§ 6. Ойлаудың даму ерекшелiктерi Кез-келген басқа да психикалық процестер ретiнде ойлау да онтогенез барысында бiртiндеп, қарапайымдыдан күрделiге қарай жетiледi. Жаңа туған балада ешқандай ойлау болмайды. Ойлау баланың сыртқы ортамен белсендi қарым-қатынас жасауының нәтижесiнде, оның өмiр тәжiрибесiмен қосақталып, дамып отырады. Мәселен, бiр жасар бала әжесiнiң саусағындағы жараға жағылған йод ерiтiндiсiне көз салады. Он бес айлық бала өзi сүйрей алмаған жәшiктiң iшiндегi нәрселердi көрiп, бiртiндеп оларды азайта бастайды, сонаң соң оны жылжытатын болады.
Тiлдiң шығуы бала ойлауының дамуында елеулi кезең болып табылады. Мектепке барғанға дейiн бала ойлауы ұзақ даму жолынан өтедi. Ойлау бұл кезеңде нақтылы-бейнелi болып, әрекетпен тығыз байланысып жатады. Балалардың ойлауын дамытуда мектептегi оқу-тәрбие процесi шешушi рөл атқарады.
Ойлау саласындағы дара айырмашылықтарға келетiн болсақ, адам ойлауына тән жалпы заңдылықтар болғанымен, тұлғаның ойлау әрекетi жекедара ерекшелiктерге толы. Әрбiр адам бiрiнен-бiрi ойының кеңдiгi немесе тарлығы, орамдылығы, ұшқырлығы, дербестiлiгi, логикалық жүйелiлiгi, сыншылдығы және т.б. сапалармен ажыратылады.
Ой өрiсi кең адам еркiн ойлайды, мәселенi ескi әдетпен, үйреншiктi жолмен шешпейдi. Ақыл-парасаты кең адам мәселенi түрлiше әдiстермен шешедi, бұрын қате деп сыналып табылған әдiске жоламайды.
Кейбiр адамдар мәселенiң барлық жақтарын көре бiледi, оны тез шеше алады, ойы аса сергек және белсендi келедi. Мұндай адамдар орынсыз асып-саспайды, жағдаймен санасады. Осындай қасиеттi ойдың ұшқырлығы дейдi. Бұған қарама-қарсы қасиет – ойдың асығыстық түрi. Мұндай адам ой жұмысымен онша басын ауыртпай ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен жүредi. Бұл адамдар енжар ойлыққа әдеттенген, дайын тұжырымға жармасқыш, жеңiл ойлауға, мәселенi үстiртiн шешуге бейiм келедi.