Байланысты: 1 Дәріс Психологияға кіріспе Жоспары-emirsaba.org
Күрделi эмоциялар Күрделi эмоциялардың бiрi — көңiл. Кейпiне қарап адамдарды шат, жайдары, жылы жүздi, ақжарқын, не көңiлге кiрбiң кiру, ызалы, түсi суық т. б. деп ажыратады. Адамның көңiлiне айналасын қоршаған дүние әсер етiп отырады. Егер оның қызметi жақсы жүрiп жатса, ұжымы ынтымақты болса, отбасы жағдайы жарасымды болса, көңiлi де көтерiңкi болады. Көңiлге адамның денсаулық жағдайы, жүйке жүйелерiнiң ерекшелiктерi де әсер етедi. Өмiр-тiршiлiгi үшiн елеулi маңызы бар оқиға да адамның көңiлiне үлкен iз қалдырады. Мәселен, адам көптен айналысып жүрген iсi оңға басса, немесе бiр нәрсеге қолы жетсе (жоғары оқу орнын бiтiру, диссертация қорғау т. б.), шат-шадыман күйге түседi. Керiсiнше, ол ылғи да сәтсiздiкке ұшырай берсе, көздсген мақсатына жете алмаса, жанын қоярға жер таба алмай қиналады. Мұндайда қабағы қатыңқы, ренiштi күйде жүредi. Сондықтан да “Көнiлсiзден күлкi шықпас”, “Адам көңiлден азады” деген мақалдар тегiннен-тегiн айтылмаған. Ерiк-жiгерi күштi, рухани өмiрiнiң мазмұны бай адамдар, тiптi ауыр жағдайларда да көңiлдi жүредi. Оптимистiк, жарқын болашаққа сену, қиыншылыққа мойымау ерiк-жiгерi күштi, қажырлы адамдардың басты қасиетi. Адам өз көңiлiнiң қожасы болу керек екендiгiн олар iс жүзiнде көрсете бiлуi тиiс. Осы айтылғандардан өмiр сүруге қолайсыз кездердс де көңiлдi ырқына жiбермеуге болатындығы, көңiлдiң тұрақты болуы жұмыс қабiлетiн арттыруға, адамның жеке қасиетiнiң жақсы сапаларына байланысты екенi жақсы аңғарылады. Өз көңiлiн меңгере бiлу — мұғалiм үшiн аса қажеттi сипат. Төменгi сынып оқушыларының мұғалiмiнiң қасы мен қабағына қарап отыратыны белгiлi. Егер мұғалiм көңiлсiз, кiрбiң болса, оқушылардың оқу материалдарын меңгерулерiне қолайсыз әсер етедi.
Эмоцияның бiр түрi — аффекттер. Аффекттер дегенiмiз қысқа уақытқа созылса да, бүрқ етiп қатты көрiнетiн эмоцияның түрi.Аффекттер кейде адамның бүкiл психикалық кейпiн бұзып, мәнерлi қозғалыстарға толы, ерiк күшiнiң әлсiреу жағдайында өтедi.
Аффект кезiнде адамның “есi шығып” кетпейдi. Денi сау адамдарда болатын аффекттердi адамның жеке басының кемшiлiгi деп түсiну керек. Бұл — адамның өзiн меңгере алмауы, ерiк тәрбиесiнiң кемiстiгi. Ерiк-жiгерi күштi адам мұндай ұшқалақтыққа, лепiрмелiкке бармайды. Ондай адам не iстесе де ойланып iстейдi. “Ар-iсi ақылға ермек, бойды жеңбек, өнерсiздiң қылығы өле көрмек” деп Абай дұрыс айтқан.
Денi сау адамдардың аффектiсiнен психикасы ауруға шалдыққан адамдардың аффекттерiн (патологиялық аффекттер) ажырату қажет. Мұндай аффекттер ми қабығы мен қабық асты орталықтарының байланысы бұзылғандықтан, екiншi сигнал жүйесiнiң реттеушiлiк рөлi кемiгендiктен болады. Аффекттердi тәрбиелеу адамның жеке басын тәрбиелеумен тығыз байланысты мәселе.
Құмарлық — адамның ойы мен әрекетiнiң негiзгi бағытына iз қалдыратын күштi, терең, тұрақты эмоция. Құмарлық өзiнiң қоғамдық мәнiмен бағаланады. Егер ғылым мен өнерге, еңбекке құмарлықты ұнамды десек, дүние құмарлық, бақ құмарлық, ойынқұмарлықты ұнамсыз құмарлық деймiз. “Құмарлық кiсiге жүк артады, мiндеттiлiк туғызады, мiндет борышты етедi, бұлар еңбекке жүктейдi, еңбек ғылым мен өнерге ашылған жол”,— деп Абай адамға қажеттi құмарлықтың психологиялық табиғатын көрсеткен. А. С. Пушкин “Сараң серi” драмасында Альберттiң образы арқылы, құлқынын ақша тескен адамның “қүмарлығын” былайша суреттейдi.