28.Жаһандану аясындағы білім беру мәселесі. Интеллектуалды ұлт жаңа моделін қалыптастыру мәселесі
Жалпы, жаһанданудың оның ішінде, тілдік жаһанданудың мәні бір ғана тілге тіреліп тұрған жоқ, олай болса мәселе оңайырақ болар еді. Мәселе – өзге тілдің үстемдігінде емес, дүниеге өзгелердің көзқарасымен қарауда. Ширатыңқырап айтсақ, мәселенің мәні – қоғамға, тұрмысқа, болып жатқан дүние жаңалықтарына өзгелердің ойымен, пайымымен, дайын қорытындыларымен қарау. Оған бұл құбылыстың рухани қарсылық пен күреске бой алдырмайтын осындай қуаты мен күші, әлемді жайлайтын жылдамдығы мен қарқыны – оның коммерциялық сипаты, бизнестік мазмұны айрықша ықпал етіп тұр.
Жаһанданудың өзі әлемдік экономикалық жүйенің қалыптасып, оған барлық елдердің тартылуында. Бұл қазіргі әлемнің бұлжымас қағидасына айналғаны соншалық, осы жүйеден тыс қалған мемлекеттер даму даңғылына түсе алмай, экономикалық, әлеуметтік жағынан артта қалған жұрттардың санын толтыруда. Сондықтан да әлемдік экономикалық дамудан қалай тыс қалғымыз келмесе, жаһанданудан да тыс бола алмаймыз. Біз сол себепті де жаһанданудың өзімен емес, өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін қандастарымыздың қазақтық рухани иммунитетін қалыптастыру, күшейту үшін бүгінгіден де әрі ауқымды, әрі бағдарлы нәтижесі боларлық жұмыстарды жүзеге асырғанымыз жөн. Бұл ретте ең алдымен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне аса маңызды мән беру қажет. Ұрпақ тәрбиесінің көрігі де, бесігі де балабақша мен мектеп. Сондықтан барлық қазақ балаларының, өзге де этностар балаларының қазақ тілінде тәрбие алуын, оқуын қамтамасыз етерліктей арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданғаны абзал. Сонда ғана мектеп бітірушілердің барлығы мемлекеттік тілді меңгеріп, елімізде нағыз қазақтілді орта қалыптасатын болады.
Біздің ойымызша, жаһандану да отаршылдықтың бүгінгі заманда дамыған бір түрі екендігін біз толық сезіне алмай жүрген сияқтымыз. Кезінде саяси отаршылдық ұлтшылдықты тудырғаны мәлім, бүгін сырттан келіп жатқан әсерлерге мемлекетшілдік сана қажет. Қазіргі кезеңде бізді елшіл, отаншыл ететін осы жаһандануға деген рухани қарсылық болса керек. Өйткені жаһанданудың шынайы сипаты, ақиқат бейнесі ол мәдени-рухани отаршылдық. Мұндай отаршылдық та, әлбетте, өзінің болмысы мен бағытына сәйкес қарсылық тудырады. Біздің ойымызша, оған қарсы тұрарлық құбылыстың аты – мемлекетшілдік. ХХ ғасыр басында Алаш зиялылары ел болу идеясын көтеріп, елшілдік жөнінде айтса, қазіргі кезде қалыптасқан осы мазмұндағы «мемлекеттік сана», «мемлекетшілдік» ұғымдарын жиі қолданып жүрміз. Қазақ елінің «Қазақстан Республикасы» атты тәуелсіз мемлекет болуы – осы мемлекетті нығайтатын ресми және бейресми шараларды қалыптастырып отыр. Ел Конституциясында бекітілген мемлекеттіліктің мазмұны мен құрылымы, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты осы мемлекеттілік идеясын қалыптастыруға, тұғырлауға арналса, осы жылдар ішіндегі зиялы қауымның көтеріп жүрген дін, діл, тіл, дәстүр, мәдениет мәселелері де мемлекеттік сананы нығайтуға бағытталған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталып бүгінгі күнге дейін бұл салада айтылып келе жатқан мәселенің бірі – ұлттық сана қалыптастыру мәселесі. Ұзақ уақыт отар болған Қазақстан үшін ұлттық сана қалыптастыру, әлбетте, аса көкейкесті мәселе. Ресей отаршылдық саясатының, одан беріде коммунистік диктатураның асыл дінімізді, рухани мәдениетімізді, тілімізді ұмыттыруға бағытталған зорлықшыл, саяси әрекеттері ұлттық санамыздың кенжелеп қалуына ықпал еткені баршамызға мәлім. Мемлекетке атау берген, осы елдің байырғы әрі саны жағынан басым халқының ұлттық санасын қалыптастыру, кейбіреулер айтып жүргендей, қазақ халқының ғана емес, жалпы мемлекеттің мүддесі үшін аса қажет. Осы жерде сан ғасырлар бұрын мемлекет құрып, одан беріде ел мен жерді қорғаған, отаршылдық заманында да жердің тұтастығын, елдің жоғалып кетпеуі үшін күрескен халық құрмет пен түсіністікке лайық болса керек.
Жаһандану қазанында өзіміздің ұлттық болмысымызды, мемлекеттік келбетімізді сақтап қалу үшін, қазақ та, басқа этностар да қазақ тілі мен мәдениетінің маңайына шоғырлануы керек. Біз қазіргі заманның нақты болмысын сараласақ, өзге ұлттың да, тілдің де, мәдениеттің де төңірегіне топтасуымыз мүмкін емес, егер олай мүмкін дейтін отандастарымыз болса, олар не бүгінгі күннің шындығынан бейхабар, не өз мемлекетінің мықты болуына мүдделі еместер. Бізді «Қазақстан Республикасы» деген мемлекет біріктіреді екен, ендеше осы мемлекеттің бағзы тарихынан бастап бүгінге дейінгі осы жерді сақтап келген мұраттар жолында тұтасуымыз қажет, біздің білім алуымыз, жұмыс істеуіміз, мақсаттарға жетуіміз үшін еліміздің ішкі бірлігі, сыртқы қауіпсіздігі қай-қайсысымызға да қажет. Ал осы ортамыздың амандығына кепілдік беретін мемлекет, оны ұмытпағанымыз жөн. Егер бір мемлекет азаматтарының әрқайсысы қалаған тілінде сөйлеп, басқа мемлекеттің мәдениетіне еліктей берсе, әлбетте, елдік санаға да, мемлекеттік мүддеге де салқыны тиеді. Сондықтан бүгін «өркениетті» деп еліктеп жүрген мемлекеттердің қай-қайсысы да мұны терең түсінгендіктен мемлекетқұраушы ұлттың тіліне, мәдениетіне, қажет десеңіз дініне де өзге этностарды енгізеді. Бүгінгі Қытай, Франция, Испания, Германия, Италия арғы тарихына емес, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы тарихына көз салсақ, қаншама этностарды негізгі ұлттың діліне бейімдеді. Әлемде мұндай үдерістер қазір үдемесе, баяуламауда. Осы бағыт, осы үдеріс өрістей бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |