1-ші рейтингтің СҰРАҚтары кіріспе. Мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының саласы



бет3/4
Дата15.09.2017
өлшемі0,78 Mb.
#33259
1   2   3   4

Бақылау сұрақтары:

1. Будандастыру ұғымы.

2. Гибридтеу ұғымы.

3. Будандастыру мен Гибридтеудің мал шаруашылығындағы маңызы.



7 дәріс
Тақырыбы: Қой шаруашылығы
Сабақтың мақсаты: Қой шаруашылығының маңыздылығын,

экстерьері, интерьері сонымен бірге, биологиялық және өнімділік

ерекшеліктерін оқып білу
Дәріс жоспары:

1. Қой шаруашылығының маңызы, оның қазіргі жағдайы

2. Әртүрлі өнімділік бағытындағы қой тұқымдарының экстерьері,

интерьері және конституция ерекшеліктері

3. Биологиялық және өнімділік ерекшеліктері
Негізгі және қосымша әдебиеттер:

1. Байжұманов Ә.Б. Мал өсіру. Алматы, Қайнар, 1987.

2. Бегімбеков Қ.Н., Төреханов А.Ә., Байжұманов Ә.Б. Мал өсіру және

селекция, Алматы, 2006ж.

3. Қарабаев Ж. Қой шаруашылығының негіздері, А., 1993.

4. Сабденов К.С. Қой шаруашылығын интенсивтендіру. А., Қайнар,

1991.

5. Сабденов Қ.С., т.б. Қой шаруашылығы І және ІІ бөлім. А., 1993.


Қазақстанда қой шаруашылығы басқа мал шаруашылықтарының ішінде ерекше орын алады. Оған басты себептердің бірі, бұл республикада табиғи жайылымдардың кеңдігі және басқа да азық-түлік қорының молдығы болып есептеледі. Айталық, 223 млн. гектар ауыл-шаруашылығына бөлінген 180 млн. гектары таулы, шөлейтті, табиғи мал жайылатын жайылым болып келеді. Онымен қоса қой шаруашылығынан халықтың мұқтажына керекті ең құнды заттар алады, олар: жүн, тері, ет, сүт, елтірі, май, сүйек тағы басқалар. Бұлардың ішіндегі халыққа ең керектісі, бағалысы жүн өнімі. Себебі жүннен неше түрлі құнды да бағалы киімдер тігіледі, басқа да адам өміріне керекті әр түрлі заттар бұйымдар жасайды. Қаракөл қозыларының терісі тек біздің елде емес басқа шет мемлекеттердің өзінде үлкен құндылықпен бағаланады. Соңғы кезде қой терісінен жасалатын неше түрлі сәнді тондарға баға жоқ.

Қой шаруашылығының халыққа беретін өнімдердің ішінде қой еті де жеке орын алады. Орта Азия республикаларында Қазақстанда қой етінің өнімінің сыбағалы салмағы 29-31 % -ке жетеді. Түркімен республикасында 50 %-ке дейін барады.

Қазақстан жалпы қой басынан, жүн және ет өндіру көрсеткішінен

бұрынғы Кеңес Одағында екінші орын алады. Бірінші орында-Ресей. Ерте кезде Қазақстанда негізінен қылшық жүнді етті-майлы қой тұқымдары өссе, кейін айталық біздің республикада жаңадан биязы, биязылау жүнді, етті биязылау жүнді қой тұқымдары пайда болды.

Меринос қойының Қазақстанға келу шамасы ХІХ ғасырдың соңғы кезі.

Бұл кезде Ресейден оңтүстік аймағынан, Кавказдың солтүстігінен ірі-ірі

помещиктер жер ауған, сол кезде өздерімен бірге ертіс өңіріне меринос

қойларының тұқымын ала келген болатын. Бұларды таза тұқым күйінде

өсіруге ауа райының қиындығына байланысты мүмкіншілік болмады.Сондықтан бүкіл республика бойынша жергілікті қылшық жүнді қойларды биязы жүнді қойлардың қошқарларымен шағылыстыру қажет болды. Осы тәсіл арқылы алынған будандарды өсіру міндетке айналған. Жалпы қойды жаппай будандастыру үшін Қазақстанға рамбулье, прекос, вюртенбург, аргентин мериносы, Совет мериностарының тұқымдарын алғызды.

Қойдың шығу тегі мен биологиялық ерекшеліктері. Қой малы басқа үй

хайуанаттарымен салыстырғанда қолға ерте үйренген. Олардың шығу тегіне

келетін болсақ жалпы биология ғылымының негізін қалаушы Ч. Дарвин

ғылыми дәлелді тұжырымдардың жеткіліксіздігінен қой тегінің шығуы

туралы дәлелді болжам жасаудан бас тартқан.

Қазіргі кезде Ю. Кюк, Нерины, Паллас, Келлер және басқа да ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде мынадай ғылыми болжам жасалды:

үй қойларының арғы шығу тегіне қазіргі уақытта кездесетін муфлон, арқар,

аргали және жалы бар жабайы қойлар жатады. Муфлондар тау муфлоны

және дала муфлоны болып екіге бөлінеді. Тау муфлонынан роман, шотланд

ж. б. қысқа құйрықты қой тұқымдары тараған. Дала муфлоны немесе арқар-

ұзын жіңішке құйрықты және ұзын майлы құйрықты, қой тұқымдарын арғы

тегі деп есептелінеді. Дала муфлоны тау муфлонына қарағанда ірілеу,

мүйізділеу болып келеді. Денесінде қысқа қылшық жүндер өседі. Түр-түсі біртегіс қызғылт қошқыл болады. Аргали-құйрықты қойлардың арғы тегі қазіргі жабайы қой түрлерінің ең ірісі. Тірілей салмағы 180-200 кг. Ірілерінікі 240 кг. дейін барады.

Жабайы қой мен үй қойының тағы бір биологиялық айырмашылығы жүнінің түрінде. Жабайы қойларда жүннің түрі қорғаныс қасиетіне қарай қара көк, қоңыр т. б. болып өзгереді. Ал үй қойларында бұл қасиет мүлдем жойылған. Онымен қоса жабайы қойларда жүннің қылшығы өте ірі ұзын, түбіті ұзарып, әрі тығыз, жүн қылшықтары жіңішке, қысқалау болады.

Қойдың басқа малға қарағанда биологиялық ерекшеліктерінің бірі бас сүйектерінің бейнесі. Қойдың басы сүйір, жақ сүйектері ұзын, тұмсығы үшкір, еріндері икемді, тез қимылдағыш, тістері өткір, ұсақ келеді. Бұл қасиет қойдың жерден шөпті тез тауып жеуіне қолайлы және ыңғайлы. Бұған қосымша қой басқа үй хайуандарына қарағанда шөптің 544 түріне жуығын таңдап жейді, бұның ішінде басқа ауыл шаруашылық малдары жемейтін арам шөптерді де олар жақсы жей береді. Сондай-ақ қойдың қабылдаған жем-шөпті қорыту қабілеті де басқа малдардан жоғары. Осыған орай, қой ішегінің ұзындығы өзінің денесінен 30 есе ұзын, ал ірі қараның ішегі 20-22 есе ғана ұзын. Организмде қабылданған қоректік заттың ең көбі малдың жас кезінде пайдаға асады. Бұл кезде қой сапалы ет өнімін, ал 2-3 жасында ең көп жүн және ет беретіндігі тәжірибе жүргізу арқылы дәлелденген. Қойдың бұл биологиялық қасиетінің әрбір селекционордің селекция жұмысын жүргізуі үшін өте үлкен маңызы бар. Қойды басқа малмен салыстыра отырып, лоардың биологиялық ерекшеліктерін еске алу жолында селекционерлердің аса бір көңіл аударатыны қойдың өсіп-өну ерекшеліктері. Қой ең өсімтал түліктің қатарына жатады. Қой өсімталдығы жағынан қоян мен шошқадан қалып, ал ірі қара, жылқы, түйе малдарынан алда-келеді. Әрбір 100 саулықтан орта есеппен алғанда 140-150 қозы алуға болады. Ал роман, қаракөл тұқымды қойларда 100 саулықтан 200-ге дейін төл алуға болады. Қойдың жыныс органдарының жетіліп, күйлей бастауы олардың 5 айлық шамасында ақ байқалады, бірақ бұл уақытта оларды ұрықтандыруға болмайды. Әдетте алғашқы ұрықтандыруды 18 айға толғанда, ал тез жетілгіш қой тұқымдарын 10 айдан асқан кезде ғана жүргізу қажет. Бұл кезде қой организмі толық өсіп жетіледі. Осы кездегі тоқтының салмағы (ұрықтанар алдында) сол тұқымдас ірі қой салмағының 75-80 % жетуі қажет. Қой ұрықтанғаннан кейін, орта есеппен алғанда 150 күннен соң қоздайды. Кейбір романов тұқымдағы қойлар қозыны 140 күндей көтереді. Сол себепті қойды қошшқардан шығып қоздағанға дейінгі мерзімін 140-155 күн деп есептейді.

Әр тұқымды қой да әр түрлі уақытта қоздауы мүмкін. Ол әрбір қойдың жеке

басының қасиетіне, іштегі төлінің ірі, ұсақтығына және оның еркек ұрғашысына да байланысты. Төлдің іште жатып өсіп жетілуіне де өзіндік ерекшеліктері бар. Жалпыға тән эмбриондық және постэмбриондық өсіп жетілудің өзі бір белгілі тарихи заңдылыққа байланысты екені белгілі. Осыған орай іште жатып жетілуінің заңдылығын толық меңгермейінше селекция жұмысын ойдағыдай жүргізу қиынға түседі. Қойдың ең жылдам өсіп-өнетін мерзімі оның жас кезі болса, ал сол кезде жем шөп жеткіліксіз болып мал керекті мөлшерлерінен төмен қоректенетін болса, онда қой өспейді де салмағы, жүн өнімі артпайды.

Қой басқа үй хайуанаттары сияқты шағылысу арқылы өсіп-өнетіні

белгілі. Дегенмен, тереңірек зерттей қараса қойдың шағылысқа келіп қоздау

уақыттарында өзіндік биологиялық ерекшеліктері бар. Қойдың күйлеп,

ұрықтану жағдайына келуіне бірнеше себептер әср етеді. Мысалы тұқымы, қоны, жемшөбінің сапасы, ауа райы, табиғат ерекшеліктері т. б. Қойдың көбінесе күйлейтін кезі күз айлары, бұған қосымша кейбір ғалымдардың зерттеуінде қойдың күйтіне күннің ұзақтығы да әсер ететін сияқты. Күн ұзарған сайын қойдың күйті қайтып, күн қысқарған кезде күйті қозып күшейе бастаған. Олардың зерттеуінде ең көп күйлеген қойдың саны, ең қысқа күнге дәл келген.

Қойдың күйлеу шамасы олардың тұқымдарына байланысты, мысалға сүтті тұқымды қойлар мен ешкілерде күйлеу кезеңі күшті өтіп, тез белгілі болады. Сол сияқты романов қойының тұқымдары жылдың қай мерзімінде болса да күйлеп ұрықтанып өсіп-өнеді де, тек маусым мен шілде айларында ғана күйлеуі аздап төмендейді. Ал, қазақы қойлар және оған ұқсас гиссар, еділбай, қаракөл, биязы жүнді қойлардың тұқымдары белгілі бір уақытта, көбінесе күзгі айларда жақсы күйлейді. Бірақ олардың да азық сапасын төлдеу және қозысын бөлу мерзімдерін реттей отырып, күйлеу уақытын өзгертуге болады. Қойдың күйті орта есеппен 30 сағатқа созылады. Осы уақытта ұрықтанып тоқтап кетпесе күйті басылып қайтады да, тағы да 14-20 күннен кейін қайта күйлейді. Бұл да қойдың өзіне тән ерекшелігі, қойды ұрықтандыру науқаны кезінде мұны есте сақтау жөн. Саулық жыныс мүшесінің әсер ететін себептердің бірі ауа райы, әсіресе күннің ыстығы. Жаздың ыстық күндерінде қойдың күйлеуі тіптен төмендейтіндігі тәжірибе жүзінде дәлелденген.

Қойдың биологиялық ерекшеліктерінің тағы бір түрі оның жан-жақты әр түрлі өнім беру қасиеттері. Егер бұл қасиетін тереңірек зерттейтін болса, үй хайуанаттарының басқа ешбір түрі қой тәрізді амад өміріне ең қажетті жүн, сүт сияқты керекті заттарды бірден өндірмейді. Көбінесе ет, сүт өнімдерін ғана қосалқы түрінде жылқы, ірі қара береді, оның өзінде әр өнім әр түрлі мөлшерде. Әрине қойдан адам өміріне керекті осындай заттарды, басқа ұсақ мұқтаждыққа жарайтын өнімді қоспағанда, бірдей мөлшерде талап етудің өзі дұрыс болмас еді. Бұл орайда Ж. Кювеннің коррекция заңын еске түсірген дұрыс. Ол былай деген: “ Әрбір өзінше құралған нәрсе бір жеке тұйық жүйесінен тұрады, және оны құраушы заттары бір-бірімен тығыз байланысты болады да, барлығы бірігіп өзінше бір қажеттікке жарайды. Ал сол бір-бірімен тығыз байланыстығы заттың бір бөлігін өзгерту міндетті түрде екінші бір бөліктің белгілі бір мөлшерде өзгеруіне әкеліп соғады..” Әрбір тірі организм бірімен тығыз байланысқан химиялық заттардан тұратын күрделі де тұтас дене, оның соңғы мақсаты өмір сүру, өну болып есептеледі.

Міне осы сияқты зоотехникалық, биологиялық көзқараспен шешкенде өте тұжырымды жүргізілген тәжірибелердің нәтижесі, осы кездегі селекционерлердің жұмыс жүргізуіне үлкен жеңілдік және үлгі ретінде пайдалануына жол көрсетеді.


Бақылау сұрақтары:

1. Қойдың биологиялық ерекшеліктері деп нені айтамыз.

2. Қойдың өнімділік ерекшеліктері деп нені айтамыз.

3. Қой шаруашылығының халық шаруашылығындағы маңызы.



8 дәріс
Тақырыбы: Жылқы және түйе шаруашылығы
Сабақтың мақсаты: Әртүрлі өнім бағытындағы жылқы және түйе

тұқымдарының экстерьері, интерьері, конституциясы және биологиялық,

өнімділік ерекшеліктерін меңгеру
Дәріс жоспары:

1. Әртүрлі өнім бағытындағы жылқы тұқымдарының экстерьері,

интерьері, конституциясы және биологиялық өнімділік ерекшеліктері

2. Әртүрлі өнім бағытындағы түйе тұқымдарының экстерьері, интерьері, конституциясы және биологиялық өнімділік ерекшеліктері


Негізгі және қосымша әдебиеттер:

1. Әкімбеков Б.Р., Мүслімов Б.М., Әкімбеков А.Р., Дәленов Ш.Д. Жылқы шаруашылығы Қостанай 2007ж.

2. Байжұманов Ә.Б. Мал өсіру. Алматы, Қайнар, 1987.

3. Бегімбеков Қ.Н., Төреханов А.Ә., Байжұманов Ә.Б. Мал өсіру және селекция, Алматы, 2006ж.

4. Базымов К. Жылқы және түйе шаруашылығы, Алматы, Қайнар, 1993.

5. Дүйсенбаев К.И. Жылқы өсірушінің анықтамалығы, Қайнар, 1983.


Жылқы санын көбейту және құлын өсіру. Республикамызда жылқы

шаруашылығын өркендетудің негізгі міндеті – оның санын көбейту. Бұл

үлкен міндетті жоғары сапалы жаңа тұқымдар өсіру оны дұрыс күтіп, мәдени

түрде бағу әдісін қолдану негізінде ғана орындауға болады.

Аналық клетканың жетіліп, күйтінің басталу мерзімі түрлі малда түрліше болады. Мысалы, жас жылқының күйті 1–1,5 жасында келеді. Алайда бұл жаста айғырдан шығаруға болмайды, өйткені олардың организмі әлі толық жетілмеген, ал ерте буаздық жас жылқының одан әрі жетілуін тежейді, одан әлсіз құлын туады. Сондықтан алғашқыда шағылысқа тез жетілетін (ауыр жүк тартатын және таза қанды салт мінетін жылқылардың тұқымдарын) жастағы байталдарды, ал содан кейін кештеу жетілетін (жергілікті тұқымдары) 4 жастағы биелерді жібереді. Жылқылардың көпшілігі 18-20 жасқа дейін құлындауға қабілеті жетеді. Жылқыны шағылыстыру мерзімі әр түрлі. Жалпы мүмкіндігіне қарай шағылыстыру жұмысын көктемде өткізген жөн.

Бие құлындағаннан кейін бірінші күйті 8-12 күннен кейін басталып, 5-7

күнге созылады. Содан соң, 15-20 күннен кейін қайталап отырады, соған орай биені айғырдан шығару мезгілін де алдын ала белгілеуге болады. Күйлеудің аз, не көп болуы биенің денсаулығына және азығы мен күтіміне байланысты. Биелердің буаздық мерзімі орта есеппен 11 ай (335-336 күн) Жылқы шаруашылығында биені айғырдан шығарудың мынадай түрлері бар:

Биені қолдан шағылыстыру. Бұл әдіс жылқыны үнемі қорада баққан жағдайда қолданылады. Қолдан шағылыстырғанда бір айғырға 40-50 бие бөлінеді. Ұрығының сапасы мен күйіне қарай оған қосылатын бие санын көбейтуге немесе азайтуға болады. Шағылысуға алғаш қосылып отырған үш жасар айғырға 15-20 бие, сақа айғырға денсаулығына байланысты бие бұдан аз бөлінеді. Биені қолдан шағылыстырғанда оның айғырдан шыққан уақытын нақты есепке алып құлындайтын мерзімін дәл анықтауға болады.

Биелерді үйірлеп шағылыстыру. Бұл табиғи шағылыстыру түрі, ол

көбірек қолданылады, құлын да көбірек алынады. Бұл үшін бие 20-25-тен үйірге бөлінеді, айғыр еркін салынады, шағылыстыру науқаны аяқталғанша үйірден ажырамайды. Қазақстан жағдайында қостанай, көшім және қазақы жылқылардың айғырлары үйірге жақсы түседі.

Қораға қамап шағылыстыратын болса биелердің бір тобын қоршауы бар базға немесе қораға айдап кіргізеді де үйірге салуға үйренбеген асыл тұқымды айғырды бос қоя береді. Арнаулы қораға қамалған бие мен айғыр еркін шағылысады. Айғыр күйті келген биені өзі тауып алады. Бір, екі рет шағылысқаннан кейін айғырды ат қораға жекелеп алып кетеді, ал биені өріске шығарады. Мұндайда 4 жасар және одан да сақайып қалған айғырды күн сайын биеге 1-2 рет қана қосуға болады. Бірақ бұл үшін оның азығы жеткілікті және құнарлы болуға тиіс. Жалпы күйіне, ұрық сапасына жабығына қарай, жас және сақа айғырларды биеге күніне не күнара бір-ақ рет қосу керек. Шағылысқан айы мен күнін арнаулы журналға жазып қояды. Әр айғырға 30-40 биеден бөлінеді.

Биені қолдан ұрықтандыру. Жылқы шаруашылығында бұл көп қолданылып жүрген әдістердің бірі. Оның артықшылығы сол, басқа шаруашылықтағы айғырлардың ұрығын әкеліп, кең пайдалануға болады,

алынған ұрықты мұздатып ұзақ уақыт сақтауға және асыл тұқымды

айғырларды дұрыс пайдалануға, сөйтіп биені көптеп ұрықтандыруға болады.

Малдың еркегі әрқашан күйттірек келеді де, ұрғашысының күйті аналық

клеткасының жетілуіне қарай келіп отырады. Аналық клетка жетіліп, бие күйлей бастағанда ұрықтандыру керек. Шағылыс маусымы ішінде бір айғырдың ұрығымен 150-300 биені ұрықтандыруға болады.

Буаз биелерді күту. Жылқы тұқымының сапасын жақсартуда жас төлді

бағып-күту ісін дұрыс ұйымдастырудың шешуші маңызы бар. Буаз биелерді

азықтандыру мен күту құлынның құрсақта өсуі мен жетілуіне елеулі әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан да буаз биелерді дұрыс жеткілікті азықтандыруды ұйымдастыруға айрықша назар аудару керек. Буаз биенің әр 100 кг тірілей салмағына 1,6-1,7 азық өлшемі беріледі. Желгіш, салт мінетін тұқымдардың буаз биелеріне 4 айдан бастап қалыпты азығының үстіне іштегі төлдің өсуі үшін қосымша азық беріледі. Ал буаздығының екінші жартысынан бастап биені ауыр жұмыстардан босатып, жеңіл немесе орташа жұмысқа пайдалану қажет. Құлындауына екі ай қалғанда оларды жұмыстың қандай түрінен болса да мүлдем босатып, жыл мезгілі мен ауа райына қарай күніне бірнеше сағат серуенге шығарып тұрады. Буаз биені ерекше бағалауға алады. Биенің құлындайтын дәл уақытын сыртқы белгілеріне және шағылыстыру журналында жазылған жазуларға қарап анықтауға болады. Бие құлындардың алдында оның желіні үлкейіп емшектері іседі. Буаз бие уақыты жеткенде толғатады, толғағы әр 2-3 минутта қайталап отырады. Құлындар алдында бие аяғын созып жатады, құлыны дұрыс келген жағдайда 20-30 минут ішінде ешқандай көмексіз-ақ құлындайды. Егер құлыны кешіксе, тәжірибелі зоотехник, не мал дәрігері тиісті көмек көрсетеді. Құлын жарық дүниеге шыққан соң танауын, аузын және құлағын таза матамен шаранадан тазартып сүртеді, кіндігі үзілмесе 8-10 см қалдырып үзіп, йод тұнбасын жағады

Іште дұрыс өскен құлын туғаннан кейін 20-30 минуттан соң-ақ аяқтанып, енесін емуге ұмтылады, сондықтан ең алғашқы кезде құлынға қозғалуға, енесінің емшегін табуға көмектесу керек, әсіресе нәзік құлындарға бұл көмек өте қажет. Құлын туғаннан кейін 3-4 күндігінде өз бетінше жүріп, денесі ширай бастайды, егер қорада тұратын болса, енесімен бірге күнде далаға серуендеткен жөн. Туғаннан кейін 1-2 сағаттан соң биеге жылы су мен жақсы пішен береді, ал 4-6 сағаттан соң кебектен жасалған мылжа береді. Құлындағанына 5-7 күн өткесін биені толық азықтандыру нормасына көшеді.

Құлын өсіру. Құлын негізінен өмірінің бірінші жылында жақсы өсіп жетіледі. Сондықтан да оның қалыпты өсуі үшін барлық уақытта да

азықтандыру, күту жағдайын туғызу керек. Құлынды 1,5-2 айлығынан бастап

жемге үйретеді. Құлынды жастайынан қолға үйреткен жөн. Ол үшін құлынға

әр түрлі азық беріп, сипау, басына ноқта салып үйрету, жетектеу аяғын

көтеріп үйрету, денесін тазалау және басқа әдеттерге баулу керек. Алғашқы

3-4 айда құлын енесінің сүтін емеді. Қалған уақытта құлын енесімен бірге жайылымға шығарылады. Ол енесінің сүтін емуді бірте-бірте азайтады, оның есесіне оған жаңа шабылған көк шөп, жаншылған сұлы немесе жармаланған арпа, тағы басқа құнарлы азықтар көбірек беріледі (тәулігіне ең алдымен 100-200 г мөлшерінде).

Құлынды енесінен бірден ажыратқан дұрыс. Ол үшін оны өзінің тұрған

қорасында қалдырып, биелерді басқа жаққа әкеткен жөн. Енесінен ажыратылған құлынға сапалы пішен, жем беріледі. Ат қорада ұсталған

құлынды енесінен 6-8 айлығында, ал табында бағылатын құлындарды көктемде 10 айлығында бөледі. Демек құлындардан бір бөлек және биелерден бір бөлек үйір құрылады, оларды бастапқыда бірнеше күн базаларда ұстап бағады, содан кейін жайылымдарға шығарады. Енесінен

ажыраған құлындар тіпті жақсы жайылымдарда болғанның өзінде шөптен қоректік заттарды аз алады, сондықтан да оларды арпа, сұлымен және минералды жеммен үстеп азықтандыру қажет. Сонымен бірге қыста сапалы сүрлем, күнжара, қызылша, сәбіз де енесінен ажыратылған құлындарға өте пайдалы. Құлындарды тәулігіне үш рет суару қажет.

Жылқы шаруашылығында құлынды жыл сайын күзде енесінен ажыратылғанға дейін таңбалайды. Қәзіргі уақытта екі тәсіл-қыздырылған

және салқын әдіспен таңбалау қолданылып жүр. Салқын әдіспен таңбалау ең

сапалы болып табылады. Төлді таңбалағанда терісінің сыртына үш таңба: жеке номері, туған жылы, белгі ретінде шаруашылықтың аты салынады. Таңбалағаннан кейін төл журналына оның туған жылы, жеке номері, жасы, түсі, белгілері мен тұқымы жазылады. Түйе шаруашылығы ежелден мал шаруашылығының өнімді бір саласы ретінде саналып келді және санала береді. Малдың басқа кең тараған түліктерінен бір ерекшелігі- түйе сусыз, шөл жерлермен шөлейтті жерлерде өседі. Шөлейт аймақтар үшін түйе өсірудің айрықша маңызы бар, өйткені ол басқа мал аузына алмайтын ащы сілтілі шөптерді сүйсініп жейді. Түйе биологиялық ерекшеліктеріне орай қыстың суығы мен жаздың аңызақ ыстығына төзімді келеді. Сонымен бірге оның бағалы болатын тағы бір себебі, жоғары өнімді өзге түлікті өсіру қиындыққа соғатын аса қолайсыз шөл және шөлейт жағдайда одан әр алуан өнім (жоғары сапалы жүн, шипалы сүт, ет және тері) алуға болады.

Түйе тұқымдары мен будандары. Басқа түліктермен салыстырғанда

түйенің тұқымдары онша көп емес. Қазіргі кезде түйелерді зоологиялық

жағынан топтастырғанда негізде жеке екі түрі немесе тұқымы бар: қос

өркешті түйелер (бактриандар) және бір өркешті ару аналар (дромедарлар) бір өркешті ару ана оңтүстікте өседі. Ыстық жаққа бейімделген ару ана негізінен Түркімен Республикасында көп таралған, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Қазақстанда аздап кездеседі.

Бір өркешті түйелерден ерекшелігі, қос өркешті түйелер солтүстік малы деп есептеледі. Сондықтан олар өте жүндес, қатаң климатқа жақсы

бейімделген және үскірік аязға төзімді болып келеді. Негізінен Қазақстанда,

Қалмақтарда, Тувада, Астрахань, Волгоград және Чита облыстарында кең таралған.

Аруана тұқымы. Бір өркешті түйелердің бәрін аруана тұқымына

жатқызады. Олар ғасырлар бойғы халықтың селекциялық жолмен алынып өсірілген. Жаздың аңызақ ыстығы мен құрғақшылық жағдайларына да көнбіс тағы басқа бағалы да пайдалы қасиеттері мол. Еліміздегі барлық түйелердің үштен бірі аруаналар. Аруана тұқымының ең көп өсірілетін жері Түркіменстан ішінара Өзбекстанда, Тәжікстанда және Қазақстанда да кездеседі. Аруана ірі, мүсінді дене бітімі берік, өте жақсы жетілген, басы етсіз, жеңіл, мұрыны сәл дөңес, мойыны ұзын, қуатты және бұлшық етті; кеудесі биік және кең иіні биіктеу, жалғыз өркеші тұтасып біткен, артқа қарай сәл шығыңқы, сүйегі берік. Терісі жұқа, созылмалы, жеңіл. Түсі көбіне ақшыл және қара қоңыр болып келеді, құқыл сарғылт, қызыл, сарғылт, т.б түстерде кездеседі. Аруананың тұқымдық аталығы үлектердің тірідей орташа салмағы 680 кг. Жекелеген түрлері 920 кг, ал інгендердің орташа тірідей салмағы 550-660 кг болады.

Түйелердің аруана тұқымы 12-13 ай сауылады да осы маусым ішінде 1500-1750 л (орташа майлылығы 4,4%) ал жекелеген түрлері 2530-3245 л-ге дейін сүт береді. Орта есеппен 2 кг-нан 4 кг-ға дейін, ал ең жақсы үлектерінен 6 кг-га дейін жүн қырқылады. Үлектерді түйе тұқымын асылдандыру үшін шағылысқа пайдалану ұзақтығы 14-16 жыл, аса бағалы түйелері 18-20 жыл, сол кезең ішінде әр үлектен 230-350 бота алынады. Інгендерді 18-20 жасқа дейін, ал жекелеген түрлерін одан да көп пайдаланады, бұл кезеңде әр інгеннен 8-10 ботаға дейін алынады. Аруананың таза тұқымын өсіру бір өркешті түйелердің тұқымын жетілдіру мен өнімділік сапасын жақсартудың тиімді жолы боып табылады. Асыл тұқымды аруаналар Түрікменияда “Сакар-Чага” түйе заводында шоғырландырылған.

Қалмақ түйелері. Волганың төменгі оң жағалауындағы аймақтарда

қалмақтар әкелген. Мұндағы табиғат, климат жағдайы олардың көндігуіне және одан әрі өсіп жетілуіне әсер етті. Қалмақ түйелері шаруашылыққа пайдалы қасиеттері жағынан қос өркешті түйелердің арасында айрықша орын алады. Бұл тұқым аса ірі, дене бітімі мол бұлшық еттері қуатты әрі серпінді. Басы кішкене, етсіз, мойны бұлшық етті, орташа кеудесі кең және терең қабырғалары дөңгеленіп біткен, өркештерінің мөлшері биіктігінен және енінен қарағанда үлкен, құйымшағы қақпақ тәрізді, сәл салбыраңқы, сирақтары етсіз, жіңішке, тарамыстары жақсы жетілген. Түсі қоңыр және қара қоңыр болып келеді, қуқыл сары және ақ түстілері де кездеседі.

Бураларының орташа тірілей салмағы 650-700 кг, жекелеген түрлері 1200 кг-ға дейін, ал інгендердің орташа тірілей салмағы 600-650 кг, қайсыбіреулерінікі 960 кг-ға дейін болады. Қалмақ түйелері ширақ, жуас

және адамды жақсы тыңдайды. Оларды әр түрлі ішкі шаруашылық жұмыстарына да жегуге, жүк артуға және салт мініске пайдаланады. Жұмыс

қабілеті жөнінен түйелердің басқа тұқымдарының қай-қайсысынан болса да

асып түседі, тіпті ауыр жүк тартатын аттардың таситын жүгіндей дерлік

жүктерді тартады.

Қос өркешті қалмақ түйелері климаты құрғақ және континенталды

шөлейт аймақтарға өте жақсы бейімделген. Көктем, жаз кезінде жақсы

семіреді, денесінің салмағы орта есеппен 30% дейін артады. Қоңды түйелердің өркештерінде 100 килограмнан астам май болады. Жүні біркелкі

жақсы өседі, сапалы болады. Олардың жынысы мен жасына қарай әр түрлі

мөлшерде жүн алынады. Мәселен, бураларынан 6-14 кг, інгендерінен 4-8 кг,

тайпақтарынан 3-6 кг, жүн түседі.

Сүттілігі қазақ інгендерінде қарағанда аздау келеді. Мәселен, 18 ай

сауым маусымы ішінде айына орта есеппен 1170 л (орташа майлылығы 5,4

процент) сүт береді. Шағылыстырылатын бураларды 18-20 жасқа, ал інгендерді 20-25 жасқа дейін және одан да көп пайдалануға болады. Қалмақ

түйесі басқа қос өркешті түйелердің тұқымын жақсартушы тұқым болып

табылады. Қазақстанның Батыс аймағы жағдайында қалмақ түйесінің бураларын қазақ інгендерімен шағылыстыру әдісін қолданады, мұның өзі

түйенің салмағы мен жүннің көбейтуде жақсы нәтижелер беріп келеді. Қалмақ түйелерінің таза тұқымдарын өсіру Астрахань облысының Қарабайлы және Приволжье аудандарының колхоздары мен совхоздарында қолға алынған.



Қазақтың қос өркешті түйесі өте көп өсіріледі. Ол Қазақстан мен Орта Азияның шөл және шөлейт аймақтарында таралған. Олар шөлейт

жағдайларға жақсы бейімделген, аңызақ ыстыққа да, үскірік аязға да жақсы

төзеді. Қазақстанда түйелерді жұмыс көлігі ретіндеғана емес, сонымен қатар

өнім малы ретінде пайдаланады, одан жүн, ет, сүт алынады. Қазақы тұқымды

буралардың дене бітімі тығыз, ілгері және пропорциялы жалпақ және күшті,

аяқтары біршама қысқа, кеудесі терең, бұлшық еттері жақсы жетілген, тұрқы

сәл ұзындау және өркештері жалпақтау болады.

Қазақтың қос өркешті түйесінің тұлғасы қалмақ түйелерінен кішірек болғанымен жалпы салмағы олардан кем түспейді. Мәселен, қонды кезінде інгендердің тірідей орташа салмағы 560 кг, буралар 550-600 кг, ал кейде 1000 килограмға дейін жетеді. Қазақы тұқымды түйелердің денесінің өлшемі климат жағдайына және азықтандыру мөлшеріне қарай өзгеріп отырады. Ең ірі түйелер Орал және Гурьев облыстарында өсіріледі. Орта есеппен буралары 8,5-9,5 кг жекелеген түрлері 15 килограмға дейін, інгендері 5,5-6 кг және тайлақтары 3,5 кг-нан 5 кг-ға дейін жүн береді, 70-95% дейін таза талшық алынады. Қазақтың қос өркешті түйелерінің тұқымын жақсартудың негізгі әдісі, оның таза тұқымын өсіру болып табылады, сондай-ақ кейбір өнімі аз інгендерді ірілендіру, салмағын, жүнділігін, күшін және әр түрлі жағдайларға төзімділігін арттыру үшін қалмақ тұқымы бурасын, ал сүттілігін арттыру үшін үлекті пайдаланған тиімді.

Монғолдың қос өркешті түйесі негізінен Монғолияда тараған, сол

жақтан олар Россияға әкелінген. Қазіргі кезде бұл елімізде ең көп тараған қос

өркешті түйелердің тұқымы Чита облысында және Тувада өсіріледі. Монғол

тұқымы түйелер әсіресе солтүстіктің суық шөлдерінде мекендеуге бейім. Бұл

тұқым онша ірі емес, денесі тығыз, тұлғасы ұзындау. Басы жеңіл, мойны тік,

көкірегі кең, сүйегі мықты, бұлшық еттері жақсы жетілген, жіліншіктері түзу,

табандары жалпақ.

Інгендерінің тірілей орташа салмағы 500 кг, буралары 500-550 кг,

желеген түрлерінікі 720 кг-ға дейін жетеді. Монғолдың қос өркешті

түйелерінің жүні қою және ұлпа болып келеді. Әр бурадан 14-16 кг, әр

інгеннен 12-13 кг жүн алынады. Сүттілігі өзге түйелерге қарағанда аздау келеді. 18 ай сауын маусымы ішінде орта есеппен 360 л (орташа майлылығы 5,6%) сүт алынады. Монғол түйелерінің тұқымын көбейту және жақсарту үшін оның таза тұқымын өсірген тиімді, сондай-ақ қалмақтың және қазақтың қос өркешті түйелерінің бураларымен шағылыстыруға болады. Түйелердің жыныстық жетілуі екі жасынан бастап алты жасына дейін аяқталады. Ал физиологиялық жағынан жақсы жетілген інгендерді шағылысқа 3 жасынан 20 жасқа дейін, ал аталықты 5-тен 18-20 жасқа дейін пайдаланған тиімді. Қайыту және боталау науқандарында қос өркешті інгендер орта есеппен ботаны 415 күн, аруана 390, нармая 410, қоспақ 390, кезнар 385, құрт нар 387 күн көтерілінетінін білу керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет