1 Дәріс Психологияға кіріспе Жоспары



бет2/40
Дата26.10.2023
өлшемі0,52 Mb.
#188359
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40
Байланысты:
1 Дәріс Психологияға кіріспе Жоспары-emirsaba.org

Байқау әдiсi
Белгiлi жоспар бойынша жүйелi түрде бiраз уақыт бойына зерттелушi адамның психикалық ерекшелiктерiн қадағалауды байқау әдiсi деп атайды. Байқау, әдетте, табиғи жағдайда, зерттелiнушi адамның әрекетiне әдейi араласпай-ақ жүргiзiледi. Осы әдiс арқылы зерттелiнушiнiң мимикасын (бет құбылысын), сөз реакцияларын, түрлi қозғалыстарын, мiнез-құлқын, жалпы әрекетiн байқауға болады. Сондай-ақ адамның ерiк күшi, сезiм ерекшелiктерi, темпераментi де байқау әдiсi арқылы ажыратылады. Мысалы, мектептегi оқушының ойлау және сөйлеу ерекшелiктерiн зерттеу керек болса, ол үшiн зерттеушi оқушының әрбiр сабақ үстiндегi жеке сөздерiн, сөйлемдерiн стенографиялап, күнделiкке түсiредi, кейiн оны тиянақты түрде талдайды да, тиiстi қорытынды шығарады.
Ғылыми зерттеу жұмыстарының түрлi ерекшелiктерiне қарай байқау әдiсiнде кейде аспаптар да колданылады. Мәселен, зерттелiнетiн объектiнi суретке түсiру үшiн-фотоаппараттар, зерттелiнушi адамның сөз тiркестерiн жазып алып, кейiн оны пластинка бойынша қайтадан жаңғырту үшiн-магнитофон т. б. пайдаланылады.
Байқау әдiсiнiң кейбiр кемшiлiктерi де бар.
Бiрiншiден, зерттеушi мұнда өзiне керек құбылыстарды әп-сәтте зерттей алмайды да, көп уақытын жiберiп алады, екiншiден, байқауды әр уақытта тыңғылықты, ойлағандай ұйымдастыруға жағдай болмай да қалады. Бұл әр түрлi кездейсоқ объективтiк (байқауға алынған адамның сабаққа келмей қалуы), субъективтiк (бақылаудың қиынға соғуы, зерттеушiде бақылағыштық қасиеттiң жоқтығы т.б.) себептердiң кездесетiндiгiне байланысты. Осы айтылғандарға қарай бұл әдiстiң ғылыми деректерi кейде кемiрек болады.
Байқау әдiсiне қарағанда жан қуаттарын эксперименттiк жолмен зерттеудiң бiраз артықшылығы бар. И. П. Павлов: “Байқау табиғаттың ұсынғанын жинайды, ал тәжiрибе табиғаттан өзiнiң тiлегенiн алады”— деп тегiн айтпаған.
Тәжiрибе (эксперимент) Тәжiрибе жасауда зерттеушi өзiне қажеттi жан қуаттарының көлденеңнен кез болуын күтiп тұрмай, сол процестiң тууына өзi жағдай жасайды. Психологияда тәжiрибе лабораториялық және табиғи болып екiге бөлiнедi. Ендi бұларға жеке-жеке тоқталып өтейiк. Лабораториялық тәжiрибе
XIX ғасырдың ортасынан бастап, жеке психикалық процестердi зерттеу үшiн тәжiрибе кең түрде қолданыла бастады. Немiс ғалымы В. Вундт (1832—1920) психологияны тәжiрибелiк жолмен зерттеудiң негiзiн салды, тұңғыш рет лаборатория ашты (1879). Психологтар алғаш рет көру, есту иiс түйсiктерiн зерттеу үшiн тәжiрибенi пайдаланды. Кейiн келе олар секундтың 1/1000 үлестерiне дейiн дәл өлшейтiн құралдар ойлап шығарып, кейбiр психикалық процестердiң пайда болу тездiгiн өлшеудiң жолын тапты. Сексенiншi жылдары ес құбылыстарын зерттеу лабораторияда тұңғыш жүргiзiле бастайды. Арнаулы әдiстер қолдану арқылы жаттап алудың тездiгi мен дәлдiгi, ұмытудың жылдамдығы т.б. өлшенiлдi. Орыс психологы Н. Ланге (1858—1921) эксперимент әдiсiмен зейiн мен қабылдауға зерттеу жүргiздi. Тоқсаныншы жылдарда француз психологы А. Бине (1857—1911) алғаш рет ойлау процесiне тәжiрибе жасады. Осы зерттеулердiң нәтижелерi психологтардьщ I-шi дүние жүзiлiк конгресiнде II (Париж, 1889) талқыланды. XX ғасырдың басында психология ғылымының қарамағында ондаған лабораториялар болды. Осындай жақсы жабдықталған психологиялық лабораториялардың бiрiн XX ғасырдың басында орыс психологы Г. И. Челпанов (1862—1936) ұйымдастырды. Бұрынғы КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясына қарасты Психология ғылыми-зерттеу институты мен Ресей ғылым академиясына қарасты психология институтының (Мәскеу) лабораториялары жоғары техникамен жабдықталған үлкен ғылыми-зерттеу мекемесi болып отыр. Киев, Тбилиси қалаларындағы психология институттарында да осындай лабораториялар бар. Ғылыми психология психикалық құбылыстардың физиологиялық негiздерiн ашуды басты мәселенiң бiрi деп қарайды. Бұл мiндеттi академик И. П. Павлов ашқан әйгiлi шартты рефлекстер әдiсi бойынша шешуге болады. көптеген физиологиялық және психологиялық лабораторияларда И. П. Павловтың шәкiрттерi бұл әдiстiң әр түрлi нұсқаларымен ойдағыдай жұмыс жүргiзуде. Мысалы, осы әдiс арқылы профессор Н. И. Красногорский балалардың жоғары дәрежелi жүйке қызметiнiң даму жолдарының, проф. А. Г. Иванов-Смоленский адамдардың бiрiншi және екiншi сигнал жүйелерiнiң қызметiн зерттеген.
Тәжiрибе жүргiзу үшiн арнаулы лабораториялық мекемелер қажет болатынын айттық. Ендi кейбiр қарапайым аспаптардың атымен таныстырайық. Мысалы, психикалық процестердiң пайда болу шапшаңдығын өлшеу үшiн — хроноскоп, терi түйсiгiнiң сезгiштiгiн байқау үшiн — эстезиометр, зейiннiң көлемiн анықтау ушiн — тахистоскоп, есiтудi өлшеу үшiн — аудиометр, денедегi бұлшық еттердiң жұмысын тiркеп отыру үшiн — эргографты пайдаланады. Бұлардан басқа құрылысы әлдеқайда күрделi құрал-жабдықтар да толып жатыр.
Табиғи эксперимент тәжiрибенiң екiншi бiр түрi — табиғи эксперимент деп аталынады. Табиғи эксперименттi психологияға тұнғыш енгiзген және оны өзiнiң зерттеулерiнде көп пайдаланған көрнектi орыс психологы А. Ф. Лазурский (1874—1917) болды. Бұл әдiстiң байқау әдiсiнен айырмашылығы, мұнда тәжiрибе жүргiзушi өзiне керек құбылысты табиғи жағдайда тудырып отырады. Егер оқушылардың ойлауын, сезiмiн, еркiн зерттеу керек болса, бұл үшiн психолог қандай болмасын бiр әрекет ұйымдастырады. Мысалы, өзiне тән ережелерi бар ойын ұйымдастырылса, сол ойын үстiндегi оқушылардың психологиялық ерекшелiктерi жазылып, кейiн оған мұқият талдау жасалынады. Табиғи эксперименттiң кейбiр түрлерi арқылы (оқыту, констатациялау эксперименттерi т. б.) мұғалiмдер оқушылардың кейбiр қасиеттерiн тәрбиелеуге, жетiлдiруге, сабақ үлгiруi мен тәртiптiлiгiн арттыруға мүмкiндiк алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет