Сарыарқаның ертедегі кен өндірілген орындарын ашу және оны зерттеу тарихы



бет1/9
Дата23.05.2020
өлшемі117,09 Kb.
#70774
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Сарыарқаның пайдалы қазбалары


https://qamba.info/site/book/online/zerttewler-1/content/content_1.xhtml/

САРЫАРҚАНЫҢ ЕРТЕДЕГІ КЕН ӨНДІРІЛГЕН ОРЫНДАРЫН АШУ ЖӘНЕ ОНЫ ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫ

Алғаш адамдар кен өндіріп, мыс балқытуды үйрене бастаған кезден-ақ Орталық Қазақстанның бай кен орындары адамдар көңілін аударып, кен өндіру объектілеріне айналды.

Тұңғыш металл мыстың пайда болуы да адамзат тарихында ерекше құбылыс болды. Тарихи деректерге сүйенсек, алғашқы мыс балқытумен б.э.д. IV-III мыңжылдықтарда тотықтанған мыс кені мен табиғи металдардың өзіндік қасиеттерін танып білу барысында неолит тайпалары шұғылданған. Бұл тастан қашалып жасалған әртүрлі құрал-саймандармен қатар мыстан жасалған заттар пайда бола бастаған энеолит дәуірі еді. Ғасырлар бойы тас қашаумен шұғылданып оның қыр-сырын меңгеру нәтижесі адамдардың тау-кен өнімдері туралы білімдерін толықтырды. Археологиялық зерттеулер көрсетіп отырғандай Сарыарқада қола дәуірі тұрақтарын қазу кезінде табылған ескерткіштерде сапфир (корунд), диоптаз, змеевик, көгілдір хрусталь, азурит, малахит секілді түрлі-түсті тастар, охра, киноварь секілді минерал бояулар басқа да минералдардың көптеп кездесуі ежелгі адамдардың оларға деген қызығушылығының ерекше болғандығын көрсетеді.

Мыс балқытуды игерудің алғашқы кезеңдерінде (б.э.д. XIII-XVII ғ.ғ.) жергілікті тұрғындар күнделікті тұрмыста тастан қашалған алуан түрлі құрал-саймандары қолданып, негізінен аңшылық, балық аулаумен шұғылданған.

Жезқазған тұрақтары меолит дәуірінің соңғы кезеңіне жататын адамдар жерленген тас үйінділерінің екі тобы зерттелді.

Олар Жезқазған маңын мекендеген алғашқы кен қазушылардың арғы аталары екеніне әрине күмән жоқ. Бұл қабірлердің қола дәуіріндегі қабірлермен тас бағаналарды тік орнату дәстүрі секілді ұқсастығы болғаны мен екінші жағынан қола дәуіріне тән емес ерекшеліктерімен сипатталады. Бүл қабірлерде өлген адамды басын батысқа қаратып, шалқасынан жатқызып жерлеген. Өлген адамның жанында тастан қашалып жасалған қайла, шапқы секілді құрал-саймандармен бірге малахит, лазурит халькопирит және таза мыс кесектері табылуы Сарыарқаның неолит тайпалары үшін мыстың үлкен ритуалды маңызы болғанын көрсетеді.

Алғашқы кезеңдегі кен өндіру мен мыс балқыту туралы дерек Жезқазған маңындағы сан алуан тұрақтарды зерттеу кезінде табылды. Бабаларымыз қола дәуірінің гүлдену кезеңіне жету үшін кен өндіру мен мыс балқытудың тәжірибелерін мыңдаған жылдар бойы жинақтаған. Ошақтарды құрамында тотыққан мыс кені бар құмдақ тастардан қалаған олар ошақтағы от қатты жанғанда сол тастар балқып, түсі әдемі жұмсақ кесек затқа айналғанының куәсі болды. Сол ошақтардың түбінде күлмен бірге мыс түйіршіктері, арасындағы мысы балқып, аққан кен тастары сақталған.

Жезқазған таулары кварцит, жанартас, мысты құмдақ тастар секілді құрамында мыс көп үш түрлі кен тастар негізінен тұрады. Жер қойнауында малахит, куприт, азурит, хризоколл, церуссит секілді тотықтанған кендер мен таза табиғи сан мыстың көп болуы -үйлердің құрамында осы жыныстар бар тастан салған алғашқы неолит адамы үшін күнделікті бақылау нәтижесінде мыстың балқу қасиетін аңғармау мүмкін емес еді. Оны алғаш ашық от ортасында, сонан кейін қабырғасын лаймен сылаған кішігірім шұңқырларда (Милы құдық, Айна көл, Сор құдық) балқытты.

Кен өндіру мен оны балқытудың ең көне орындары Жезқазғандағы Петрохолм (44, 45), Кресто - Север (21, 23, 27) тұрақтарынан табылды. Алғашқы кезде кен өндірісі мен мыс балқыту көлемі шағын тереңдігі 1 метр шұңқырлардан тотыққан мыс түйірлері, күйген кен тастар, қайла, ұсақтайтын тас құралдар тағы басқа заттары табылған.

Кейінірек адам баласы темір қалпақ тәрізді жер бетіне шығып жатқан ағып тасберіш болып қалған тотыққан кенді балқыту әдісін меңгерді.

Геологтардың зерттеулері бойынша Орталық Қазақстан мен Қазақстанның Солтүстік Шығысында ең үлкен кен орындары металл балқытуда кеп қиындық туғызбайтын тотықтанған мыс кені мен табиғи таза кендерге өте бай. Табиғи сап мыстың ірі қатпарлы қордалануы, дендрит немесе көп жалбыры секілді бүгінде тотығу белдемдерінде жиі кездеседі.

Оның тамаша үлгілері Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының геология музейінде, Ленинград қаласындағы тау-кен институтының музейінде, Жезқазған қаласының геология музейлерінде сақталған. Кезінде Орталық Қазақстанда, оның ішінде Жезқазған мен Ұлытау аймағындағы табиғи таза мыстың бай кен орындары барын тапқан академик В. Севергин болатын. Қазақтың кең даласында қорғасын, қалайы, күмістің көптігін жазған Ф. Герман болса, Қарағанды маңында орналасқан таза мыс кен қорлары туралы В.В. Нефедьевтің каталогтарынан көреміз. Ал, А.В. Яковлевтің зерттеулеріне сүйене отырып, сом мыс және басқа да табиғи сап металлдардың қыртысты және қуыс жерлерде көптеп кездесетіні анықталды. Табиғи сап металдар қорын Қарқаралы ауданы маңындағы көне қазба орындарынан И. А. Антипов тастапты. Табиғи кен орындары Қ.И. Сәтбаев, Ф.В. Чухров, Р.Б. Әубәкірова тағы басқалардың еңбектерінде нақтылы түрде сипатталған. Табиғи мыс Қазақстанның көптеген кен орындарында тотығу белдемдерінде жиі кездеседі. Әсіресе Злагоуст, Кресто, Белов, Ақши кен орындарында көп мөлшерде кездеседі. Қазақ ССР - і Орталық музейінде және Жезқазған геология музейлерінде қойылған табиғи мыс үлгілері осы карьерлерден алынған.

Жезқазған геология музейін ұйымдастырушы Н.В. Валунский: «Еш балқытусыз түрлі заттар жасауға ыңғайлы болғандықтан алғашқы металл құрал-саймандар табиғи мыстан жасалды» - деп жазды. Табиғи мыстың қоры Успен кен орындарынан Қызыл еспе, Ақ шағыл секілді көне қазба орындарынан табылды. Геолог И.В. Витонскийдің байқауынша, Ақ шағылдағы мыс кені көбінесе тотықты белдемдерде кездеседі. Жоңғар Алатауындағы Көксу орындарында да аз емес.

Табиғи мыстың ең бай орындарының бірі 1857 жылы тау-кен өндіруші С.И. Попов тапқан Орталық Қазақстандағы Қарқаралы маңы, Абралы тауларында Қалмақ тас деген жер. Ф.В. Чухровтың жазуында, барлық музейлерге қойылған табиғи мыс үлгілері осы кен орындарынан алынған. Бұл кен орындарының ашылуы Александр II-ні қатты қызықтырған еді.

Александр ІІ-нің бұйрығымен салмағы 52 пұт (832 кг) сан мыстың өте сирек кездесетін үлкен кесегі Қарқаралы даласынан Петерборға жеткізілген болатын.

Сырты қызыл мыс кенімен, лазурит және малахитпен қапталғандай пластина пішінді бұл кесектің құрамы 99,89 % таза мыс, 0,11% темір еді.

Осы кесектің 784 килограммдық бөлігі көп жылдар А.С. Поповтың Петербордағы пәтерінде тұрып, кейін тау-кен өнімдері музейіне тапсырылды.

А.К. Красовскийдің пайымдауынша, бұл сап мыс кесектерінің бәрі - салмағы 6400 кг болатын алып кесектің бөліктері ғана болуы мүмкін.Ең қызығы Петербор тау – кен институтының каталогтарында анық көрсетілмегендіктен және геологияға байланысты әдебиеттерде де бұл орын қай жерде екені белгісіз күйінде қалуы себепті зерттеушілер коп жылдар бойы Қалмақ тастағы осы көне қазба орнын дәл тауып, анықтай алмады.

Кен орны дәл көрсетілмеген бүл жазба деректерді сынай қарап, сенбеген профессор Г.О. Романовский «Қалмақ тас» Мыржық және Дегелең тауларының арасында болуы мүмкін деп топшылады.

Аңызға айналған табиғи сап мыс кесегі Дегелең тауынан оңтүстік шығысқа қарай орналасқан Бөрілі тауындағы «Қалмақ тас» кен орындарынан деген геолог М. Белоусовтың топшылауы шындыққа жақын еді.

Егер «Бөрілі» атауын бұрынғы Абралы атауымен ауыстырса, байырғы «Қалмақ тас» Үлкен Абралы мен Кіші Абралы тауларының арасындағы жазықта Ақтас тау бұлағының жиегінде орналасқаны анықталар еді. «Қалмақ тас» туралы анық деректердің болмауының бірден-бір себебі - жекелеген кен іздеушілердің талан-таражға салмауы үшін де жасалған болуы тиіс.

1846 жылы урядник Прокопий Пехорошевтің келуін пайдаланып осы жерден кен өндіру орнын ашпақшы болған С.П. Попов жергілікті тұрғындар тарапынан қарсылыққа тап болады. Абралы тауының бауырында тұрып жатқан қазақтар қыстауларын, шабындықтарын кортомға беруге келіспей Батыс Сібір генерал - губернаторына жазған өтініштерінде:

«Біз, төмендегі жеке мөрлеріміз бен таңбаларымызды басып отырған Байбөрі болысының болыс найы, старшындары мен билері, ата бабаларымыздан қалған Жер адыр қуысын негізгі мал жайылымдарынан айрылып қалмау мақсатында кен өндіру үшін советник Поповқа беруге келіспейтіндігімізді білдіреміз» - деп жазған. Дәл осы мағынадағы:

«Басқа мал жайылымы болмағандықтан және қыстауларымыз сол маңда орналасқан себепті ешбір келісім бермейміз» деген өтініш 1848 жылы көрші Қарауыл - Қамбар болысынан да түседі.

Дегенмен біраз жер С.П. Поповтың үлесіне тиді. А.К. Красовскийдің мәлімдеуі бойынша 1857-1861 жылдар аралығында «Қалмақ тас» руднигінде 950 пұт күмісті мыс рудасы мен 508 пұт таза мыс өндірілген.

Геологтар мен тау-кен инженерлері бұл жерде таза сап мыс кенінен басқа, алтын, күміс, күкірт кендерінің барлығын анықтады. Ал мұның өзі XIX ғасырда Орталық Қазақстанда, Солтүстік Шығыс Қазақстан және Шығыс Қазақстанда металлургияның дамуына үлкен әсер етті.

Геологтар И.С. Яковкин мен Ф.В. Чухров Майқайың мен Успенскийден, Қ.И. Сәтбаев пен Т.А. Сәтбаевалар Жезқазғаннан, геологтар тобы Балқаштың солтүстігінде «Мың шұқыр» деген жерден сап алтынның бай кен орындарын ашты. Геологтардың зерттеулері бойынша табиғи алтын Солтүстік-шығыс және Шығыс Қазақстанның алтын кен орындарында жиі кездеседі. Алтынды Степняктің кварц кен қорларынан, Бестөбенің, Бөрілі мен Қара ағаштың алтын табуға болады.

Геолог С. Боллдың қолжазбаларына сүйенсек, алғашқы табиғи күміс Жезқазған кендерінің құрамынан табылды. Күмісті Жезқазғанның Ақши және Никольскі кен орындарынан 44 метр тереңдікте Қ.И. Сәтбаев және Саяқ кен орнының мыс - магнетит өндіретін бөлігінен Ф.В. Чухров тапты.

Қ.И. Сәтбаев пен Р.Б. Әубәкірова және тағы басқа геологтардың зерттеулері Кресто Центр, Ақши, Қарағайлы, Қызыл еспе секілді Жезқазғанның тотықтанған кен орындарында күмістің жиі кездесетінін анықтады. Орталық Қазақстан кен орындарының тотығу белдемдерінде көп мөлшерде жинақталған күкірттің табылуы Қазақстанда тау-кен өндірісінің дамуына үлкен әсер етті.

Қазақтар күкіртті көп мөлшерде өндіріп оны мылтыққа оқ ретінде пайдаланды. Орталық Қазақстанда күкірт кенінің барын байқаған зерттеуші Н. Высоцкий еді. Кейінірек Баянауыл, Қарқаралы аудандарында (Майқайың, Александровка, Күзеу адыр кен орындары) Балқаштың солтүстігіндегі (Гүлшат, Шығыс Коунрад, Солтүстік Коунрад), Жезқазған - Ұлытау аймағында (Әжім, Шайтан тас) геолог Ф.В. Чухров күкірттің үлкен қорларын тапты.

Сарыарқада көне заманнан тау-кен өндірісі мен металлургияның дамуы - Жезқазған, Қарағанды, Балқаштың солтүстік өңірінде, Баянауыл, Қарқаралы далаларында, Сарыарқаның солтүстік шығысында көп металлды кен орындарының шоғырлануымен байланысты.

Осы себепті де Орталық Қазақстан біздің дәуірімізге дейінгі II мыңжылдықта Евразия континентіндегі үлкен металлургия орталығына айналды. Өндірілген мыс пен алтын тек жергілікті халықтың қажетін өтеумен қатар, тайпалар арасындағы айырбас құралы болды және сыртқы айналымға түсті.

Сарыарқадағы көптеген кен орындары, мыс балқытқан орындар, кеншілер мекен еткен қоныстардағы металлургия өндірісінің іздері осыған дәлел. Қоныстардың мәдени қабаттарында мыс балқытқан пештер, кем өндірісі құралдары, сұрыпталған кен кесектері сақталған. Кенді байытып,жуып, сұрыптаған арнайы орындар - тоған, су қоймасы, плотиналар әлі күнге байқалып жатыр. Кене қоныс орындары МСІІ қабірлерден қолдан жасалған көптеген қару-жарақтар, құрал-сайман, тұрмысқа қажет заттар мен әшекей бұйымдар табылды.

Сарыарқада көптеген қазба орындары, үйінділері, карьерлер, забойлар, шахталар сақталған. Олардың ішінде Жезқазған мен Қаражал (Шет ауданы), Балқаштың солтүстігіндегі қазба орындары, Баянауыл, Қарқаралы, Қарағанды далаларымен Бетпақдаланың солтүстігінде қазба орындары Имантау, Степняк, Бестөбе ерекше зор көлемімен көзге түседі.

Көне қазба орындары туралы жеке кен өндірушілерден мемлекеттік мекемелерге өтініш ретінде түскен XIX ғасырдағы архив деректері де біраз мәлімет береді. Себебі ол кездегі кен байыту орындары көне қазба орындарында пайда болды. Байырғы кен өндірілген орындар кейінгілер үшін мыс, қорғасын, қалайы, алтын кен орындарын қатесіз табуға көрсеткіш белгі сияқты болды.

XX ғасырдың 30-шы жылдарында Б.М. Чудинов: «Ондаған алтын, мыс, көп металлды кен орындарының ашылуы, тек сол жерлердегі байырғы кен шарлардың табылуымен байланысты. Кеңестер одағы кезінде де жаңа кен орындарының ашылуы көп жағдайда тікелей көне заманғы тау-кен жұмыстарымен байланысты» - деп жазды. Осыған дәлел ретінде Б.М. Чудинов 1931-1934 жылдары ашылған Жолымбет, Ақкөл, Бестөбе кен шарларын атайды.

Ашық мыс кен орындарының ішінде ертедегі кен қазушыларға беймәлім қалғандары кемде-кем. Еліміздегі ірі кен орындары оның ішінде Жезқазған да сонау қола дәуірі және орта ғасырларда - ақ металлургия орталығы болды.

Қазақ даласындағы ең ірі Майқайың, Жолымбет, Алексеевское, Степняк, Бестөбе секілді алып кен орындарын да алғашқы ашқан байырғы кен қазушылар» - деп жазды Ф.В. Чухров. Ертедегі мыс, қалайы, т.б. металлдарды балқыту мәселелері геолог - ғалымдар Қ.И. Сәтбаев еңбектеріне де арқау болды.

Байырғы кен орындары туралы деректер XVIII ғасырдың 30-шы жылдары Қазақстан даласына арнайы ұйымдастырылған алғашқы академиялық экспедиция материалдарынан мәлім.

Сарыарқадағы байырғы металлургия орталықтарын көріп, қайран қалысқан сол кездің әйгілі ғалымдары Н. Витзен, Ф.И. Страленберг, Г.Ф. Миллер, И.Г. Гмелиндер кезінде үлкен қызығушылықпен зерттеген еді. 1733 жылы Үлбі өзенінің Ертіске құяр арнасы маңында археологиялық қазба жұмыстарымен шұғылданған Г.Ф. Миллер шлактар мен байырғы мыс балқыту пешінің орнын табады. Бұл күтпеген жаңалыққа таң қалған ғалым Ғылым академиясы мен Сенатқа хабарлайды. Мұндай байырғы кен өндіру орындарының бәрінен дерлік осындай мыс балқыту пештерін табуға болатынына Г.Ф. Миллер сенімді еді. Ғалым өзінің «Инструкции для адъюнкта Фишера» атты нұсқауында көне қазба орындарын, кен балқыту пештерінің орнын, трейгердлерді тиянақты тексеріп, қарауды және Орталық Қазақстандағы Ұлытау шыңдарының бірі - Едіге (Итик) тауларындағы таңбаларды мұқият суреттеп, зерттеуді қатаң талап етті. Қазақстанға Ресейден геологтар, кен инженерлері, кен өндірушілер ағылып келе бастады.

Орталық Қазақстан, Қазақстанның Солтүстік Шығысы, Солтүстік Батыс Қазақстан аймақтарындағы байырғы кен орындарын зерттеуге 2-ші академиялық экспедиция құрамында келген ғалымдар (1768-1774) И.П. Фальк, П.С. Паллас, П.И. Рынков, X. Барданес, И.Г. Георгилер де үлкен қызығушылықпен араласты.

Сарыарқадағы ертедегі кен өндірілген орындарды зерттеуді алғашқылардың бірі болып бастаған Орал және Сібір металлургия заводтарының директоры А.Н. Демидов болды. Тау-кен департаментінің қорында оның кен барлау жұмыстарының материалдары, жазбалары, көне кен өндіру орындарының топографиялық жобалары мен чертеждері табылған археологиялық қазбалар туралы деректер сақталған.

Орталық Қазақстанға, Қазақстанның Солтүстік Шығысына және Шығыс Қазақстан далаларына XVIII ғасырдың аяғынан бастап көне рудниктер орнын іздеген Алтай металлургия заводтарының тау - кен инженерлері Снегиров (1790), В.Г. Чулков (1793), А. Литвинов (1786, 1788), Сивере (1793), Безносиков (1794, 1796), Стрижков (1798), инженерлер Поспелов, Бурнашев (1800) тағы басқалар жиі келе бастады. Кең байтақ қазақ даласын кезіп жүріп, олар байырғы мыс, қалайы, алтын кендерінің орнының аз еместігін байқады.

1786 жылы қазақша білетін Алексей Литвинов Колывано - Воскресенский заводтарының бірінің басшысы қымбат тастар іздеген B.C. Чулковты Ертіс өңірі Бесқарағай маңына ертіп әкеледі. Кейін Литвинов Семейге сауда-саттықпен араласатын қазақтармен таныса жүріп Ертістің арғы жағындағы асыл тастар мен көне қазба орындары туралы білуге арнайы командировкаға жіберіледі. А. Литвинов Әшір Зариповпен де осы Семейде танысқан еді.

И.П. Шангин Қазақстан географиясын тамаша меңгерген Ә. Зариповты «бұқар» деп атайтын. Әшір Литвиновке Қарқаралы даласының түрлі түсті минерал тастарға бай екенін жеткізіп, Локтев заводына өзі барып нақты деректермен түсіндіруге тілек білдіреді. Көп ұзамай арнайы шақырылған Әшір, 1786 жылы қараша айында Баянауыл мен Қарқаралы аймағындағы көне қазба орындарынан алынған көптеген минералды қымбат тастардың әр түрінен әкеліп Колыванск заводының басшыларына көрсетеді де, түрлі-түсті қымбат тастар өндіруге болатын жерлерді тауып, және олармен зауытты қамтамасыз етіп отыруға тапсырма алады.

1788 жылы Литвиновтың іздестіру жұмыстарына қатысқан Әшір Локтев заводын көп мөлшерде агат, сердолик, трепела секілді қымбат табиғи тастармен қамтамасыз етті.

Баянауыл, Қарқаралы аймақтарының шығыс бөлігіндегі көне қазба орындарын зерттеуде 1798 жылы Локтев және Колыванск заводтары ұйымдастырған тау-кен инженері Стрижковтың экспедициясы үлкен үлес қосты.Себебі экспедиция құрамында Әшір Зарипов, Арғынбай Бердіқұлов секілді «Айғыр жал», «Ақбота», «Дегелең» тауларындағы ескі мыс қорыту орындарын көрсеткен, жергілікті қазақтар болды. Стрижков өзінің экспедициялық күнделік дәптерінде: «Мұнда тау беткейінде қарағайлы орман, аяқ бассаң үлкен-үлкен байырғы қазба орындарының үйінділеріне кездесесің», - деп жазды.

1796 жылы Қарқаралы аймағында болған осы заводтың инженері Безносиков: Қарқаралы тауында аса бай мыс руднигі бар. Көлден екі шақырымдай солтүстік шығысқа таман кішкене төбешікте мыс руднигі, таудың оң жағында Кіші Нұра өзені ағып жатыр» - десе, осы секілді жазба деректерді Поспелов пен Бурнашевтің, Гавердовскийдің, тағы басқа да XVIII ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Орталық Қазақстанда болған көптеген орыс инженерлерінің күнделіктерінен оқуға болады.Тау – кен инженерлері Б. Герман, Г. Гене, И.П. Шангин, К.Ф. Ледебур, Г. Розелер де көне кен орындарын жақсы білетін қазақтардың көмегімен көптеген байырғы кен байыту орындарын қайта ашты. Сол жылдардан бастап Орталық Қазақстандағы кен байыту орындары орыс инженерлерінің ғылыми зерттеу нысандарына айналды. 1815 жылы тау-кен маркшейдері Б. Герман Ұлытау даласында бірнеше байырғы қазба орындарын тауып, зерттеді. Солардың ішінде көлемдісі Ұлытаудан солтүстікке қарай 70 шақырым, Қараторғай өзенінің жоғары сағасында орналасқан, Қорғасын руднигі еді. «Қорғасын» тауынан солтүстік шығыс бағытта бір шақырымдай қашықтықта үлкен мыс кенінің орны – Мыс тау руднигі табылды.

«Қан шабылған» өзенінің оң жағалауынан солтүстікке 1,5 шақырым жерден қола заманынан қалған тағы бір мыс руднигі табылды. Тереңдігі 4 метр шамасындағы айналасы кен қалдықтарының үйіндісіне толы шұңқырда айнала ішін сылаған лай қалдықтары, жасыл мыс тотықтары сіңген қызыл түсті мыс кені қалдықтары мен табиғи таза мыстың жылтыр қалдықтары жабысқан, мысы балқып, аққан кен тастарға толы. «Қорғасын» кен орнының солтүстік бөлігінде орналасқан «Әжім» деген атпен белгілі көне қазба орынын кезінде ашып, зерттеген академик Қ.И. Сәтпаев болатын.

Көптеген байырғы Иман тау, Алтын су, Бес шоқы, Қаражал секілді ірі кен орындарын қазақ кен барлаушыларының көмегімен 1816 жылы И.П. Шангин де ашты. И.П. Шангин сондай-ақ Сарыарқаның кең даласының коп жерінен әсіресе, Ешім, Нұра, Тоқырауын өзендері бойынан ескі кен қалдықтары үйінділерін тауып қана қоймай, оның көп көлемді аймақты қамтуы және зерттеу тәсілі жақсы нәтижелерін де берді.

«Мыс, күміс араласқан үлкен-үлкен кен қалдықтарының үйінділері осы рудникте кен өндірген өндіріс орнының қаншалықты бай кен көзі болғанын көрсетеді» - деп жазды И.П. Шангин. Ол Терісаққан өзенінің жоғарғы сағасында, «Жан телі» қыстауынан үш шақырым, Жантелісу бұлағы маңында «Әулие тас» қуысында оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа дейін созылып жатқан, ұзындығы 250 метрдей көлденеңі 32 метр шамасында қазба орындарын тапты. Қайрақты, Жаман су өзендерінің бастауларымен Ұста, Тектұрмас, Бұғылы, Қызылтау, (Алабұға) Қаражал, Көрпетай (Мыңшұқыр, Қорғантас кен шарлары)Бес шоқы тауларынан да көне қазба орындарын тапқанын оның күнделігінен оқуға болады. Бес шоқы кен орындарынан ол цеолитпен кен ұсақтап, жуған орындарын кездестірді. И.П. Шангиннің пайымдауынша, бұл кеніштердің бәрінде көп металлды кен болған. Себебі, ол кен қалдықтарының құрамынан мыс, күміс, қорғасын барын анықтады.

Нұра өзені бойынан «Алтын төбе» көне қазба орнының үйінділерін, әктасты Алтын су өзені маңынан аширит (диоптаз) минералы кен көздерін мұқият тексерді. Геологтардың қола, мыс, алтын, күміс, қорғасын көне кен қазба орындарын ашуына Б. Герман, И.П. Шангин секілді инженерлердің жинаған деректері мен көптеген жеке кәсіпкерлердің өтініштері шешуші роль атқарды.

Орталық Қазақстандағы жер асты бай кен қазынасы туралы Г. Гельмерсен, А.Е. Влангали, Н. Ковригиндердің сонау 1854 жылдары өткізген алғашқы барлау жұмыстарында жазылған.

Кәсіпкерлердің өтініштері бойынша 1845 жылы белгісіз автор Баянауыл, Қарқаралы округтарында орналасқан байырғы кен байыту орындарындағы бай кен қоры туралы өте мазмұнды шолу жасаған. М. Белоусов, К.И. Гривнак, И.А. Антипов секілді геологтардың мәлімдеуінше, күні бүгінге дейінгі белгілі болып отырған мыс, алтын, күміс, қорғасын, қола қазба орындарының бәрі сол кездегі сақталған карьерлер мен аса үлкен кен қалдықтары үйінділерінің молдығы - қола дәуірінде ашылғанын дәлелдейді. Қола дәуірінде қазақ даласында кен өндіру жедел қарқынмен, жан - жақты дамығандығы туралы В.В. Радлов та жазды.

Феофилакт Симокаттаның мәлімдеуінше: «Қазақ даласындағы барлық қазба орындары, алтын кеніштері хан семьясының жеке меншігі болып есептелді. «У тюрок был закон предоставлять золотую гору в распоряжение главного кагана».

Алтын кен орындарына жиһанкездер мен алтын іздеушілер жіберілмеді. Барлық алтын шығатын кен шарларды хандар жасырып, құпия ұстады. Бүл дәстүр қазақ даласында 1822 жылы хандық басқарудың жойылуына дейін сақталды.

И. Кирилов 1734 жылы қазақтар қорғасынды Сыр бойынан «Қорғасынды» деген таудан алады деп жазған, ал, Поспелов пен Бурнашев Ташкентке барған сапарында Қаратауда қорғасын өндіретін орындар бар екенін анықтаған. Қоқанға саяхат жасаған Ф. Назаров:

«Ондаған жылдар бұрын Көкшетаудың етегінде қазақтар мыс және қорғасын кендерін қазатын, әлі күнге терең орындары көрініп жатыр. Қазір ол жерлерде Уәли хан көшіп жүреді. Оның тапсырмасы бойынша қазір сол кен орындары туралы орыстарға айтпайды. Білсе өлім жазасына кесіледі» - дейді. Сол сияқты Орта жүз қазақтары өздерінің көне замандардан бері алтын өндіріп келе жатқан Мың шүкір сияқты қазыналы өлкелерін орыстарға XIX ғасырдың 40-жылдарына дейін көрсеткен жоқ. Бұған бір себеп алтынның өз қасиетінен туындайтын табиғи қорқыныш, алтынның иесі бар делінетін сенім, екінші, хандар тарапынан қатал талап. Алтын өндірісімен қатар, аса бай кен орындары, түсті металлдың көп кездесетін жерлері - Жезқазған, Успен, Қарағанды өлкелерін XIX ғасырдың ортасына дейін қызғыштай қорғап келді.

1824 жылдан «Сібір қырғыздарының Ережесін» қабылдаудан бастап байырғы қазба орындарына шектеусіз жол ашылды. Осы кезеңде Сарыарқаның кен байлығын анықтау ісіне тау - кен инженерлері ғана емес, көптеген С. Попов, А. Попов, И.А. Ушаков, И.Ф. Большаков, В. және Ф. Зенковтар, М.И. Розенбаум, С.П. Фон Дервиз, А.И. Деров секілді кәсіпкер көпестер де кірісіп кетті. Алтын іздеу әрекетінен патша шенеуніктері, офицерлер мен ақсүйектер де тыс қалмады.

Ольшевскийлер, Маляхинскийлер, Кропоткиндер, Аргамаков, Щукин, Коновалов, Воинов, Асташев, Мясниковтер Қазақстанға байлық іздеп келген еді. Архивтерде Попов, Аргамаков, Щукин, Коноваловтардың құрамында алтын, басқа да металлдар бар кен тастар мен қымбат минерал тастар бар қазба орындарын тауып, оларды өңдеуге рұқсат етуін сұраған ұжымдық өтініштері мен шекара бастығының оларға көмек көрсетудің қажет екендігі туралы сілтеме қағазы сақталған. Кен орындарын барлаушы жергілікті қазақтардың көмегімен адам сенбестей аз уақыттың ішінде орыс көпес - кәсіпкерлері сан жетпес алтын, мыс, қалайы, қорғасын кен орындарын қайта ашты олардың бәрі байырғы қазба орындары болатын. Зерттеушілердің айтуынша, жергілікті қазақтардың көмегінсіз соншалықты қысқа мерзімде, осынша көп кен нысандарын ең тәжірибелі геологтар да аша алмаған болар еді.

Алтын кенін іздеу мен өңдеу жұмыстары тонаушылық мақсатта жүргізілді. Жер қойнауынан тек алтын, күміс секілді қымбат металлды кен өндірудегі алтын қазушылар мен көпестердің мақсаты тек тезінен баюдың қамы болатын. Тойымсыз компаниялардың тонау мақсатындағы 40 жыл жүргізген жұмыстары нәтижесінде Боровое ауданы аумағындағы алтын қоры сарқылды. Көпес - кәсіпкерлердің кен өндіру әрекеттерімен жақсы таныс инженер А.Е. Влангали: «Қазақстан жерінде көне қазба орындарының көп екендігін естіген көпес - кәсіпкер Степан Попов жергілікті қазақтарға түрлі сыйлықтар беріп, алдап оларды кен орындарын көрсетуге шақырды» - деп жазды.

1798 жылы келген инженер Стрижковтің басқаруындағы экспедиция кеншілер Әшір Зарипов пен Арғынбай Бердіқұловтың көмегімен Қарқаралы тау жоталарының Шығыс бөлігін құрайтын Ақбота, Дегелең тауларынан изумруд диоптаздың үлкен қорын тапты.

Д. Телятников, В.Г. Чулков және А. Литвиновтар изумруд өндірумен шұғылданды. Баянауылдың көне қазба орындарын барлаушылар Қайып Шатабеков пен Қоржын Бектеміровтер С.П. Поповқа Қайыңды шат кен қазынасынан басқа аметист секілді қымбат тастар көрсетеді.

1839 жылы Попов сол жерден мыс пен қорғасынды қайта қорытатын бірінші Благодатно -Стефановский заводын салды. С.П. Поповтың кен барлау отряды өзінің сенімді адамдары Б. Баранов, Ғұбайдолла Бағаев, Саутім Тәшімов, Решетников, А. Атаманский олардың көмекшілері Әсет, Әли Мұратовтар, Тастемір Болатов т.б. және қазақ кен барлаушылары Орманшы болысынан Ақ шолақ, Торабай Торғаевтар, Баянауыл округінен Майбасар Байтоқов, Қайып Шатабеков, Қоржын Бектеміров, Иманбай Байсаловтар еді. Қарқаралы, Ақмола далаларында көптеген байырғы кен орындарының ашылуына Поповқа және басқа да кен өндірушілерге Қарқаралы округінен белгілі Әшір Зарипов, Жаман Естемесов, Тарақты болысынан Байгүл Байназаров, Есейген Төлепов, Алтай болысынан Қоныс Бөрібаев, Шәукей Ержанов, Қалқабай Жаңабековтер көмектесті. Қызыл еспе, Берік қара, Шүрік,Үш қатын,Үрпек секілді тағы басқа қорғасын - күміс көне кенорындарын ашуда Баянауыл, Қарқаралы, Балқаштың солтүстік аймақтарын бес саусақтай білетін Май басар Байтоқов пен Жаманқұл Естемесовтер ерекше көзге түсті.

Л.А. Аносов, Н.Г. Кассин, Қ.И. Сәтбаев, Р.А. Борукаев, М.П. Русаков, Н.И. Наковник, П.И. Кропоткин т.б. белгілі геологтар да кезінде Қаражал, Семізбұғы, Қоңырат, Саяқ кен орындарын ашқанда қазақ кен танушы, барлаушы жергілікті қазақтардың көмегіне жүгінді.

Жастайынан кен тану, барлау ісімен шұғылданған қазақ кен барлаушыларының ақсақалы деп Қосым Пішенбаевты айтуға болады (1852 - 1932). Көптеген геологиялық партияларға жол көрсете жүріп, Қосым Баянауыл, Қарқаралы, Балқаш өңірі далаларын талай кезді.

Май көбен, Екібастұз, Майқайың, Төрт құдық кен орындары Қосым Пішенбаевтың көмегімен ашылды.

Байқоңыр даласында туып өскен кен тану ісінің шебері Рахмет Жаппасбаев көп жылдар Қ.И. Сәтбаевтың қасында жүріп, Ұлытау, Торғай далаларында көптеген кен орындарын ашып, зерттеуде үлкен көмек көрсетті.

Балқаштың солтүстік аймағын зерттеген М.П. Русаков те, Саяқ кенорындарын зерттеуші геолог Н.И. Наковник те қазақ проспекторлары туралы көп жазды. Н.И. Наковник бүкіл жер шарында ең үлкен корунд кен орны - Семізбұғыны ашуға көмектескен Әшім карт туралы, Ленинград геологтарына Шыңғыс қыраттарының барлық геологиялық, археологиялық тамаша жерлерін көрсеткен Айдар Итемиров туралы жақсы лебіздерін аямады. Кент таулары маңында туып - өскен, Балқаштың солтүстігі мен Қарқаралы далаларындағы көне кен қазба орындарының білгірі талантты барлаушы Сар шолақ Едігеев геологтар арасында өте беделді болды. Бақанас - Тоқырауын су арналарының географиясын жақсы меңгерген кен барлаушы Сиқымбай Төребаев алғаш кездескеннен-ақ өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленді. Сиқымбай су көздері, құдықтары бар ең сенімді жолмен бірнеше шақырымға созылып жатқан, бір өзінде бірнеше көне қазба орындары бар Саяққа ертіп келгенде орыс геолог - ғалымдары өздерінің қаншалықты таң қалғандарын жасыра алмады.

Қазақстанда тау-кен істерінің тарихын зерттеуде аса маңызды дерек көзі болып табылатын Сарыарқада байырғы қола заманынан бастап кен өндірген орындар туралы деректер 1834 жылдан басталған түрлі анықтамалар, шенеуніктердің хаттамалары, ресми есеп беру қағаздары, жеке кәсіпкерлердің өтініштері түрінде еліміздің мемлекеттік мұрағаттарында көптеп сақталған. Жеке көпес кәсіпкерлердің өтініштерінде үлкенді-кішілі қола заманында пайда болған барлық дерлік кен өндіру нысандары көрсетілген. Өтініштердің санының көптігіне қарағанда, көпес кәсіпкерлердің Орталық, Солтүстік-шығыс, Шығыс Қазақстан аймақтарындағы барлық пайдалы кен қазбаларының орындарын - апандарды, таулар мен қыраттарды түгел дерлік аралап, көріп шыққандары байқалады. Қазақ кен барлаушыларының көмегімен барлық пайдалы кен қазба орындарының тыңғылықты түрде зерттелу нәтижесінде 1857 жылы ашылған көне қазба орындарының саны 150-ге жетті. Солардың ішінде қорғасынды - күмісті - мысты Қызыл еспе, Қасқа айғыр секілді кен орындары - 44, табиғи таза сап мыс орындары - 106, темір кені орны - 3.

Байырғы кен қазба орындарының ізімен ашылған мыс, қорғасын - күміс пайдалы кен қазбаларының орындары 1880 жылы тек қана Баянауыл, Қарқаралы округтерінде - 400; Ақмола округінде - 106 болды. Солтүстік - Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірінде алтын шығатын кен орындарының саны 322-ге жетсе, соның ішінде - 111- і Көкшетау уезінде, Өскеменде - 159, Зайсанда - 38, Қарқаралы уезінде 3, Жаркент уезінде - 11-ге жетті. Осы кен орындарының көпшілігін ашқан көпестер С.И.Попов пен А.И. Деров, ал, олар бұл нәтижеге тек қана қазақ кен барлаушыларының көмегімен ғана жетті.

Мыс, қалайы, алтын, күміс, қорғасын көне қазба орындарының сақталған орны толық көрсетілген көлемді картасымен бірге бірінші рет өтініштердің толық жүйесін жасаған тау-кен инженері А. Сборовский болды. Себебі өтініштерден Сарыарқа даласында мыстың, қорғасын - күміс, қалайы мен алтын кен орындарынан толық мәлімет алуға болатын еді.

XIX ғасырдағы кен өндіруші көпес кәсіпкерлерінің өтініштерінде көрсетілген көне қазба орындары мен кен қалдықтары үйінділері XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдағы геологиялық зерттеулер

Сарыарқаның бүкіл жер шарында жер қойнауы қазына байлыққа толы ерекше аймақ екенін дәлелдейді. Ежелгі заманнан белгілі болған бұл шындық қазақ даласының кен байлығының талан - таражға түсуіне себеп болды.

Тек Қарқаралы ауданы аймағында Атабай әділ, Жалғыз - қарағай, Қызыл еспе, Қаражал, Алайғыр, Алабұғы, Ақ шағыл, Сәменбет, Берік қара, Бес шоқы, Жер адыр, Қалмақ тас тағы басқалары бар барлығы 100 шақты қазба орындарының қаншасын кен көзі сарқылып, өндірістік игеруге жарамсыз болып қалды. Баянауыл ауданында - Үрпек, Шақпақтас, Ескі жұрт, Алтын тас т.б. Қарағанды, Сарысу далаларында - Спасск, Успен рудниктері, Көкшетауда — Имантау, Степняк, Атансор рудниктері де талан-таражға түсті.

Көпес кәсіпкерлердің өтініштері бойынша ежелгі мыс, қалайы, алтын тағы басқа металл орындарына тексеру жүргізген Данилов пен Гельмерсен болды.

Орталық мұрағатта Батыс Сібір генерал-губернаторының Омбы облысы бастығына тау-кен инженері Гельмерсенге «Колывань заводындағы геогностикалық зерттеу жұмыстарын аяқтаған соң Қырғыз даласының біраз бөлігін тексеріп, қарап шығуына» ықпал жасауын өтінген арнайы жолдамасы сақталған.

1836 жылы алтын кен орындарын анықтау үшін капитан Чайковский Көкшетау округіне жіберілсе, 1844 жылы Баянауыл, Қарқаралы округтерінің солтүстігіне геогностикалық жүргізілді. 1849 жылы А.Е. Влангели бастаған барлау тобы Шығыс Қазақстанға, 1851 жылы тау-кен инженері А.Татариновтың кен барлау тобы Шыңғыс тау жоталары мен Тарбағатай өңіріне жөнелтілді.

1853 және 1854 жылдары Қарқаралы ауданында құрамында ауданның Бубенов, Мурзинцев, Беляев секілді шенеуніктері бар подпоручик Порецкийдің кен барлау тобы жұмыс жасады.

1836 жылы Торғай даласында Г. Гельмерсеннің кен барлау тобы, 1840 жылы Е. Ковалевскиймен Гернгросстың геологиялық экспедициялары, 1858 жылы Э.И. Эйхвальдің және Мейердің экспедициялары - Маңғышлақта (Маңғыстауда) барлау жұмыстарын жүргізді.

1855-1857 жылдары Қарқаралы, Баянауыл аудандарында тау - кен инженері Н. Ковригин барлау жұмыстарын жүргізді. Ол Баянауылдан Қарқаралы арқылы Балқаш көліне дейінгі аралықты зерттеп, барлау жұмыстарын жүргізді. Француз тілінде шағын кітапша етіп бастырған француз Ж. де Кетеленді айтуға болады.

Семейлік көпес И.А. Деровтың тапсырмасы бойынша француз инженері Ж. де Кателен Деровтың құзырындағы Баянауыл таулары мен Балқаш көлі аралығындағы орасан кең алқаптағы кеніштерді қарап шығады. Байырғы кен орындарының қалдықтары мен үйінділерін табу нәтижесінде Кателен Балқаштың солтүстік аймағындағы Гүлшат қорғасын - күміс кенішін ашты. Алғашқы Гүлшат кенін балқыту нәтижесінде француз инженері 49 тонна кен рудасынан 22 тонна қорғасын, 76 кг. күміс, әр кило күмістен 11 граммнан алтын айырды.

Неміс инженері Р. Хельмхаккер де орыс тілінде басылған дерек көздерін пайдалана отырып, Орталық Қазақстандағы пайдалы кен қазбаларының орындары туралы шағын еңбегін жазды.

Спасек, Атбасар мыс кендерін ағылшын Акционерлік қоғамдарымен бірге кезінде жұмыс істеген ағылшын, француз тау-кен инженерлері де Сарыарқадағы пайдалы кен қазба орындары мен олардың геологиялық сипатына тиянақты түрде шолулар жасаған. Әсіресе Спасск мыс қорыту заводының бұрынғы директоры Е.Н. Феллдің жұмыстары өте мазмұнды. Ағылшын және орыс тілдерінде жазылған бүгінде Ленинград қаласындағы КСРО - ның Орталық Мемлекеттік тарих мұрағатында сақталған есебінде Е.Н. Фелл Сарыарқа кен орындарын бұрғылау нәтижесінде алынған жалпы геологиялық сипаттамасын береді. Күні бүгінге дейін Орталық Қазақстанның әр жерінен Си (мыс), Pb (қорғасын), Ag (күміс) шартты белгілерімен күннің аптабына қаусап, кепкен ағаш таяқшаларды кездестіруге болады.

Орталық Қазақстандағы кен орындарынан мыс кенінің қорын және оның құрамындағы күміс, алтын тағы басқа қосымша құрамдарды анықтау мақсатында 1904 жылы Спасск мыс руднигінде тау-кен инженері Е. Валкер де болды. Е.Н. Фел мен Е. Валкердің жұмыстарының нәтижесін инженер Х.Е. Бокер өзінің неміс тілінде басылған Спасск мыс руднигі туралы еңбегінде пайдаланады. Жоғарыда аталған еңбектер және ағылшын тау -кен инженерлерінің бұрындары жарық көрмеген Орталық Қазақстандағы тау-кен орындарын зерттеу барысында атқарған жұмыстарының есептерінің Ленинградтағы Спасск және Атбасар мыс кеніштерінің Акционерлік қоғамының қорында сақталған көшірмелері В.Х. Вид, Х.Е. Вист секілді инженерлердің де зерттеу еңбектерінің негізін құрады. Геологтар Персай мен Бехренд өз еңбектерін Атбасар және Успен кен орындары туралы жазды. Көп жылдар Жезқазғанда жұмыс жасаған тау-кен инженері С.Х. Болл байырғы кен орындарын түпкілікті суреттеп, аймақ туралы геологиялық очерк жазды.

Акционерлік қоғамдардың тапсырмасы бойынша Орталық Қазақстанда жүргізілген геологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі туралы жалпы мәліметті геолог Ж.М. Белл жасады.

Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстан территориясында кен өндірілген алтын, күміс, қорғасын, мыс, темір кен орындарының экономикалық маңызы туралы француз жиһанкезі К. Оланьонның «Сібір және оның экономикалық болашағы» атты еңбегінде танысуға болады.

Дегенмен, Сарыарқадағы байырғы кен балқытқан және кен қазбалары орындары туралы анағұрлым толық мәліметтерді қола дәуірінен қалған кен орындарының топографиялық суреттерін жасаған орыс геологтары В. Бернер, М. Белоусов, И.А. Антиповтар нақтылы картографиялық материалдар дайындады. Олардың Қазақ төңкерісіне дейінгі ашылған көне кен орындарының кейбірінің жекелеген детальдерімен көптеген чертеждері қысқартылған түрде басылған болатын, ал жарыққа шықпағандары тау-кен басқармасының мұрағатында сақталған.

Орталық Қазақстанның пайдалы қазба байлықтары мен географиясын жақсы меңгерген тау-кен инженерлері М.Белоусов, А.В. Яковлев, К.И. Гривнак, И.А. Антиповтардың еңбектері өте сауатты жазылған. Қарқаралы даласының шығыс бөлігін - М.Белоусов, оңтүстік және батыс бөліктерін - И.А. Антипов, Қарағанды және Қарқаралы таулары аралығын - К.И. Гривнак, Баянауыл, Қарқаралы таулары мен Дегелең тауының аралығын Н. Высоцкий, Ертіс өзені алабын Балқаш көліне дейін A.M. Зайцев, кейін Коншиндер тыңғылықты зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Қарқаралының шығыс бөлігінде, Дегелең, Мыржық, Арқалық тауларында көптеген байырғы кен орындарын тау-кен инженері Юзбашев ашты. «Матай төбешігінің жанында таулары жүйесінде байырғы кен өндірген орындарда құрамында мыс кені бар ашық кен сілемдері көрініп жатыр» деп жазды ол.

Ақмола, Қарқаралы далаларындағы көне кен балқыту орындарының үлкен тобын зерттеген тау-кен инженері М. Копаловты да айтуға болады. Оның байқауында, байырғы кен орындары әсіресе, Орталық Қазақстанның оңтүстік бөлігінде Мойынты, Жәмші, Тоқырауын, Нұра, Сарысу өзендері су айрықтарында, Қарқаралы уезі Ақшатау, Мойынты болыстарының оңтүстігінде даланың қай жерінен болса да қола дәуірінен қалған шұңқырларды кездестіруге болады. Аталған ғалымдардың еңбектері күні бүгінге дейін өз құндылықтарын жойған жоқ.

Баянауыл, Қарқаралы аудандарында кеңінен жүргізілген барлау жұмыстары нәтижесінде бұрынғы кен балқытқан орындардың ізімен М.Белоусов ашқан бірнеше кен қазба орындары картаға енгізіліп, құмдақ және жанартасты қатпарларда жинақталған мысты минералдардың барлығы белгіленген. Инженер А.В. Яковлев өз зерттеулері негізінде Орталық Қазақстандағы геологияның теориялық мәселелерін көтерді. А.В. Яковлев Қарқаралы даласындағы кен орындарын: а) мыс кеніне тән қаттық (пластовые) және ұялы) қорғасын кеніне тән - желілі кен орындары деп екі топқа бөліп қарастырды.

Қарқаралының батыс жағында орналасқан мыс кен орындарын И.А. Антипов: әктаста жатқан (Қызыл еспе, Қасқа айғыр, Алабұғы) және порфирде жатқан (Күзеу адыр, Кен шоқы, Қаражал, Ала айғыр, Қараоба, Бес шоқы, Берік қара т.б.) деп екі топқа бөледі. Байырғы кен өндірген орындардың және кейінде геологтар ашқан кен қазба орындарымен бірге Орталық Қазақстандағы барлық дерлік кен орындары көздерін аралап шыққан профессор Г.Д. Романовский алғашқы И.П. Шангиннен бастап И.А. Антиповқа дейінгі аралықтағы барлық жазба деректер, зерттеулердің басын қосып зерттеулердің неғұрлым толық мәліметін жасады. Г.Д. Романовскийдің бақылауынша, ертеректе де қазіргі кезде де кен орындарына барлау жасауда бағыт беріп отырған жасыл, көк түсті тотықтанған мыс кесектері және қола дәуірінен қалған ескі үйінділерде кездесетін қорғасын жылтыры. Оның теориялық тұжырымдары кен орындарының жүйесін анықтау негізінде жасалады. Кен кесектерінің сыртқы пішіні мен құрамына байланысты Г.Д. Романовский Баянауыл, Қарқаралы далаларындағы кен көздерін:

1) қорғасынды - күмісті кен орындарына тән Қызыл еспе, Қасқа айғыр секілді шток тәрізді кен шоғыры орналасқан,

2) мыс кенімен бірге кездесетін желілі, қорғасынды,

3) желілі, негізінен мысты,

4) темір және марганецті кен орындары (Тоғай, Бүркітті, Мыржық тауларында) секілді торт топқа бөліп қарастырады.

Орталық Қазақстанды геология тұрғысынан зерттеудің жаңа дәуірі А.А. Краснопольскийдің экспедициясы және оның әріптестері А.К. Мейстер, К.И. Богдановичтің, Н. Высоцкиийдің еңбектерімен байланысты. Олар өз зерттеулерін сол кездегі ең жаңа әдіс (тәсіл) - кен орындарының геологиялық жасын (возраст) ескере отырып зерттеу негізінде жүргізді. Пайдалы кен қазбаларының ең басты шоғырланған көзі Баянауыл, Қарқаралы аудандары мен Балқаштың солтүстігі деп есептеген олар XIX ғасырдың соңында өздерінің барлық ынта-жігерін осы пайдалы қазба орындарын зерттеуге бағыттады. Қарқаралы даласының шығыс бөлігін зерттеген ленинградтық ғалым JI.JI. Солодникованың еңбектері көңіл аударарлық. Өз еңбегінде JI.JI. Солодникова XIX ғасырдың соңындағы геология ғылымдарының жетістіктерін атай отырып, Сарыарқаның кен орындарының жеткілікті дәрежеде зерттелмегенін айта келіп «кен орындары өте көп, бірақ оларда толық барлау жұмыстары жүргізілмеген» - деп жазды. Барлау жұмыстары жүргізілмеген, бірақ игеруге тілек білдірген өтініштер арқылы ғана мәлім кен орындары А.Сборовскийдің картасында нақтылы көрсетілгенімен олардың географиялық, топонимикалық негізде орындары длә көрсетілмеген еді.

XX ғасырдың басындағы ғалымдардың зерттеулері де көне кен орындары бар қоныстардың болғандығын дәлелдейді. Тау-кен инженері Сарачев: «Кен өндірген, орындар, мыс балқытқан, қола ағызған қазандық орындары сақталған көне қоныс орындарын барлық жерден кездестіруге болады», - деп жазды.

Көп жылдар бойы көне кен орындарын және оларды игеруге рұқсат сұрап жазылған өтініштерді мұқият зерттеген П.С. Даллас, И.П. Шангин, К.Ф. Лебедур, А.Е. Влангали, В.В. Радлов, XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында танымал геологтар М. Белоусов, К.И. Гривнак, А.В, Яковлев, И.А. Антипов, А.А. Краснопольский, Г.Д. Романовский, М. Копалов, B.C. Реутовский, В.И. Вебер тағы басқалары Орталық Қазақстандағы ең бай кен орындары қола заманынан белгілі Солтүстік - шығыс, Шығыс Қазақстандағы Орал, Алтай тауларында болғаны және оларда кен өндірілгенін бірауыздан растады. Бұл пікірдің ақиқаттығы Н.Г. Кассин, Қ.И. Сәтбаев, М.П. Русаков, Н.И. Наковник, Е.М. Янишевский, Г.Ц. Медоев, Ф.В. Чухров, Г.Н. Щерба, А. А. Абдуллин, Д.Х. Хайрутдинов секілді Кеңестер Одағы кезеңінің бірталай танымал геологтарының еңбектерінде тағы да дәлелденді.

Ұлытау, Жезқазған аймағындағы байырғы кен орындарының көпшілігін ашқан, зерттеген Қ.И. Сәтбаев. Жезқазған тобына жататын Креста, Златоуст, Анненский, Карпиенский секілді қола дәуірінен қалған карьерлер мен үлкен - үлкен кен үйінділерінің орны, Милы құдық, Айна көл, Сор құдық секілді кен өндірген және балқытқан орындарын ашты. Ертедегі кен өндірген орындарды зерттеу барысында Жезқазғанның солтүстігінде Жыланды өзені жазығында Қара шошақ, Қыпшақ пай, Айрам бай, Құлман, Тікенді оба, Сары оба ал, Ұлытау далаларынан - Қорғасын, Әжім, Алтын қазған, Мық секілді және Обалы жалда бірнеше кен орындарын ашқан да Қ.И. Сәтбаев. Обалы кен өндіру орындарының схематикалық картасында үлкен-үлкен кен қалдықтары үйінділерімен тоғыз шұңқыр көрсетілген.

Геологтар Н.И. Наковник пен Д.Х. Хайрутдиновтардың қажырлы еңбектерінің нәтижесінде соңғы 40 жыл ішінде көптеген көне кен орындары Балқаштың солтүстігінде ашылды. Олардың ең көлемділері - Қоңырат, Саяқ, Тесік тас. Д.Х. Хайрутдинов Бектауат тауларынан 30 шақырым солтүстік-шығыста Кенелі тауының оңтүстік-шығыс беткейінде Тоқырауын өзені бойындағы жазыққа жақын Ақоба, Сор құдық секілді үлкен көне кен орындарын зерттеп картаға енгізді. Кентарлау жазығы мен Қотанемел тауы аралығында орналасқан Қызылтас кен орны мен Мұзбел тауының солтүстік-шығысынан 15 шақырым орналасқан Қайрақ тас кен орнын зерттеген де Д.Х. Хайрутдинов.

Балқаштың солтүстігіндегі ең ірі кен орындарына көлден 40 шақырым солтүстікте орналасқан Тесік тас кен орны жатады. Көне кен өндірген қоныс орындары жалпақ доға тәріздес алқапта оңтүстік шығыстан, солтүстік батысқа дейін оңтүстік батысқа көлбей ауқымды алқапта созылып жатыр. Қола ағызған қазандық орындары, шұңқырлар бітеліп қалған бірақ, кен қалдықтары үйінділері сақталған. Бір ғана Тесік тас кен орындарында шұңқырлардың жалпы саны - 21. Олардың бір-бірінен ара қашықтығы 5 метрден 12 метрге дейін орналасқан. Ен үлкен шұңқырдың ұзындығы 100 метр, ені 10-12 метр, кішіректерінің ұзындығы 30 метр шамасында, ені 10 метр. Бүл жерлерде кенді ашық түрде өндіру тәсілі қолданылып, құрамында металы көп (полиметалды) кен рудалары ғана таңдалған. Кен қалдықтары үйінділерінде тотықтанған мыс кені кесектері көрініп жатыр. Екі - үш жерден кездескен шлак үйінділеріне қарағанда кен рудасы алынған жерде бірден металл қорытылып отырған. Шлактардың анализі көрсеткендей олардың құрамынан диаметрі 0,2 мм - ге дейін мыс түйіршіктері табылды.

Кен қазған карьерлердің бірінен ауыр қайлалар, кенді үгітетін келсаптар, келілер табылды. Қола дәуірінің шарықтау кезеңінде осы құралдардың көмегімен кен өндірген. Осы кен орындарынан 200 шақырым батысқа қарай төбенің етегінде рудник орналасқан, одан сәл төменірек ұзындығы 40 метр, ені 2-3 метрдей плотиналардың жанында су жинау үшін арнайы қазылған ұраларда руда тас балғамен және кен уатқышпен уатылып, кейін жуылатын болған. Су руданы «сулап» байыту үшін және әу бастан-ақ қазба тастан айыру үшін де қажет еді.

Қарқаралы даласы мен Балқаштың солтүстік өңіріндегі ең үлкен, ең көне рудник - Саяқ. Саяқ кен орындарын кен барлаушы қазақ Сиқымбай Төребаевтың көмегімен 1929 жылы Ленинградтық геолог - ғалым Н.И. Наковников ашқан болатын. Халық арасында «Саяқтың кені ешқашан таусылмайды - мыс. Оның ең тереңінде мың аттың басындай үлкен алтын қазына қоры жиналған. Оның қолына алтын кездік ұстаған қасиетті иесі бар» деген аңыз тараған. Бұл аңызды жақсы білген геолог А.А. Аносов Саяқта болып ондағы төбешіктерді өзінің 1912 жылы жасалған эскизді картасына енгізген. Саяқ кен орындарының айшықтары геологтар H. И. Наковников, Р.Н. Остапенко, Г.П. Бурдуковтардың чертеждері мен отчеттарында да белгіленген.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет