«Химиялық алғашқы ұғымдар» тарауында химияның алғашқы түсініктерімен (атом, молекула, жай зат, күрделі зат, химиялық реакция, т.б.) және негізгі химиялық тілмен (химиялық таңба, химиялық формула, химиялық теңдеу) таныстырылады. Сондай-ақ, алғашқы химиялық әрекет дағдыларын қалыптастыруға және қарапайым химиялық тәжірибелер жасауға үйретіледі.
8-сынып оқулығы құрылымындағы басты жаңалық ─ «Зат туралы жалпы түсінік» тарауының мазмұнында. Бұл тарауда атом құрылысы туралы алғашқы мәліметтер беріліп, атом ядросы мен электрондық құрылысы жөнінде біршама қарапайым деңгейде нақтылы білім беру көзделген. Осы білімнің негізінде изотоптар және химиялық байланыс түзілу механизмі жөнінде хабардар етіледі. Тарауды оқыту барысында зат құрылысының элементар деңгейінен макродеңгейіне біртіндеп күрделеніп, нәтижесінде молекулалардың түзілуі, молекулалық және беймолекулалық заттар және олардың кристалдық торларының құрылысы жөнінде білім беріледі. Мұның өзі оқушыларда заттың дамуы туралы эволюциялық көзқарас қалыптасуына жәрдемдеседі. Бір қарағанда атомның электрондық қабығы туралы алғашқы түсініктер 8-сынып оқушысына ауыр емес пе деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Бірақ осы материалдар атом мен молекулаға бірден ғылыми анықтама беруге жәрдемдеседі. Бұған дейін атом мен молекула заттың ұсақ бөлшектері ретінде анықталып келді. Атомды ажырату үшін химиялық бөлінбейтін бөлшек деп, оның физикалық табиғатына қайшы белгісі көрсетілді. Изотоптар жөнінде түсінік беру арқылы салыстырмалы атомдық массаны қалай есептейтіні жөнінде нақтылы білім қалыптастырылады. Сонымен, атом құрылысы туралы алғашқы түсінік химиялық элементке, салыстырмалы атомдық массаға бірден-бір дәл анықтама беру үшін және химиялық байланыс туралы бастапқы ұғым беру үшін қолданылады. Келесі III, IV, V тарауларда негізінен бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары: оксидтер, қышқылдар, негіздер және тұздардың құрамы, құрылысы аталуы, алынуы, қасиеттері және қолданылуы жайындағы бастапқы түсініктер қалыптастырылады, ал VI тарауда электролиттер мен бейэлектролиттер, иондық теңдеулер құру жөнінде алғашқы мағлұматтар беріліп, ион алмасу реакцияларымен таныстырылады.
«Химиялық реакциялар» тарауында химиялық реакциялардың жүру жағдайлары, жүру заңдылықтары қарасырылып, элемент және оның қосылыстарының генетикалық байланысын көрсететін химиялық реакциялармен білімдерін бекіту көзделген.
«Химиядағы сандық қатынастар» тарауында химиядағы стехиометриялық есептеулер, зат мөлшері, газдардың мольдік көлемі мен салыстырмалы тығыздығын пайдаланып есептеулер жүргізу әдістері жөнінде білім беріледі.
Оқулық «Бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластары және электролиттік диссоциация теориясы тұрғысынан олардың химиялық қасиеттері жөніндегі мағлұматтарды қорытындылау» тарауымен аяқталады. Бұл тарауда оқушылар білімін бір жүйеге келтіру мақсаты көзделген. Оқулықта әр тарау сайын оқушылар білімін бекітуге арналған практикалық жұмыстар мен зертханалық тәжірибелер қамтылған. Сондай-ақ, әр параграфтың соңында жоғарыда айтылғандай тиісті жаттығулар, есептер мен тпасырмалар шартты белгілермен айшықталып берілген.
Оқулыққа қосымша мұғалімдерге арналған «Химиядан әдістемелік нұсқау» және оқушыларға арналған «Химиядан жұмыс дәптері» жарық көрді. Әдістемелікте химияны оқытудың жалпы мәселелері, химияға қатысты қосымша Қазақстанның химия ғылымына байланысты материалдар, тақырыптық үлгі-жоспар, әр сабақты өткізудің үлгі-әдістемелері және сыныптан тыс жұмыстарға пайдаланатын қосымша материалдар берілген.
Оқушыларға арналған жұмыс дәптерінде оқылыққа сәйкес білімдерін бекітуге, тереңдетуге арналған әр түрлі жаттығулар мен есеп түрлері қамтылда. Тапсырманы бірден жұмыс дәптеріне орындауға болатындықтан уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. [4]