№1 Махамбеттің «Қара нарға»


Бүгінгі күннің жігіттеріне тән қасиеттерді



бет10/11
Дата11.04.2022
өлшемі80,78 Kb.
#138838
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
51 эссе гуманитар бағыт

Бүгінгі күннің жігіттеріне тән қасиеттерді Абай Құнанбаевтың «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» өлеңіндегі жігіттің мінез-құлқы, қасиеттерімен салыстырып талдаңыз.
«Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз» ( М.Дулатов) дегендей, ұрпақ аузында Абай сөзі... Көбінесе ұлы ақын «улы сия,ащы тілін» заман адамының ұнамсыз бейнелерін әшкерелеуге арнады. Мақсаты, ұрпағын түзу жолға салғысы келді. Енді ғасырлар өтсе де, ақын сөзінің жаһұттай жарқырай түсуінің құдіреті неде деген ойды қаузап көрейін. Мүмкін Абай дәуіріндегі кейіпкерлер бізде де кездесер, әлде заман адамы өзгерді ме...
Ойымды ақынның «Жігіттер, ойын-арзан, күлкі- қымбат»өлеңі бүгінгі өркениетті заманда мәнін жоғалтып алған жоқ па деген сұрақпен өрбіткім келіп отыр. «Жоқ» дейді ішкі ойым. Себебі адамдар арасындағы адал достық, әділеттілік, мейірбандық, татулық мәселесі- қай заманда болсын құнын жоғалтпайтын ұғымдар. Ал, Абай бұл өлеңінде жастарға:
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!,- деп шын адамгершілік жолына,қиянатсыз, адал достыққа үгіттейді. Оларды жалған татулық,бояма мінезден сақтандырады. Ал біздің заманымымызда да «бояма мінезділер» көп. Дәуренің жүріп тұрса, алдыңды орап, шылауыңа жармасатындар жетерлік. Сондықтан оларды Ұлы ойшылдың сөзімен емдесек, өз пиғылдарынан ұялар ма еді деп ой түйгім келеді.
Абайдың өлең жолдарын оқыған сайын тереңіне құныға түсем. Көрсеқызар, екіжүзді жастардың бейнесін «улы сиямен» әшкерелегеніне айызым қанады. Мысалы,
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар
Оңғақ бұлдай былғайды, бір дым тисе,-деген сөзі бүгінгі таңда тек құлқынның құлына айналып бара жатқан замандасымның бейнесін ашып тұрғандай. Ғасыр өзгерсе де, адамның пиғылы,пендешілігі көп өзгеріске түсе бермейтініне таң қалам. «Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас» деп ақын сынаған бір күндік қызықты ойлаған жігіттер мен қыздар уақыт өткен сайын көбейіп барады. Жылтыраққа ұмтылған «көбелектердің» кеселінен қаншама бала жетім, тастанды атанды. Қаншама шарана нәжіс пен қоқысқа лақтырылғанын шыққыр көзіміз көріп жүр. Бұдан асқан азғындық бар ма жер бетінде! Осы қатыгездіктің алдын алу үшін « баланы жастан» деген халқымның сөзіне сүйеніп, Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылын ана сүтімен бірге дарытуымыз қажет.
Өлеңде халқын сүйген ақын үлкен достықты отбасылық өмірден,жастар сезімінің тұрақтылығынан іздеді. Өздерін жаһанданудың жастарымыз деп кеудесін қағып, еркін махаббатты сылтау етіп жүргендерге ақынның мына өсиетін айтқым келеді.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, райыс үстіндегі үй.
Санасы бар адамға мұнан артық сөз қажет емес.
Мен, менің замандасым ақын үнін естідік, санамызды сол үнмен суардық. Әр заманның өз сұрқылтайы бар екеніне көз жеткіздік. Ойымды қорыта келе, «Мәңгілік елімнің» босағасы берік болсын десек, ақын сөзін шамшырақ етіп ұстай білейік, ағайын.

50Өз аймағыңыздағы Ұлы Отан соғысы жауынгерінің бейнесі Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батыр бейнесіне пара-пар келетінін салыстырып жазыңыз.


Ердің ерлігі - елге аманат.
Халық мақалы
Тарихтың қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, « ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтын» талай ерліктің куәсі боламыз. Соның бірі- елі мен жерін фашистің қанды тырнағынан азат еткен, елдіктің белгісі болған Ұлы Отан соғысы. «Әдебиет- тарих айнасы» дегендей, сол кезеңнің шындығы, жауынгерлердің бейнесі ақын-жазушылардың шығармаларынан сүбелі орын ала білді. Дауылпаз ақын Қасымның поэмасына арқау болған Абдолланың ерлігі осыған дәлел. Бір ғана Абдоллла емес, жеңістің туын тіккен батырлар Шығыс өңірінде де аз емес. Бүгінгі таңда осы батырлардың қаһармандық жолы санамыздан өшіп бара жатқан жоқ па?
Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ. Себебі, қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Біздің аймақтан да мыңдаған жауынгер ұрыс даласына аттанды. «Майдан жүгін» арқалап өткен Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов, Ізғұтты Айтықов, Крахмаль Алексей, Мыза Владимир, Құмаш Нұрғалиев сынды жерлестеріміздің есімдері осы тізімді толықтырды.Сондықтан жеңісті бір табан жақындатуға ат салысқан ерлердің ісін Жеңіс күні ғана еске алмай, үнемі іс-шаралар арқылы жаңғыртып отыруымыз керек.
Яғни, олардың ерліктерін даралап көрсеткеніміз жөн. Жерлесіміз Қасымның ерлігі ұрыс даласында «өр кеудесін қалқан етіп» ерлікке барған Абдолла Жұмағалиевтің ерлігімен пара-пар. "...Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырады да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады" деген В.Григорьевтің естелігі осының дәлелі. Ал «Вася партизан» атанған Қасым отты жылдарда қару құрсанып, мұз төсеніп, партизандар отрядына басшылық жасады. Қара бастың қамынан гөрі халқын ойлайтын намысты ұлдары ақтық демдері қалғанынша қайсарлықпен жауға қарсы тұрды. Бұлардың жігерін ұштаған Отанға деген шексіз махаббат еді. Мұндай патриоттық сезімді бүгінгі жеткіншек бойына да сіңіруіміз қажет. «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «Жаңа қазақстандық патриотизм» осыдан бастау алары хақ.
Сонымен қатар, қару мен қаламды қатар ұстаған қаһарман ұлдардың ұрпағына айтары көп еді. Салмағы 4 килограммдық автомат пен 4 граммдық қаламды салыстыруға келмейді. Алайда қанды қырғын ортасында жазуға уақыт таба білген. Соғыс кезіндегі барлаушылардың тағдырын көзбен көргендерін қағазға түсірген, төл әдебиетімізге түре салған сөз батыры да болған.
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек! – деп ел мерейі үшін ұлы істерді тындыруға қандай құштарлықпен ұмтылды десеңізші?!
Міне, Ұлы Жеңіске 72 жыл толып отыр. Арамыздан ардагерлерді жиі кездестіре бермейміз, қатары жыл сайын сиреп барады. Бірақ тарихта жазылған ұлы ерліктері олардың даңқын мәңгі асқақтата береді.

51




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет