Лекциялар Қазақстанның қазіргі заман тарихы (1)



Дата02.03.2021
өлшемі0,83 Mb.
#106842
Байланысты:
Лекциялар Қазақстанның қазіргі заман тарихы (1)
7. Силлабус студенттер шін, 109113, 35829, Айқындалмаған функция туындысы

1,2 Лекциялар. Қос үкімет және кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы Қазақстан

Жоспар.
1. ХХ ғасыр басында қазақ мемлекеттілігінің қалпына келтіру мәселесінің көтерілуі.


2.1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру мәселесі.
3. Алаш орда үкіметі және оның таихи маңызы
4.Азамат соғысы-халық трагедиясы.
5.«Соғыс коммунизмі» және ЖЭС

ХХ ғасырдың басында мемлекеттік үшін күрес жаңа қарқын және сипат алды. Егер осы уақытқа дейін ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру әрекетін қазақ қоғамындағы басқарушы топ – сұлтан, бай, би, батырлар халықтың қалауымен бірнеше рет көтеріп, іске асыруға күш салды. Мұндай әрекеттің ХIХ ғасырдағы жинақы көрінісі Кенесары Қасымұлы бастаған халық қозғалысы болды. Бірақ бұл әрекеттер белгілі себептерге байланысты әр уақытта сәтсіз аяқталып отырды.


ХІХ-ХХ ғғ.тоғысында қалыптасқан ұлттық-демократиялық интеллегенция ендігі кезекте күрестің сипатын өзгерту қажеттігін түсінді.Олар біртіндеп ұлттық-азаттық идеяларды қалыптастырушылар рөлін орындайтын күшке айналды.
ХХ ғасырдың басында Ресей империясының қол астындағы Қазақстан жағдайы мүлдем жаңа сатыға көтерілді. Бұрын қазақ қоғамында аздап та болса негізгі бар дербестіктің ізін 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы Жарғысы», 1824 жылғы «Орынбор қырғыздары туралы Жарғысы» мен 1868 жылғы әкімшілік – территориялық реформасынан кейін ізі де қалмады. Қазақ жері әскери феодалдық империяның шет аймағында өмір сүріп жатты.
Патша үкіметі қазақ мемлекеттілігін бірте-бірте әлсіретіп, хандық билік жүйесін жойып, Ресей империялық басқару құрылымын, ендіру саясатын ұстанды. Сондықтан да қазақ жүздерінің әлсіреп, жікке бөлінуі патша үкіметі үшін өз пиғылының жүзеге асыруға қолайлы жағдай тудырды. Осы мәселеге байланысты қазақ қоғамының тарихын зерттеуші, тарихшы М.П.Вяткин « Патша үкіметінің Қазақстандағы отарлық билігін күшейтудің негізгі міндеті әр түрлі феодалдардың бір-бірлеріне үстемдік жүргізуге мүмкіндік бермеу. Шын мәнінде бұл саясат ішкі феодалдық күрестің шиеленіскен кезінде анархияны, мемлекеттік құлдырауды жақтайтын, яғни қазақ жүздерінің ең алдымен кіші жүздің әлсіреуін жақтайтын саясат болды » -дейді. Негізінде патша әкімшілігі алға қойған мақсатына жетуі үшін қазақ қоғамында ықпалын жүргізе алатын сұлтандар мен билерге қымбат төлемдер төлеуге барғандығы жөнінде А.И.Левшиннің «... сими и другими подобными средствами, казахские султаны и ханы удержаны были в приданости... России»-деп көрсетуі негізсіз еместігін байқатады. Саяси тәуелсіздігінен айырылған қазақ халқы құнарлы жерінен қол үзіп, отарлық мазмұндағы патша үкіметінің қазақ жеріндегі жүйесі хандық билікті жойып, қазақтардың шаруашылығын күйзелтіп, моральдық деградацияға ұшыратты.
ХХ ғасырдың басында Ресей империяындағы самодержавиелік шексіз билікті сынап, оның жөнсіз жақтарын ашық айтатын демократиялық және радикалдық топтардың құрылуы туралы мәселе туындайды. Осы негізінде қазақ қоғамында патша үкіметіне оппозициядағы саяси партиялар мен қозғалыстардың қалыптасуы туралы деректер келтіріледі. Қазақ зиялы қауымының Ресей империясының кейбір оппозициялық партияларының ықпалымен Қазақстанда саяси ой-пікірлер мен көзқарастарды өрістететін самодержавиеге қарсы әрекеттерге идеялық белсенділік танытуы болды. Кадеттер партиясының жолын ұстанған қазақ зиялылары болашақ қазақ мемлекеттілігі туралы мәселесінің күн тәртібіне шығаруы туралы мәселенің көтерілуі баяндады. Бұл мәселеге қатысты С.Асфендияровтың еңбегіндегі пайымдау бойынша: «Қазақтың буржуазиялық интеллигенттері орыстың буржуазиялық интеллигенттерімен кадеттерімен одақ болды. Ә.Бөкейханов партиясының кіндік орталық комитетінің мүшесі болды. І, ІІ Мемлекеттік Думаға қазақ атынан депутат болып сайланған Ә.Бөкейханұлы, М.Тынышбайұлы, А.Бірімжанұлы, Б.Қаратайұлы, А.Қалменұлы т.б. кадеттер басқарған прогрессивтік блокқа кірді. Партиясыз «мұсылмандық фракциясы» деген де болды» .
Кадет партиясының бағдарламасында парламенттік басқару жүйесінің негізгі идея ретінде көрініс табуы қазақ зиялыларын өзіне тартты. Қазақ оқығандары парламенттік басқаруға үміт артып, оның болашағын қазақ мемлекеттігі идеясымен байланыстырды. Осы мақсатта 1905 жылы желтоқсанда Ә.Бөкейханов басшылығымен Орал қаласында кадет партиясының қазақ қоғамындағы филиалы құрылды. Осындай тарихи оқиғаға байланысты зерттеуші В.Григорьев төмендегідей пікір айтты: «Баяғы бірінші орыс революциясының қызған шағында ақ Оралда бас қосқан Ә.Бөкейханов, Б.Сыртанов,Ж.Сейдалин және басқа да интеллигенция өкілдері өздерінің ресейлік пікірлестерінің көмегімен ұлттық буржуазияны, ауыл-аймақтың игі жақсылары мен зиялы қауымының жедел түрде елдің саяси өміріне араластыруды, қазақ қоғамының капитализмге қарай шапшаң дамуына бағытталған шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін партия құрып алуды көздеді. Кадеттер партиясының орталық комитеті бірқатар себептерге қолдай қойған жоқ. Алайда Ә.Бөкейхановтың белсенділігіне тәнті болған оны кадеттер партиясының 1906 жылы екінші съезінде шақырылды» . Кадеттер партиясының идеясын ұстанған қазақ зиялылары Ресейде парламенттік конституциялық жолмен құрылған мемлекет арқылы болашақта республикалық мәртебесі бар ұлттық автономияға қол жеткізуді көздеді. Алайда бұл мәселенің тек идея түрінде қалып қою есебін зерттеу анықтау болды. Оның негізгі себебі 1917 жылдан бастап, кадет партиясының басшылары Ресейдің мемлекеттік тұтастығын сақтау мақсатында біртұтас теңдік және мәдени автономия ғана беруді ұсынды. Мұндай ұсыныс кадет партиясының шет аймақтарындағы қолдаушыларына ұнамады. Партияның Қазақстандағы филиалының мүшелері мәдени автономияға үзілді кесілді қарсы шықты. Ә. Бөкейхановтың кадет партиясының ұлттық автономия, жер мәселелеріне байланысты пікірлеріне наразылық білдіріп, оның құрамынан шығып кетті. Ә. Бөкейханов осы мәселеге орай «Мен кадет партиясынан неге шықтым?»- деген мақаласында былайша көрсетеді: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе жөн. Біз қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді. Кадет партиясы ұлт Автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып ұлт Автономиясын тікпек болдық»- деп өз ойын білдірді.
Мемлекеттік Думадағы мұсылмандық фракция Қазақстанда азат, егемен азаматтарының құқығы мен бостандығы бар мемлекет құру идеясында үндестік танытуы мәселе көтерілді.
Қазақ жерінің Ресей империясының қол астына енгеннен бастап, жер мәселесі ұлттық тұтастығын, халықтың бірлігін сақтаудың негізгі мәселелерінің біріне айналған еді. Осы мәселелерге байланысты қазақ зиялыларының ХХ ғасырдың басында атқарған іс -әрекеттері болды. II Мемлекеттік Дума депутаты Б. Қаратаевтың жер мәселесін көтеруі, қазақтардың тәуелсіздік мүддесін қорғауға байланысты болды .Ә. Бөкейхановтың Ресей конституцияшыл- демократтар партиясы орталық комитетінің мүшелігінен шығып, Алаш партиясын құруға басты себеп болған негізгі мәселесі ұлт тәуелсіздігін жағырту еді. Қазақ халқының ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінің негізгі шарты ұлттық деңгейдегі мемлекеттікті жаңғырту еді. Соған байланысты 1917 жылы желтоқсанда Жалпықазақ құрылтайы федеративті негізгі Ресей құрамындағы қазақтардың саяси және экономикалық дербестігі бар автономия құру қажеттігін басты мәселе ретінде көтерген/15-202б/.
Түркі халықтарыны ұлттық тұтастығы үшін күрес барысында М. Шоқай ұлттық мемлекеттік тек тәуелсіздік жағдайында ғана құрауға болады деп есептеген өткен барлық өмірін сол идеясын насихаттауға арнады. Ол өз ойын «Осы елдің құрамындағы Қазақстанға ұлттық тәуелсіздік мәселесі түгіл, саяси және ұлттық бостандықтың ең қарапайым нышандары сөз болуы мүмкін емес. Өйкені... Қашан да орыс солдатының соңынан орыс мүжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартылып алына басталады. Сол себепті де осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттарды ерікті түрдегі тең құқықты одағының құруға ешқандай орын қалмайды». М. Шоқай өз пайымдауында қазақ халқының ұлттық дамуын тек тәуелсіз ұлттық мемлекеттік негізінде болуы мүмкін екендігін көрсетті.
Патшалы Ресейдің қол астында болған халықтар Ақпан революциясын үмітпен қуана қарсы алуының өзіндік себептері болды. Ол – Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі - 1917 жылы 20-наурызда Ресей азаматтарының құқығындағы діни наным-сеніміне,ұлтына қарамай шектеулерді алып тастауы еді.
Ақпан революциясының жеңісі ұлттық езгіні бәсеңдетуге,халықтың демократияның қалыптасуына мүмкіндік берді және халықтардың өзін-өзі басқаруына алғышарттар жасады.Қазақ халқының Ақпан революциясын қалай қабылдағаны туралы А.Байтұрсынов: « Қазақтар алғашқы революцияны зор қуанышпен қарсы алса,ол біріншіден,бұл революцияның оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және екіншіден,олардың өзімізді-өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта тусуінде еді» дейді
Келесі кезекте Қазақстан мен Түркістан зиялылары халықтың мұңын мұңдап,жоғын жоқтайтын,түбірлі ұлттық мақсат-мүдделерді айқындап,оларды жүзеге асыру жолдарын анықтайтын партиялар мен саяси ұйымдар құру ісін шешуге кірісті.Осы бағыттағы хам-қаракеттерге 1905-1907 жж.революция айтарлықтай ықпал жасады.
Қазақстанда осындай партияларды ұйымдастыру ісінің басы-қасында Ә.Бөкейханов және оның сенімді серіктері ,Түркістанда М.Шоқай және осы өлкедегі жәдидшілер қозғалысының басшылары М.Бехбуди, Муннавар қары,башқұрт халқының көрнекті саяси қайраткері Заки Әулиди Тоған,тағы басқалар болды.
Нәтижесінде Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар тобы 1917 жылғы шілдеде өткен бірінші жалпықазақ құрылтайында ұлттық-демократиялық мақсаттарды көздейтін «Алаш» партиясын құрса,Түркістандағы жәдідшіл қайраткерлер өлкенің тұрғылықты халықтарының түбірлі мүдделерін бейнелейтін «Шуро-и-ислам» партиясын дүниеге әкелді.
Уақытша үкімет буржуазиялық-демократиялық революция жеңісі мен еркіндігінің шеңберінде шет аймақтарындағы халықтар үшін ұлттық территориялық мәселелелерді шешуге байланысты қазақ зиялыларының атқарған қызметтері мен көзқарастары қарастырылады. Саяси тәуелсіздігін алуға, қазақ мемлекеттілігінің қалпына келтіруге ұмтылған қазақ зиялыларының мақсат-мүдделері жайлы деректер негізіндегі мәселелер қарастырылады.
Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруі бағытында құрылған Алашорда үкіметі мен Қоқан (Түркістан) автономиясы өлкеде тәуелсіз мемлекет қалыптастыру, ұлттардың өзін өзі билеу құқықтарына қол жеткізуге ұмтылысының бағыттары зерттелген бұл мәселе жөнінде «Қазақ» газетінің беттерінде автономия мәселелеріне арналған бірқатар мақалалар жарияланып, түрлі көзқарастар білдірілді. Мәселен, 1917 жылдың 24 маусымдағы санында : «Егер нақты түсінікте болса, онда автономия қажет онда қазақтар үшін анағұрлым көкейге қонымдысы қандай түрлі-мемлекеттік автономия немесе федеративтік автономия ма? Егер аймақтық автономия түріне келсек, онда оның негізі болып территория немесе мәдени ерекшелік алына ма? Қазақтар тәуелсіздікке талпына ала ма, немесе оған басқа халықтармен одақта қол жеткізе ала ма?»/18/,- деп жазды. Ал, А. Байтұрсынов пен М. Дулатов Тәуелсіз автономиялық қазақ мемлекетін құру туралы пікір танытты. Ә. Бөкейханов «автономиялық, федеративтік, парламенттік Ресей республикасындағы» қазақ ұлттық, территориялық автономияны жақтады. Осы көзқарасты көпшілік қолдады. Съезд қарарларында «Қазақ облыстары территориялық ұлттық автономия алулары тиіс»-деп көрсетілді.
Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату процесі жүріп жатқан кезде, «Қазақ» газетінің 1917 жылы қарашаның 21-індегі санында Алаш партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Бірінші жалпы қазақ съезінің шешімдеріне сәйкес Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Е. Ғұмаров, Е. Тұрмахаметов, Ғ. Жүндібаев, Ғ. Бірімжановтар дайындаған партия бағдарламасының ішінде мемлекеттік туралы да айтылған. Бағдарламада «Мемлекет қалпы. Россия демократическая, федеративная республика болуы. Демократия мағынасы- құрдас мемлекеттер. Федеративный республикада һәм қайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді...».
«Алаш» партиясы құрылып, оның бағдарламасы анықталып, мақсат-міндеттері айқындалған соң қазақ зиялылары Ұлт Кеңесін құру туралы мәселе қояды. Ол туралы «Қазақ» газеті беттерінде көкейге қонымды пікірлер айтылды. Сондай пікірлердің бірі мынадай: «Ресей іріп –шіріп жатыр, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде, бетіне кетіп, белгіленіп істеп жатыр біреу өлмес қамын қалып жатыр, біреу бермес қамын қылып жатыр, біреу лайсаң бүліншілікке кірмес қамын қылып жатыр. Біз де қазақ-қырғыз болып бірігіп қам қылмай қарап отыра алмаймыз. Мұндай лайсаң заманда закон жоқ. Жол жоқ, қорғайтын пана жоқ. Әркім өзін-өзі қорғайды»/.Осылайша қазақ мемлекеттілігі туралы мәселені талқылап екінші жалпы қазақ съезі 1917 жылдың 5 желтоқсанындағы Орынборда өтті. Съезде аталған мәселе бойынша Ә. Бөкейханов баяндама жасады. Сонымен қатар қазақ автономиясы, милиция, ұлт кеңесін құру мәселелері бойынша комиссия құрылып, қарар қабылданды. Қарарда былай делінді «Октябрь аяғында уақытша үкімет түскенін, ресей мемлекетінде халыққа сенімді һәм беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң халық арасы бұзылып, пышақ тасып кететіндігін, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен-күнге халықтың халі нашарлаудың һәм бұл бүліншілік біздің қазақ-қырығыздың басына келуі ықтималын ойлап, бүкіл қазақ-қырғыздарды билейтін өкімет керектігін ескеріп, съезд бірауыздан қаулы қылды:
1 Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Әмудария бөлімдегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес обылыстарындағы жері біріңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдында ұлттық-жері автономия құруға.
2 Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын»
3 Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;
4 Қазақ-қырғыз арасындағы тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясы кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемеде санына қарай орын алады...
