тәрбиелей оқытудың
мәні
болып табылады. Бұл ұғымды енгізе отырып Гербарт тәрбиені оқытудан бөлуге
болмайтынын, сана мен ерік-жігер, сезім қатар дамитынын көрсеткісі келді.
Гербарттың дидактикаға қосқан басты үлесі – ол оқытудың кезеңдерін
(сатыларын) былайша бөліп көрсетті: анықтық – ассоциация – жүйе - әдіс. Оқыту
процесі елестетуден түсініктерге, түсініктерден теориялық сипаттағы біліктерге
өтеді. Көріп отырғанымыздай, бұл сызбада тәжірибе (практика) жоқ. Бұл
формальды деңгейлер оқытудың мазмұнына тәуелді емес, барлық сабақтар мен
пәндерде оқу процесінің барысын анықтайды.
Гербарттың шәкірттері мен ізбасарлары (В.Рейн, Т.Циллер, Ф.Дерпфельд)
оның теориясын біржақтылық пен формализмнен арылтуға тырыса отырып
дамытты және өзгерістер енгізді. Рейн сатыларды басқаша атады, олардың
мазмұнын нақтылай түсті және оған қосымша жаңа материалды даярлауды, оны
жеткізуді, бұрын алынған білімдермен байланысты, қорыту мен пайдалануды
енгізді. Гербарттың теориясы ХІХ ғ. ортасында кең таралып, Герман
империясының құлауымен бірге құлдырады. Қазіргі баға бойынша ол мектеп
дамуына кері әсерін тигізді: осы теорияның әсерімен оқытудың мақсатын жаттауға
дайын білімдер беру деп қарастыратын, сабақта мұғалімге – белсенді, оқушыға –
пассивті роль берілетін көзқарастар дүниеге келді. Бірақ та Гербарттың
дидактикасынсыз, ол итермелемесе, оның тәрбие жүйесін сыни көзқараспен қайта
қарастырмайынша қазіргі теория мен практика болмас еді.
Американ философы, психологы, педагогы Джон Дьюидің дидактикасы қоғам
мен мектептің дамуымен қайшылыққа түскен гербартистердің авторитарлық
педагогикасына қарсы тұру мақсатында жасалған. Ол «дәстүрлі мектепке» үстірт
тәрбие береді, оқыту өмірмен байланыссыз, «кітаби» жүргізіледі, оқушылардың
қызығушылығын, қажеттіліктерін, сұраныстарын толық есепке алмайды, оқыту
мазмұны қоғам сұранысын қанағаттандырмайды, оқушылардың қабілетін
дамытуға жете көңіл бөлмейді деген айып тақты.
1895 ж. өз экспериментін бастаған Дьюи оқушылардың белсенділіктерін
дамытуға көңіл бөліп, көп ұзамай оқушылардың қызығушылығына, қабілеттеріне
қарай және олардың өмірлік қажеттіліктерімен байланысты құрылған оқыту
жаттауға, есте сақтауға негізделген оқытуға қарағанда өте жақсы нәтиже беретініне
көзі жетті. Дьюидің оқыту теориясына қосқан үлесі – ол жасаған «ойлаудың толық
актісі» тұжырымдамасы. Әр «толық акт» бірнеше кезеңнен тұрады: қиындықты
сезіну; оны табу және анықтау; оны шешу жолын ұсыну (болжамды келтіру);
ойлаған шешімнен шығатын қорытындыларды келтіру (болжамды логикалық
тексеру); болжамды қабылдауға немесе қабылдамауға мүмкіндік беретін байқаулар
мен эксперименттер. Дьюи бойынша дұрыс құрылған оқыту – проблемалық оқыту
болуы керек. Мұғалім оқушының қызығушылығының дамуын бақылауы, олардың
шамасына қарай проблемалар көтеруі керек. Оқушылар өз кезегінде осы
проблемаларды шешу арқылы жаңа және қажетті білімдер алғанына сенімді болуы
қажет.
«Дәстүрлі» гербарттық жүйеден Дьюи жүйесінің ерекшелігі, «кітаптық
білімнің» орнын белсенді оқу қағидасы, белсенді мұғалімнің орнын мұғалім-
көмекші, жалпыға бірдей тұрақты оқу бағдарламасының орнын бағдарлық
бағдарламалар, жазбаша және ауызша сөздің орнын теориялық және практикалық
сабақтар басты.
Дегенмен, Дьюи дидактикасының революциялық сипатына қарамастан,
бірқатар кемшіліктері бар. Ол да Гербарт тәрізді оқыту сатыларын барлық пән мен
оқу кезеңдеріне телиді, яғни бұл жүйе де формальды сипат алды. Сол сияқты
оқушылар білімді бекітуге, біліктерді дамытуға қатыспайды, ал тұрақты, жалпыға
бірдей бағдарламаның орнына келген «үзік» курстар мен жобалар оқытудағы
сабақтастық пен жүйелілікті қамтамасыз ете алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |