Оқу орындарының жаңа типтерi. Соғыстан кейiнгi жылдары жұмысшылар мен шаруалардың мәдени-техникалық дәрежесiн көтеру мақсатында оқу орындарының жаңа типтерiнiң бiрi - кешкi мектептер кеңiнен дамыды.
Халық шаруашылығы мен мәдениеттiң дамуын жүзеге асыру барысында сегiзжылдық және орта мектептердiң саны өстi. Мектеп жүйесi негiзiнен өзгерген жоқ, алайда, оқу-тәрбие үрдісі мектептiң өмiрден алшақтығын, оқыту сапасының төмендiгiн көрсеттi.
Отбасы тәрбиесi мен қоғамдық тәрбиенi жетiлдiру мақсатында 1956 жылдан бастап мектептiң жаңа түрi – мектеп-интернаттар ашыла бастады. Онда жалғыз ана тәрбиесiндегi балалар, Отан соғысы мүгедектерiнiң балалары, ата-анасыз қалған балалар, көп балалы және аз жалақы алатын отбасындағы балалар, шалғай мекендерде тұратын отбасыларының балалары тәрбиелендi. Ата- анасыз қалған балалар, көп балалы отбасы және жалақысы төмен отбасындағы балалар мемлекет қаржысынан тәрбиелендi.
Мектептерде ұзартылған күн топтары мен бөлімдері ашылды. Мектептiң бұл түрiн ұйымдастыруға өндiрiс орындары, колхоз, совхоздар мен ата-аналар белсене араласты. Бұндай мектептерде оқушылардың оқу-тәрбие жұмысы тәрбиешiлердiң басқаруымен жүргiзiлдi. Ұзартылған күн тотарының жұмысы оқушылардың мектептi тастап кетуi, сыныпта екi жыл қалып қоюы тәрiздi кемшiлiктерiмен күресуде, жаппай мiндеттi оқуды жүзеге асыруда маңызды қызмет атқарды.
Бiлiм мазмұны мен оқыту әдiстерiн жетілдіру мәселелері. Соғыстан кейiнгi алғашқы бейбiт өмiрге көшу кезеңiнде халыққа коммунистiк тәрбие беру мәселесiнiң маңызы күшейдi. V-VII, VIII- Х сыныптарда тарих, КСРО конституциясы, әдебиет бағдарламаларына өзгерiстер енгiзiлдi. Жас ұрпақ тәрбиелеу мәселесiнде коммунистiк идеология мен социалистiк қоғам құрудың жетiстiктерiн мадақтауға, патриоттық тәрбиеге ерекше мән бердi.
Одақ құрамындағы республикалардың оқу-ағарту министрлiктерi оқу жоспарлары мен бағдарламаларын қайта қарап, политехникалық оқытуға көшудi мақсат еттi. 1953-1955 жылдары Ресей Федерациясының Педагогика ғылымдар академиясы политехникалық оқуға көшуге байланысты бiлiм негiздерiн оқытудың әдiстемелiк нұсқауын даярлап шығарды.
1954 жылдан бастап Украинада жалпы бiлiм беретiн мепктептерге өндiрiстiк оқыту енгiзілдi. Мектептердің VIII-Х сыныптарында ғылым негiздерiн оқытумен бiрге, практиканы өндiрiс орындарында, машина-техникалық станцияларда, колхоз-совхоздарда өткiзудi мiндеттелдi. Мектепте жоғары сынып оқушылары орта бiлiм алумен қатар халық шаруашылығының түрлi саласында жұмыс жасауға, мамандық алуға даярланды.
Орта мектептерге политехникалық оқытуды iске асыру мiндетi жүктелдi. Мектептерде 1955 жылдардан бастап жоғары сынып оқушыларынан өндiрiстiк бригадалар құрылды. Мектеп оқушылары өндiрiс және ауылшаруашылық орындарында практикадан өтетiн болды.
1956/57 оқу жылдары Ресей Федерациясының оқу-ағарту министрлiгi мен Педагогика академиясы 585 мектепке эксперименттiк жаңа оқу жоспарын жасады.
Бұл эксперименттiк мектептерде арнайы курстарды оқыту, оқушыларды индустриялы өндiрiспен және ауылшаруашылығымен таныстыру мақсатында практикадан өткізу мiндеттелдi.
Педагогикалық бiлiм беру және мұғалiм мамандарын даярлау. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейiн мектепке қажеттi мұғалiмдер саны жетiспедi, сондықтан жоғары және орта бiлiмi бар мамандар даярлау iсi жүзеге асырылды.
Орта бiлiм алған жастардың санының артуына байланысты 1953 жылдан бастап орта мектеп негiзiнде екi жылдық педагогикалық училищелер ашылды.
Мұғалiмдердiң ғылыми және арнайы даярлығын арттыру мақсатында бұрынғы мұғалiмдер институттары педагогикалық институттар болып қайта құрылып, орта мектепке мұғалiмдер даярлау бiр жүйеге келтiрiлдi.
1957/58 оқу жылы кейбiр педагогикалық жоғары оқу орындарында бастауыш мектеп мұғалiмдерiн даярлайтын арнайы факультеттер ашылды.
Педагогикалық институттардың оқу жоспарларына болашақ мамандарды даярлау үшiн мектептерде политехникалық бiлiм негiздерiн оқыту және өнiмдi еңбектi енгiзуге байланысты, әсiресе, физика-математика, жаратылыстану-биология факультеттерiнде 1953/54 оқу жылы өзгерiс енгiзiлдi.
Мұғалiмдермен әдiстемелiк жұмыс жүргiзу үшiн мұғалiмдердiң аудандық әдiстемелiк бiрлестiктерi мен оқу қабинеттерi туралы ережелерi iске қосылды.
Соғыстан кейiнгi жылдарындағы педагогика ғылымдарының дамуы. Соғыс жылдары құрылған Педагогика ғылымдар академиясы педагогикалық ғылыми зерттеулер жүргiзуi үшiн барлық ғылыми-педагогикалық мекемелер мен жеке ғалымдардың зерттеулерiн бiрiктiрiп үйлестiруге тиіс болды.
Алғашқы құрылған күнiнен бастап Педагогика ғылымдар академиясы педагогика тарихы мен мектепке дейiнгi тәрбие, жеке пәндердi оқыту әдiстемесiне, психология, дефектология, балалар физиологиясына байланысты зерттеулер жүргiзді. 1944 жылдан бастап мектепте балаларды жетi жастан оқыту мен тәрбиелеуге байланысты олардың физиологиялық және психологиялық ерекшелiктерi зерттеле бастады. Жаңа әлiппелер құрастырылып, жетi жасар балаларға орыс тiлi, математиканы оқыту ерекшелiктерiн және оқыту мен тәрбиенiң тиiмдi жолдарын қолдану қарастырылды.
Педагогика ғылымдар академиясы мен барлық одақтас республикалардағы педагогикалық институттардағы педагогика кафедраларының күшiмен мектеп алдында тұрған маңызды мәселелер, жалпы және политехникалық бiлiм берудiң мазмұны, ғылым негiздерiн оқыту әдiстемесi, коммунистiк тәрбие жүйесiнiң негiздерi, оқушылардың жас және жеке бас ерекшелiктерi зерттелдi.
Политехникалық оқыту әдiстерiн ұйымдастыру үшiн жаңа бағдарламалар жасау мақсатында ғылым негiздерiн игерумен бiрге, арнайы пәндердi - өндiрiс негiздерiн, машина жүргiзудi, электротехниканы оқыту көзделдi. Физика, химия, биология, сызу мен политехникалық пәндер циклының арасындағы байланыстар зерттелдi. Осы мәселелерге арналған iргелi теориялық және әдiстемелiк еңбектер жарық көрдi.
Педагог ғалымдар бастауыш мектепте 7-10 жасар балаларды оқыту барысындағы олардың жалпы дамуын зерттедi. Алты жасар балалардың сауатын ашу, есеп шығару, жазу қабiлетiн анықтау үшiн тәжiрибе жұмыстары жүргiзiлдi.
Жеке тұлғаны жан-жақты тәрбиелеу мәселесiне байланысты тәрбие бағдарламасы жасалып, онда оқушы өмiрiн ұйымдастыру мен оқытуда еңбек принципi арқылы тәрбиелеу көзделдi.
Кеңестік кеңістіктегі мектептер бiр типтi болды, мұғалiмге жоғарыдан берiлген белгiлi әдiстемелiк талапты ғана ұстану, бағдарлама, оқулық, әдiстемелiк нұсқау ауқымынан шықпау тәрiздi талаптар қойылды. Ұлт мектептерiнiң өзiндiк бет-бейнесi жоғала бастады. Олардың оқу бағдарламалары бiр типке келтiрiлiп, орыс тiлiнiң мәнi күшейтіліп, оның оқу жоспарындағы
жүктемесi көбейдi. Ресей Федерациясындағы орыс емес ұлттардың ана тiлi ғана бөлек пән ретiнде оқытылды, басқа пәндер орыс тiлiнде жүргiзiлдi.
Достарыңызбен бөлісу: |