14. Білім алушылардың оқу жетістіктері тарихын тіркеу
14.1. Білім алушылардың оқу жетістіктерінің тарихы
- пәндер, оқытушылар, межелік және қорытынды бақылау, аралық және қорытынды аттестация, сондай-ақ практиканың барлық түрлерінің нәтижелері көрсетілген электрондық сынақ кітапшасында;
- белгілі оқу кезеңінде меңгерілген пәндер, олардың кредиттері мен әріптік және сандық бағалары көрсетілген тізімнен тұратын транскриптте тіркеледі.
14.2. Транскриптте білім алушының барлық қорытынды бағалары, сонымен қатар қайта тапсырған емтиханның оң нәтижелері жазылады.
14.3. Транскрипт оқудан шыққанда, академиялық ұтқырлық үшін, шетелдік машықтануға кету үшін, төлем ақысын жеңілдету бұйрығы үшін, Президенттік және атаулы стипендия алу үшін, ақылы негіздегі оқудан білім грантына ауысу үшін, компанияларда практикадан өту үшін, банктен несие алу үшін, университет ішінде немесе басқа ЖОО-ларға ауысу үшін, диссертация қорғағаннан кейін докторанттарға БҒМ БҒСБК өткізу үшін, сонымен қатар пререквизиттер бойынша айырмашылықтарын жойған, университетте академиялық бағдарламалар (ішкі, сыртқы) бойынша оқыған білім алушыларға беріледі.
14.4. Барлық оқылған пәндердің, кәсіби практикалардың, қорытынды аттестацияның нәтижелері, бағалары, кредитпен көрсетілген көлемі мен GPA көрсетілген 3 тілдегі транскрипт негізінде дипломға қосымша әзірленеді.
14.5 Белгіленген формадағы транскрипт Тіркеуші кеңседе беріледі.
Толығырақ §§6, 7, 12, 13 қараңыз.
15. Білім алушыларды университеттен шығару, академиялық демалыс беру
15.1. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім алушысы университеттен мына себептермен шығарылуы мүмкін:
өз еркімен
басқа оқу орнына ауысуына байланысты.
оқу тәртібін бұзғандығы үшін, университетпен байланысын үзгендігі үшін, дәлелсіз себептермен сабаққа қатыспау (қатыспаған сағат саны 36-дан асқан жағдайда), академиялық демалыс мерзімі аяқталғаннан кейін немесе шетелдік іссапардан соң (2 аптадан астам уақытта келмегені үшін); емтихан сессисына келмеу; емтихан тәртібін бұзғандығы үшін.
оқу ақысын төлемеу.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін, Студент абыройы кодексін бұзғаны үшін.
15.2. Ауырғаннан кейін АМД Оқу үдерісін жоспарлау және қамтамасыз ету бөліміне немесе Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтына 3 күннің ішінде тапсырылған студенттік емханада бекітілген медициналық анықтама арқылы дәлелденген медициналық жағдайлар, шетелдік іссапарға шығу, университет әкімшілігінің келісуімен республика деңгейіндегі әртүрлі шараларға және спорттық жарыстарға қатысу, сонымен қатар құжатпен дәлелденген форс-мажорлық жағдайлар сабақты жіберудің дәлелді себептері болып саналады.
15.3. Мемлекеттік грант иегері болып табылатын білім алушы университеттен шыға-рылған жағдайда мемлекеттік гранттан айырылады.
15.4. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім алушылары медициналық көрсеткіші бойынша және ҚР Қарулы Күштері қатарына шақырылуына байланысты академиялық демалыс алуға құқығы бар.
Академиялық демалыс беру процедурасы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына және ҚР БҒМ нормативті құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Оқу жұмыс жоспарындағы пән айырмашылығын жою үшін академиялық демалыстан қайтып келген білім алушы қажетті пәндерге тіркеледі және семестр бойында ағымдағы топтармен немесе қосымша семестрде қайта оқиды. Білім грантының иегерлері академиялық демалыстан және іссапардан кейін қайтадан тегін оқиды (бір рет), келісім-шартпен білім алушылар ақылы түрде оқиды. Туберкулез ауруына шалдығу себебімен академиялық демалыстан қайтып келген білім алушылар оқу жоспарларындағы айырмашылықтарды оқудың ақылы-ақысыз түріне қарамастан семестр бойы тегін оқып тапсырады.
Толығырақ §11 қараңыз.
16. Білім алушыларды ауыстыру тәртібі (білім алушының басқа ЖОО-дан, университет ішінде және курстан курсқа ауысуы)
16.1. Басқа жоғары оқу орнынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ауысу тәртібінің ең басты шарты аталған оқу орнында оқуды одан әрі қарай жалғастыру мүмкіндігі болып табылады.
Студенттер мен магистранттарды басқа ЖОО-дан ұлттық ЖОО-ға ауыстыру тек ақылы негізде ғана жүзеге асырылады. Бұл кезде студенттің үлгерімі өте жақсы және жақсы болуы, сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің сертификатындағы балл саны 60-тан төмен болмауы тиіс.
Мемлекеттік білім тапсырысы бойынша білім алып жатқан магистранттар мен докторанттар бір ЖОО-дан екіншісіне ҚР БҒМ келісімімен ауыстырылады.
16.2. ҚазҰУ-дың сәйкес келетін оқу түрі мен мамандықтарына ауысу мен қайта қабылдауы ҚР БҒМ 19.01.2012 ж. №110 бұйырығы бойынша жүзеге асырылады.
ҚазҰУ Барлық оқу формасы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ауысу процедурасы ҚР-ның «Білім туралы» Заңына және ҚР БҒМ нормативті құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
16.3. Білім алушының басқа оқу орнынан сәйкес келетін курсқа ауысуы оқу жоспарындағы айырмашылықты жойған, соң талап етілетін кредиттер саны сай келгенде жүзеге асады. Мұнда оқу жұмыс жоспарындағы айырмашылық бакалавриат үшін міндетті компоненттің оқу пәні 5-тен аспауы керек, ал элективті пәндер кредит мөлшерімен сәйкес келуі керек. Керісінше жағдайда ол бір курс төменге ауысады. Оқу курсы пререквизиттерде ескере отырып анықталады.
Магистранттар мен докторанттардың ауысу кезінде басқа ЖОО-да оқылған элективті пәндерді қайта есептеу үшін олардың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім беру бағдарламасының мазмұнына сәйкестігі анықталу керек. Керісінше жағдайда белгіленген тәртіппен жойылатын оқу жоспарындағы айырмашылықтар рәсімделеді.
Ауысудың міндетті шарты білім алушының жеке оқу жоспары бойынша меңгерілетін бағдарламаның бірінші академиялық кезеңді аяқтау болып табылады.
Білім алушының университеттің ішінде бір мамандықтан екінші мамандыққа, бір формадан екінші формаға ауысуы ұқсас талаптар бойынша ақылы түрде жүзеге асады. Білім алушының оқу жұмыс жоспарында пайда болған айырмашылықты жою үшін қажетті пәндерге тіркеледі, ереже бойынша оларды ағымдағы топтармен бірге оқиды.
16.4. Ақылы бөлімнен мемлекеттік грантқа ауысу жоғары оқу көрсеткіштеріне жеткен білім алушыға ҚР БҒМ нормативті талаптарына сәйкес вакантты орын болған жағдайда конкурсты негізде демалыс кезінде рұқсат етіледі.
16.5. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім алушылары аталған курстың оқу жоспарының талаптарын толық орындағанда, талап етілген кредит мөлшерін игергенде және GPA ауысу балының белгіленген деңгейін жинаған жағдайда келесі курсқа ректордың бұйрығымен көшіріледі. Келесі курсқа көшкен білім алушының академиялық қарыздары болса сәйкес пәндерді тек ақылы негізде қайта оқуы керек. Оқу жұмыс жоспарының талаптарын орындамаған және белгіленген GPA ауысу балын жинай алмаған білім алушы курсты қайта оқуға қалдырылады.
16.6. Академиялық қарызды жою мақсатында қайта оқуға қалдыру немесе оқу сабақтарына қайта қатысу ауыстыру бұйрығының негізінде рәсімделеді:
білім алушының жеке өтінішіне факультет деканының және Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті директорының бұрыштамасы қойылғанда;
факультет деканының қолы қойылған білім беру қызметі туралы (жазғы семестр) университетпен жасалған келісім-шарттар;
оқу ақысын төлегені туралы квитанциясының көшірмесі.
Қайтарымды білім беру қызметі туралы келісім-шартқа белгіленген уақытта (ағымдағы жылдың оныншы қыркүйегіне дейін) отырмаған білім алушы оқу тәртібін бұзғаны үшін оқудан шығарылады.
Толығырақ §10 қараңыз.
17. Білім алушыларды қайта қабылдау тәртібі
17.1. Бұрын оқудан шығарылған білім алушыларды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім алушылары қатарына қабылдау барлық оқу түріне оқудан шығару мерзіміне байланыссыз демалыс кезінде ректордың бұйрығымен орындалады. Қайта қабылдаудың міндетті шарты білім алушының меңгерілетін бағдарламаның бірінші академиялық кезеңін жеке оқу жоспары бойынша аяқтауы болып табылады.
17.2. Оқу жоспарындағы айырмашылықты жойған соң талап етілетін кредит мөлшеріне жету қайта қабылдауды анықтайтын шарт болып табылады. Оқу жоспарындағы айырмашылық бакалавриат үшін міндетті блоктың пәні 5-тен аспауы керек және элективті пәндер бойынша кредит саны толықтай сәйкес келуі керек.
17.3. Білім алушылар қатарына сәйкес курсқа қайта қабылдау тек ақылы түрде жүргізіледі. Оқу курсы пререквизиттерді ескере отырып анықталады.
17.4. Қайта қабылдау процедурасы толықтай ҚР-ның «Білім туралы» Заңына және ҚР БҒМ нормативті құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Толығырақ §§10, 11 қараңыз.
18. Мемлекеттік шәкіртақы төлеу тәртібі
18.1. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім алушыларына мемлекеттік стипендия төлеу ҚР Үкіметінің, ҚР-ның «Білім туралы» Заңына және ҚР БҒМ нормативті құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
18.2. Мемлекеттік стипендия мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатқан бакалаврларға, магистранттарға, PhD докторанттарға, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс бойынша ауысқан білім алушыларға сессия нәтижесінде немесе аралық аттестациядан «жақсы» және «өте жақсы» деген баға алған білім алушыларға тағайындалады.
18.3. Білім алушының шығармашылық белсенділігін қолдау үшін түрлі қоғамдық және қайырымдылық ұйымдардың, ұлттық компаниялардың білім алушыларға стипендия тағайындауын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдайды.
Толығырақ §§8, 9, 15 қараңыз.
19. Оқудың төлем ақысы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу ақысы ғылым және білім үдерісін қамтамасыз етуге кеткен қаржы есебінен қалыптасады. Оқуға ақы төлеу білім беру қызметінің келісім-шартына сәйкес реттеліп, Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің құзырында болады.
20. Білім беру үдерісінің транспаренттілігі
20.1. Университеттегі білім беру үдерісінің ұйымдастырылуы ашықтық, айқындық, әділдік ұстанымдар мен этикалық нормаларға негізделіп жүзеге асырылады.
20.2. Білім алушылар
- плагиат пен басқа әділсіз жұмыстарға;
- өзіндік жұмыс, межелік бақылау және қорытынды емтихан тапсыру барысында сыбырлап айтуға, көшіруге;
- басқа тұлғалар орындаған тапсырмаларды, шығарған есептерді көшіруге;
- басқа білім алушы үшін емтихан тапсыруға
жол бермеу керек.
Кез келген ақпаратты бұрмалау, «Univer» жүйесіне рұқсатсыз кіру, шпаргалка пайдалану айыбы анықталған білім алушы «F» қорытынды бағасына ие болады.
20.3. Профессорлық-оқытушы құрамы
- оқыту сапасын қамтамасыз етуге;
- оқылатын пән бойынша оқу-әдістемелік материалдың қол жетімділігін қамтамасыз етуге;
- бақылаудың барлық түрін әділдікпен жүзеге асыруға;
- әріптестер мен білім алушылардың сын көзқарасын дұрыс қабылдап, оны өз-өзін кемелдендіру үшін пайдалануға
міндетті.
20.4. Әкімшілік білім беру үдерісінің айқындығын, ашықтығын, әділдігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырады.
20.5. Университетте әлеуметтік, нәсілдік, гендерлік, этникалық, діни белгілері бойынша дискриманицияның кез келген түрлеріне жол берілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |