Лексикология сөзді және сөздердің жиынтығы – тілдің сөздік құрамын (лексикасын) зерттейді. Жеке лексикология белгілі бір тілдің сөздік құрамын шығуы мен тарих бойында дамуы тұрғысынан немесе тілдің сөздік құрамын сол тілдің белгілі бір дәуірдегі, мысалы, қазіргі дәуірдегі қалпы тұрғысынан қарауы мүмкін. Осыған орай, лексикология тарихи лексикология және сипаттама лексикология болып бөлінеді.
Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология. Этимология сөздердің шығу тегін зерттеп, олардың ең алғашқы мағынасының қандай болғандығын айқындайды. Тілдің лексикасындағы әрбір сөзде белгілі бір мағына бар. Сөздердің мағыналық жақтары семасиологияда қарастырылады.
Лексикологияның семасиология тарауымен тығыз байланысты бір саласы – ономосиология деп аталады. Семасиология сөздің мағыналарын, семантикалық заңдарды зерттесе, ономосиология зат немесе құбылыс ұғымының белгілі бір сөзбен аталуының неліктен екендігін қарастырады. Ономосиологияның айрықша бір саласы – ономастика жалқы есімдерді зерттейді. Ономастика өз ішінде екі салаға бөлінеді: оның бірі – антропонимика кісі аттарын зерттеу объектісі етіп алса, екіншісі – топонимика географиялық атауларды зерттеу объектісі етіп қарастырады.
Лексикологияның жүрегі тас төбесіне шығу (қорқу), қас пен көздің арасында деген сан алуан фразеологиялық сөз тіркестерін зерттейтін лексикологияның арнаулы бір саласы фразеология деп аталады.
Сөз - өте-мөте күрделі тілдік единица. Сөздің екі жағы бар: оның бірі – сөздің дыбысталу жағы, екіншісі – сөздің мағыналық жағы. Тарихи тұрғыдан қарағанда, сөз мағыналары негізгі мағына және туынды мағына деп аталатын екі түрге бөлінеді.Тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан алып қарағанда, сөз мағыналарын екі түрге бөліп қарауға болады: оның бірі – тура мағына, екіншісі келтінді (немесе ауыспалы) мағына. Сөздің келтірінді мағынасы бір емес бірнеше болуы мүмкін.
Синоним (гр. 'synonymos' — мағыналас, мәндес) — тұлғалары әртүрлі, мағынасы жақын сөздер.
Тілдердің дамып жетілуі, оның сөз байлығынан, оралымдағы синонимдерінің молдығынан көрінеді. Синоним ретінде жұмсалатын мәндес сөздер тобы синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп аталады. Синонимдік қатар құрамындағы мағыналық тұрғыдан ұйыстырып тұрған сөзді тірек сөз не доминант дейміз.
Синонимдік қатарға енген сөздердің мағыналық тұрғыдан айырмасы болады. Мысалы, құлшыну — белсену, соғыс — ұрыс, жабу — кілттеу сөздерінің мағыналық салмағы әртүрлі.
Синоним сөздерді үш түрлі белгілері арқылы тануға болады:
мағыналық реңк (бала — перзент, ұстаз — мұғалім);
стильдік реңк (еліру — желпілдеу, ақсақал — қария);
сөз қолданысындағы реңктер (өмір — ғұмыр, биік тау — бойшаң адам).
Синонимдер мынадай жағдайларда қолданылады:
мәтінде бір рет пайдаланылған сөзді қайталамау үшін;
бір ұғымды түрлі белгілермен жан-жақты сипаттау мақсатында;
мағыналас екі сөз қатар келсе, алдыңғысы соңғысын анықтап, мағынасын күшейтеді. Мұндай сөз қолданысын плеоназм дейді. Мысалы, заңғар биік тау, құр бекер жүру;
Синонимдер фразеологизмдерде кездеседі. Мысалы, Бармақ шайнап, сан соғып, құсамен өткен өмір ғой — бұл да бір.
Сөздің орнына оның жеке түсінігін перифраза тәсілімен сипаттау арқылы; Мысалы, Астана деудің орнына Қазақстанның астанасы;
Мағынасы жағымсыз сөздерді эвфемистік тәсілмен жұмсартып, жеңілдетіп айту. Мысалы, өлді — о дүниелік болды, қартаю — жасы ұлғаю, т.б.
Стилистикалық синонимдер — стилистикалық жағынан ерекшеленетін синоним сөздер.
Антоним (гр. antі — қарсы, onoma — ат, атау) — мән-мағынасы бір-біріне қарама-қарсы қолданылатын сөздер. Лексикологияда құбылыстың (күн — түн), ұғымның (бақ — сор, жақсылық — жамандық), сапаның (жаңа — ескі), қимылдың (кіру — шығу), т. б. қарсы мәндегі сөздердің мағыналары антонимдік жұп құрайды. Заттың атауын білдіретін сөздердің антонимдік жұбы болмайды. Сонымен қатар антоним қарама-қарсы мағына арқылы сөздердің мағыналық тұтастығы мен біртектілігін де білдіреді. Антоним сөздің дәл, нақты мағынасын салыстыру тәсілі арқылы айқындап, стилистикалық қызмет атқарады. Әсіресе, мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Мысалы, «Көз — қорқақ, қол — батыр», «Өтірік — қаңбақ, шын — салмақ». Қазақ тілінде фразеологиялық антонимдер көп кездеседі: аты шықты — аты өшті, жүрек жұтқан — су жүрек, соры қайнады — көзі ашылды.
11 .Стилистика — тіл білімінің бір саласы. Оның зерттеу нысаны — стиль. Стиль терминінің мазмұны терең, қолданылу аясы кең. Бұл сөзді көркем өнер саласында, архитектурада, әдебиетте, лингвистикада қолданады. Лингвистикаға байланысты «стиль деп тілдегі лексикалық, грамматикалық, фонетикалық тәсілдердің дұрыс қолданылу принциптерін айтамыз». Сөйлемдегі сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарының, сөздердің сөйлемде орналасу тәртібінің, тіпті сөздегі дыбыстардың өзара үйлесімділігінің де белгілі бір стильдік мәні бар.
Жалпыхалықтық тілдің негізінде қалыптасқан әдеби стильдің екі түрі бар: ауызекі сөйлеу тілінің стилі және кітаби-жазба стиль.
Стиль нормалары тілдің әр саладағы атқаратын қызметі мен қолданыс аясына қарай: ресми құжаттар және іс-қағаздары стилі, публицистикалық стиль, көркем әдебиет стилі, ғылыми стиль болып бөлінеді. Іс қағаздарының түрлері көбінесе белгілі, бір жағдайға байланысты нақты бір тұлғаның атынан жазылатындықтан, ол сөздер сөйлемнің баяндауышы болып, жіктік форманың бірінші жақ, жекеше түрінің жалғауын қабылдайды. Ресми құжаттардың тілі мен іс қағаздарының тілі ресми іс қағаздары стилі болып табылады.
Қазақ әдеби тілінің стильдік бөлімдері, айта келгенде, үлкен екі бөлімге толысады. публицистикалық стиль, ресми стиль, ғылыми стиль, көркем әдебиет стилі – кітаби тіл стильдері деп аталады. Кітаби тілдің осы айтылған стильдерді жазбаша және ауызша түрде де қызмет атқарады. Ал сөйлеу тілінің стильдік тармақтары болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |