20 ТАҚЫРЫП. АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ САТЫДАҒЫ СОТ ӨНДІРІСІ Апелляциялық сот өндірісінің мәнісі және маңызы. Апелляциялық шағымдау және наразылық беру құқығы. Апелляциялық шағым, наразылықтың мазмұны. Апеляциялық сатыдағы сотта азаматтық істі қараудың процессуалдық тәртібі мен мерзімі. Апелляциялық сатыдағы соттың өкілеттігі. Апелляциялық тәртіпте сот шешімін өзгерту мен күшін жоюдың негіздері. Апелляциялық сатыдағы соттың актілері. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымдарын шағымдау, наразылық беру.
Дәріс Апелляциялық сот өндірісінің мәнісі және маңызы. Апелляция институты - екінші сатыдағы соттың заңды күшіне енбеген сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексерудегі істі қозғау қызметін реттейтін құқық нормаларының жиынтығы. Апелляциялық шағымдар мен наразылықтар бойынша сот актілерінің заңдылығын, негізділігін тексеру азаматтық сот ісін жүргізудегі заңдылықтардың сақталуы мен оны нығайтудың маңызды құралы болып табылады.
Заң іске қатысушы тұлғаларға шағымдау құқығын, ал прокурорға – заңды күшіне енбеген шешімдерге наразылық беру құқығын беріп, екінші сатыдағы сотқа сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру міндеттерін жүктейді.
ҚР АІЖК 37-бабында апелляциялық іс жүргізудің міндеттері белгіленген. Істі апелляциялық тәртіпте қарастыру негізінде сот бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексереді. Ол жаңа дәлелдемелерді және анықталған жаңа деректерді зерттей алады. Соттың бірінші сатысына берілу мүмкіндігі болмаған жағдайда жаңадан берілген дәлелдемелерді сот зерттейді.
Апелляциялық шағымдауға және наразылық беруге құқық, апелляциялық шағым мен, наразылықты қарастыру ерекше мәнге ие. Заң тараптар мен іске қатысушы тұлғаларға сот шешімін апелляциялық тәртіпте шағымдау немесе наразылық беру мүмкіндігін береді.