42.ХХ ғасырдың 70-80-жылдарындағы республиканың қоғамдық-саяси өмірі, ұлттық проблема және тіл саясатындағы кемсітушіліктер.
ХХ ғ. 70-80-жылдары республиканың қоғамдық-саяси өмірінде де күрделі жағдай қалыптасты. Кеңес одағы коммунистік партиясының әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері ұлттық қатынастарға да әсерін тигізбей қойған жоқ.
Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Бұл бағыттағы тәрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді, интернационализм идеяларын насихатталды. Интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды. 1970-80 жылдары ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді. Қоғамдық-саяси өмірде европоцентризм басым еді. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік өркениеті мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгінің бәрін ұмытуға табандылықпен мәжбүр етілді. керісінше Кеңес дәуірінің тарихы барынша дәріптелді. Ресми органдар мен насихат қазақ халқының және Одақтың басқа халықтарының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталадыдеп сендірді.1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы ұлғая түскен қарама-қайшылықтардың көрінісі еді. Қазақстанда 1979 жылы неміс автономиясын құру әрекеті және оған қазақ тұрғындарының қарсы шығуы республиканың саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болып тарихымызға енсе халқымыздың табанды қарсылығы арқасында неміс автономиясы құрылмай қалды.
Кеңестік жылдардағы саясат бойынша коммунизмге жету үшін барлық халықтың бір тілді болуы басты шартқа айналып, соның нəтижесінде орыс тіліне ерекше мүмкіндік беріліп, оны игерудің маңыздылығы жоғары тұрды. Нəтижесінде, сол дəуірдегі қазақ қоғамында халықтың дүниетанымы өзгерістерге ұшырап, қазақтардың өз тіліне, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпына немқұрайлы қарау құбылысы байқалды.
Қазақстанда тіл саясатында кемсітушілік орын алды. Орыс тілін республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%–нен де азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктерін шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді.Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе, зиялылар арасында наразылық туғызды.
Достарыңызбен бөлісу: |