САРЫАРҚАДАҒЫ ЕРТЕ ЗАМАНДАҒЫ МЕТАЛЛУРГИЯ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ АУҚЫМЫ
Сансыз кен қазба орындарының және металл балқыту орталықтарының табылуы - қола дәуірінде металл өндірісінің ауқымының кең болғанының дәлелі. Жезқазған, Кенқазған, Алтынтөбе, Саяқ, Каркаралинск, Баянауыл, Қарағанды тағы басқа көптеген байырғы кен қазба орындарындағы таудай үлкен кен қалдықтары үйінділері, Орталық Қазақстанның жер қойнауларынан қаншалықты кеп мөлшерде кен өндіріліп, қаншалықты көп мөлшерде мыс, қалайы, алтын, мырыш, күміс, қорғасын балқытылып, ал қола дәуірінің соңғы кезеңінде никель, марганец, темір балқытылғанын дәлелдейді.
Орталық Қазақстанның байырғы кен қазба орындарындағы кен қалдықтары үйінділерін зерттеген геолог - ғалымдарды өндірілген кеннің ауқымы туралы сұрақ үнемі толғандырды. Осы сұрақты алғаш 1816 жылы, Көкшетау уезінен Балқаштың солтүстігіне дейін созылып жатқан шексіз алқапты бес ай бойы аралап, көптеген байырғы кен қазба орындарын зерттеген орыс инженері И.П. Шангин көтерген болатын. Иман тау тауларында орналасқан көлемді «қазбаларын» зерттей келе И.П. Шангин: «Бұл жерден миллион пұттан кем кен өндірілмеген» - деп жазды. Орталық Қазақстанның байырғы кен қазба орындарынан өндірілген кеннің есебін жүргізумен тау-кен инженерлері Ж. де Кателен және С.Болл, Кеңестер Одағы кезінде - В.А. Пазухин, Қ.И. Сәтбаев, Г.Н. Щерба тағы басқалары шұғылданды. Г.Н. Щерба: «Размеры выработок указывают на то, что добыча руды в наиболее крупных разработках достигала сотен тысяч тонн, т.е. была значительной даже по современным масштабам»,- деп жазды. Г.Н. Щербаның есептеуінше, Орталық Қазақстанның кен орындарында ХІХ ғасырда өндірістік қазба жұмыстары басталғанға дейін 10 миллион тоннаға жуық кен өндіріліп, одан 450 мың тонна мыс балқытылған. С Боллдың, одан кейін Қ.И. Сәтбаевтың есептеулерінше, ертеде Жезқазғанда құрамында 10 мың тоннадан аса мыс кені бар 1 млн. тоннадан артық руда өндірілген. Ғалымдардың пікірінше, Жезқазғандағы кен қалдықтары үйінділері - ертедегі тау-кен ісі және металлургия өндірісіне қойылған ескерткіш іспетті.
Ғалымдарды «байырғы Сарыарқа даласы тұрғындары осыншама кенді не мақсатпен өндірді?» деген сұрақ мазалайды. Өндірілген кеннің ауқымы және металлургия өндірісінің көлемі Сарыарқа тұрғындарының сұраныстарынан бірнеше есе артық болғанына қарағанда, ертеде өндірілген металл сыртқа (экспорт) шығарылған. Металл ең алдымен тайпалардың шаруашылық және мәдени сұраныстарын өтеді, қажетті еңбек құрал-саймандары, түрлі күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен әшекей бұйымдар дайындалды. Орталық және Солтүстік Шығыс Қазақстандағы қола дәуірі ескерткіштері көбінесе мыстан, қола, алтын, күміс және басқа да түсті металдардан дайындалған. Ертеде металлургия өндірісінің көп бөлігі түрлі қару - жарақ - пышақтардың түрлерін, қанжарлар, айбалталар, найзалар мен жебелердің ұштарын жасауға арналды, олардың көпшілігі Атасу, Ақсу - Аюлы, Бегазы, Беласар, Бұғылы III, Былқылдақ I, II, III, Мырза шоқы, Ортау т.б. қоныстарынан табылды.
Күршім Алтайы және Қалба тауларында қазба жұмыстарын Колывано-Воскресенский заводының басқарушысы К.Д. Фролов, оның ұлы П.К. Фролов, ғалым Е.П. Михаэлис, көпес - кәсіпкер Мясниковтер жүргізді. Семей өңірінде қазба жұмыстарымен Облыс прокуроры А.Е. Врангель, Сібір кеден округінің бастығы И.А. Армстронг, кейінде Ф.Н. Педашенко, ағалы - інілі Белослюдовтар айналысты.
Баянауыл ауданында қазына іздеумен көпес А.Ф.Сорокин тынымсыз айналысып, көптеген қорғандарды ашты. Ол уақыттардағы қазба жұмыстары туралы тіркемелер жоқ, қазына табылған жерлер ешбір деректе көрсетілмеді, есеп жұмыстары жүргізілмеді, сондықтан да коллекциялардағы заттардың көпшілігін қай жерден алынғанын дәл анықтау мүмкін емес.
Көп жылдық археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде А.Е. Врангель, И.А. Армстронг, М.И. Суворцов, Ф.Н. Педашенко, ағалы-інілі Белослюдовтар Семейде, А.И. Бахирев, Ф.И. Альбрехт, геолог Голимонт, өлкетанушы В.П. Никитин және басқалары Каркаралинскіде тастан және қоладан жасалған құрал-саймандардың коллекциясын жинады. Олардың коллекцияларындағы кейбір заттар 1883 жылы ашылған Семей музейінің негізін құрады. А.Е. Врангельдің коллекциясының тағдыры беймәлім. Бұл коллекциядағы заттар Ертіс өзенінен батысқа қарай бағыттағы алқаптан, кәсіпкер - көпес Степан Сорокиннің үйіне жақын Ертіс бойындағы қорғандардан, Қарқаралы даласынан, яғни, Семейден 150 шақырым солтүстік - батыс бағыттағы Воздвиженский заводы орналасқан Қалмақ тас қонысынан алынған. А.Е. Врангель де Андрей Аргымаков, Николай Щукин секілді ағалы-інілі Поповтардың адам күшімен қамтамасыз етіп, қазба жұмыстары кезінде жиі шақырып отыратын беделді кеңесшілерінің бірі болатын. 1856 жылы Семейден қайтқан кезінде, А.Е. Врангель өзінің коллекциясын сол жерде айдауда жүрген Ф.М. Достоевскийге қалдырады. Дегенмен, Ф.М. Достоевский екі жылдан соң, еліне қайтар алдында А.Е. Врангельге жазған хатында: «Куда девалась вся коллекция, не знаю. Ваш маленький кинжал я почел своей собственностью, и уезжая (из Семипалатинска) подарил Валиханову», деп жазған.
Өкініштісі, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ескерткіштер мемлекеттік сақтау орындарына тапсырылмай, қолдан қолға, жеке коллекцияларға тарап, кейбірі қайта балқытылып кетті. Дегенмен, олардың біразы сол кездегі А.И. Шренк, М. Погодин, А.А. Гаудук, Н.М. Ядринцев секілді танымал ғалымдардың қолына түсіп, солар арқылы музейлер қорына түсті. А.И. Шренк Орталық Қазақстанға 1840-1843 жылдар аралығында Көкшетау, Ұлытау, Жезқазған, Сарысу, Баянауыл, Қарқаралы, Аягөз және Көкпекті округінің біраз жеріне саяхат жасаған кезінде небір тамаша заттар жинап алды. Қоладан жасалған ірі 120 құралдар бүгін Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде сақталған. Сарыарқа даласынан жиналған қола заттардың коллекциясы Эрмитажда.
Қарқаралы және Баянауыл округтерінен жиналған қоладан жасалған ірі құралдар Қарқаралы округтік приказінің хатшысы А.И. Бахиревтің коллекциясында болды. Ол 1847 жылдан Омбы кадет корпусы болған, бұрынғы Сібір кадет корпусында оқыды және қазақ тілін жақсы білді 768. А.И. Бахирев Ф.М.
Достоевскиймен достық қатынаста болған, оның жазушыға жазған хаты Ленинградта Пушкин үйінде сақтаулы. А.И. Бахирев әкімшілік жұмыстарымен қатар, Қарқаралының оңтүстік бөлігінде жергілікті халық күні бүгінге дейін «бахиревский» деп атайтын өзінің кішігірім балқыту заводын салып алған болатын. Жаз айларын ол заводта өткізіп, қазба жұмыстарымен шұғылданатын. А.И. Бахиревтің қоладан жасалған құрал-саймандар коллекциясы 1868 жылы Ұлы князь Владимирдің Батыс Сібірге келуі құрметіне ұйымдастырылған көне заттар көрмесіне қойылған болатын 768. Бүл оқиғаға Петерборда жасалған арнайы бағдарлама бойынша 1,5 жыл бойы дайындық жұмыстары жүргізілді және көрменің жұмысына 8 дала округі қатысқан еді. Көрмені ұйымдастыруда А.И. Бахиревтің коллекциясын ұсынған Қарқаралы округі ерекше ынта көрсетті. Омбы кадет корпусының ұстазы Н.П.Буланже және Ұлы князьдің свитасында болған Петербор университетінің профессоры Ф.Кеселер, бүгінде Ленинградтың Октябрь революциясы және кеңес құрылысы архивінде сақталған небір тамаша фотосуреттерді жасаған болатын.
«Древние предметы» деп аталған фотосуреттен А.И.Бахиревтің коллекциясында әшекей бұйымдар жоқ, 30- ға жуық қоладан жасалған қару-жарақтар мен құрал-саймандардың болғанын көреміз. Фотосуреттерге қарағанда, көрмеге қойылған қола заттардың бәрі салмақты және жақсы сақталған. Солардың ішінде екі үлкен, пішіні торт қырлы, екі жағы да жүзді шот балға, бір жалпақ келіп, тағы бір сопақша пішінді кельт, үш қоладан жасалған қайла, ілгегі бар барлық қырлары соғылған балта, жоғарғы жағы дөңгелекше келген қола қанжар, түрлі типтегі алты қола пышақ, садақтың қоладан жасалған ұшы және он қола найзаның ұштары, бір шапашот, үш біз бар. А.И. Бахиревтің және А.И. Шренктің коллекцияларынан байқағанымыз, қазбашылар ертедегі молалардан қоладан жасалған заттардың тек ірілерін алған, ал кішіректері оларды қызықтырмаған болуы керек. Бүл коллекциялардан Орталық Қазақстандағы Беғазы - Дәндібай кезеңі ескерткіштерінде қоладан жасалған ірі заттар көп болғанын көреміз. Бүгінде бұлар сирек кездеседі. С.В. Киселевтің байқауынша,
Еңісайдағы Қарасуық мәдениеті ескерткіштерінде де қоладан жасалған ірі заттар кездеспейді. Қола дәуірі ескерткіштерінде, талан-таражға түскеніне қарамастан, әсіресе Атасу және Беғазы - Дәндібай кезеңдерінде бүгін де көп мөлшерде қоладан жасалған құрал - саймандар, қару-жарақ, күнделікті тұрмыста қолданылған заттар, әшекей бұйымдар кездеседі. Үлкен қоладан жасалған құралдар - пышақтар, кельттер, балталар ертедегі металлургтердің тұрақтарын қазу жұмыстары кезінде Жезқазған, Қарқаралы I, II, III (Суықбұлақ), Шортанды бұлақ, Бестөбе, Степняк, Трушниково қоныстарынан және Майқайың, Бестөбе, Степняк, Ақсу көне карьерлерінен алынды.
Орталық Қазақстанның ерте қола кезеңіне жататын ескерткіштері негізінен Нұра, Есіл, Шідерті, Өлеңді, Сілеті өзендері аңғарларында, Ертіс өзенінің сол жақ құйылысында және Баянауыл, Қарқаралы тауларының шатқалдарында орналасқан. Өкінішке қарай, ерте қола дәуірі ескерткіштерінің тізімі әлі құрастырылмаған. Ерте қола дәуірі ескерткіштерінен белгілілері - Ақмола, Ақшатау, Бұғылы I, Бесоба I, Мырза шоқы I, Нұра өзені жарындағы (Теміртау қаласы жанында) ескерткіштер. Бұл топтағы ескерткіштердің ерекшелігі, мыстан жасалған құралдар мен әшекей бұйымдардың алғашқы үлгісінің табылуы. Осы жерлерден табылған қысқа сына секілді 5 пышақ Қарағанды тарихи өлкетану музейінде сақтаулы. Олардың біреуі Бесобадан (С.В.Киселев қазбалары, 1940 ж.), екеуі Нұра өзенінің жарынан, біреуі Мырза шоқыдан (Л.Ф.Семенов қазбалары, 1952 ж.), ұзын, енсіз келген бір пышақ Қарағанды 15 тұрағынан (М.Н.Клапчуктің қазбалары) табылған болатын. Орталық Қазақстанның ерте қола кезеңіне жататын ескерткіштерінен қоладан жасалған заттардың кездесуі сирек, негізінен геометриялық өрнектері бар мыстан жасалған әшекейлер жиі кездеседі (Ақмола, Мырза шоқы, Кіші Қойтас). Ал, қоладан жасалған құралдар мен әшекейлер қола дәуірінің орта кезеңі, әсіресе, соңғы кезеңі ескерткіштерінде көп.
Жезқазған және Қарқаралы қоныстарын қазу туралы деректер бойынша, қола дәуірінің ерте және орта кезеңдерінде байырғы кеншілер тастан жасалған құралдар — шой балғаларды, қайлалар, сыналар мен шот балғаларды пайдаланған. Тас құрал саймандардан металдан жасалған құрал саймандарға көшу, қола дәуірінің орта кезеңінің екінші жартысында, андрон мәдениетінен Беғазы - Дәндібай мәдениетіне өту кезеңінде іске асты. Бұл кезеңде қоладан жасалған үлкен де ауыр құрал-саймандар: екі жағы да жүзді шот балғалар, қайлалар, ломдар, балтаның түрлері, орақтар, шапашоттар, балғалар шыға бастады. Орталық Қазақстан шеберханаларында қоладан жасалған құрал-саймандардан ең үлкені, құтты бір алып адамдар үшін жасалғандай төрт қырлы, қоладан жасалған, ұзындығы 40-50 см болып келген екі жағы да жұмысқа бейімделген шот балға. Өте ыңғайсыз және тұрпайы жасалған ертедегі Жезқазған карьерлерінен табылған қайлалармен, шой балғалар мен салыстырғанда, Орталық Қазақстанда металдан жасалған екі жағы да жүзді қола шот балғалардың пайда болуы үлкен прогресс еді. Шын мәнінде ертедегі тас қайлаларға қарағанда, қола шот балғалардың өнімділігі жоғары болды. Шот балғаның үлкендігіне қарай, байырғы кеншілерге кен орнының жоғарғы қабатын бұзып, кен желісін ұсату үшін жұмысты көп жеңілдеткенін түсінуге болады. Орталық және Солтүстік - Шығыс Қазақстанның көне рудниктерінен 20-га жуық шот балғалар жиналса, олардың жартысынан көбі Қарқаралы және Баянауыл аудандарындағы рудниктерден алынды. Қола шот балғаның үлкен сынығы Жезқазғанның Кресто - Воздвиженский руднигінен, торт шот балға - Қалба жоталарындағы ескі рудниктен, төртеуі - Степняк карьерінен, Бестөбеден және Ақсу рудниктерінен екі екіден, бір үлкен шот балға Шыңғыс жотасының оңтүстік сілеміндегі Жанама өзені бойындағы ескі рудниктен табылды.
Бірте-бірте тас кетпендерді айналыстан шығарған, тау-кен ісіндегі нәтижелі құралдың бірі - қоладан жасалған қайла болды. Табылған қола қайлалар өте көп емес, олардың көпшілігі ертедегі шашыранды алтын мен қалайы өндірген орындардан табылған. Орталық және Солтүстік - Шығыс Қазақстаннан табылған 11 қайланың үшеуі Қарқаралы ауданынан, екеуі Баянауыл ауданының, екеуі Қалба жоталарындағы байырғы қазба орындарынан, екі қайла Семей облысынан, біреуі - Бестөбе және тағы бір қайла Шығыс Қазақстан облысы Суықбұлақ көне кен орнынан алынды. Қайлалардың көпшілігі сына пішіндес, жалпақ ұңғымасы бар, басы эллипс тәрізді. Ұңғымасыз қимасы дөңгелек келген, басы үшкір қоладан жасалған қайла Бестөбеден табылды. Қалба жоталарынан табылған қайла да ұңғымасыз басы үшкір төрт қырлы сына пішіндес. Бұл екі қайла да бұрынғы тастан жасалған құралдармен салыстырғанда әлдеқайда икемді, дегенмен, қайланың сабы нық орнатылмаған, байланған. Қайлалардың ең соңғы үлгілері Семейден және Баянауылдан табылған қайлалар деп есептеледі.
Тау-кен ісінде өте қажетті құралдардың бірі үлкен қола сыналар Майқайың көне қазба орындарынан, Қарқаралы руднигінен және Қалба тауларындағы Троицк прийскісінен табылды.
Қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі тау-кен ісінде қолданылған күшті құралдардың бірі -ұзын және ұшы үшкір етіп жасалған қола. Жезқазғанның Кресто - Воздвиженский карьерінен 1941 жылы тау-кен инженері Д.Я. Анисимов қоладан жасалған ломның сынығын тапты. Ломдар Степняк қазба орындарынан да табылды. Бірі Орталық Қазақстанның шығыс бөлігінен, екіншісі, Шығыс Қазақстан облысы Малая Красноярка ауылынан табылған екі Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде сақталған. Үлкен қола Семей музейінде де сақтаулы. Дәл сондай Қарқаралы даласындағы рудниктерден алынған А.И. Бахриевтің коллекциясындағы үлкен қола 1868 жылы көрмеге қойылған болатын.
Қола дәуірінде Орталық Қазақстанда тау-кен ісінде қоладан жасалған құрал-саймандарды пайдалану, кен өндіру техникасын түбегейлі өзгертуге эсер еткеніне күмән жоқ. Қоладан жасалған күшті құрал-саймандарды қолдану арқасында байырғы рудниктердің жанында төбе-төбе кен қалдықтары үйінділері пайда болды.
Орталық Қазақстан аймағын мекен еткен байырғы тайпалардың шаруашылық ісінде маңызды орын алған көлемді құралдардың бірі. Олар Монголиядан Қырымға дейінгі шексіз аймақта өте көп тараған. Қазақстаннан табылған кельттер өзгеше пішінде олар күрек тәрізді. Бүкіл Қазақстан территориясынан торт күрек - кельт табылса, біреуі Қазақстан Алтайында Күршім өзені бойынан, екіншісі, Қалба тауларынан, үшіншісі – Арқаталжан тауының жанындағы қазба орнынан, төртіншісі - А.А.Бахиревтің коллекциясына Қарқаралы даласынан түскен және 1868 жылғы көрмеге қойылған. Осы төртінші күрек - кельттің болғанын тек Н. Буланже түсірген фотосуреттен білеміз, ал оның көрмеден кейінгі тағдыры беймәлім. Сол көрмеде А.А. Бахиревтің коллекциясынан тағы екі кельт көрсетілген. Олардың бірі сопақша келген, томпақша белбеуі және екі құлағы бар, екіншісі, кетпен тәрізді тесіп өткен ұңғымасы бар. Музейлерде сақталған кельттерде Семей облысынан деп көрсетілген. Ал, Дегелең тауларынан бастап, Бетпақдаланың солтүстігін және Балқаштың солтүстігіндегі кең алқапты қамтыған Қарқаралы болысының барлық территориясы Қазан төңкерісіне дейін осы Семей облысының құрамында болғанын ескерсек, «Семей облысынан» деп көрсетілген көптеген қоладан жасалған заттардың Қарқаралы болысының территориясынан табылғанын түсіну қиын емес. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы кельт Қарқаралы II қонысын қазу жұмыстары кезінде табылған. Бұрынғы Семей облысынан алынған қоладан жасалған бір кельт Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде сақталған, біреуі Семей музейінде, ал, құлақты қоладан жасалған кельттің сынығы Мәскеудегі Ресей мемлекеттік тарих музейінде сақталған. Қазақстан территориясында типіне жататын құлағы және белбеуі бар, кейбіреулері өрнектелген, жіңішке келген, қоладан жасалған кельттер көп таралған. Осындай С.С. Черников суреттеген, Қалба тауларындағы Березовка ауылынан табылған бір кельт Өскемен тарихи - өлкетану музейінде сақталған. Зайсан тауына жақын Май Қапшағайдан табылған кельттер, Қалба жоталарынан табылған екі кельт, Троицкі приискісінен табылған кельт бәрі осы типіне жататын кельттер. Белбеушесі бар кішірек келген кельтті В.В. Радлов алғаш рет Күршім өзені аңғарындағы көне қазба орындарынан тапқан болатын. Кейінірек дәл осы аңғардан ойламаған жерден С.С. Черников суреттеген, Өскемен тарихи - өлкетану музейінде сақталған кельт табылған еді. Ал бүгінде
Қазақ КСР - і Геология музейінде сақтаулы үшінші кельтті, Г.Н. Щерба Қарашоқы көне қазба орындарынан тапты. Ассиметриялы формалы кішірек кельт Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде сақталған. Кіші формалы кельтердің табылуының батыс бөлігі Қарқаралы II қонысымен шектеледі. Байырғы Степняк және Ақсу (Сталинский) қазба орындарынан да кельтке ұқсас біраз құралдар табылды. Жалпы Орталық және Шығыс Қазақстан аймағынан табылған кельттердің және ұқсас құралдардың саны 20-дан асады.
Қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын қоладан жасалған салмақты құралдардың тобын уатқыш балталар құрайды. Олардың көрікті пішіндері мен нәзік өңдеуіне қарап, құрал-сайманнан гөрі, қару-жараққа жатқызу дұрыс. Бұл қарудың көркем үлгілері Орталық Қазақстанның Шығыс бөлігінен (Қарқаралы, Баянауыл аудандары), Ертіс өзені бойынан, Семей маңынан, Бестөбе, Ақсу көне рудниктерінен, Қалба, Нарым тауларынан табылды. Уатқыш балталар негізінен салмақты және пішіні келісімді, көбінесе жүзі енсіз, қысаң келеді де, басы салмақты, рельефті шығыңқы жалы, кейде кертігі бар болып келеді. Мұндай айбалтамен қаруланған жауынгер қарсыласын балтаның жүзімен де, басындағы үшкір кертігімен де жарақаттайды. Дегенмен шығыңқы кертік балталардың бәрінде бола бермейді, көбінің жүзі өткір және басы домалақ болып келеді.
Қазақстан аумағынан жалпы 25-ке жуық басы ұзынша әрі жалпақ келген кен уатқыш (вислообушный) балта табылса, олар негізінен Орталық Қазақстанның Шығыс және Солтүстік - шығыс аймақтарынан (8 дана), Шығыс Қазақстанның әр жерінен, Алматы облысынан (4 дана). Кезінде бүл балталарды кәсіпкер - көпес С.И. Попов жинап, А.И. Шренк пен А.А. Гадукке береді. Геолог - ғалымдар бұл балталарды өз кезегінде музейлерге тапсырған. Осы айбалталардың негізгі бөлігі Эрмитажда, Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде, Мәскеудегі Ресей мемлекеттік тарих музейінде, Омбы, Семей музейлерінде, Қазақ ССР - і Орталық мемлекеттік музейінде сақталған. Сонымен қатар И.А. Амстронгтың, А.А. Гацуктің, И.Р.Аспелиннің, A.M. Тальгреннің тағы басқа да кеңестік ғалымдардың еңбектерінде осы балталарға сипаттамалар берілген.
Орталық және Шығыс Қазақстан территориясынан табылған балталардың біразы шағын, жалпақ, жаны қиғашталып келген, ілмегі бар. Мұндай шағын, жалпақ балталар туралы М.П. Грязновтың және A.M. Тальреннің еңбектерінен оқуға болады. Табылған балталардың барлық саны - 18. Осындай балталардың коллекциясын Баянауыл, Қарқаралы және Көкпекті округтерінен А.И. Шренк жинаған еді, бүгінде олардың 11 данасы Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде сақталған. Қарқаралы ауданынан табылған жалпақ кен уатқыш балтаның бір данасы 1868 жылғы көрмеде көрсетілгенін Н. Буланженің фотосуреті арқылы білеміз. Орталық және Солтүстік - Шығыс Қазақстанның әр жерінен табылған жайпақ балталар бір-бір данадан Эрмитажда, Томск университетінің археология музейінде, ал Майқапшағайдан (Зайсан), бұрынғы Өскемен уезінен және Орталық Қазақстанның шығыс шетінен табылған жекелеген балталар Семей музейінде сақталған. Қазақ ССР- і Орталық мемлекеттік музейінде сақтаулы кен уатқыш балта, Алматы маңындағы Алексеевка ауылынан табылған.
Металл өндеуге байланысты, байырғы адамдар шаруашылықта темір бұйымдарды соғу және оларға нақыш қондыру үшін қолданған құралдардан - қоладан жасалған балғаларды атауға болады. Қазақстан территориясында балғалардың екі түрі кездеседі. Біріншісі, сом темірден жасалған тік төртбұрышты, сап орнататын тесігі бар Hұpа өзенінің тік жарынан табылған балға. Екіншісі, кельт секілді болып келген, құлақты және ұңғымасы бар. Бұл балғаның үлгілері Степняк, Бестөбе, Ақсу рудниктерінен табылды. Шығыс Қазақстан территориясынан табылған қола балғалар Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде және бір данасы Мәскеудегі Ресей мемлекеттік тарих музейінде сақтаулы.
Қола құралдардың біразы ағаш өңдеумен және үй кәсіпкерлігіндегі қажеттіліктермен байланысты. Бұларға Орталық және Шығыс Қазақстан аумағынан және Жетісу облысынан табылған қашаулар (26 дана) және шапашоттар (34 дана) жатады. Шапашот жазық, тегіс келген, екі жағына тесіп өткен ұңғымасы бар, жүзі енді және екі жаны қиғаш келген құрал. Қашаудың бірнеше түрі кездеседі. Қашаулардың көпшілігі сына секілді, науа іспеттес және көп қырлы болып келеді.
Орталық және Солтүстік - Шығыс Қазақстан территориясынан қоладан жасалған 68 біз және 20 ине табылды. Ұсақ, бірақ шаруашылықта өте қажет бұл заттардың көп мөлшерде табылуы - киім, аяқ киім тігу, белдік - белбеулер, ат – тұрмандарын жасау,теріден және киізден түрлі заттар, киім дайындау үрдістерінің дамығанын және үй кәсіпшілігінің болғанын дәлелдейді. Орталық Қазақстанда қоладан жасалған біздердің төрт түрі анықталды: 1) ромбы пішінді, қысқа, өте ертеректе дайындалған біздер (Шерубай нұра, Бесоба өзендері маңы, Долинское ауылы); 2) Төрт қырлы, екі жағы да үшкір біздер (Ай шырақ, Өлке); 3) төрт қырлы үлкен, бір ұшы ғана үшкір келген кейінірек жасалған біздер (Саңғыру 1, Шортанды бұлақ, Мырза шоқы т.б.); 4) төрт қырлы, бір ұшы ғана үшкір, сабымен біздің үшін бөліп тұратын томпақ келген дөңгелегі бар қоладан жасалған біздер (Байыштың Қарашоқысы, Қарағанды 15 тұрағы, Ақсу руднигі (Сталинский); 5) дөңгелек қималы қоладан құйылған біздер (Қарқаралы I, II).
Орталық Қазақстан ескерткіштерінде біз құятын қалыптар да табылды. Милықұдық қонысының мәдени қабатынан сүр құмтастан жасалған трапеция формалы білеу табылды. Оның тегіс бетінде үш қатар тереңдігі 5 мм, ұштары жіңішке келген сызық атыздар бар. Бұл қалып бір мезетте үш бірдей біз құйып шығарады.
Орталық Қазақстан ескерткіштерінде құйылған, ірі қимасы дөңгелек, қайрылған құлағы бар, жақсы сақталған қоладан жасалған инелер кездеседі. Беғазы V және Бұғылы III мавзолейлерінен табылған қола инелер, классикалық үлгісі болып табылады.
Орталық Қазақстанның байырғы металлургтері алынған қоланың көп бөлігін қару-жарақ жасау үшін пайдаланған. Қазба жұмыстары кезінде өте көп табылған найзаның, садақтың қоладан жасалған ұштары, қанжарлар, айбалталар осының дәлелі. Қола қару-жарақтың коп табылуы, тайпалар арасындағы жер үшін болған қақтығыстарда қажеттігі болғанын байқатады.
Есеп бойынша, бүгінде музейлерде Орталық, Солтүстік - Шығыс және Шығыс Қазақстан территорияларынан табылған 100-ден аса қола пышақтар сақтаулы. Олардың ішінде Тобыл өзені бойындағы Алексеевка қонысынан табылған екі пышақ, Құлынды даласынан табылған бір пышақ, сонымен қатар, С.С. Черниковтің Шығыс Қазақстан экспедициясынан және B.C. Сорокиннің Ақтөбе экспедицияларынан әкелген пышақтары да бар.
Орталық Қазақстанда табылған қола пышақтардың бірнеше типі анықталды. Олардың ертеректе дайындалған типтері қысқа, ұшы жалпақ келген (Бесоба) немесе қысқа, ұлы жіңішке (Мырза шоқы) келген пышақтар. Бұл пышақтар Батыс Алтайдан табылған пышақтарына ұқсас. Дегенмен, Орталық Қазақстаннан табылған пышақтар олардан да ертеректе жасалған, тіпті алғашқы тас пышақтарға ұқсас.
Екінші типіне - жіңішке, ұзын қола пышақтар жатады. Олар негізінен сабының басы жұмыр келген, тік, түзу жасалған пышақтар. Осындай бес пышақтың екеуі - Теміртау қаласына жақын, Нұра өзенінің жарынан, біреуі - Қарағанды 15 тұрағынан, біреуі Степняктан, бесіншісі Баянауыл ауданынан табылды. Баянауылдан табылған пышақ Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде сақталған.
Үшінші типке - жалпақ, сәл ойық, сабының басы жұмыр келген қоладан жасалған пышақ жатады. Мұндай пышақ тек 1955 жылы Ортау тобына жататын қорғандарды қазу жұмыстары кезінде табылған жалғыз пышақ.
Төртінші типтегі пышақтар - сабының басы дөңгеленіп келген сәл ғана доға іспеттес, жіңішке тік пышақтар. Семей облысынан делінген осындай бір пышақ Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде сақталған.
Орталық және Шығыс Қазақстан аймағынан табылған қола пышақтардың коп бөлігін тұтас етіп металдан құйып жасаған пышақтар құрайды. Олардың ұзын етіп жасалған сабының бас жағы жұмыр және тесігі бар, пышақтың ойықталып келген ұшы имек. Орталық Қазақстаннан мұндай пышақтардың он экземпляры табылды. Қарқаралы ауданынан табылған екі пышақ Эрмитажда, тағы екі пышақ Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде сақталған. Осындай үш пышақ 1868 жылы көрмеге қойылғанын Н.Буланженің фотосуреттерінен көреміз. Баянауыл ауданындағы Сұңқария қонысынан бір пышақ, Қарқаралы I тұрағынан В.Е. Ясенецкая осындай пышақтың сирек кездесетін бір экземплярын тапты және 1962 жылы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Қарқаралы II қонысының мәдени қабатынан үлкен қоладан жасалған пышақ табылды. Имек келген пышақтардың Степняктен - 5, Ақсу руднигінен (Сталинский) - 4, Бестөбеден -1, Алексеевскі қонысынан -1, Құлынды даласынан -1, Семей маңынан -1, Семейдегі жағалық шағылдардан - 2 табылды. Дәл осындай пышақтар Қалба және Нарым тауларынан да табылды. Мұндай пышақтар Эрмитажда, Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде, Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік тарих музейінде, Омбы, Семей және Өскемен тарихи - өлкетану музейлерінде сақтаулы.
Қазақстан территориясынан бас жағы ойыс келген типтегі пышақтар табылған. Мұндай бас жағы мәнерлі жасалған науасы бар пышақтардан металды көркемдеу әдістерінің аздаған іздерін көруге болады. Осындай пышақтың ерекше бір данасын 1883 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданында Жұмба өзені бойындағы қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу кезінде Н.М. Ядринцев тапқан болатын. Бұл пышақты Н.М. Ядринцев қазба жұмыстары кезінде табылған басқа да заттармен бірге Иркутск музейіне тапсырған. Сабы көркемделген, бас жағында бір-біріне қарама қарсы тұрған екі аттың силуэті бар пышақты С.В. Киселев қателесіп деп көрсеткенімен, кейінірек, С.С. Черников пышақтың табылған орнын дәл айқындап берді. Қоладан жасалған пышақтың тамаша үлгісі Нарым жотасының ертедегі шашыранды қалайы кен орынынан тапты. Пышақтың кертпеші, науалары және сабының көркемделген бас жағында тесігі бар. Бұл пышақтың ерекшелігі, тамға белгілері және штрихталып жасалған, тік науаларды бір-бірінен бөліп тұрған құйрықты үшбұрыштардан туратын геометриялық ою-өрнегі бар. Пышақ Мәскеу қаласында Ресей мемлекеттік тарих музейінде, М. Погодин жинаған заттармен бірге. Бас жағы ойыс келген пышақтардың екі данасы Өскемен қаласы маңынан және Суық бұлақ көне қазба орнынан да екі данасы табылды.
Қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын басы дөңгелек, табақша жұқа келген пышақтар, арқасы томпақша, сабының басы дөңгелек пышақтар, сонымен бірге екі жүзді, ойылған тегісі бар сабы тұтас шыққан пышақтар бар. Табылған екі экземпляр пышақтың біреуі Рахмановские Ключи ауданынан (Шығыс Қазақстан), екіншісі Қарқаралы ауданынан. Пышақтардың екеуі де Семей музейінде сақтаулы.
Қазақстан территориясынан қола дәуірінің орта және соңғы кезеңдеріне жататын 50-ге жуық қанжарлар табылды. Кіші Қойтастан табылған данасы ең көне болып есептеледі. Басы жалпақ сабының түбінде ойығы бар қола қанжарлар, қола дәуірінің орта кезеңіне жатады. Кейінірек жасалған, кертігі бар қанжарлардың да біразы белгілі. Қанжарлардың негізгі бөлігі Орталық Қазақстаннан (12 дана), Шығыс Қазақстаннан (9 дана) және Семей облысынан (10 дана) табылды. Орталық Қазақстан аумағынан табылған қанжарлар -Былқылдақ I, Нұра өзенінің жарынан (Ульяновск ауданының Красная Круча ауылы), Баянауылдан және ағайынды Поповтардың бұрынғы приискілерінен табылды, Қаркаралы округінен алынған, А.И. Бахиревтің коллекциясындағы үлкен қанжар туралы Н. Буланженің фотосуретінен көреміз; Үшеуінің кертігі бар, ал біреуі Былқылдақтан табылған қанжарға ұқсас - төрт қанжарды 1840-1841 жылдары Баянауыл және Қарқаралы округтарында қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу кезінде А.И. Щренк жинаған болатын. Олар бүгінде Эрмитажда 854, Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде, Семей музейінде сақталған.
Орталық Қазақстан аумағынан 12 найзаның ұштары табылса, олар Айнакөлден (Жезқазған), Үлкен Михайловка ауылынан (Қарағанды), Қарқаралы I және Беғазы I тұрақтарынан, Балқаштың солтүстігінен, Мырза шоқыдан табылды. Беғазы № 1 мавзолейінен найзаның қайталанбас данасы табылды. Бір найзаның ұшы Эрмитажда, төртеуі - Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде (олардың үшеуі төлкелі, біреуі сайты) сақталса, екі найзаның ұшының, Н.Буланженің фотосуреті бойынша, 1868 жылы көрмеге қойылғанын білеміз.
Қоладан жасалған найзаның ұшын құятын қалыптар Милықұдық қонысының мәдени қабаттарынан және Бұғылы I қонысынан табылды.
Қоладан жасалған қару-жарақтардың ең көп табылған түрі жебенің ұштары. Жебенің ұштарының осынша жойқын түрде табылуы - тек қола мәдениеті туған жерде ғана мүмкін. Бір Қарағанды облысы аумағынан 15 дана жебенің ұшы, Ай шырақтан - 5, Бетпақдаладан -6, Жезқазғаннан - 3, Шортанды бұлақтан - 3, Ортаудан - 3, Беғазыдан - 2, Дәндібайдан - 2, Нұраның жарынан - 2, Үлкен Михайловка ауылынан (Қарағанды) - 2, Бестөбе, Баянауыл, Былқылдақ, Бала құл болды, Әлеп ауылынан, Каркаралинскі қонысынан, Санғыру ІІІ - тен бір данадан табылды. Осылардан басқа Сарыарқа даласының әр жерінен кездейсоқ табылған көптеген қола заттар тіркелді. Барлық саны 20-га жуық жебенің ұштары А.И. Шренктің және ағалы - інілі Белослюдовтардың коллекциясында Ресей ғылым академиясының антропология және этнография музейінде, бесеуі Ташкент музейінде (бұрынғы Ақмола облысынан), бесеуі Семей музейінде сақтаулы. А.И. Бахиревтің коллекциясындағы үш жебенің ұшы туралы Н.Буланженің фотосуретінен білеміз.
Орталық және Солтүстік - Шығыс Қазақстаннан табылған қоладан жасалған жебенің ұштарының жалпы саны шамамен 104 экземплярды құрайды және олардың 84-і төлкелі -қос қауырсынды, 20 - сы жебенің ұшына таяқ кигізген.
Ерте замандарда әшекейлердің ерекше тобын қола дәуірі молаларында жиі кездесетін пронизкалар құрады. Пронизкалар негізінен цилиндр немесе ромбы (Қарабие) формалы, беті тегіс, иректі не бедерлі болып келеді. Өте ерте кезеңге жататын пронизкалар ұзынша келіп, жұқа мыс пластиналардан оралған. Барлық табылған 20 пронизканың үшеуінің беті тегіс және үшеуі бедерлі. Бұлар Ай шырақтан; Алексеевка қонысынан табылған екі пронизка иректі, Былқылдақтан табылған екі пронизканың біреуі бедерлі, біреуі иректі; Саңғырудан табылған бір пронизканың беті тегіс келген, Қарабиеден табылған пронизкалардың біреуі бедерлі, төртеуінің беті тегіс, Қыргелдіден табылғаны торт бедерлі және бір иректі пронизка.
Әшекей бұйымдардың ерекше тобын орта қола дәуірінің Атасу кезеңіне жататын ескерткіштерінен табылған табан тәрізді салпыншақтар құрайды. Олардың Ақсу-Аюлыдан -3, Былқылдақ.
Қола дәуірінің ескерткіштерінде қоладан жасалған әшекейлердің өте көп кездесуі, металлургия өндірісінің және жеке үй кәсіпшілігінің қарқынды дамығанының айғағы. Ежелгі адамдар салмақты білезіктер, алтын жалатқан сырғалар, жүзіктер, алқалар, кейде бүкіл киімге қадалған жапсырма оқалар, қола моншақтар мен ұсақ биссер моншақтардан жасалған алқалар секілді салмақты, бай әшекейлерді ұнатқан, бағалай білген. Сарыарқа тұрғындары арасында Атасу кезеңінен бастап қоладан жасалған әшекейлер дәстүрге айналған.
Сарыарқа аумағында ежелгі металлургияның дамуы қола дәуірінің соңғы кезеңінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Бұл кезең металл балқыту, мыс, қалайы, сүрме, мырыш, қорғасын тағы басқа металдарды жеке балқыту техникасының жетістіктерімен сипатталады. Бұл металдардан қорытпа алу техникасы нық дәстүрге айналды. Беғазы ескерткіштері Орталық Қазақстандағы скифтер кезеңінен бұрынғы мәдениетінің жарқын көрінісі.
Qamba.info
Авторлар
Кітаптар
Өлеңдер
Повестер
Әңгімелер
Балладалар
Очерктер
Ертегілер
Мақалалар
Жырлар
Пьесалар
Достарыңызбен бөлісу: |