3. Оқу процесінің қызметтері Оқу процесі бірнеше қызметтерді – білімдендіру, дамыту, тəрбиелеу, ынталандыру жəне ұйымдастыру – атқарады. Бұлардың бəрі кешенді іске қосылады, алайда, тəжірибелік іс-əрекетті дұрыс ұйымдастыру, оқу міндеттерін тиімді жоспарлау үшін олардың əрбірін өз алдына қарастырған жөн.
Оқу процесінің білімдендіру қызметі ең алдымен білім, ептілік, дағдыларды, шығармашылық іс-əрекет тəжірибесін қалыптастыруға бағытталады.
Білім (знание) – бұл деректер, мəлімет, ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар, формулалар мен сипаттамаларды , т.с.с. түсіну, есте қалдырып, қажеттікке орай қайта жаңғырту.
Оқу барысында ғылыми білімдер тұлға меншігіне айналып, оның тəжірибелік қорына енуі қажет. Бұл қызметтің іске асырылуынан білім толықтығы, жүйелілігі жəне саналылығы, оның бекімі мен əрекетшеңдігі қамтамасыз етіледі. Оқушы ғылым негіздері мен іс-əрекет түрлері бойынша мəліметтер жинақтайды, игерілген білімдерді саналы пайдалана білу негіздері қаланып, оларды тұрмыстық міндеттерді шешуге қолдануға үйренеді.
Білімдендіру қызметі сонымен бірге оқушыға тек білім игертіп қана шектелмей, олардың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыруға арқау болады.
Ептіліктер – бұл адамның ережелерге сүйене отырып, қандай да нақты əрекеттерді орындау қабілеті. Дəлірек айтсақ, ептілік дегеніміз – білімді практикамен байланыстыра қолдану тəсілдерін, жолдарын меңгеру.
Дағды – бұл саналы іс-əрекеттің автоматтастырылған бірлігі. Басқаша айтсақ, дағды – ойланбай орындалатын, жоғары дəрежеде жетілген ептілік.
Ептілік жаттығулар нəтижесінде қалыптасады. Дағды қалануы үшін көп санды қайталаулар қажет.
Ептіліктер мен дағдылар жалпы оқулық жəне арнайы оқулық болып ажыралады.
Арнайы оқу ептіліктері мен дағдылары нақты оқу пəні мен белгілі ғылым саласына байланысты қалыптастырылады. Мысалы, физика, химия пəндері бойынша – зертханалық тəжірибелер өткізу, заттай көрнекіліктер пайдалану; географиядан – картамен жұмыс, масштабты өлшемдер, компас не басқа құралдарды қолдану; математикадан – логарифмдік сызғышпен, есептеу машиналарымен, əрқилы модельдермен жəне т.б. жұмыс алып бару ептіліктері мен дағдылары орнығады.
Арнайылардан тыс оқу процесінде оқушылар барша пəндерге қатысы бар жалпы оқу ептіліктері мен дағдыларын да игереді. Мысалы, оқу жəне жазу дағдылары; өзіндік таным жұмыстарын тиімді ұйымдастыру ептіліктері; оқулық, анықтамалар, библиографиялық тізімдермен жұмыс.
Оқу процесі білім беру қызметімен бір уақытта тəрбиелік міндеттерді де іске асырып барады. Оқудың тəрбиелік қызметтері осы əлеуметтік процестің өз табиғатына орай орындалады. Осыдан оқу процесінде оқушыларда көзқарастар, ғылыми дүниетаным, табиғат, қоғам жəне ойлау заңдылықтарын пайымдау, қоғамдық талап, тəртіп нормаларын мойындау əрі оған байланысты заңдарға бойсыну қабілеттері қалыптасады. Тұлғаның қажетсіну сезімі, іс-əрекеттік, əлеуметтік мінез-құлық, құндылық жəне құндылықты бағыт-бағдарлар да осы оқу процесінде пайда болып, жетіліп отырады.
Тəрбие мүмкіндіктері тікелей білім мазмұнынан келіп шығады. Əр оқу пəнінің өзіндік тəрбие мүмкіндігі бар. Оқушылардың тұлғалық сапа-қасиеттерін қалыптастыруда гуманитар жəне əлеуметтік-экономикалық пəндердің тəрбиелік маңызы басқа кəсіби пəндермен салыстырғанда өте жоғары.
Оқу барысындағы тəрбиелік ықпал мұғалім мен оқушы, оқушылардың өзара қатынасына жəне ұжымдағы психологиялық жағдайға байланысты. Педагогикалық процесс қатысушыларының арасындағы қарым-қатынас, тілдесу стильдері əрқилы болуы мүмкін: əміршіл-əкімшіл, демократиялық, либералдық. Бұл орайда қазіргі заман педагогикасының ұстанымы-мұғалімнің оқушыға деген ізгілікті (гуманистік), сыйластық қатынас жасауы, шəкірттерге белгілі шамада дербес, өз бетінше жұмыс алып бару мүмкіндігін беру жəне оларды оқу процесін ұйымдастыруға тартып, сенім білдіруі. Осылардың бəрі біріге оқушыға білім беру процесінің тең құқықты субъекті болатынын танытып, оның белсенділігін көтеруге жəрдемін тигізеді. Оқу адамды барлық уақытта тəрбиелейтіні белгілі, алайда ол тəрбие кейде қисынсыз бағытқа да бұрылып кетуі ықтимал, сондықтан оқудың тəрбиелік қызметін іске асыруда оқу процесін ұйымдастыруға, оның мазмұнын іріктеу мен əдіс, формаларын таңдауға байланысты тəрбие міндеттерін дұрыс түсініп алған жөн.
Білім беру жəне тəрбиелеу қызметтерімен бір қатар оқу процесі балаға дамыту ықпалын да жасайды. Оқып, білім игере отырып, оқушы жан-жақты дамуы тиіс, яғни тұлғаның сөйлеу тілі, ой толғауы, сезімдік жəне қозғалыс ептіліктері көңіл-күй-еріктік, қажетсіну қабілет-қасиеттері ілгерілі даму өзгерістеріне келеді. “Даму басы - оқу”(Л.С.Выготский)- бұл аса маңызды психологиялық заңдылық. Сабақ барысында мұғалім қаруы болған білім мазмұны, ол қолданған оқу формалары мен əдістері, сондай-ақ оқушылардың белсенді, саналы да əрқилы іс-əрекеттері – бəрі де даму өзегі.
Дұрыс ұйымдастырылған оқу əрқашан дамыту қызметін атқаратыны сөзсіз, дегенмен оның нəтижелі іске асуы арнайы бағыт-бағдардың болуына тəуелді. Педагогика теориясы мен тəжірибесінде дамыту мақсатына орай ерекше оқу технологиялары нақтыланған:
- ақыл-ой əрекеттерін кезеңмен дамыту бағыты (И.Я.Талызина);
- теориялық материалдар көлемін арттыра беру (Л.В.Занков);
- жоғары қарқын жəне қиыншылық деңгейінде оқыту (Л.В.Занков);
- оқушылардың өз оқу əрекеттерін сезінуін қамтамасыз ету (Л.В.Занков);
- проблемді оқыту (А.М.Матюшкин, М.И.Махмутов);
- оқудың дамытушы əдістер жүйесін қолдану (И.Я. Лернер, М.Н.Скаткин);
- оқудағы мазмұндық қорытындылау тұжырымы (В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин);
- оқушылардың танымдық іс-əрекеттерінің белсенділігін көтеру əдістерін қолдану (Г.И.Щукин);
- төңіректері қоғам, адам, өнермен қатынастардан болатын толғаныс, көңіл-күй, сезімталдық дамыту жолдары пайдалану арқылы оқу тиімділігін арттыру бағыты (Д.Кабалевский, И.Волков).
Бүгінгі таңда оқудың дамытушылық қызметін жүзеге келтіретін талай технологияларын мұғалімдер табысты қолданып жүр (11-лекцияда).
Білім беру, тəрбиелеу жəне дамыту қызметтерімен қатар педагогика ғылымында оқудың ынталандыру жəне ұйымдасу қызметтері де өз алдына қарастырылуда. Оқу процесін шəкірттерді алдағы оқу-танымдық жұмыстарға еріксіз тартатындай, келер сабаққа ынтық болып күтетіндей дəрежеде құрастыру, оқушыны жаңаны білуге ынталандыратындай етіп ұйымдастыру қажет.
Оқу процесінің жоғары да аталған барша қызметтері бір-бірінен оқшауланған құбылыстар емес, олардың бəрі өзара шартты байланыста əрі сабақ бөліктері мен кезеңдерінің бəрінде бірдей орындалып барады.