Инклюзивті білім беру жүйесі мүмкіндігі шектеулі балаларға білім алуға келесідей мүмкіндіктер туғызады:
олар сыртқы оқыту жүйесінің бөлек, жеке жағымсыз қарым-қатынас жеткіліксіздігінен пайда болатын жағымсыз жағдайлар, негативті қарым- қатынастан айырылуға мүмкіндік туады;
оларға жаңа білік, дағдыларды үйренуге «құзыретті» тәртіп үлгілері көрсетіледі, алған білімдерін олар кейінгі өмірде еліктеу арқылы қолданады;
оларға «құзыретті» құрдастарымен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беріледі, осылайша жаңа коммуникативті, әлеуметтік дағдыларды меңгереді;
оларға қоғаммен бірге өмір сүруге қажетті шынайы өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндік беріледі;
қалыпты дамушы құрдастарымен достық қарым-қатынас дамытуға мүмкіндік беріледі.
Жалпы білім беретін мекемелердегі балаларға инклюзивті білім алу келесідей мүмкіндіктер туғызады:
мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірімен шынайы және нақты танысуға мүмкіндік беріледі;
өздерінен өзгеше келген адамдармен жағымды қарым-қатынас дамытуға мүмкіндік беріледі;
альтруисттік (жақынның игілігіне әрекет етуге ұмтылу, жақыныңа деген махаббат, басқаларға деген адалдылық пен кең пейілділік, біреудің игілігіне риясыз қамқорлық көрсету) тәртіппен танысып және бұндай тәртіп түрін қай кезде қолдану керектігін үйренуге мүмкіндік беріледі;
өмірдің түрлі қиындықтарына қарамастан, мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамастан өмірде жетістікке жеткен адамдардың жаңа тұлғалық моделін көруге мүмкіндік беріледі.
Инклюзивті білім беру жүйесі қоғамға келесідей мүмкіндіктер туғызады:
ерте жас кезіндегі балаларды оқытуға бағытталған ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік туады, егер арнайы бағдарламалар саны шектелсе;
білім беру саласындағы ресурстарды үнемдену мүмкіндігі: егер мүмкіндігі шектеулі балалар мектепке дейінгі кезеңде интеграцияланған ортада тәрбиеленсе, жалпы білім беретін мекемеде үздіксіз білімін жалғастырады (арнайы мекемелерді құрумен салыстырғанда шығындары азаяды).
Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға инклюзивті білім беру жүйесі келесідей мүмкіндіктер туғызады:
қалыпты дамудың не екендігі жайлы толығырақ мәлімет алып, біле алады;
қоғамның басқа мүшелерімен өзінің бірге екендігін түсіне алады;
қолдау көрсететін қалыпты дамушы баласы бар отбасылармен қарым-қатынас дамыта алады.
Қалыпты дамушы баласы бар отбасыларға инклюзивті білім беру жүйесі келесідей мүмкіндіктер береді:
мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылармен қарым-қатынасын дамыта алады;
әр адамның жекелей ерекшеліктері жайлы, өздерінен өзгеше балаларға түсіністікпен қарап, оларды сол күйінде қабылдай білу керек екендігін өз балаларына түсіндіре алады.
Мектепке дейінгі, жалпы орта, кәсіптік және қосымша білім беру жүйесінде қағидаттық өзгерістерді айқындай отырып, инклюзивті білім берудің мынадай стратегиялық бағыттарын көрсетуге болады:
-инклюзивті білім беруді дамытуға арналған жағымды жағдайларды қамтамасыз ететін институционалдық ортаны жетілдіру;
-ерекше оқытуды қажет ететін адамдарға сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етудің ғылыми-педагогикалық, кадрлық және оқу-әдістемелік әлеуетін нығайтудың негіздерін әзірлеу;
-мектепке дейінгі жастағы балаларға ерте бастан диагностика жасау және түзету-педагогикалық қолдау жүйесін дамыту;
-мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды кәсіби-еңбекке даярлауға қажетті жағдай туғызу;
-инклюзивті білім беруді дамытудың теориялық және әдістемелік мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу.
Инклюзивті білім беруді дамыту қағидалары:
-инклюзивті білім берудің жүйелілігі мен үздіксіздігі;
-ерекше оқытуды қажет ететін балаларды уақытылы (ерте жастан) анықтауды қамтамасыз ету және алдын алу, педагогикалық-түзету шараларын дер кезінде қолдану;
-білім беру модельдерінің бейімділігі және әр оқушының ерекшеліктеріне, қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес оны жеке оқыту мен дамыту;
-еріктілік және ерекше оқытуды қажет ететін тұлғалардың жеке бейімділіктері мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымдарын таңдау құқығы;
-білім беру ортасының ерекше оқытуды қажет ететін барлық тұлғалар және олардың ата-аналары үшін қолжетімділігі, ашықтығы;
-кешенді медициналық, әлеуметтік және білім беру қызметтерінің үйлесімділігі мен түрлі ведомстволар, әлеуметтік институттар, қоғамдық және ата-аналар ұйымдарының өзара іс-қимылы арқылы кешенді ықпал және әлеуметтік серіктестік, тәртіп аралық өзара әрекет;
-мүгедектік немесе басқа да даму ерекшеліктері «тасымалдаушы проблема» болып қарастырылмайтын адамның шектеулі мүмкіндіктеріне әлеуметтік ықпал;
-денсаулығы мен әлеуетті мүмкіндігіне сүйене отырып, тұлғалардың даму проблемаларынан арылуды қарастыратын инклюзивті білім берудің түзете-дамытушылық және әлеуметтік-бейімдеушілік бағыттылығы.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасы көмекші не арнайы мектептер мен мектеп интернаттарға, психологиялық- педагогикалық түзету кабинеттер мен кластарға балаларын бергісі келмесе жалпы балалар оқитын мектептерге ПМПК- ның қорытындысы бойынша көрсетілген, яғни баланың деңгейіне қарай жеңілдетілген бағдарлама бойынша инклюзивті оқытуға міндетті.
Инклюзивті оқытуға жалпы мектептерде – дәрігер, психолог, әлеуметтік мұғалім, дефектолог мұғалімі, логопед мұғалімдерінен құрылған ішкі медициналық-педагогикалық-психологиялықсүйемелдеу көмегін көрсетеді. Аталған мамандар инклюзивті жүйеде білім алатын мүмкіндігі шектеулі баламен де, ол баланың ата- анасымен де, мұғалімдермен де кешенді жұмыс жасауы қажет.
Мүмкіндіктері шектеулі балаларды тең құқылы оқытуға және тәрбиелеуге қол жеткізу үшін жағдайлар жасалу міндеті: мектептерде педагог- дефектологтардың, логопедтің, әлеуметтік педагогтың балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің, арнайы жеке техникалық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету мақсаты алға қойылған. Осылайша мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау,олардың қоғамға етене араласуына, оларды оңалту, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру, білім алу, оқыту, қайта мамандандыруда қолдан келгенше жағдай жасамақшы
Достарыңызбен бөлісу: |