5
Ғылыми-педагогикалық мамандар - доктор-магистрлер даярлау жүйесіне өту
Қазақстанның әлемдік ғылыми білім беру кеңістігіне ықпалдасуы қажеттігіне
байланысты болды. Алайда қазақстандық ғылыми білім беру қоғамдастығында бұл
мәселе өткір пікірталастар туғызды. Классикалық неміс үлгісіне негізделген бұрынғы
білім беру жүйесін жақтайтындар аз болмады.
«Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы. Мамандар даярлау және білім беру саласында
жетекші шетелдік университеттермен байланыстарды дамыту ісінде 1993 жылы
қарашаның 11-інде ҚР Президентінің бастамасы бойынша құрылған «Болашақ»
бағдарламасының орасан үлкен маңызы болды. Алғашқы қазақстандық студенттер 1994
жылы АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция елдеріндегі жоғары оқу орындарына
білім алу үшін аттанды. Кеңес заманынан кейінгі кеңістік елдерінің тарихында алғаш рет
талантты жастарды мемлекет есебінен шетелде оқыту мүмкіндігі пайда болды. Егер 2004
жылы 785 студент әлемнің 13 елінде білім алса, ал 2005 жылдан бастап «Болашақ»
бағдарламасы бойынша стипендия алатын студенттер саны 3000-ға дейін жетіп, олар
дүние жүзінің 32 елінде алдыңғы қатарлы 630 университетте оқу мүмкіндігін алды.
«Болашақ» стипендиясының тағайындалуына орай, республикамызда Батыстың
қазіргі заман талаптарына сай білімдерін алған мамандардың саны өсті. Президент
стипендиясын иеленушілерді біріктіру, кейіннен оларды жүмысқа орналастыру, тұрғын
үймен қамтамасыз ету, олардың мүдделері мен құқықтарын қорғау мәселелерін шешу
үшін, 2001 жылы «Болашақ» қауымдастығы құрылды. «Болашақ» бағдарламасы аясында
білім алған түлектер мемлекеттік қызметте, білім беру және денсаулық салаларында,
ұлттық компанияларда жұмыс істейді, сонымен қатар Батыс елдерінің менеджменті мен
стандарттарын осы салаларға енгізіп жатыр.
2009 жылдың маусымында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен
«Астананың Жаңа университеті» АҚ-ы құрылды. Аталған университет 2010 жылы
маусымның 7-сінде, Қазақстан Үкіметінің Қаулысына сәйкес, атауын «Назарбаев
Университеті» деп өзгертті. Оған алғашқы студенттер қабылдау 2010 жылы қыркүйекте
басталды. Университет білім берудің ұлттық жүйесінің артықшылықтары мен ең жақсы
әлемдік ғылыми білім беру тәжірибесін сәтті ұштастыра отырып, Қазақстанның жоғары
білімінің үлгісіне айналды. ҚР Президенті 2011 жылы қаңтардың 19-ында «Назарбаев
Университеті» мәртебесі туралы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев
Қоры» туралы Заңға қол қойды.
Университет 2011 жылы маусымның 15-інде заңды мәртебесін ауыстырып,
«Назарбаев Университеті» автономиялық білім беру ұйымы» деп аталатын болды.
Университет өзінің меншікті білім беру стандарттары бойынша жұмыс істейді және ҚР
Білім және ғылым министрлігінің басқаруына жатпайды. «Назарбаев Университеті» 2013
жылы алғаш рет Жоғары бизнес мектебінің және Жоғары білім беру мектебінің
магистрлік және докторлық бағдарламаларына қабылдау үшін есік ашты. «Назарбаев
Университетінде» 2014 жылы тамыздың 20-сында оқуды аяқтаған магистранттарға
дипломдар тапсырылып, 46 студент магистрлік бағдарламаның алғашқы түлегі атанды.
Сонымен, реформалар мен өзгерістердің нәтижесінде, Қазақстанда жалпы (орта),
арнаулы орта және жоғары білім берудің мемлекеттік те, мемлекеттік емес те
секторлардан тұратын, негізінде, халықаралық стандарттарға сай, қазіргі заманғы жүйесі
пайда болды.
Достарыңызбен бөлісу: