1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар!
2-жүргізуші: Қайырлы күн, бүгінгі әдеби кештің қонақтары! 22 қыркүйек – Тілдер мерекесі құтты болсын!
1-жүргізуші: Дәстүр бойынша жыл сайын мектебімізде Тілдер мерекесі аясында түрлі тәрбиелік шаралар өткізіледі. Біздің бүгінгі әдеби кешіміз ұлы Абайдың ағартушылық, демократтық дәстүрін жалғастырған, оны отаршылдыққа қарсы күрес идеясымен ұштастырған Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығына арналады.
2-жүргізуші: Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов Ахмет Байтұрсынов туралы былай деген: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран, «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымас қайраты – біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын».
1-жүргізуші: Иә, қазақ халқы Ахмет Байтұрсыновтың еңбегін ұмытқан жоқ. Жазықсыз жазаланған ұлын ақтап, оның бай мұрасын халқымен қайта табыстырды.
2-жүргізуші: Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысының әйгілі Торғай атырабындағы атақты Ақкөл жағасында туған. Оның есейе келе:
«Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында,
Кімдер сері болмайды бойдағында.
Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер,
Келіп-кетіп жүргейсің ойнағыңа...» - деп әндетуі тектен-тек емес. «Қазақ халқының 1000 әнін» жинап, бастырған атақты Александр Затаевичтің айтуынша, Ахмет Байтұрсыновтың майда қоңыр даусы әдемі әуенді, назды, сазды болған көрінеді.
1-жүргізуші: Кешімізді әдемі әнмен жалғастырайық. (Ән)
1-жүргізуші: Ақынның «Анама хат» өлеңін 8-сынып оқушысы__________ оқиды.
2-жүргізуші: «Анама хат» өлеңі Ахмет Байтұрсыновтың күллі ғұмыр-тіршілігінің қаламгерлік және қайраткерлік бағдарламасы. Өзінің туған халқының, қала берді бүкіл адамзаттың төбесінде ғасырлар бойы тудай желбіреп келе жатқан азаттық идеясы Ахмет Байтұрсыновтың бүкіл саналы өмірінің бірден-бір мақсаты мен мұратына айналды.
1-жүргізуші: Тумыстан талапты, ойлы, қабілетті Ахмет әуелі ауыл молдаларынан «әліп-би» үйреніп, көзі қара танысымен-ақ отаршыл озбырлыққа қарсы күресу үшін ең дұрыс дайындық орысша оқу екенін түсініп, алдымен Торғай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде (1886-1891) тәрбиеленеді де, ізінше Орынборға барып, 1891-1895 жылдары үзбестен мұғалімдер мектебін оқып бітіреді.
2-жүргізуші: 1895 жылдың жаз айларынан Ахметтің ағартушылық қызметі басталады: он-он бес жыл Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы мектептерінде дәріс беріп, бала оқытады. Өзі де өз бетімен білімін толықтырып, ой өрісін кеңейтіп, берісі – орыс, әрісі – әлем әдебиетімен тереңірек танысады. Крылов, сол арқылы Лафонтен мысалдарын қазақ тіліне, қазақ ұғымына лайықтап аудара бастайды.
1-жүргізуші: Ахмет Байтұрсыновтың ақындығы мен аудармашылығы 1909 жылы Петербургте басылып шыққан «Қырық мысал» жинағынан басталады. «Қырық мысал» - ұлы ағартушының түбірлі, түбегейлі тәрбиелік мақсаты мен мұратынан туған өлеңді шығармалар топтамасы. Кітапқа енген қырық мысал түгелдей атақты орыс ақыны Иван Андреевич Крыловтан аударылған:
«Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,
Әзірге қолдан келген осы барым.
Қанағат азға деген, жоққа сабыр,
Қомсынып, қоңырайма, құрбыларым», - дей тұрғанмен, осы қырық өлеңнің бәрі де түгелімен тіпті аударма секілді емес.
2-жүргізуші: Енді осы қырық мысалдан бірнеше мысалды назарларыңызға ұсынамыз. Сахнада 8 «А» сынып оқушылары. («Егіннің бастары» мысалын сахналайды)
1-жүргізуші: Енді 8 «Б» сынып оқушыларын шақырамыз. («Ат пен есек» мысалын көрсетеді)
2-жүргізуші: 8 «Ә» сынып оқушылары қандай мысал дайындады екен, соны көрейік. («Өгіз бен бақа» мысалын сахналайды)
1-жүргізуші: Ахмет Байтұрсынов ел-жұртты оятудың жолы, тәрбиелеудің тәсілі деп , 1913 жылдың 2 ақпанында қазақ сахарасы бұрын-соңды көрмеген «Қазақ» газетін ашады. Оның алғашқы санында қазақ оқырмандарына басылымды былай таныстырады: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт, басқа газеті бар жұрттардың қасында, құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ». Газеттің қадір-қасиетін бұдан артық пайымдау да, бағалау да мүмкін емес.
2-жүргізуші: «Қазақ» газеті 1918 жылдың қазан айында жабылғанға дейін бес жыл бойы қазақ халқының парасат әлемін билеп тұрды: ақыл-ойын баурап, мақсат-мүддесіне қызмет етті. Оның қазақ елін қажымай-талмай елдікке, бірлікке үндеуі, қазақтарды оқуға, өнер-білімге, мәдениетке, сайып келгенде, өркениетке шақыруы – Ахмет Байтұрсыновтың ешқашан ұмытылмайтын тамаша тарихи еңбегі.
1-жүргізуші: Жиырмасыншы жылдардың аяғына таман қазақ зиялыларының басына қатер бұлты төнді де адам табиғатына жат тағылық сүргін басталып кетті. Ахмет Байтұрсынов 1929 жылғы 2 маусымда жазықсыз қамауға алынады да, лагерьде ұзақ азап көріп, 1936 жылы Алматыға оралады., алайда «халық жауы» деген қарғыс-таңба мұндағы тіршілігін тамұққа айналдырып, арыс азамат бітпейтін азап пен бейнетке кезікті. Ақыры 1937 жылғы 8 қазанда қайта тұтқындалып, қайталанбас қайран ғұмыр 1935 жылы түрмеде үзілді.
Қазір Ахмет Байтұрсыновтың 1932 жылы Беломорканал құрылысында тұтқында жүріп жазған «Елге сәлем» өлеңін 8 А сынып оқушысы Бекасыл оқиды.
2-жүргізуші: 8 «А» сынып оқушысы Серікова Айжанның орындауында музыкалық композиция.
1-жүргізуші: Ахмет Байтұрсынов 1926 жылы өзінің әйгілі «Әдебиет танытқышын» кітап етіп бастырып шығарды. Бұл біздің жыл санауымыздан 326 жыл бұрын Эллада елінде жарық көрген Аристотельдің «Поэтикасы» тәрізді сөз өнерінің болмысы мен бітімін жүйелі байыптайтын қазақ қоғамындағы тұңғыш теориялық зерттеу еді.
2-жүргізуші: Қазіргі қазақ тіл біліміндегі секілді, қазақ әдебиеттануындағы әдеби терминдердің басым көпшілігінің баламасын ойлап тапқан да – Ахмет Байтұрсынов; көріктеу, кейіптеу, ауыстыру, алмастыру, түйіндеу, түйдектету, айқындау, айшықтау, т.б. – осылардың барлығы Мұхтар Әуезовтің «Ахаң түрлеген ана тілі» дейтін еңбегінің әдебиет аясындағы нақты да затты көрінісі.
1-жүргізуші: Сонымен, «Әдебиет танытқыштың» ең басты бағалылығы - осылайша әдеби терминдерді қазақша қалыптастырғандығы.
2-жүргізуші: Кешімізді 8-сынып оқушысы жалғастырады. Би.
1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Бүгінгі кешімізді Сәкен Сейфуллиннің сөзімен аяқтағымыз келеді: «Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті».
2-жүргізуші: Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!
1-жүргізуші: Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |