Алаш қозғалысы Патша өкіметі құлатылғаннан кейін елдегі қалыптасқан жағдайды айқындап, алда не істеу керектігін шешіп алу үшін жер-жерде қазақ съездері ашылып жатты. Ә.Ермеков, алғаш рет саяси іске алаш қозғалысына, 1917 жылы 27 сәуір, 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысады. Онда ол басқа да адамдармен бірге съезд президиумының хатшылығына, одан кейін съезд шешімімен Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне сайланады.
Әмбе ол, қазақтар жағынан Халел Ғаббасов екеуі Семей облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары болады.
Шілде айындағы жалпықазақтық съезде Семей облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.
1917 жылы 8-17 қазанда 1- Сібір облыстық съезіне, делегаттар жиналысы атынан қатысады да, оның президиумына Семей облысынан кіреді. Съезде Сібір автономиясының негізгі заңын жазатын комитет құрылып, оған қазақ делегаттары Ә.Ермековті кіргізеді.
Міне, алаш жолындағы көптеген саяси істерге қатысып, шыңдалған Әлімханды «Қазақ» газеті «Технологический институтқа асқан зеректер ғана түседі. Әлімхан білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі жас азамат», — деп сипаттайды. Осындай жан-жақты дарын иесі жас сұңқардың желтоқсанда өткен жалпы қазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтуі таңғажайып емес еді. Әмбе ол, «Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің мүшесі де болатын.
Әлихан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі — Қазақ автономиясы шегарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда Ленинніңтөрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баяндама жасайды. Онда ол жер, Қазақстанның шегарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Окупанттар өз кінәсін мойындап, нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарылады.