Тілдердің құрылымдық (типологиялық) ерекшеліктері жағынан топтастырылуы
Құрылымдық яғни морфологиялық ұқсастық бір негізден тараған туыстас тілдердің арасында ғана емес, сонымен бірге, әр басқа негізден тараған тілдердің арасында да бола беруі мүмкін. Басқаша айтқанда, шығу тегі жағынан әр басқа тілдердің арасында да құрылымдық яғни морфологиялық ұқсастық болады.
Мұны түсіну үшін, ең алдымен әр түрлі тілдердегі грамматикалық мағыналарды білдіру тәсілдеріне, сөз, сөйлем құрамындағы мағыналық бөлшектердің өзара байланысу сипаттарына, яғни синтаксистік қатынастардың берілу әдістеріне көңіл қою керек. Мысалға "М.Әуезовтың кітабын мен туыстарымнан алдым" деген сөйлемді оның "Книги М.Ауезова я взял у родственников" деген орысшасымен салыстырып көрелік. Мұндағы ту+ыс+тар+ым+нан деген мен у род+ствен+ник+ов дегендерге көңіл қойсақ, олардың құрылымдық ерекшеліктері мен байланысу тәсілдері, грамматикалық мағыналарды білдіру әдістері әр түрлі екенін байқауға болады. Анығырақ айтсақ, орыс тілінде грамматикалық мағыналар (жекеше-көпше) ішкі флексия арқылы да, сыртқы флексия арқылы да (Мыс: И. что? окну-укна, Р. чего? окнб-укон; Д. чему? окну-укнам; В. что? окну-окнб; Т. чем? окном-окнами; П. о чем? Об окне – об окнах) беріледі.
Ал қытай тілінде "Жаңа үй+де терезе+лер жоқ" деген ұғым "Терезе жаңа үй жоқ" деген формада айтылады. Өйткені бұл тілде сөздер түрленбейді. Олардың арасындағы синтаксистік байланыс екпін немесе интонация арқылы, орын тәртібі, көмекші сөздер арқылы белгілі болады.
Осы айтылған құрылымдық ерекшеліктеріне қарай дүние жүзі тілдері мынандай төрт типке бөлінеді:
1) Жалғамалы (агглютинативті) тип. Бұлардың қатарына түркі тілдері, монғол тілдері, угоро-фин, венгр тілдері жатады. Бұл тілдерге тән негізгі қасиеттер: 1) Грамматикалық мағыналар түбірге қосымшалардың (аффикстердің) жалғануы арқылы беріледі; 2) Қосымшалардың әрқайсысы көбінесе бір ғана грамматикалық мағынаны білдіреді; 3) Ол қосымшалар бірінің үстіне бірі жалғана береді; 4) Қанша қосымша қосылғанмен сөз түбірінің дыбыстық құрамы өзгермейді (сол күйінде қалады). Мыс.: үй+ім+нің терезе+лер+і, біз+дің бала+лар+ы+мыз.
Достарыңызбен бөлісу: |