1 дәріс. Педагогика



бет15/51
Дата13.12.2019
өлшемі0,78 Mb.
#53594
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   51
Байланысты:
Дәрістер


Мектеп және мектептен тыс тәрбие мекемелері (пионер сарайлары, балалар клубтары, т.б.) көркемөнерге, эстетикалық тәрбиеге едәуір көңіл бөлді. Республика орталықтарында және кейбір облыстық қалаларда балаларды көркемөнерге тәрбиелеу үйлері құрылды. 1934 жылдан бастап

көркемөнер олимпиадалары өткізіле бастады.

Партия мен Халық комиссарлар кеңесінің 1934 жылғы қаулысында мектептің бірыңғай жүйесі: төртжылдық бастауыш мектеп (1-IV), жетіжылдық (орталау) мектеп (I-VII сынып) және онжылдық мектеп (I-X сынып) белгіленді.

1935 жылы “Бастауыш, орталау және орта мектептің ішкі тәртібі және олардың оқу жұмысын ұйымдастыру туралы” қаулы қабылданды. Бұл қаулы бойынша оқу жылының басы 1 қыркүйек болып белгіленді, оқу жылы төрт тоқсанға бөлініп, оқу жылының аяқталу мерзімі анықталды. Осы қаулыда оқушылар білімінің сапасының төмендігі, үй тапсырмаларының шамадан тыс берілуі, жаңа материалдардың сыныпта пысықталмауы, т.б. мектеп жұмысында орын алған кемшіліктер көрсетілді.



Ұлттық республикаларда мектеп оқушыларының саны жылдан жылға артты. Ұлт мектептерінде оқитын балалар үшін латын алфавиті орыс алфавитімен ауыстырылды.

Қазақстанда 1940 жылы латын алфавитынан кириллица алфавитына көшу туралы Қазақстан Жоғары кеңесi қаулы қабылдады. Осыған орай 1941 жылы қазақ мектептерi төл және орыс тiлiнен тәржiмаланған оқу құралдарымен қамтамасыз етiлдi.

Сонымен, 30 жылдардағы мектепті қайта құрудың жетістіктері мынадай: білім беру жүйесінің құрылымы (бастауыш мектептен жоғары мектепке дейін) пайда болды; реттелген пәндер жүйесі, оқу жоспары қалыптасты; сабақ беру тәртібі бекітілді; міндетті бағдарламалар мен оқулықтар енгізілді.

Осы жылдары енгізілген оқу жүйесіндегі жаңалықтардың өзіндік кемшіліктері де болды. Мәселен, білім нәтижесі есепке алынбады, оқыту мазмұны мен оны ұйымдастыру әдістері бір сарынды болды, саралап оқытуға мән берілмеді.

Сонымен, жалпы жетіжылдық білімді ұйымдастыру халықтың білім деңгейін көтеруге себеп болды. Дейтұрғанмен де, сол кезеңдегі сауатсыздықты жою әлі де үкімет алдындағы басты мәселелердің бірі болды.

1939 жылы Одақтың он жастан асқан әр бесінші азаматы оқу мен жазуды меңгермеген еді.



П.П.Блонскийдің педагогикалық идеялары. П.П.Блонский (1884-1941) 200-ге тарта педагогикалық, психологиялық және философиялық еңбектердің авторы.

П.П.Блонский өзінің педагогикалық көзқарастарын «Халық мектебінің мақсаттары мен міндеттері» (1916) атты еңбегінде ұсынды. Кеңестік мектептерде оның сол көзқарастары мейілінше дамытылды. Оның еңбегіндегі елеулі жаңалықтар: оқыту мен тәрбие беру ісін баланың жас ерекшелігіне лайықтап ұйымдастыру; баланың жеке басын құрметтеу, баланың талабы мен ынтасын ескеру; ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және еңбек тәрбиесін жан-жақты жүргізу; еңбек тәрбиесі мен политехникалық білім беру.

Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі П.П.Блонский еңбектері негізінен педагогика ғылымының политехникалық білім беру негіздерін анықтауға арналды.

Оның «Еңбек мектебі» және т.б. еңбектерінде оқыту мен тәрбиелеудің көкейтесті принциптер сақталды, ол: еңбекке оқытудың жалпы білім берумен тығыз байланысын қамтамасыз ету; жалпы және политехникалық білім беруді ғылым табыстарымен байланыстырып жүргізу; білім беруді баланың жас және жеке бас ерекшеліктеріне лайық ұйымдастыру сияқты ұсыныстар жасады.

П.П.Блонскийдің мектепке дейінгі педагогика, адамгершілік және жыныстық тәрбие мәселелеріне арналған еңбектерінің де маңызы зор болды.

Ол мектептегі педагогикалық процесті баланың жас және жеке бас ерекшеліктеріне байланысты ұйымдастырудың маңызына ерекше мән берді.

П.П.Блонский өз еңбектерінде екі мәселеге ерекше назар аударды:

- бала психикасын дамытуды (психиканы эволюция нәтижесі деп қарастыруды ұсынды); баланы зерттегенде оған біртұтас көзқарас тұрғысынан (оның тәндік және психикалық қасиеттерін өзара байланыс пен өзара әрекеттестікте) қарауды ұстанды.



Оның еңбектері педалогия арнасында зерттелді. Ол 1934, 1936 жылдары шыққан педалогия оқулықтарында балалардың жас ерекшеліктерін түрлі кезеңдерге бөліп, оның оқу-тәрбиемен байланысын атап көрсетті.

С.Т.Шацкий (1878-1934) - еркін тәрбие беру тұжырымдамасының негізін қалаушылардың бірі. С.Т.Шацкий өз еңбектерінде адам өміріндегі балалық шақтың маңызын, оның ерекшеліктері, заңдылықтарын, әр жас кезеңінің оқу-тәрбиедегі мәнін - балалық шақтың құнды принциптерін анықтауға арнады. Бұл принцип бойынша оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда баланың дүниені сезінуін, оның ішкі жан дүниесін ескеру керектігі баса айтылды.

Оқу-тәрбие жұмысы баланың даму заңдылықтарына сәйкес, айналадағы ортамен байланысты

ұйымдастырылуы тиіс. Бұл баланың табиғи дамуын ескеру принципіне және оның ішкі сезімінің дүниесіне сәйкес келеді. Ол баланы, оның табиғи дамуына лайықты шығармашылық қызметке: танымдық, көркем-шығармашылық, ойын, еңбек, қарым-қатынас құруға өз еркімен араластыру қажет деп есептеді.

Еркін тәрбие беру тұжырымдамасын ұстанған педагог, баланы биологиялық және әлеуметтік тіршілік иесі санағандықтан білім және тәрбие беру процестерінде оның биологиялық жағын ескеру, баланың тиімді дамуын қамтамасыз ететініне назар аударды: ортаның қоятын талабы заңды, сондықтан оқу-тәрбие процесінде ортаның ықпалын ескеру шарт; - оқу-тәрбие процесі тұлғаны жан-жақты дамытуға бағыт беріп, оларды әлеуметтік өмірдің тар аясына салмауы тиіс.



С.Т.Шацкий мектеп ортаны өзгертуге қатысуы қажет деп санайды. Тұлғаның шығармашылық дамуына ортаның теріс ықпалы байқалатын болса, онда оқу-тәрбие процесін арнайы ұйымдастырылған ортада жүргізу қажеттігін ұсынды.

Еркін принципке құрылған оқу-тәрбие процесі мемлекеттік мектептерден өзгеше болуы тиіс, мектепішілік жұмыста білімді бағалаудан, емтиханнан бас тарту, қайырымдылыққа негізделген орта құру, баланың күш-қуаты мен мүмкіндігіне сенім арту, оқыту талаптарының табиғи болуы, балаларға ешқандай тәндік жаза мен моральдық қысым көрсетілмеуі, оқушылардың оқу әдістері мен мұғалімдерді таңдауына ерік берілуі керек деп есептеді.



Оқуды еркін принципке негіздеуді ұстанған педагог мектепті үкімет бақылауынан босату керек деді.

Еркін тәрбие тұжырымдамасы бала тәрбиесіндегі әлеуметтік ортаның ықпалы күшті деп ескертеді. Баланың ерік сапасын қалыптасыруда ақыл-ой, адамгершілік, дене дамуын қамтамасыз ететін өнімді еңбектің маңызын ерекше атап көрсетеді.



С.Т.Шацкийдің педагогикалық еңбектерінде баланы еңбекке тәрбиелеудің теориялық және тәжірибелік қыры жан-жақты ашылып көрсетіледі. Ол баланың жас кезіндегі еңбегін өнермен және ойынмен тығыз байланысты дамыту қажеттігі туралы құнды пікірлер ұсыныды.

А.С.Макаренконың педагогика теориясындағы негізгі жүйесі. А.С.Макаренко (1888-1939) ең алғашында педагогика ғылымына тәжірибелі педагог ретінде келді. Ол 1917-1918 ж. ж. мектеп ісін меңгеруші, 1920 жылы Полтава түбіндегі балалар колониясын (кейіннен М.Горький атындағы колония) басқарды. 1925-1935 ж. ж. Харьковтегі Дзержинский атындағы колонияда қызмет атқарды. Осы кезеңдерде оның ұстаздық тәжірибесінен туындаған «Ұстаздық дастан», «Мұнара үстіндегі тулар», «Ата-аналарға арналған кітап» атты еңбектері жарық көрді.

А.С.Макаренко тәрбие процесі ең алғашында педагогикалық жобалаудан басталуы керектігін айтты. Ол жеке тұлғаның сапалық қасиеттерін қалыптастыруды екіге бөліп қарастырды. Бірінші, барлық тұлғаларға ортақ сапалар және, екінші, оқушының жеке даралық сапасын қалыптастыру үшін оның қабілеттері мен бейімділіктерін ескеру керектігін көрсетті.

А.С.Макаренко «тәрбиенің басты мақсаты - белсенді, өмірлік принциптерді жүзеге асыру» деп санады. Тәрбиеленуші өзге адамдар мен қоғам алдындағы жауапкершілігін, өз абыройын сақтай білуін, жолдастарының пікірімен санасуды, өз пікірін дәлелдей білуін, өмірдің қойған талаптарына сай сыпайы, қатал, қарапайым болуын талап етті. Тәрбиеленуші белсенді ұйымдастырушылық қасиетке ие болып, қойған мақсатына жетуі, өзін ортада ұстай білуі және өзгелерге ықпал ете білу қасиеттерін меңгеруі тиіс. Тәрбиеленушінің көңіл-күйі көтеріңкі, сергек, күреске әзір тұратын, сүйе білетін және бақытты болуға ұмтылуы керек деп түйіндеді.

А.С.Макаренко теориясының өзегі коллектив (ұжым) туралы ілім болды. Ол педагогикаға

«коллектив» деген терминді ендірді, коллективтік тәрбиені ұйымдастыру теориясының негізін қалады. Мектеп коллективінің маңызын барынша жоғары бағалап, коллективтің даму кезеңдерін үшке бөліп, оған сипаттама берді: Бірінші кезең, педагог ұжым мүшелеріне талап қойып, оның орындалуын қадағалайды. Екінші кезең, балалар арасынан белсенділер тобы бөлініп, өз еріктерімен түрлі жұмыстарға қатысады, педагогтың қойған талаптарына қолдау көрсетеді. Үшінші кезеңде ұжым өзін-өзі басқару деңгейіне жетіп, түрлі оқу-тәрбие, шаруашылық, мәдени мәселелерді шешуге қатысады, ұжым атынан әр оқушыға міндет жүктеледі. Тәрбиеші ұжымның даму кезеңін ескеруіне байланысты тәрбиеленушілерге тиімді ықпал жасау әдістерін таңдай алады.

Белгілі педагог еңбектің зор пайдасы адамның психикалық, рухани дамуына әсер етуінде деп түсінді. Еңбек тәрбиесінің міндеттері: балаларды еңбекті өзімнің азаматтық борышым деп сүйе білуге үйрету, қоғамдық өнімді еңбекке қатынасуға даярлау. Бұл тәрбиені іске асырудың негізгі жолы балалардың өзін тікелей еңбекке араластыру деп санады.

А.С.Макаренконың отбасы тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. Ол «Ата-аналар кітабы»,

«Балаларды тәрбиелеу лекциялары» атты еңбектерінде ата-аналар арасында жүргізілетін

педагогикалық жұмыстарға ерекше тоқталады, отбасында балалар өмірін дұрыс ұйымдастыру қажеттігіне назар аударады.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы мектеп және тәрбие мәселелері. Ұлы Отан соғысы мектеп қызметіне күрделі өзгерістер әкелді. Бейбіт өмірден соғыс жағдайына көшу, халыққа білім беру органдарын басқару ісіне және мектеп алдына жаңа міндеттер жүктеді: бастауыш, жетіжылдық оқуға тартылатын, оның ішінде эвакуацияға ұшыраған балалардың нақты есебiн алу, оларды мектептегі оқуға қамту қажет болды.

Осыған орай Одақ көлемінде мектепте жаппай оқытуға жататын балалардың толық есебi үздіксіз жүргізілді, олардың мектептегі оқуға қамтылуына қатаң бақылау қойылды.

Ұлы Отан соғысы жылдары барлық республикалар өзiнiң бүкiл экономикасын Отанды қорғау, майданға жәрдем көрсету жұмысына бейiмделдi. Кеңес одағының фашистiк Германия басқыншылығына қарсы соғысы көптеген материалдық күштi қажет еттi, миллиондаған адамдардың бейбiтшiлiк өмiрi үзілді. Мектеп мұғалiмдерi мен студенттердiң, жоғары класс оқушыларының басым бөлігі армия қатарына қосылды. Оқушылар завод, фабрикаларда, колхоз бен совхоз егiстiктерiнде ересек адамдармен қатар қажырлы еңбек еттi.

Қазақстанға көшiрілген балалар мекемелерi мен оқу орындарына қажеттi жағдай жасау істері қолға алынды. Қазақстанда майдан шебiнен келген 149 балалар мекемелерi мен оқу орындары орналасты. Жергiлiктi халық келген балаларға зор қамқорлық көрсеттi. Мыңдаған балалар жергілікті тұрғындардың отбасына тәрбиеге берiлдi. Жүздеген баланы жұрт асырап алды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тәрбие жұмысы. Соғыс жағдайында мектептің тәрбие жұмыстарында идеялық-саяси және патриоттық тәрбиеге ерекше назар аударылды. Сол кезеңде оқушыларға идеологиялық ықпалдың мынадай түрлері жасалды: комсомолдық саяси үйірмелер жүйесі; әр түрлі саяси оқиғаларға байланысты оқушылар митингілері, үгіт биргадалары, үгіт плакаттары мен стенділер, қабырға газеттері мен ашық хаттар (листовкалар) шығару, соғыс жауынгерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Саяси тәрбие жүргізу комсомол және пионер ұйымдарының балалар арасындағы жұмысының маңызды бөлігіне айналды.

Ұлы Отан соғысы педагогика ғылымының назарын соғыс жағдайына қажеттi патриотизм, саналы тәртiп, ұйымшылдық, ерлiк тәрiздi тұлғалық қасиеттердi қалыптастыруға аударды. Оқушыларды қоғамдық-пайдалы еңбекке қатыстыру өріс алды.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі мектептегі білім мазмұныныдағы өзгерістер. Ұлы Отан соғысы жылдарында мектеп өмiрiне аздаған өзгерiстер енгiзiлдi. Бастауыш кластарда тарих, география, жаратылыс пәндерi жеке оқытылмай, оқу сабағына қосылды. Оқу жұмысына өнiмдi еңбекпен байланыстыру, 8-10 кластарда мiндеттi түрде трактор мен машина жүргiзудi оқыту, 5-7 кластарда ауылшаруашылық негiздерiн оқыту iске асырылды. Мектеп оқушылары үйiрмелерде агротехника негiздерiн игердi.

Оқу-тәрбие мекемелерінің жаңа типтері. Соғыс жағдайы мұғалімдерден оқу-тәрбие жұмысының жаңа формаларын қажет етті. 1943 жылдан бастап өндiрiске кеткен оқушыларға, жұмысшы жастарға арналған кешкi жетiжылдық және орта мектептер ашылды, 1944 жылы ауыл жастарына арналған кешкі мектептер ашылды. Олардың алған білім көлемі мен құқығы, күндізгі жетіжылдық және орта мектепті бітіргендермен бірдей болды.

Сол жылы сырттай оқитын мектептер жүйесі құрылды. Онда 5-10 сыныптарда білімдерін толықтыру алу мақсатында жұмысшы жастар, колхозшылар мен қызметкерлер оқуын жалғастырды. Бұл мектептерде ауызша сынақтар, жазбаша жұмыстар жүргізіліп, жартыжылдық емтихандар өткізілетін болды. Олардың мектеп бітіріп алған құжаттары орта мектепті бітіргендермен тең құқықты болды.

Кеңестiк халық комиссариатының қаулысымен 1944 жылы 21 маусымда «Мектепте оқыту сапасын арттыру шаралары» бекiтiлдi. 1943 жылдан бастап «Оқушылар ережесi», 1944 жылдың қаңтарынан бiлiмдi бағалаудың бес баллдық жүйесi, кәмелеттiк аттестат алу үшiн емтихан тапсыру, орта мектептi үздiк бiтiргендердi алтын, күмiс медальдармен марапаттау енгiзiлдi. 1943 жылы енгiзiлген ер балалар мен қыз балаларды бөлек мектептерде оқыту 1954 жылы қате шешiм ретiнде өзгертiлдi.

1944/45 оқу жылы одақ бойынша бастауыш мектепте жетi жастан бастап мiндеттi оқытуға көшу енгiзiлдi. Осы талаптардың барлығы мектеп жұмысын жақсартуды мақсат еттi, мұғалiмдер мен оқушылардың жауапкершiлiгiн күшейттi.

Сонымен бiрге мектеп жұмысында елеулi кемшiлiктер де орын алды. Оқыту ісіне социалистiк жарысты қосу, оқушыларға көтерме баға қоюға әкелiп соқты. Кейiннен бұған тыйым салынды. Бұл

кезеңде мектеп бiтiрген оқушылардың өмiрге даярлығы, мектептегi бiлiм мазмұны мен оқыту әдiстерi қоғам талабынан төмен болды.



Жоғары білімді педагог мамандарды дайындау мақсатында 1944 жылы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогика институты мен Қазақ қыздар педучилищесі ашылды.

Жалпыға бірдей бастауыш және жетіжылдық мектеп. 1945 -1950 жылдарында мектеп алдындағы басты мәселелердің бірі жаппай бастауыш және жетіжылдық оқуды жүзеге асыру болды. Кеңес одғында халық шаруашылығын қалпына келтiру жұмысы жүргізілді. Жетiжылдық жаппай мiндеттi оқуды толық жүзеге асырумен қатар, орта мектептiң жоғары кластарында оқитын оқушылар санын көбейту белгiлендi. Жаңа мектеп үйлерiн салуға өндiрiс орындары мен колхоз, совхоздардың көмегi зор болды.

Халықтың қажырлы еңбегiнiң арқасында белгiленген мерзiмде жаңа мектептер салынып, кiтапханалар, оқу кабинеттерi, мектептен тыс мекемелер қалпына келтiрiлдi. 1950 жылдардың басында бүкіл Ресей мектептері жаппай міндетті жетіжылдық оқуға көшті.

1951/55 жылдары халық шаруашылығын дамыту барлық республикаларда, облыс орталықтарында, iрi қалалар мен iрi өндiрiс орталықтарында жетi жылдық оқудан жаппай мiндеттi толық орта бiлiм алуға көшу белгiлендi.

Селолық жерлердегі жетi жылдық және орта мектептер саны көбейдi. Орта мектептi бiтiрушiлердiң белгiлi бөлiгi өнеркәсiп пен ауыл шаруашылық еңбегiне араласуға тиiстi болды. Алайда мектеп бiтiрген жастардың өмiрлiк iс-әрекеттерге тiкелей араласуға қажеттi даярлығы болмады. Олардың арнайы даярлығын арттыру үшiн техникумдерде екi-үш жылдық бөлiмдер ашылып, бiр-екi жылдық училищелер ұйымдастырылды.

КСРО Жоғары Кеңесi 1958 жылы желтоқсанда қабылдаған «Мектептiң өмiрмен байланысын нығайту және КСРО-да халық ағарту жүйесiн одан әрi дамыту туралы заң» жаппай сегiзжылдық оқуды жүзеге асыруды талап еттi. 1962-1963 оқу жылы барлық жетiжылдық мектеп сегiзжылдық мектепке айналуы тиiстi болды.

1970 жылдары негізінен жаппай сегізжылдық оқуға көшу аяқталды.



Сегiзжылдық мектепте оқушылар жалпы бiлiммен қатар, политехникалық дайындық алды, өнеркәсiп және ауылшаруашылық негiздерiмен, техникамен танысты. Сегiзжылдық мектеп бiтiрушiлер орта мектептiң IX сыныбына, не арнаулы орта оқу орындарына түсетiн болды. Он жылдық мектепте жастар жоғары оқу орындарында оқуға даярланды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   51




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет