«Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәні, мақсаты мен міндеттері.
Қазақстанның қазіргі заман тарихын кезеңдерге бөлу.
Қазақстанның қазіргі заман тарихының деректері мен тарихнамасы.
Дәрістің мақсаты: пәннің алдында тұрған міндеттерді айқындау арқылы қоғамда атқаратын рөлін көрсету, отан тарихының кезеңдерін айқындап, деректердің мәні мен ұлттық тарихымыздың зерттелу деңгейін ашу.
Дәрістің мазмұны: «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнінің мақсат-міндеттері, оның кезеңдері және деректері мен тарихнамасы мәселелері қарастырылады.
1. Қазақстан егеменді, тәуелсіз, өз алдына жеке мемлекет болғанына ширек ғасырдай уақыт өтті. Екі ғасырға жуық басқа мемлекеттің отары болған халықтың ұлттық санасын жаңғырту жолында қоғамдық пәндердің, оның ішінде төл тарих ғылымының алатын орны ерекше. Ұлттық тарихты терең білмейінше ұлттың менталитетін, тарихи даму жолын, сол жолда көрген қиыншылықтары мен табыстарын түсіну мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан территориясында көне заманнан, қазірге дейін өмір сүріп жатқан, Қазақстанды тарихи отаны санайтын халықтардың тарихын білу маңызды болмақ. Қазақстан тарихы бүкіл адамзат тарихының бір бөлімі, өйткені ол дүниежүзі тарихы, Еуразия тарихы, көшпенділер өркениеті, түркі халықтарының тарихы, Орталық Азия елдерінің тарихымен ұштасып жатады. Қазақстан тарихы – Қазақстан территориясында ежелгі уақыттан бүгінгі күнге дейін болған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үрдістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, тұтас қарастыратын ғылым. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы отандық тарихтың аса маңызды бөлігі және жалғасы. Тәуелсіз Қазақстан әзірше ұзақ емес, бар жоғы жиырма бес жылды құрайтын жолдан өтті. Дүниежүзілік тарихпен салыстырғанда, ширек ғасыр соншалықты үлкен мерзім болмағанмен, егеменді ел үшін ол мән-мазмұнға толы тұтас бір дәуір. Қысқа уақыт аралығында мемлекетіміз өз дамуының саяси бағдарын айқындап, нарықтық экономикаға өтуді іске асырды, әлеуметтік күрделі тауқыметтерді басынан өткерді. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан қалыптасты. Осы тарихи кезеңді түсіну, одан алар сабақ отандық тарих ғылымындағы өзекті міндет болып саналады.
«Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнін жоғары оқу орындарында оқытып үйрету студенттердің бойларында отансүйгіштік пен азаматтық ұстанымның қалыптасуына, еліміздің күрделі, тәлімі мол тарихы бойынша терең ғылыми білімдердің бекуіне септігі тиетін факторға айналуы тиіс. Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке ие болғаннан бері халықтың ел тарихына деген қызығушылығы арта түсті. Себебі бұрын айтылмаған, айтылса да саясаттың ыңғайына көндігіп айтуға мәжбүр болған көзқарастар қазіргі таңда басқаша сипатқа ие болуды. Осыған байланысты сіздерге ұсынылып отырған «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнінің негізгі міндеттері мынада:
Халықтың ұлттық тарихи жадын қалпына келтіру, ұлттық сананы дамыту.
Ұлттық идея мен бірлікті қалыптастыру.
Азаматтық ұстанымға, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Өз халқына, еліне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
«Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнін игеру азаматтардың қазіргі таңда Қазақстан қоғамында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени мәселелерді түсінуге, оның оң шешілуіне әсер етеді. Осыған байланысты бұл пән еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарының оқу жоспарларына енгізілген.
2. 1980 жылдары аяғы мен 1990 жылдарының басында елде қалыптасқан демократиялық үрдістерге байланысты отандық тарихшылар еліміздің тарихын оқыту барысында тарихи фактілерге сүйене отырып, саяси оқиғаларға негізделген Қазақстан тарихын кезеңдерге бөлуді анықтады:
Тарихқа дейінгі кезең: 2,5 млн – б.д.д. VIII ғасырға дейін (тас ғасыры, қола дәуірі).
Ежелгі кезең б.д.д. VIII ғасырдан б.д. VI ғасырына дейінгі уақытты қамтиды (сақ, ғұн, үйсін, қаңлы).
Орта ғасырлар кезеңі Қазақстанда Түркі қағанатының құрылуынан басталып, XVI ғасырдың аяғына дейін созылады (Алтын Орда, Ақ орда, қазақ хандығы).
Жаңа дәуір XVII ғасырдың басынан XX ғасырдың басына дейінгі уақытты алып жатыр. Бұл кезеңді үш дәуірге бөліп қарастыру орын алған:
XVII ғасырдың басынан XVIII ғасырдың басына дейінгі уақыт. Бұл кезеңде Қазақ хандығы Орта Азиядағы ең мықты, дербес көшпелі мемлекет ретінде қалыптасты;
XVIII ғасырдың басы мен XVIII ғасырдың аяғына дейінгі уақыт. Қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күрес (жоңғарлармен, Еділ қалмақтарымен, Орта Азия хандықтарымен, башқұрттармен, түркмендермен т.б.) жүргізді;
XVIII ғасырдың аяғынан басталып XX ғасырдың басына дейін созылады. Бұны Ресей империясының отарлау саясатының кезеңі деп алып, тәуелсіздік идеясының, ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сипатта дамуы қарастырылады.
Қазақстан Кеңес дәуірі кезінде. Бұл кезең Кеңес үкіметі орнаған 1917 жылдан басталып, 1991 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезеңге кейбір отандық тарихшылар кеңестік отарлық кезең деген атау беріп жүр. Оның өзіндік себебі де бар: 74 жылға созылған Кеңес үкіметі тұсында орталықтың (Мәскеудің) экономика, саясат, мәдениет, әлеуметтік жағынан үстемдігі орнады.
Егеменді Қазақстан. 1991 жылы Қазақстанның егеменді мемлекет болып қалыптасуынан басталып, осы күнге дейінгі тұрақты түрде дамып келе жатқан кезеңмен аяқталады.
Ал бүгінгі жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізіліп отырған «Қазақстанның қазіргі заман тарихын» шамамен төмендегідей кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.
І кезең: 1900 жылдан 1917 жылға дейінгі оқиғаларды қамтиды. 150 жылға созылған Қазақстанның Ресейге қосылу процесі аяқталды. 1867-1868 жж. алты қазақ облысы туралы әкімшілік-сот реформалары заңды түрде қазақ жерін Ресейдің отары ретінде байлап-матап бекітті. Ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа толқыны басталды. Оның көшбасында саяси идеялық бағытын айқындаған Алаш зиялылары тұрды. Қозғалыстың шырқау шегі жаппай қазақ өлкесін шарпыған патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс болды.
ІІ кезең: Кеңестік Қазақстан 1917-1990 жж. Ақпан буржуазиялық төңкерісінен бастау алған Алаш ұлттық-мемлекеттік құрылымы идеясының таптық мазмұнда салтанат құруы, Кеңестік Ресей Федерациясының құрамында автономиядан Одақтық республикаға өту жүзеге асты. Жетпіс жылдық Кеңестік-тоталитарлы билік құрсауында әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар қилы тағдырды қазақ халқы басынан кешірді. Алайда, Азаттық рухын сақтап қалды. Тәуелсіздік үшін шешуші бой көтеру 1986 жылы Қазақстанның Алматы қаласында басталып, жаппай республикамыздың ірі қалаларында орын алды. Бұл «мызғымас» Кеңестер Одағының күйреуінің хабаршысы болған саяси маңызы бар оқиға болды.
ІІІ кезең: Тәуелсіз Қазақстан тарихы 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін. КСРО-ның бір жола құлдырау барысында Қазақстанның Егемендігін бекіткен бірнеше құқықтық актілер қабылданды. 1990 жылы 26-қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация; 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Заң; Қазақстан Республикасының 1993 жылы 27-қаңтарда және 1995 жылы 30-тамызда қабылданған қос Конституциясы еліміздің саяси-мемлекеттік құрылымын айқындап берді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағынан тұрақты түрде дамып келеді. Халықаралық қауымдастықта Қазақстанның ерекше белсенділік танытып, әлемдік іс-шараларға мұрындық болуы (Сириядағы қақтығыстар бойынша Астана келіссөздері, ЭКСПО - 2017 халықаралық көрмесінің өтуі, Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі,т.б.) қазақ елінің абыройын аспандата түсті.
3. Ежелгі дүниеден бастап осы күнге дейінгі отан тарихын игеру алдымен деректермен тығыз байланысты. Жалпы деректерді мынандай түрлерге бөліп қарастырамыз: