1. Заң жобасының атауы



Дата02.07.2018
өлшемі98 Kb.
#46047


«Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне мүшелiгi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына тұжырымдама
1. Заң жобасының атауы.

«Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құружәне Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне мүшелiгi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы».

2. Заң жобасын әзiрлеу қажеттiгiнiң негiздемесі.

Өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Азияда заманауи инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2016 жылғы
27 қаңтарда Қазақстан Республикасының Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне (бұдан әрі – АИИБ) қатысуы саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін және АИИБ қызметінің негізін айқындайтын «Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі Келісімінің Баптарын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының № 447-V ҚРЗ Заңы қабылданды (бұдан әрі – Ратификациялау туралы заң).


Ратификациялау туралы заңды қабылдау Қазақстан Республикасының АИИБ-ге мүше құрылтайшы елдердің бірі болуына мүмкіндік берді.

АИИБ Азияда инфрақұрылымның дамуына және инфрақұрылым мен басқа да өндірістік секторды инвестициялау жолымен өңірлік интеграция деңгейін арттыруға қаржылық қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге арналған жаңа халықаралық қаржы институты болып табылады. Бұл ретте энергетика, көлік, логистика, қалалық және ауылдық инфрақұрылым қаржыландырудың басым бағыттары болып табылады.

Өңірлік және жаһандық экономикалық дамуға жәрдем көрсетуге дайын барлық ниет білдірген елдер үшін ашықтық банк қызметінің маңызды қағидаты болады. Бұл ретте, шешуші дауыс құқығы Азия елдерінде болады.

АИИБ-ның ұйымдық құрылымында Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі, Президент және бір немесе бірнеше вице-президент болады, бұл ретте АИИБ-ның барлық өкілеттіктері Басқарушылар кеңесіне беріледі.

АИИБ Келісімі Баптарының 22, 33-баптарына сәйкес АИИБ-ның әрбір мүшесі Басқарушылар кеңесіне бір басқарушы мен оның бір орынбасарын тағайындайды, сондай-ақ байланыс арнасы және ұлттық валютадағы барлық қаражаттың және АИИБ-ның басқа да активтерiнiң депозитарийi ретiнде тиісті ресми органды айқындайды.

«Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне мүшелiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 6 желтоқсандағы № 264 Заңымен (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға мүшелігі бөлігіндегі қатынастар реттеледі. Бұдан басқа, Заңда халықаралық ұйымдармен қатынас жасасуға уәкiлеттiк берілген мемлекеттiк органдарды бекіту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардағы мүшелігіне байланысты қаржылық өзара қатынастарын реттеу көзделген.



Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының жаңа халықаралық ұйымға кіруін, сол арқылы АИИБ Келісімінің Баптарында көзделген мiндеттемелерді қабылдағанын назарға ала отырып, Заңға тиісті өзгерістер енгізу қажет.

Бұдан басқа, осы заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардағы мүшелігі саласындағы қоғамдық қатынастарды регламенттейтін құқықтық нормалардың құқықтық мониторингін жүргізу барысында анықталған заңдардың құқықтық нормалары арасындағы олқылықтар мен коллизияларды жою қажеттігінен туындап отыр, ол қолданыстағы заңнаманың нормаларын жетілдіруге және реттеуге ықпал ететін болады.

3. Заң жобасын қабылдау мақсаттары.



Қазақстан Республикасының АИИБ-ге мүшелігі мәселесін заңнамалық түрде реттеу мақсатында Заңға өзгерістер енгізу заң жобасын қабылдаудың мақсаты болып табылады.

Мәселен, заң жобасында:

Қазақстан Республикасының АИИБ-ге мүшелігін толықтыру бөлігінде Заңның кіріспесіне өзгеріс енгізу;

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметiне қарыздар тарту, қаржыландырудың басқа да түрлерін пайдалану және Қазақстан Республикасының атынан қарыздар туралы тиiстi келiсiмдердiң шарттарына және АИИБ Келiсiмдерінің тиiстi Баптарының ережелерiне сәйкес АИИБ-ге сомалар төлемін жүргізуді қамтамасыз ету өкiлеттiктерін беру;

АИИБ Келiсiмдерiнiң Баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының АИИБ-ге мүшелігіне қажетті немесе сай келуi мүмкiн, басқаға берiлмейтiн сыйақысыз кез келген борыштық мiндеттемелердi шығару, сондай-ақ АИИБ Келісімі Баптарының ережелерімен рұқсат етілген барлық операциялар мен мәмілелерді Қазақстан Республикасының атынан орындау өкiлеттiктерін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiне беру;

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігін Қазақстан Республикасының АИИБ-мен байланыс арнасы ретiнде белгілеу;

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы барлық қаражаттың, сондай-ақ АИИБ-ның басқа да активтерiнiң депозитарийi ретiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін тағайындау;

АИИБ Басқарушылар кеңесiнде Қазақстан Республикасының өкiлi (Басқарушы) ретiнде Қазақстан Республикасының атынан мiндеттердi орындау үшiн тиiстi лауазымды тұлғаны, сондай-ақ Басқарушы болмаған кезде оның мiндеттерiн орындау үшiн барлық өкiлеттiктер берiлген орынбасарды тағайындау өкiлеттiктерін Қазақстан Республикасының Yкiметiне беру;

АИИБ-ге мүшелікке байланысты операцияларды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органды бекіту;

Қазақстан Республикасының АИИБ-ге мүшелігіне байланысты Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындаған кезде туындайтын қажетті шаралар қабылдау өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Үкiметiне беру көзделеді.

4. Заң жобасының реттеу нысанасы.



Заң жобасы Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға қатысуы саласындағы құқықтық қатынастарды реттейді.

5. Заң жобасының құрылымы.



Заң жобасы екі баптан тұрады.

1-бапта «Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне мүшелiгi туралы» Қазақстан Республикасының
2001 жылғы 6 желтоқсандағы № 264 Заңына өзгерістер енгізу көзделген.


Заң жобасының 2-бабында заң жобасының қолданысқа енгізілу мерзімі мен тәртібі айқындалады.

6. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанып отырған құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық салдарлар.



Заң жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдардың туындауын болжамайды.

Заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының АИИБ-ге мүшелігіне байланысты Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау кезінде туындайтын шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді, бұл инвестициялық қызмет үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуға ықпал ететін өңірлік интеграция деңгейін арттырады.

7. Басқа заңнамалық актілерді әзiрленiп отырған заң жобасымен бiр мезгiлде (кейiннен) сәйкес келтіру қажеттiгi.



Заң жобасын қабылдаумен басқа заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу болжанбайды.

8. Заң жобасы нысанасының өзге де нормативтiк құқықтық актілермен регламенттелуі.



Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға мүшелігі қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» және «Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне мүшелiгi туралы» заңдарымен және оған сәйкес шығарылатын заңға тәуелді актілермен реттеледі.

9. Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң бар-жоғы.



Қазіргі жағдайда халықаралық ұйымдарға қатысу егеменді және тәуелсіз мемлекеттің маңызды атрибуттарының бірі болып табылады. Реформалар мен өркениетті мемлекет құру жолына нық тұрған Қазақстан үшін халықаралық ұйымдардың кең ауқымды мәселелер бойынша қызметіне қатысу маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан 60-қа жуық халықаралық ұйымға мүше және бақылаушы мәртебесіне ие болып отыр.

Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциясы елдің халықаралық валюта және кредит-қаржы операцияларына белсенді қатысуын туындатып отыр. Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бері Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің мүшесі болып табылады, Еуропа қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен және басқа да халықаралық және өңірлік қаржы ұйымдарымен белсенді түрде ынтымақты еңбек етеді.

Сонымен бірге, Халықаралық валюта қорына (бұдан әрі - ХВҚ) кіру үшін қажетті жағдай жасау және Қазақстанда Дүниежүзілік банк тобын (бұдан әрі - ДБ) ұйымдастыру мақсатында Қазақстанда бірқатар нормативтік құқықтық актілер, оның ішінде 1992 жылы «Қазақстан Республикасының ХВҚ-ға мүшелігі туралы», «Қазақстан Республикасының Халықаралық қайта құру және даму банкіне мүшелігі туралы», «Қазақстан Республикасының Халықаралық қаржы корпорациясына мүшелігі туралы» арнайы заңдар және т.б. қабылданды.

Бұдан әрі Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасының халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық тәжірибесі қаралып отыр.

Қытай Халық Республикасы (Қытай)



Экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қытай көптеген экономикалық ұйымдарға қатысады, бұл экономиканың жоғары қарқынмен дамуына негізделіп отыр. Экономикалық өткізу нарықтарын дамыту, сондай-ақ ресурстарды іздестіру және әлемдік саясатқа саяси тұрғыдан ықпал етуді дамыту мақсатында Қытай халықаралық экономикалық ұйымдарға кіреді және жаңаларын құруға ықпал етеді, бұл Қытайдың қауіпсіздігі мен дамуына кепіл болады.

Қазіргі уақытта Қытай халықаралық ұйымдарға қатысуды пайдаланатын, экономикалық әлеуеті жоғары серпінді түрде дамып келе жатқан ел болып табылады.

Қытай ХВҚ, Халықаралық Даму Қауымдастығы, Халықаралық қаржы корпорациясы (бұдан әрі - ХҚК), Халықаралық Қайта құру және даму банкі (бұдан әрі - ХҚДБ), Азия даму банкі (бұдан әрі - АДБ) сияқты және т.б. көптеген Халықаралық қаржы ұйымдарына кіреді, бұл экономикалық және әлеуметтік бағыттағы міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Қытайдың ХВҚ-ға қатысуы кредиттер беру мен валюталық бағамдарды ұстап тұруға ғана емес, сонымен қатар экономикадағы дағдарыс құбылыстарын реттеу үшін ұсынымдар алу мүмкіндігіне де негізделіп отыр, бұл экономиканы реформалау ісінде Қытай үшін маңызды болып табылады.

Сондай-ақ, Қытай Халықаралық сауда палатасы, Халықаралық теңіз ұйымы, Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдар сияқты ұйымдарға қатысады. Осы ұйымдарға қатысу Қытайға бәсекеге қабілеттілікті арттыра отырып, өздерінің тауарлар стандарттарын көтеруге, сондай-ақ сапасы төмен тауардың немесе сапасы төмен шикізаттың ішкі нарыққа енуіне мүмкіндік бермейтін кедергілерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл ұйымдардың қызметі неғұрлым өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Ресей Федерациясы (РФ)



Ресей Федерациясының белсенді халықаралық қызметі көптеген елдердің жалпыға бірдей танылған қазіргі заманғы тәсілдерін көрсетеді және жаһанданып келе жатқан әлемдік шаруашылық жүргізу жағдайында объективті қажеттік болып табылады. Бұл елдердің халықаралық валюта-кредиттік және қаржы институттарымен өзара қарым-қатынастары едәуір дәрежеде ұлттық экономиканың әлемдік шаруашылықпен өзара іс-қимылын алдын ала айқындайтынына байланысты, өйткені халықаралық валюта-кредиттік және қаржы институттары қызметінің салалары әртүрлі, бірақ олардың даму деңгейіне қарамастан, қазіргі заманғы ұлттық экономиканың жұмыс істеуі үшін айрықша маңызы бар.

Ресей Федерациясы негізінен ХВҚ, ДБ, Халықаралық есеп айырысу банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі (бұдан әрі – ЕҚДБ), ХҚК, өңірлік даму банктері, оның ішінде Қара теңіз сауда және даму банкі, АДБ, Америкааралық даму банкі, АИИБ сияқты халықаралық валюта-кредиттік және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасайды және ынтымақтасады.

Ресей Федерациясы мен халықаралық валюта-кредиттік және қаржы институттарының халықаралық ынтымақтастығы мен өзара іс-қимыл жасауы Ресей Федерациясының әлемдік экономикаға қарқынды түрде ықпалдаса түсуімен, соғұрлым қарқынды және жемісті бола бермек. Сонымен қатар, бұл өзара қарым-қатынастардың қазіргі заманғы сипаты осы процесті ынталандыра отырып, белгілі бір рефлективтілікке ие болып отыр.

Мәселен, Ресей Федерациясы 1992 жылы ХҚДБ-ге кірді. Ынтымақтастықтың алғашқы жылдары қарыздардың көбі құрылымдық өзгерістерге байланысты болды. Соңғы жылдары ХҚҚБ кредиттері РФ-ге шағын бизнесті қолдауға, микроқаржыландыруды дамытуға, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы жобаларды іске асыруға беріледі. ХҚДБ 1992-2015 жылдар аралығында ресейлік жобаларды барлығы 32 млрд. АҚШ доллары сомасында қаржыландырды.

Бұдан басқа, Ресей Федерациясы ХВҚ қызметіне қатысады. ХВҚ Ресей экономикасы бойынша тұрақты шолулар мен болжамдар жариялайды. Соңғы уақытта ХВҚ ұсынымдары инвестициялық ахуалды жақсартуға, сыртқы сауданы ырықтандыруға, сондай-ақ бюджеттік шоғырландыруды жүргізу мен экономиканың қызып кетуіне жол берілмеуіне қатысты болып отыр.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясы 1993 жылы ХҚК мүшесі болды, содан бері ХҚК ресейлік жобаларға 9 млрд. астам доллар инвестициялады. Ресейде ХҚК салымдарды жоғары технологиялық жобаларға, электр энергетикасы саласындағы жобаларға, жалпы ресей экономикасын әртараптандыру мақсаттарына қызмет ететін жобаларға жұмсап отыр.

ЕҚДБ 20 жылдан астам ресейлік жеке компаниялардың қызметін қолдап келеді. Ресейлік жобаларды қолдау үшін ЕҚДБ 18 млрд. астам евро инвестициялады, оның 83%-ы мемлекеттік емес жобаларды қолдауға жұмсалды. ЕҚДБ жобалары Ресейдің 47 өңірін қамтиды. Банктің Ресей Федерациясындағы қызметі Ресей экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оны әртараптандыруға, энергия тиімділігін арттыруға және экологиялық стандарттарды енгізуге бағытталған.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономика мен әлемдік қаржыны дамытуда шешуші рөл атқаратынын көріп отырмыз. Халықаралық қаржы ұйымдары мен институттары перспективалы жобаларды инвестициялайды, жаңа әзірлемелерге қолдау көрсетеді, дамушы елдерде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға көмектеседі. Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық институттармен және ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатқан әрі осы ынтымақтастықтың сипаты жылдан жылға артып келеді.

Қазақстанның халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы өсіп келеді және жемісті нәтижелер беруде. ДБ, ХВҚ, ХҚДБ, ХҚК, ЕҚДБ және т.б. біздің еліміздегі жобаларға ондаған миллиард доллар жұмсады және инвестициялауды белсенді түрде жалғастыруда, себебі олар еліміздің зор әлеуетін көріп отыр. Халықаралық институттар өңірлік жобаларды инвестициялап, экономиканы әртараптандыруға көмектеседі, мемлекеттік емес сектордың үлесін ұлғайтады, шағын және орта бизнеске кредит беруге, микроқаржыландыруды дамытуға көмектесуде. Мұның барлығы ынтымақтастықтың өте перспективалы бағыттары.

10. Заң жобасын iске асыруға байланысты болжанып отырған қаржы шығындары.



Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді.

Қазақстан Республикасының АИИБ-ге қатысуы біздің республикамыздың қаржы ресурстарына қол жеткізу құқығын айқындап, дауыс беруге қатысу құқығын береді.

Акцияларға жазыла отырып, Қазақстан АИИБ акционерінің мәртебесіне ие болады және осы арқылы олардың жарғылық капиталдарына мүшелік жарналар төлеуді тұрақты түрде жүзеге асыру міндеттемесін алады.

АИИБ капиталын бөлуге сәйкес Қазақстанның АИИБ капиталындағы жалпы үлесі 729,3 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл ретте, төленетін капитал 145,9 млн. АҚШ долларын құрайды (729,3 млн. АҚШ долларының 20%-ы), бұл 29,2 млн. АҚШ доллары мөлшерінде Қазақстанның жыл сайынғы мүшелік жарналарын төлеуді талап етеді.

АИИБ мүшелік жарналарын төлеу үшін қажетті қаражат Республикалық бюджет комиссиясының 2015 жылғы 8 тамыздағы отырысында №17 хаттамамен 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде мақұлданды. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының АИББ-ге мүшелігі тоқтатылған жағдайда, төленген мүшелік жарналар республикалық бюджетке қайтарылатын болады.

АИИБ Келісімінің Баптарында көзделген Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау мақсатында 2016 жылғы 16 ақпанда Қазақстан Республикасы жазылған капиталға (729,3 млн. АҚШ доллары) 29,180 млн. АҚШ доллары мөлшерінде алғашқы төлемді жүргізді.

____________________________________

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет