7. Қарақытай мемлекеті
X ғ. басында Солтүстік Маньчжурия мен Моңғолияда Киданның Ляо мемлекеті /907-1125/ құрылды. Қидандықтар Сұн /960-1279/ империясы жерінің бір бөлігін және Селенгі мен Орхондағы ұйғыр қағанатының жерлерін басып алып, Алтай мен Тарбағатайға қарай жылжиды. Алайда, осыған қарамастан, Кидандардың Ляо империясы тұрақты болмады. Көрші тайпалардың соғыстарына және ішкі талас-тартыстарға байланысты Ляо империясы әлсірей берді. 1125 жылы ол тұңгыс-маньчжур тайпаларының соққысынан бас көтере алмайтындай жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін Кидан тайпалары Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай көшіп, Жетісу жеріне келіп орнықты /жергілікті жерлерде оларды қара кытай деп атады/. Сөйтіп, олар Оңтүстік-шығыс пен Оңтүстік Қазақстанға орналасты.
Кидандар Орта Азияға қарай жылжып, Салжұқ сұлтаны Санжарға соққы беріп, 1141 жылы Самарканд қаласын басып алды. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін горхан деп жариялады. Қайтар жолда горхан әскерлері Бұқараны оңай басып алып, Баласағұн аймағына келіп орналасты. XII ғасырдың 30-40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның, Бұқара мен Самарқандты қоса алғанда, Мәуеренахр аймағының жері қара қытай иелігіне кірді.
Елюй Дашы 1143 жылы қайтыс болды. Баласы Иле жас болғандықтан хандықты Елюй Дашының әйелі Набұян басқарды. Жеті жылдан соң Даштың ұлы Иле әкесінің тағына отырып, 1150-1164 жж. горхан болды. Ол қайтыс болған соң, қарындасы Бүбұған таққа отырып, 1164-1177 жж. билік жүргізді. Оның хандығының соңғы кезінде Қарақытай ордасында саяси өзгерістер болып, Бүбұған өлтірілді. Оның орнына Иленің баласы Жилугу горхан болды. Жилугу өзінің билігін 1213 жылға дейін жүргізді. Бұл кезде қарақытайлар Орта Азиядағы басып алған жерлерінен айырыла бастады. 1198 жылы Ауған аймағынан шықкан Гурид билеушілері қарақытайларға күйрете соққы берді. Ал 1210 және 1213 жылдары Қарақытай мемлекеті Хорезм шахы Мұхаммедпен және наймандармен соғыстар барысында ыдырап құлады.
8. Найман мен керейт ұлыстары
Қазақстан жеріндегі ертеден келе жатқан тайпалар - Жалайыр, Найман мен Керейт. Найман тайпалар одағы /түрікше "сегіз тайпа одағы"/ VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында пайда болып, Ханғайдан Тарбағатайға дейінгі жерлерді алып жатты.
Найманның батыстағы көршісі Ертіс өзені бойында тұрған қаңлылар, ал солтүстігінде - қырғыздар, шығысында - Тола алқабын, Орхонның орта ағысы және оң жақ бетін алып жаткан меркіттер мен керейттер болды. Алайда, бұл қоныстар тұрақты болмады, өзара талас-тартыс, соғыс пен шапқыншылықтар барысында тайпалар бір жерге тұрақтай алмай, жаңа жерлерге көшіп отырды. Өйткені наймандар да олармен көрші керейттер де көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан.
Наймандар мен керейттер /керейлер/ 2 мыңыншы жылдықтың басында Қазақстан жеріндегі этникалық-генетикалық процестерде белгілі рөл атқарды. Наймандар мен керейлерде ертедегі феодалдық қатынастардың орнығуы ұлыстардың құрылуымен қатар жүрді. "Ұлыс" деген сөз ол кезде "халық" деген ұғымды білдірді, әрбір ұлыс белгілі бір жерлерді алып жатты. Оны белгілі бір рудың өкілі, хан басқарды. Хан ордасы ұлыстың өздеріне меншікті жазғы жайылымы, қысқы қыстауы болып, әскері - ондық, жүздік, мыңдық, түмендерге бөлінді.
Наймандар мен керейлер XII ғасырда іс жүргізуде ұйғыр жазуын пайдаланған. Ханның "алтын мөрі" болып, онымен қажетті құжаттарды куәландырып отырған. 1206 жылы Шыңғысхан Алтайдағы Күшлікхан бастаған наймандарға қатты соққы берді. Бұдан кейін наймандардың бір бөлігі Алтайдан Жетісу жеріне ойысты, ал екінші бір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып қойды. Осы кезде Жетісу жерінде қара-қытайдың әскерлеріне Хорезм шахы Мұхаммед шабуыл жасап соққы берді, ал қалғандарын 1213 жылы Күшлікхан басқарған наймандар жаулап алды. Қарақытай әскерлері талқандалып жеңілген кезде, олардан ұйғырлар бөлініп шықты. Осыдан кейін Қарақытай мемлекеті құлады, Хорезм-шах наймандардың шабуылынан қорқып, оларға Сырдария өзеніне дейінгі жерлерді - Сайрам, Ташкент және Ферғананың солтүстік бөлігін бөліп берді. 1218 жылы моңғолдар Жетісу жеріндегі наймандарды талқандап жеңді. Қашып шыққан Күшлікті олар ұстап алып Бадахшанда өлтірді. Бүкіл Шығыс Түркістан мен Жетісу жерлері моңғолдардың қол астына көшті.
Керейттер туралы жазба деректердегі ең ерте мәліметтер X ғасырдың бас кезіне жатады. Керейттер конфедерациясының этникалық құрамы бір текті болмаған. Ол түрік тілді және моңғол тілді жұрттан құралады. Керейттердің батысында - наймандар, солтүстігінде - меркіттер, шығысында - татарлар, оңтүстігінде - таңғұттар мекендеген. Керейт тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы — Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласы, ал оңтүстік ордасы Хуанке өзенінің бұрылысының теріскейінде тұрған. Орхондағы бас орда өте қолайлы жерде, сауда жолының аса маңызды бөлігінде орналасқан. Сол себепті ол көршілес және алыс елдерден келетін көпестер, сол сияқты миссиөнерлер жиналатын орынға айналған. 1007 жылы керейттер наймандармен бірге христиан дінінің несторияндық тармағын қабылдайды. Керейттер белгілі дәрежеде ұйғыр мәдениетінің ықпалында болған.
XII ғасырдың 50-ші жылдары керейттерде Мырғыз хан билік жүргізді. Кейін ол қытайлар қолына түсіп өлтірілген. Одан кейін елді Бүйрек хан биледі. 1171 жылы хан тағы оның баласы Тоғырылға көшті.
Тоғырылхан тұсында Керейттер ұлысы солтүстікте - Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте - Хуанкеге дейінгі, батыста - Хангай тауынан, шығыста - Халкин Голге дейінге жерлерді еркін жайлаған. Керейттер найман, қаңлы, ұйғыр, меркіт, моңғол, қарақытай, таңғұттармен тығыз саяси және этникалық-мәдени байланыс жасап тұрған. Тоғырылханның бай жиһазды сарайында дала тайпаларының болашақ билеушілері - Темучин (Шыңғысхан) мен Жамуха - тәрбие алып, саяси және елшілік өмірден хабардар болады. Керейттер билеушісі Тоғырылхан сарай қызметіне қаңлы ақсүйектерінің өкілдерін кеңінен тартқан.
Керейттер мен наймандар және жалайырлар әлеуметтік-саяси дамудың бір деңгейінде тұрған. Олар дербес мемлекеттік құрылым-ұлыстар болып ұйымдасады. Әрбір ұлыстың өз территориясы болған. Оның шекарасының ең маңызды жерлері күзетке алынып отырған. Ұлыстарда хан косының басқару органдары, әскері мен жасауылы бар басқару аппараты жұмыс істеген. Наймандар мен керейттерде кәдуілгі хұқ низамы қолданылған. Қоғамның тандаулы тобына қызмет орындары мұра болып берілген.
XII ғасырдың аяқ кезінде Темучиннің әскерлері татарларды талқандағаннан кейін 1203 жылы керейттерді бағындырады.
Жалайырлар туралы алғашқы тарихи деректер X ғасырдан бастап кездеседі. Жалайыр жайында тарихшылардың негізгі сүйенетін еңбектерінің бірі Қадырғали Жалайыридың "Жылнамалар жинағы" — деген кітабы (1602 ж.). Оның шыққан тегі жалайыр болғандықтан, кітабын Оғыз ханнан бастап Шыңғыс дәуіріне дейін жеткізген. Бірақ осыған қарамастан жалайырлардың шығу тегі осы кезге дейін жете ашылмаған, яғни олар моңғолдар ма әлде түріктер ме, бұл мәселе әлі толық зерттелмеген. Бірқатар ғалымдар Парсы тарихшысы Рашид ад-диннің "Жамих-ат-тауарих" еңбегіне сүйеніп, жалайырларды түріктенген ұйғырлардан шықты деген болжам жасайды. XII ғ. жалайыр тайпалары құрамында түріктенген ру тайпалар мен моңғол тілді тайпалардың болғаны айтылады.
Ляо империясы және Қытайдағы Жин әулеті кезінде жалайырлар Моңғолиядағы белді ұлыстардың бірі болған. Өйткені жалайыр халқының басқа ұлыстармен салыстырғанда саны біршама көп, жайлаған жері де едәуір үлкен аймақты алып жатқан. Атап айтқанда, олардың бір шеті Өнон бойында болса, екінші бір қанаты Моңғолияның орталық аймағы Қарақорымға дейін жеткен. Бұл кездегі жалайыр ұлысы он ірі тайпаға бөлінген. Олар: жат, тоқырауыт, Канқауыт, құмсауыт, оят, нылқын, қорқын, төлеңгіт, тары және саңгүт. Ал осы тайпалардан кейін көптеген рулар өрбіп шыққан.
XIII ғ. басында Шыңғысхан моңғолдар тайпаларын бір орталыққа біріктірген кезде, жалайырлар оған бағынып, Шыңғысханның басты әскери күштерінің біріне айналады. Шыңғыс жасақтарының қатарында жалайырдан шыққан көптеген қолбасы, түмен басы, мың басылар, белгілі батырлар әскери жорықтарга қатынасып, өздерінің ерліктерімен көзге түскен. Бұлардың ішіндегі ең атақтысы жалайырдың жат руынан шыққан Мұқалы батыр. Ол Шынғысханның ең сенімді серіктерінің бірі болып, оның әскерінің сол қанатына қолбасшылық еткен. 1216 жылы Мұқалы өз жасақтарымен Жинжу қаласын билеуші қытай ақсүйегі Жаң Жиннің моңғолдарға қарсы көтерілісін басқан, ал 1218 жылы ол қалың қолды бастап қидандарды жаулап алу жорығына қатысқан. Жалайыр жасақтары 1219-1221 жж. Шыңғысханның Орта Азияға, Қазақстанға және Иранға жасаған жорықтарына қатынасьш, олардың арасынан әйгілі әскери қолбасылар шыққан. Олар Орта Азияда, Индияда, Ирақ жерінде үлкен рөл атқарып, тарихта өздерінің аттарын қалдырған. Солардың бірі — Шағатайдың мыңдаған қолын басқарған Мұқанойын Сартақ Жалайыри мен оның баласы Оба Жалайыри. Олар Шьңғысхан сарайында бек атанып, Шағатай ұлысына, Моғолстанға, Мәуеренахрға билік жүргізуге араласқан. Кейбір белгілі жалайырлар жайында "Темір тарихында", "Бабырнамада" жазылған. Бабыр Орта Азияны билеп тұрған кезде жалайыр басшылары оған көп көмек көрсеткен. Әбілқасым Жалайыри, Сейтқасым Ішік Жалайыри, Хасен Әли Туфейл Жалайыри, Құсайын Әли Жалайыри Бабырдың әскер басшылары, кеңесшілері болған. Бабырдың айтуы бойынша бұл кезде жалайыр рулары Ферғана өңірінен Жетісуға ауысып, ол жерді өздерінің құтты қоныстарына айналдырған.
Достарыңызбен бөлісу: |