1 ДӘРІС. Қазіргі әлемді түсінудегі әлеуметтану. 1. Әлеуметтанудың объектісі және пәні. Әлеуметтанудағы «әлеуметтік» түсінігі.
2. Әлеуметтанулық теориялардың құрылымы. Теориялық және қолданбалы социология. Макро және микро социология.
3. Әлеуметтанудағы теориялық және эмпирикалық мәселесі.
4. Әлеуметтік заңдар және адамдардың әлеуметтік қызметі.
Әлеуметтік заңдардың түрлері. “Әлеуметтану” термині екі сөзден құралған: латынның socіetas - қоғам және гректің logos - сөз, түсінік, ілім деген сөздерінен. Демек, этимологиялық тұрғыдан алғанда әлеуметтану “қоғам туралы ғылым” немесе “қоғам туралы ілім” дегенді білдіреді. Бірақ бұл біршама абстрактілі ой, өйткені адамзат қоғамы өзінің заңды көріністерімен көптеген қоғамдық ғылымдардың пәні болып табылады. Сондықтан да әлеуметтану пәнін қандай да бір басқа қоғамдық ғылым пәнінен бөлек қарауға болмайды. Ол үшін ең алдымен әлеуметтанудың объектісі мен пәнінің ара жігін ажыратып алған жөн. Ғылыми таным объектісіне зерттеу қызметі бағытталатынның бәрі, оған объективті шынайылық ретіндегі қарсы тұратын нәрсенің бәрі жатады. Нақты ғылымның зерттеу объектісі туралы әңгіме болғанда объективті шынайылықтың қандай да бір бөлігі тұтас зерттелмейді, сол ғылымның ерекшелігімен анықталатын жағынан бастап қана зерттеледі. Объективті шынайылықтың нақты бөлігінің басқа жақтары бұл жағдайда қосалқы нәрсе ретінде немесе берілген объектінің міндетті шарты ретінде қарастырылады. Кез келген ғылымның пәні объективті дүниенің жай ғана бір құбылысы немесе процесі емес, оның зерделенетін объектісінің дамуы мен қызмет етуінің басқа ғылым емес, тек қана осы ғылым үшін ерекшеленген белгілі бір заңдылықтарын бөліп қарауға мүмкіндік беретін теориялық абстрактілеу нәтижесі болып табылады. Мұндай абстрактілеу (зерделенетін объектінің үлгісін жасау) әлеуметтік шынайылылықтың әлеуметтанушы қызметі бағытталған “бөлігін”, “саласын”, “қырларын” анықтайды. Жоғарыда аталған анықтамаларға жасалған қысқаша шолу барлық көзқарастардың макро не микроәлеуметтанушылық парадигмалармен арақатынаста болатынын көрсетеді.
Макро-теоретиктер қоғамның ғаламдық заңдарын ашып көрсетуге талпына отырып қоғамның, мәдениеттің, әлеуметтік институттардың, әлеуметтік жүйелер мен құрылымдардың, ғаламдық әлеуметтік процестердің ұғымдарын пайдаланады. Микротеоретиктер қоғам туралы философияшыл болудан бас тарта отырып, жалпы жеке адамдардың түрлі әлеуметтік жағдайлардағы мінез-құлқын, олардың әрекеттерінің себеп-салдарын, жеке тұлғалар арасындағы өзара әрекет механизмдерін және басқа да нақты мәселелерді зерделеумен шұғылданады. Осыдан барып әлеуметтануды анықтаған кезде бір-бірінен мүлде бөлек екі көзқарас келіп шығады: бірі - оның пәнін қоғамдық организмнің тұтастығы, әлеуметтік ұйымдар мен жүйелер туралы ғылым ретінде анықтау болса, екіншісі - әлеуметтік процестер мен бұқаралық мінез-құлықтар туралы ғылым ретінде анықтау. Бірінші көзқараста әлеуметтану демографиялық, экономикалық және саяси ғылымдармен ұштасса, екіншісінде әлеуметтік психологиямен ұштасады. Макроәлеуметтанудың дамуы қазіргі заманғы теориялық әлеуметтанудың қалыптасуына, ал микроәлеуметтанудың дамуы эмпирикалық (қолданбалы) әлеуметтанудың қалыптасуына алып келді деген түсінік бар. Мұндай баға негізсіз емес, бірақ оны толық мәніндегі ақиқат нәрсе деп мойындауға болмайды.
Макроәлеуметтануда да, микроәлеуметтануда да теориялық және эмпирикалық деңгей бар. Макроәлеуметтанушылар (Э.Дюркгейм, М.Вебер, Ф.Теннис, П.Сорокин, т.б.) эмпирикалық әлеуметанушылық зерттеулермен белсене айналысқан, ал микроәлеуметтанушылар (мысалы, американ әлеуметтану мектебінің өкілдері) маңызды әлеуметтанушылық теориялардың негізін қалаған. Қазіргі микро және макроәлеуметтанудың жақындасуы оның объектісі мен пәнін қазіргі заман тұрғысынан түсіну үшін аса маңызды. Бұл жақындасу макротеоретиктер де, микротеоретиктер де материяның әлеуметтік нысанының алғашқы “клеткасы” болатынын және қоғамды да, нақты адамдардың мінез-құлқын да әлеуметтанушылық талдау ісін содан бастау қажеттігін мойындауда бір-бірімен үндес екендігінен көрінеді. Теориялық білім - теориялық білімнің әлеуметтанушылық теориялары, болжамдары, типологиялары және т.б. нысандары. Эмпирикалық білім - эмпирикалық білімнің статистикалық мәліметтері, фактілері, жіктелуі және басқа да нысандары. Егер де әлеуметтануды “теориялық” және “эмпирикалық” деп бөлу білімнің деңгейімен (теориялық және эмпирикалық) байланысты болса, әлеуметтануды “іргелі” және “қолданбалы” деп бөлу - әлеуметтанудың өзінің ғылыми немесе қолданбалы бағдарларына байланысты. Эмпирикалық зерттеу іргелі әлеуметтанудың да, қолданбалы әлеуметтанудың да шеңберінде жүргізілуі мүмкін. Егер оның мақсаты - теория жасау болса, онда ол іргелі әлеуметтануға жатады. Егер де оның мақсаты - тәжірибелік ұсынымдар жасау болса, онда ол қолданбалы әлеуметтануға жатады. Алатын білімнің деңгейіне қарай эмпирикалық зерттеу шешетін есебінің сипаты бойынша қолданбалы болуы мүмкін. Бұл теориялық зерттеулерге қатысты. Сөйтіп қолданбалы зерттеулер ерекше деңгей жасамайды. Бұл эмпирикалық және теориялық зерттеулердің өзі, бірақ қолданбалы бағытта болады. Әлеуметтану заңдары жалпы әлеуметтану және жеке әлеуметтану болып бөлінеді. Бөлу өлшемдері ретінде заңдармен бейнеленетін объектінің көлемі алынады: қоғам тұтас жүйе немесе қоғамның ішкі жүйесі, оның құрамдас бөлігі ретінде бейнеленеді, пәрмені шағын топтарға, белгілі бір әлеуметтік стратаға, әлеуметтік топқа немесе тапқа және тұтас қоғамға қолданылатын заңдар бар. Жалпы әлеуметтану заңдары - өздігінен дамитын әлеуметтік жүйе ретінде бүкіл қоғамның маңызды байланыстарын көрсететін заңдар. Жеке әлеуметтану заңдары қоғамның құрамдас бөліктерінің маңызды байланыстарын, олардың ішкі дамуы мен қызмет атқаруын, сондай-ақ тұтас әлеуметтік организм ретінде қоғаммен байланысын көрсететін заңдар болып табылады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1) Әлеуметтанудың негізгі даму кезеңдерін атап беріңіз?
2) Әлеуметтанудың зерттеу объектісі не болып табылады?
3) Әлеуметтанудың зерттеу пәнін анықтаңыз?
ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР:
Негізгі әдебиет:
Бриикерхоф Д, Уейтс P., Ортега С. Әлеуметтану негіиіері, 9-басылым. Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018 жыл - 464 бет.
Әбдікерова, Г.О. Әлеуметтану, Алматы, Қазақ университеті, 2012, 132б.
Қосымша әдебиет:
1. Кравченко А.И. Общая социология: учебное пособие для вузов – М.: Юнити, 2007.- 479с.
2. Кравченко А.И. Социология: Учебник для студентов несоциологических специальночтей, естественно-научных и гуманитарных вузов./ Кравченко А.И., Анурин В.Ф.- СПб и др. Питер, 2008 -431с.
3. Нурбекова, Ж.А. Социология управления : Учеб.-метод. пособие для студентов гуманит. фак. вузов; КазНУ им. аль-Фараби.- Алматы: Қазақ ун-ті, 2003.- 51, [3] с.
4. Добреньков В.И., Кравченко А.И. Фундаментальная социология М.,2003.