Мейізек 4 шақырымдық аланда орналасқан екі үлкен байырғы кен қазба орнынан тұрады. Жерадыр Қалмақтасқа жақын, Ақтас өзенінің оң жағалауында, Мейізектен 20 шақырым солтүстік - батыста, Абралы тауларынан оңтүстік батысқа қарай орналасса, Сырымбет Жер адырдан 10 шақырым батыс бағытта Арғынбаев Жиенбайдың ескі қыстауы жанында. С. Поповтың сұраныс қағазында осы екі приискі «Қамбар болысынан Жұмагүл Естемесовтің көмегімен ашылды» — деп жазылған. Оның қыстауы Берік қара кен орнына жақын жерде. Шығыс Қарқаралы ауданында Құсақ жэне Бақанас өзендері суайрықтарында Жаман - Қойтас, Шақпақ, Шұрық, Шұбартөбе, Бидайық, Көкектөбе секілді кен қазба орындары бар. Келтай, Ойран, Ақшілік және Жыланды көне кен орындарын да В.П. Никитин осы ауданнан тапты. Қола дәуірінде металлургия мен кен өндірудің негізгі орталығы — Қарқаралы таулары бас жотасы аймағы болды. Бұл ауданда негізінен мыс кенін қазу жұмыстары жүргізілсе, қосымша қорғасын, мырыш, күміс, цинк және алтын кендері де қазылды. Осы маңдағы бай мыс кен орны – Атабай әділ немесе (Иоанно-Предтеченский). Бұл рудникті Қарқаралыдан 25 шақырым оңтүстік бағытта Сары адыр қонысында С.Поповтың сенімді адамдары ашқан болатын. Атабайәділден оңтүстікке 5 шақырым орналасқан мыс руднигі Жаңғыз қарағайдан (Иоанно - Богословский) ертедегі кеншілер қазған шұңқырлардан мыс кенінің үлкен қоры табылды. Жаңғыз қарағай кен орнының жанында Аршалы және Қисық жал таулары аралығындағы аңғарда осы Қарқаралы ауданындағы барлық көне қазба орындарындағы кен қалдықтары үйінділерінен алынған кен қорытылатын Козьмо- Демьяновский заводы салынды.
Қарқаралы ауданындағы көлемді кен қазба орны - Шұрықтыны 1843 жылы көпес Ф. Зенковтың сенімді адамдары ашты. Шұрық мыс кен орны бұрын Дүйсенбай - Шекшек болысы қазақтарының жері болады. Қарқаралыдан оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан. Бұл кен орнына жақын Сарыжал (Алексеевский) мыс кен орны, Ақ доңғал, Жартас (Генерал Колпаковский) кенорындары бар. Бөрілі бұлақ (Максимовский) көне мыс қазба орны және Ақжал (Вознесенский) кенінің құрамы әр түрлі цинкті - қорғасынды, мысты, темірлі, күміс те кездесетін Қарағайлы да осы оңтүстік - шығыс бағытта.
Қарамырлы (Тимофеевский) және Айғыз құдық мыс кенорындары, күмісті - қорғасынды Ұрмалық, күмісті - қорғасынды Мухтарово да Қарқаралыдан оңтүстік - шығыс бағытта орналасқан кенорындары.
Көне кен қазба орындарының біразы негізгі Қарқаралы тау жоталарының батыс жақ етегінде орналасқан. Олардың ішінде белгілілері – Мырза шоқы, Маужан (Дмитриевский), Қоңқай (Ильинский), Қосдоңғар (Лазаревский), Тай, Түн қатар (Павловский), сәл шеткері көлемді кен орны Егіз қызыл (Алексеевский) орналасқан. Бұлардың барлығы - қола дәуірінен қалған үлкен терең шұңқырлар мен төбе-төбе кен қоқыстары үйінділері күйінде кездесетін көне қазба орындары. Бүл жерлерде мыс кені өндірілген. Мырза шоқы кен орны жанындағы плотинаны зерттеу барысында мыс балқытылған қазандық орны, тастан жасалған балқытылған кенді құятын қалыптар, кейбір құрал - саймандар табылды. Олардың біразы бүгінде Қарағанды облыстық тарихи - өлкетану музейінде сақтаулы. Байырғы кен орындарының ішіндегі ең ірісі Мырза шоқы маңында, Жарлы өзені аңғарында орналасқан Тай кен орны.
Көлемі жағынан алғанда екінші ірі кен орны Егіз қызыл. Көпес Ф. Зенков Егіз қызылда тек мыс өндірген. Кенді үгіту мен байыту жұмыстары Айнабұлақ су көздері жанында жүргізілген. Қарқаралы тауларының солтүстік-батыс етегінде мыс кенінен басқа, Қарқаралы қаласынан 30 шақырымда алтын, күміс, қорғасын өндірілгендігі Қыпшақ I (үлкен) және Қыпшақ II (кіші) байырғы кен қазба орындарын зерттеу барысында дәлелденді.
1838 жылы жазылған сұраныс қағазда «Үшқатын кен орнын Қызылжарлық көпес Ф. Зенковтың сенімді адамдары көне мыс қазба орындары негізінде Қарасор өзенінен 8 шақырым солтүстік - шығыс бағытта тапты»,- деп жазылған. Сайтанды мырыш кен орны да осы жерде. Көпес П. Блиновтың заявкасында Баянауыл мен Қарқаралы аралығындағы Қарасор маңында 9 мыс кен орнының ашылғандығы жазылған. Оның үшеуі Шайтанды жотасындағы Қарасу қонысында (Сайтанды I), Қойтас (Сайтанды II), Жартас (Сайтанды III); Үшеуі Үшқатын жотасындағы Тас мола қонысында, Келте бұлақ және Қарағанды -Қарасуда; біреуі Қарасор түбегі қонысында. Желтау және Үшқатын тау жүйелеріне кіретін Үрпек төбешігінің солтүстік беткейінде бірнеше ондаған метрге созылған кен қоныстары үйінділерін көруге болады. Бұл жерде екі көлемді әжептәуір тереңдікте шахты және формалы шұңқыр бар. Сайтанды, Үшқатын, Желтау тауларындағы көне шұңқырлардың көптігін геолог Г.Д. Романовский жазса, оны М.Т. Белоусов дәлелдеді.
Желтаудағы көлемді кен қазба орны Көктас - Жартас деген атпен белгілі. Бұл жерде негізінен мыс кені өндірілген. Кен қоқыстары үйінділерінен азурит, бирюза, брошантит, малахит, хризоколла, ярозит т.б. минералдардың барлығы анықталды. Көктас - Жартас кен орнынан 9 шақырым оңтүстік шығысында Шөптікөл (Макарьевский) руднигі орналасқан. Бүл жерден мыс, қорғасын, күміс өндірген. Кенді минералдар құрамынан азурит, малахит, куприт, лимонит, церуссит, хризоколла, псиломелан, мыс шайыры, т.б. бары анықталды.
Мыс кеніне өте бай Жосалы кен орны Әулие Қызылтау қыраттарының солтүстік-шығыс етегінде орналасқан. Жосалы руднигінен кварцті порфирде өте бай мыс кенінің қоры табылған. Азурит, малахит секілді кен минералдарына өте бай. М.Белоусов пен Г.Д.Романовский Жосалыдан темірлі минерал бояу шығатын жерді тапқан.
М.Белоусов дәл байқағандай «Жосалы» сөзінің өзі «жоса» яғни «қызыл бояу» ұғымын білдіреді.
XIX ғасырдың ортасында С.Попов Жосалыда көне кен үйінділерін өңдеу үшін Иваново -Предтеченский мыс балқыту заводын салды. Бұл заводта Жосалыдан басқа Найзақара (Юпитерский), Сарыоба және Ақсары (Гавриловский) кен орындарынан әкелінген кен балқытылды. Бұл зауыт Қызылтаудың солтүстік-шығыс етегінен табылған көмірмен жұмыс істеді. Мұрағат құжаттарында бұл туралы «На поисках золота и других металлов и минералов в киргизской степи (казахской), хотя и многие лица испытывают от правительства давление, но из них производило разработку в 1845 году только коммерции советник Попов с компанией и купец Зобник»,- деп жазылған. XIX ғасырдың орта кезінде Баянауыл өңірінде кен өндірудегі С.Поповтың жетістіктері туралы да мұрағат деректері бар. Онда кен өндірудегі келесі көрсеткіштер туралы деректер табамыз:
«1845 жылы Баянауыл, Қарқаралы округі приискілерінен көпес Попов 6990 пұт мыс, 350 пұт қорғасын және 16910 пұт көмір өндірді»,- деп жазылған. Кен орнынан алынатын құнды металдардың түрі: алтын, күміс, мыс, мырыш, қалайы болған.
Жосалы кен орнынан оңтүстік бағытта орналасқан Сары обадан Попов 1858 жылы 1200 пұт мыс, ал 1866 жылы 16990 пұт мыс өндірген. 1858 жылдан 1866 жылдар аралығында 47,470 пұт мыс 355 өндірген. Көктас - Жартас кен орындарынан 1886—1892 жылдар аралығындағы 7 жылда 46736 пұт күмісті - қорғасын кенін, 158570 пұт мыс өндірген.
Баянауыл тауларының солтүстігінде орналасқан ірі кен қазба орындарының көлемді бір тобы Сары адыр немесе Александровский - Баянауылдан 25 шақырым солтүстікте негізгі Баянауыл тау жоталарының солтүстік етегінде.
Сарыадырда мыс, алтын, күміс, қорғасын өндірген. Сарыадыр жүздеген метрге созылып жатқан сансыз кен өндірген үлкен шұңқырлар мен кен қалдығы үйінділерінен турады. Бұл топқа Сарыадырдан 14 шақырым оңтүстік батыста орналасқан Сарыадыр I, Сарыадыр II, Қарасу өзені аңғарында орналасқан Қанды қарасу I жатады.
Сарыадыр I - ден оңтүстікке қарай 1-2 шақырымда Тай сойған (Перун руднигі). Оның төбе-төбе кен қоқыстары үйінділері 400 метрге дейін созылып жатыр. Тай сойған кен орнының жанында Үзденбаевтың ескі қыстауы маңында Егізқара «чуд қазбалары», солтүстік және солтүстік - батыс бағытта Қазан ауыз (Степановский руднигі), Ақүзек шығыс және солтүстік - шығыс бағытта Қанды қарасу (Каринский руднигі), Алтынбас (Николаевский руднигі), Ескі жұрт (Спасский руднигі), Алтын тас (Аннинский) рудниктері бар.
Баянауылдан 40 шақырым солтүстік-шығыс бағытта Ұсақ бұйрат, Тезекбайсор, Алқасор (Алқа мерген) кенорындары.
Белгісіз автордың айтуынша, «Степановский руднигі - Қазанауыз көне кен қазба орындарының кен қоқыстары үйінділері ізімен ашылған». Биіктігі 2 метр төбе - төбе болған кен үйінділері астынан ақ сұр түсті жұқа кварц желілері араласқан құрамында мыс кені, азурит, малахит секілді кен минералдары бар сазды тақтатастар (сланец) табылған. Статистикалық есеп бойынша 1858 жылдан 1862 жылға дейін осы Степановский руднигінде құрамы 18 пайызға дейін сап мыстан тұратын 6000 тонна мыс кені өндірілген. 1857 жылдан 1868 жылға дейін Алтын таста 400 тонна мыс, Ақүзекте 1855 жылдан 1868 жылға дейін 25 тонна күміс, 45 т. мыс, Ескі жұртта 1856 жылдан 1868 жылға дейін 20 т. күмісті - қорғасын, 1500 т. мыс, Алтын таста (Николаевск) 1855 жылдан 1868 жылға дейін 1000 тоннаға жуық күмісті - қорғасын кені, 5000 т. мыс өндірілген. Бұл көрсетулер Баянауылда негізінен мысты және күмісті - қорғасынды кен орындары көп болғанын дәлелдейді.
Біршама көне кен қазба орындары Баянауыл далаларының солтүстік және солтүстік-шығыс бағытында Қайдауыл, Жамантұз пикеттеріне жақын Майқайың, Екібастұз маңында орналасқан. Олар: Қайрақтас, Ақбидайық, Қарабидайық кен орындары. Бұлардан батысқа қарай Майқайыңның жанында белгілі Алтын қазған (Колхида) және Бала арқалық, ал Екібастұз маңайында сәл батыс және солтүстік батыс бағыттарда Қызыл қайнар, Қызыл құдық (Крещенский) руднигі, Елемес, Екі төбе мыс кенорындары табылады. Екібастұздан батыс бағытта Шідерті өзені бойында Жанғабыл, Шақшан және Жамбасқұдық мыс өндірген көне қазба орындары бар. Осы ауданда археологиялық экспедиция қола дәуіріне және ертедегі скифтер дәуіріне жататын Тасмола және Нұрмамбет ескерткіштерін зерттеді. Бұл жерлерден қоладан, алтыннан құйған тамаша қолөнер туындылары жатқан арыстанның алтын мүсіні, тау ешкісінің қоладан құйған мүсіні, қоладан жасалған бұғының басы т.б. табылды. Осы секілді алтын мен қоладан құйылған тамаша өнер туындыларының пайда болуы осы ауданда Майқайың (Алтын қазған) алтын кен орындары мен Төртқұдық, Бестөбе секілді мыс орындарының болуымен байланысты.
Баянауылдың батыс бөлігіндегі көне қазба орындарынан белгілілері Мырзашоқы, Сарытөбе, (Диановский) руднигі және Шақпақтас. Кен тастары Баянауыл тау жоталарының түстігіндегі Мырзашоқы тауының бетіне шығып жатқан темірлі жылғалардан және терістіктегі Жасыбай көліне жақын жатқан адырлы таудың бетінде шығып жатқан мыс, мырыш, алтыны бар руда жылғаларынан алынған.
Баянауылдан Мырзашоқы 10 шақырымда, Сарытөбе 23 шақырымда, Шақпақтас 45 шақырым оңтүстік - батыс бағытта. Бүл ірі кен орындарының 3-еуі де кәсіпкер -көпестердің сұраныстарында (заявка) геологтар мен тау-кен инженерлерінің еңбектерінде де кеңінен көрсетілген. Көпес С. Поповтың сұраныс қағаздарына Қарағанды осылардың ең ірісі Шақпақтас болған. Шақпақтаста ірі-ірі кен қалдықтары үйінділерімен 40-тан аса шұңқыр бар. Шақпақтастан өндірілген кеннің көлемі соншалықты көп болғандықтан, оны аса ірі Жезқазған, Саяқ, Атабай әділ (Шұрық), Алтынсу, Имантау кен орындарымен қатар қоюға болады.
Шақпақтас дүние жүзіндегі белгілі бес орынның бірін алған. Ресейдегі оңтүстік Орал тауындағы малахит қоры сарқылған болса, Шақпақтаста зерттеу жұмыстары бойынша қазіргі кезде малахиттің 50 тонна қоры бар екені анықталған. Кен өндіру масштабына (ауқымына) қарағанда Шақпақтас Баянауыл өңірінде мыс кенінің ең бай орындарының бірі және Орталық Қазақстандағы ең ірі металлургия ошақтарының бірі болған.
Көне кен қазба орындары Целиноградтан 120 шақырым солтүстік-шығыс бағытта және Баянауылдан 180 шақырым солтүстік - батыс бағыттағы Ерейментау тауларында көп тараған. Бұл жерде мыс, алтын және қорғасын өндірілген оннан аса көне кен орындарының атаулары мәлім. Осы кен орындары туралы Н.Г. Кассин, Г.И. Водорезов, Г.И. Медоев, А.И. Егоров, З.М. Старостиналар оз еңбектерінде жазды. Олардың ішіндегі ірілері Ерейментау тауының орталық бөлігінде орналасқан Мыңшұқыр кен орны. Мыңшұқырдан 10 және 15 шақырым қашықтықтарда оңтүстік батысында Қаратау және Алтын тау (Алтын қазған) кен орындары, ал, солтүстік - шығысында Жуантөбе, Керегетас, Найзатас мыс және алтын кен орындары бар.
Көне кен орындарының тағы бір үлкен бөлігі Ерейментаудың солтүстік - шығысында Өлеңінің солтүстік жағалауы мен Қоржынкөл өзені маңында орналасқан Үштаған, Сарыадыр, Көбексары, Кепе шошақ, Қызылсор, Төменсор, Қарасор т.б. кен орындары. Қоржынкөл өзені аймағы қола дәуірі ескерткіштеріне өте бай. Осы аймақтағы көне мыс және алтын кен қазба орындарының пайда болуы - Орталық Қазақстанды мекен еткен тайпалардың бір жағынан Қарқаралы, Баянауыл кен қазушылары, екінші жағынан алтын өндірген Көкшетау өңірі кен қазушыларымен байланысы нәтижесі. Байырғы мыс өндірген орындар Сарысу, Қарағанды далаларында Нұра, Сарысу, Атасу су айрықтарымен Теректі, Итжон, Тектұрмас, Бұғылы, Ортау, Алабас, Ақтау тауларында сақталған. Бұлардың ең көлемділері Қарағандыға жақын орналасқан Соқыр және Соранық көне кен қазба орындары (1855 жылдан Воскресенский және Спасский рудниктері деп аталған). Ұзынбұлақ, Майқұдық, Жасыл Балқа, Бұқпақарасу, Теректі (Новая Тихоновка), Тастыбұлақ I, П, Ш, Сарыдоңғал кен орындары және сәл басқа бағытта Үшбұлақ, Нілді (1855 жылдан Успенский) руднигі, Қазан сынған, Жосалы тағы басқалары орналасқан.
1796-шы жылы тау-кен инженері Безносиков Ботақара көлі маңында Қарағандыдан 55 шақырым шығыс - бағытта (қазіргі Ульяновск ауылы) «чуд қазбаларына» жататын көне рудникті қарап шыққан. 1838 жылы көпес Ф. Зенковтың заявкасында «Қарағандыдан 60 шақырым солтүстік шығыс бағытта, Шоқай тауларында орналасқан кен орны Үшбұлақта көне замандардан қалған мыс кені бар 43 метрге созылған ені 25 метрден үлкен шұңқырдың бары» жазылған.
1840 жылы А.Шахматов пен Козлов Нұра өзені алабын топографиялық суретке түсіріп жүріп, Шілдің Қарасуы қонысынан көне рудникке кез болған. Қарағандыға жақын орналасқан Соқыр, Соранық және Бұқпа көне кен қазба орындары - қола дәуірі ескерткіштері мен байырғы кеншілер қоныстарының шоғырланған жерлері. (Қарағанды 15,30, 31, Майқұдық, Жасыл Балқа).
Дегенмен Қарағанды далаларындағы ең танымал және Орталық Қазақстандағы ең ірі кен орындарының бірі, дүниежүзілік геология ғылымдарына бірінші болып енген Алтынтөбе руднигі болып есептеледі. Алтынтөбе - Алтынсу өзені аңғарында, Нұраның сол жақ құяр басында Қарағандыдан 60 шақырымда, Ульяновскіден 25 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан.
Алтын төбе кен орны 1786 жылдан белгілі. Бұл кен орнының тарихы кезінде Локтев заводының әкімшілігінің тапсыруымен түрлі-түсті қымбат тастар іздеумен шұғылданған белгілі қазақ кен барлаушысы Әшір Зариповтың есімімен байланысты.
- Сарысу өзенінің солтүстік жағалауынан, Сымтас маңында, Аралтөбе И.Г. Николаев -Сарысу өзенінен оңтүстікте, Қызыл еспеге барар жолда тауып белгілеген. Көп мәлім болмаған көне мыс және қалайы кен орындары Атасу өзені бастауларында
- Ақмұстафа ескі қыстауы жанында көп кездеседі. Халық ол жерлерді Жамбас қонақ, Атығай, Кенқазған деп атаған. Бұл кен қазба орындары — диаметрі 50 метрге дейін, тереңдігі 5 метрге дейін үйінділері аса байқалмайтын шөп өсіп кеткен шұңқырлар. Осы секілді дөңгелек немесе сопақша формалы шұңқырлар көбінесе қалайы өндірген кен орындарына тән.
Достарыңызбен бөлісу: |