§2 Дамыған орта ғасырдағы Қазақстан тарихы бойынша деректер
Біздің заманымыздың І мыңжылдығынан бастап ежелгі түркі және түркі тілдес тайпалар мекендеген өңірлерден табылған көне түркі жазба ескерткіштерінің құны баға жеткісіз. Ортағасырлық түркі деректерінің ерекшелігі – авторлар өзінің көз алдында не болғанын көп уақыт өтпеген оқиғалар жайында, өзі жақсы білетін мағлұматтар туралы жазған. Ежелгі түркі деректері қазақ даласындағы қоғамдық-этникалық, әлеуметтік және мәдени үрдістер туралы жат жерлік байқаушылар жазған мәліметтерге қарағанда неғұрлым дәл түсінік береді. Олардың ішінде Енесей мен Таластан табылған ескерткіштердің зор маңызы бар. Ең алдымен түркі қағандары Күлтегін (732 ж) мен Білге қаған (735 ж) құрметіне қойылған – Кошоцайдам құлпытастарын атап өту керек. Бұл жазбалардың авторы, қаған әулетінен шыққан Иолығ-тегін болған, ол түркі тілінде жазған есімі белгілі тұңғыш жазушы болып табылады. Сол сияқты, Тоныкөк ескерткіші (шамамен 716 ж), Құлшора құрметіне қойылған ескерткіш (722 ж), Онгин жазбасы қосылатын Кошоцайдамның мәнерлі мәтіні негізінде Шығыс түркі қағандары жөнінен мағлұматтарды жинақтаған. Оларда Қазақстан мен Орта Азияның батыс түркілері тарихының маңызды оқиғаларына қатысты естеліктер бар, оларға талдау жасау тарихи-географиялық, тарихи-саяси және этнографиялық мәселелердің тұтас кешенін зерттеу жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді. Ең құндысы – «он оқ будын», яғни он оқ халқы түргештер, қарлұқтар, оғыздар, кенгерестер, Жетісу соғдылары туралы мағлұматар орныққан.
Орхон-Енесейдегі Елетміш Білге қаған (747-759 жж) құрметіне жазылған Селенга тасы және Терхин құлпытасы (756 ж) өте құнды. Онымен бірге Батыс түркі қағандығының Жетісудан (Талас өңірінен) табылған ескерткіштер елеулі мәдени қазына болып табылады. Оған қабірлерге қойылған құлпытастарға, теңгелерге, тұрмыстық заттар мен ағаш таяқшаларға жазылған 12 жазба жатады. Бұл ескерткіштер ҮІ-ҮІІІ ғасырларға жатады деп есептеледі.
Араб халифаты дәуірінде арабтардың Шығысты жаулап алуы, мұсылман мәдениеті мен ислам дінінің өрісін кеңейтудегі белсенділігі, алыс жатқан аймақтармен сауданың дамуы арабтарды Шығыс Европа мен Орта Азияның көршілес елдерімен және алыстағы халықтар мен тайпалар туралы ақпарат жинауға құлшындырды. Қазақстан тұрғындары туралы ең ертедегі мәліметтер арабтардың классикалық шығармаларында кездеседі. Мысалы, Әл-Балазур мен Ат-Табари туындыларында YII-YIII ғғ. орта шенінде араб шапқыншыларына қарсы күресте Орта Азия халықтарына көмектескен Жетісу мен оңтүстік Қазақстанның түркі халықтары туралы мәліметтер бар. Арабтардың аса ірі тарихшысы, парсы текті әл-Балазур (ІХ ғ) Орта Азия тарихы жөніндегі құнды деректемелердің бірі «Елдерді жаулап алу Кітабы» болып табылады. «Пайғамбар мен патшалар тарихы» деген елеулі еңбек жазған Ат-Табари (ІХғ) арабтармен байланыста болған халықтар туралы жылнама ретінде баяндаған. Энциклопедиялық білімі бар Әл-Жахиз (ІХғ) «Түріктердің қасиеттері» деген кітабында Қазақстанның көшпелі түрік тайпаларын тұңғыш рет этнографиялық тұрғыдан суреттеп береді. IX ғ. байланыс және хабар беру қызметінің бастығы Ибн Хордабектің «Жолдар мен мемлекеттер кітабы» сауда жолдарын сипаттап, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар мен қоныстарды тізіп көрсетеді. Тарихшы, әрі географ әл-Якубидің «Елдер кітабы» деген географиялық шығармасында Қазақстан түріктері туралы ауқымды тарихи-этнографиялық материал бар. Әл-Якубидің оғыздар, қарлұқтар, қимақтар т.б. туралы мәліметтері ерекше маңызды.
Ортағасырлық Қазақстан тарихы туралы жазбалар Еуразия тарихнамасында ХҮІІ ғасырға жатады. Ең алдымен екі еңбек атауға тұрарлық: біріншісі, 1602 жылы жазылған түркі тарихшысы Қадыр-әлібек (Қадырғали) Жалайридің «Жылнамалар жинағы» аталып кеткен тарихи еңбегі. Екіншісі, ХҮІ ғасырдағы Рашид ад-Диннің «Оқиғалар жинағы» атты еңбегі. Бұл еңбектерде моңғол шапқыншылықтарының кейінгі қыпшақ даласындағ болған оқиғалар суреттеледі. Бұлардан кейінгі басты еңбектердің бірі – ХҮІІ ғасырдағы Хиуа ханы Әбілғазының екі тарихи шығармасы: бірі – «Түріктер шежіресі», екіншісі – «Түркімендер шежіресі». Онда оғыздардың, қыпшақ, қаңлы тайпалары, ерте және кейінгі ортағасырларға қатысты түркі этнонимі, этимологиялық мәселелері зерттелген. Сондай-ақ, Қазақстанның ортағасырлық кезеңіндегі ҮІІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы түркі тайпаларының тарихы мен этнографиясы үшін құнды еңбек түркі тарихшысы Муниджим-Башының «Сахиф ул-ахбар» атты шығармасы. Онда Орта азия мен Қазақстан аумағындағы мемлекеттер мен әулеттер тарихы, қарахандар, салжұқтар, хорезмшахтар және басқа бірқатар мағлұматтар берілген.
Бақылау сұрақтары:
Дерек дегеніміз не?
Ортағасырлық Қазақстан тарихы туралы қандай қытай деректерін білесіз?
Түркі деректерінің ерекшелігі неде?
Ортағасырлық авторлардың еңбектерін орыс тіліне ең көп аударған орыс ғалымы, шығыстанушы?
Қазақстанның ортағасырлық тарихы туралы мағлұматтар қалдырған еуропалық авторларды атаңыз?
Достарыңызбен бөлісу: |