы жетіледі, құрдастарымен ынтымақтастыққа, бірлесіп жұмыс істеуге үйренеді. Сыни тұрғыдан ойлау технологиясы бойынша алдымен «ой қозғау» стратегиясы жүзеге асады. Оқушының зейінін сабақтың негізгі идеясын табуға ұйымдастыруды шешетін бұл стратегияның дұрыс қойыла берілуі – ұстаз еңбегінің шеберлігін көрсетеді. Немесе «миға шабуыл» деп жүрген бұл тәсіл сабақтың кіріспе бөліміне сәйкес келеді. Көп жағдайда оны мұғалім мен оқушы арасындағы қолданылатын диалог түрінде көреміз. Сабақтағы оқушының келесі іс-әрекетке көшуіне дұрыс қойылған сұрақтар өте ықпал етеді.СТО технологиясының «кубизм», «сен-маған, мен-саған», «сұқ-саусақ» стратегиялары арқылы оқушылардың сұрақтар қойып, оған мағыналы жауаптар қайтаруына жол ашамыз. Бір қарағанда, ойын түрінде көрінген бұл әдістер жалпы оқушының сөйлеу мәдениетін , өзіндік ой-пікірлерінің қалыптасып, өзін-өзі, бірін-бірі оқытуына белсенді ықпал етті. Сабақтардағы топтық жұмыстарда балалардың қызығушылығының, пәнге деген ынтасының артқанын сабақ соңында смаиликтер арқылы, басқа да сұрақ-жауап әдістері арқылы байқадым. Жалпы, алғанда сұрақ – ол білімді тексеру құралы емес, тереңдету құралы екенін ойға түйдім. Пәннің ерекшелігін, сыныптың жағдайына, оқушылардың білім деңгейлеріне, жас ерекшеліктеріне, оқу материалдарының жоспарына қарай іс-әрекеттер ұйымдастыруды жоспарладым. Қайталау, жинақтау сабақтары болғандықтан, оқушылардың өзін бағалай білуіне ықпал ететін «Семантикалық карта» бойынша жұмыстарды орындаттым. Топтық, жұптық, сыныптық жұмыс ретінде өткілген тақырыптарға ассоциация құру, сызбалар сызу, Венн диаграммасын салу сияқты тапсырмаларды оқушылар қызыға орындады. Тапсырмаларды орындау барысында міндеттерді шешуге, игерілген білімін, іскерлік дағдыларын жұмылдырады, басқалармен өзін салыстыру арқылы өзін-өзі реттей білуге машықтанады, белсенділік ұстанымының пайда болуына жәрдемдеседі. Бұдан әр оқушының дербестілігі, яғни ынталықпен, бастамашылықпен кейбір мәселелерді үлкендердің (мұғалімдердің) көмегінсіз шешудің жолдарын ісдестірумен тікелей байланыстылығы шығады. Оқушы өзінің мүмкіндіктерін түсінуі, оның іс-әрекетті орындаудағы дербестігіне тәуелді деп есептеймін. Талданып отырған сұраққа , мәселеге , есепке белсенді пікір білдіру, жолдастарының жауабын толықтыруға бағытталған ұмтылыс, қателіктерді жөндеу- осының бәрі белсенділік пен дербестіктің айқын көрсеткіші. Осыдан топ ішінде пікірі құнды, алға ұмтылған, көшбасшы ретінде жан-жақты жетілген, озық ойлы оқушының дараланып шығары сөзсіз.
Бұрынғы қалыптасқан әдет немесе іс- тәжірибеге байланысты көптеген мұғалімдер, ата- аналар, оқушылар бағалауды оқыту және білім беруден кейінгі болатын нәрсе ретінде түсінеді. Бағалау білім беру мен оқытудың тығыз байланыста болуы мүмкін деген ой біздің түсінігіміздегі едәуір өзгерісті талап етеді.
Жаңа технология-мұғалімнің мүмкіндігін қуаттандыратын құрал. Жаңа ақпараттық технологияны сабақ барысында қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады және оның бірнеше артықшылықтары бар.Осы артықшылықтарды мектепте сабақ беру барысында да, сабақ нәтижелерінен де көруге болады.
1.Керекті ақпаратты дәл мезетінде алуға мүмкіншілік бар.
2.Оқытудың тиімділігі жоғарылайды, оқу материалын оқушы өздігінен
іздеп табуына мүмкіндік бар.
3.Оқушылардың білуге құштарлығын арттырады, табиғи сұранысын
қанағаттандырады.
4.Оқытудың көркемдігі артады, яғни берілетін материалдарды жинақы
түрде беруге болады.
5.Уақыт үнемделеді, үнемделген уақыт қосымша тапсырмаларды
орындауға жағдай жасайды.
6.Мұғалім мен оқушының жұмысын жеңілдетеді.
Қазіргі таңда ІІІ сыныпқа сабақ беріп жүрмін. Осы аталған жеті модульді сабақтарымда толық қамти алмасам да , оқушылардың шамаларына қарай ұйымдастырып, сабақтың әрбір этаптарына кейбір элементтерін енгізудемін.
Жалпы алғанда, заман талабына сай білім беруде маңызды жақтары өте көп. Білім-теңіз, оның тереңін жетік білетін, қыр-сырын меңгерген, құпиясын аша алатындар ғана бойлай алады. Мұндай адамдарды мұғалімдер ғана тәрбиелеп, дайындайды. Мұғалім білімді оқушы санасына сабақ арқылы жеткізеді, ал сабақ сапасын арттыру – барлық мұғалімдерді толғандыратын маңызды мәселе. Күн сайын өтетін жаттанды кезеңдерден тұратын дәстүрлі сабақтар оқушыларды жалықтырып, білімге ынтасын төмендетері сөзсіз. Сондықтан өзімнің алдағы педагогикалық жұмысымда сабақты жандандырудың әдіс-тәсілдерін дұрыс таңдап, бұған оқушыларды тартып, олардың белсенді өз бетімен ізденіп жұмыстануын ұйымдастыруды алдыма міндет етіп қойдым.
Достарыңызбен бөлісу: |