5 Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылысын. Мұның аты «Алашорда» болсын... Алашорда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қасына алады /21/.
Съезд үш күнге созылып, ұлттық автономияға қатысты қарар қабылданады. Түркістан автономиясын салтанатты түрде жариялауға байланысты мына төмендегі жайттар айтылды: «ІV жалпы мұсылмандардың өлкелік төтенше съездері зор ресейлік төңкеріс жария еткен негізгі Түркістан халықтарының өзін-өзі билеуіне ықылас білдіре отырып, Түркістанды Ресей Федаративтік Республикасымен республикасымен ынтамағы бір территориялық автономия жариялайды, автономия шарттарын белгілеп, бекітуді таяу арада шақырылатын Түркістан Құрылтайы ырқына береді, сондай-ақ Түркістанда тұрып жатқан басқа да халықтардың құқығы толық сақталатындығын салтанатты түрде мәлімдейді».
28 қараша күні құрылған мемлекеттік құрылымның атауы «Туркистон мухтариаты», яғни «Түркістан автономиясы» болып анықталады. Съезде қабылданған құжаттарға сәйкес Түркістан Құрылтайының шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңес мен Түркістан халық билігі қолында шоғырланатындығын белгіленеді».
Түркістан Уақытша Кеңес құрамы барлығы 54 адам болып белгіленеді. Олардың ішінде 32-і бұдан бұрынырақ Түркістаннан Бүкіл ресейлік Құрылтайға сайланған депутаттар еді. Кеңес құрамына енгендердің арасында негізгі тұрғындары қазақтар болып саналатын Сырдария және Жетісу обылыстарынан ІІ өкілі болды. Сонымен қатар мұсылмандар съездері сайланған өкілдерімен бірге, қаланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің төрт өкілі, түрлі өлкелік «европалық» ұйымдардың он сегіз өкіліне де орын бөлінеді. Осылайша, Кеңестегі барлық орынның үштен бірі сол кездегі Түркістан халқының 7 процентін құрған емес, европалық тұрғындардың үлесіне берілді .
Айта кетерлік жағдай, съезд Түркістандағы барлық халықтардың мүддесін көздеп, құқықтарын қорғайтындығын басқа мәлімдеп, өлкедегі барлық ұлт өкілдердің, әлуметтік топтарды, жұмысшы, солдат және шаруаларды, яғни барлық тұрғындарды Түркістан өкіметі төңірегіне топтасу шақырды.
Осылайша барлық Түркістан халықтарының тұтас мемлекет шаңырағының астына біріктіруге бағытталған Түркістан (Қоқан) автономиясы дүниеге келді. Бұл билік жергілікті халықтар мен ұлттардың мүддесін қорғай, өзін-өзі басқару құқығына қол жеткізу, отарлық езгіге қарсы күресу, барлық ұлттық теңсіздік атауларына жою мақсатында құрылғандығына паш етті.
Қоқан автономиясын барлық өлке халықтары қолдады. Осыған орай «Бірлік туы» газетінің беттерінде автономияға ықылас білдірген көшпелік бұқараның көзқарасы былайша көрініс тапты: «Съезд жұрттың шын көңілін біліп, шын тілегін тапқаны анық білінді. Автономия болғалы Түркістанның барша шаһарында шаһар халқы һәм дала халқы болып қуаныш қылып манифестанция жасап, Түркістан автономиясын һәм съез сайлауға Түркістан автономиясының Уақытша Үкіметіне ант ашып, мойын ұсынып отыр.... Түркістаның шын балалары отанын аяқ асты қылып, өздерін ноябрьден бастап Түркістанның жаңа тарихы басталды.....».
Әйтсе де саяси тәуелсіздікке ұмтылған Түркістан автономиясының ғұмыры ұзақ болмады. Қоқандағы үкіметі жойылды. Большевиктік өкіметі Түркістан автономиясының өмір сүруін кеңестік билікке жат көрініс ретінде санады. Автономияның өзінің де саяси тұрақтылығының болмайы оның аяғынан тік тұрып кетуіне ықпал етті.
Автономиялар аз уақыт өмір сүргенімен, олардың саяси, ұлттық тәуелсіздік тұрғысындағы идеялары демократияға, өркениетті дамуға қол созған халықтар үшін үлгі боларлық қызметтерін ашып көрсету. Қазақстанның егемендік алуы-ұлттық автономия идеяларын толық іс жүзіне асыра алмаған қазақ зиялыларының бастамалары мен күресінің нәтижесін айқындайды.

№№ 3-4. Лекциялар:Алаш пен Үш жүз партиялары арасындағы текетірес


1917 жылғы жаздың соңы мен күздің басында Ресейде қалың бұқараны қамтыған саяси солшылдану басталды. Бұл Қазақстанға да тән болды Мұндай құбылысының басты себебі жергілікті жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары советтеріне большевиктер ықпалының күшеюінде еді.


1917 жылғы қыркүйек – қазан айларында лениндік ұрандарға сенген Қазақстан жұмысшылары,кедей шаруалары өкіметті советтердің қолына беруді, өнеркәсіп орындарында жұмысшы бақылауын орнатуды жиі – жиі талап ете бастады.Өлке шаруалары Уақытша Үкіметтің жергілікті әкімдеріне бағынудан, алым – салық төлеуден бас тартты.3 қазанда Перовск,18 қазанда Петропавл жұмысшы және солдат депутаттар кеңесі «Өкімет Советтерге берілсін» деген қаулылар қабылдады.
Бір сөзбен айтқанда ,бүкіл ел сияқты Қазақстанның қоғамдық – саяси өмірінде терең бетбұрыс жасаудың алғы шарттары пісіп жетілді.Елдегі күштердің арасалмағының түбірімен өзгеруі большевиктер көпшілігін басқарып отырған Кеңестердің қолына өкімет билігінің көшуін қамтамасыз етті
РСФСР құрылғаннан кейін елдің Шығысында жаңа автономиялық республикаларды құру дайындық жұмыстары басталды. Большевиктер ұйымдар, Қазақстан және Түркістанның Кеңестері кеңестік Бүкілқазақ бүкілтүркістандық съездерін шақыруға дайындала бастады. Қазақстанда кеңестердің Бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық жұмыстары кеңес үкіметін нығайту процесімен қатар жүргізіледі. Мұның өзі шын мәнінде кеңестік мемлекеттікті құру және оны бекіту үшін күрес екендігін көрсетіп берді. Қазақ зиялылары мемлекет құру процесінің кеңес өкіметінің мүддесіне қарай бағыт алумен келісе алмады. Алаш партиясы және оның басшылары кеңестік негіздері қазақ мемлекетінің құрылуы туралы бастаманы мойындағылары келмеді. Мұндай қарсылықтың себептері мынадай еді: бірі-қазақ зиялылыры әуел баста тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарлады, екіншісі-олар төңкерісін қабылдамады. Сондықтан да «Алаш» зиялылары ұлттық мемлекет құру үшін жүргізді.
Алайда большевиктер партиясы Ақпан ревалюциясынан кейін өз тәуелсіздігі үшін күреске шыққан отарлық езгідегі халықтарға тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін иәләмдеді. Бұған дәлел В.И.Ленин және И.В.Сталин Түркістан кеңестерінің съезіне жолдаған жеделхатында былай деп жазды: «Халық комиссарлары кеңесі сіздердің өлкелерініздің кеңестік негіздері автономия болғандығын қолдайды».
В.И.Лениннің осындай пікірін сол кездегі ұлт істері бойынша халық комиссары И.В.Сталин бұл дегеніңіз белгілі бір ұлттық автономия алуы емес, кеңестік билікті қолдайтын жұмысшы және шаруалардың автономия алуы деп бұрмалады. В.И.Ленин мұндай тұжырымға төзбейтіндігін ашық білдіріп, өз пікірін былайша нақтыландырды: «..... ұлттардың өзін-өзі билеуін алып тастап, еңбекшілердің өзін-өзі билеуі мүлде теріс, өйткені мәселені былайша қою ұлттардың ішіндегі жіктелудің қандай қиыншылықтарымен, қандай бұралаң жолдармен жүріп жатқанын есепке алмайды. Ал еңбекші бұқараның өзін-өзі билеуі айту, тек пролетариаттың өзінің таптық мүдделерінің буржуазия мүдделерімен ешқашан да сәйкес келмейтіндігін біржола көзі жеткен ғана, мұндай деңгейге әлі жете қоймаған халықтар өзін-өзі билеу құқығын талап етсе, онда мұндай талаптың толық заңдылығын мойындаудан бас тарта алмаймыз» .
Ұлт мәселесіне байланысты Орта Азияда қалыптасқан жағдайдағы орай В.И.Ленин: «Осы уақытқа дейін өз молдаларының ықпалында қалып отырып қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен сияқты халықтар жөнінде біз не істей аламыз? Біз осы халықтарға барып: «біз сіздердің қанаушыларынызды лақтырып тастаймыз!» деп айта аламыз ба? Біз мұны істей алмаймыз, өйткені олар бүтіндей өз молдаларына бағынышты. Бұл арада халықтың дамып жетілуін күту керек, ол болмай қоймады»,-деп әрбір ұлттың өзін-өзі билеу құқығы өзінде екендігін ашық айтты. .В.И.Лениннің осы пікірін ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде түсінген «Алаш» азаматтары кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп ұлттық автономия мәселесін шешуді қолға алады. Асы мақсатта 1918 жылдың наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мәскеуге жүріп кетті. Қазақ зиялылардың өкілдері Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.И.Ленинмен және ұлт істері бойынша халық комиссары Сталинмен кездесіп, оларға 1917 жылы желтоқсанда өткен екінші казақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етті. И.В.Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейханов пен Х.Ғаббасовты телефон арқылы келіссөзге шақырды. Келіссөзге 20 наурызда ары қарай жалғасты. Сөз Алашорда автономиясының мәртебесі туралы болды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.В.Сталиннің сөзі «Сарыарқа» газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте былай делінген: «Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарларрының шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселесі тақырыбын совет өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы кылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға муафиқ келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз; егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші Советтер съезі советский федерация мизасын жасап һәм бұл мизам Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзге қойып, іске кірісу керек, яғни һәм бір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздардың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен. Мекен жайы: Мәскеу, Кремль, Комиссарларының бастығы Ленинге һәм халық комиссары Сталинге».
Ақпан төңкерісінің жеңісі қазақ халқын патша үкіметінен неше ғасыр бойғы көріп келген қасіретінен, отарлық езгісінен біржолата құтқарғанымен ,алда ең өзекті мәселе - өз мемлекеттілігін қайта қалпына келтіру тұрды.Бұл кезеңде қазақ халқының бостандығы мен өркениеті жолында жан аямай еңбек еткен ұлт зиялылары үшін қолайлы мүмкіндік туды.Осынау саяси аласапыран кезінде ұлт зиялылыры халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын,түбірлі ұлттық мақсат-мүдделерді айқындап,оларды жүзеге асыру жолдарын анықтайтын партиялар мен саяси ұйымдар құру ісін шешуге кірісті. Осының нәтижесінде ұлттық-демократиялық бағыттағы зиялылар «Алаш»партиясына шоғырланса,революцияшыл-демократиялық бағыттағы қазақтың жартылай пролетарлары мен кедей шаруаларының білімі мен білігі мол зиялы қауымы «Үш жүз»партиясының төңірегіне топтасты.Америкада тұратын түрік ғалымы Д.Балгамыш бұл партиялар жөнінде мынадай пікір айтады: «Олардың барлығының да мақсаты ,идеясы бір болды.Ол – қазақ халқының мәдениетін, әлеуметтік –тұрмыстық жағдайын жоғары деңгейге.батыстық өркениет жағдайына жеткізу еді »
«Алаш» партиясы қақында К. Нұрпейісов өз еңбегінде «қазақтың ұлттық – демократиялық интеллигенциясының жетекшілері, біріншіден, патшалық Россияның халықты қорлайтын отарлау саясатының мәнін әшкерлелеуі және қазақтардың этнос ретінде сақталып қалуы үшін оның келешегіне қатер төндіріп отырған патша үкіметінің өлкені кеулеп бара жатқан жан – жақты экспансиясын тоқтатуды мақсат етті. Екіншіден, олар заң шығарушы және басқарушы өкімет органдарының алдында кадеттер ұсынған үлгімен әр түрлі петициялар арқылы талап – тілектер қою демонстрациялар мен шерулер ұйымдастыру, мемлекеттік Думанның сайлауына белсенді түрде қатысып, парламентке халық өкілдерін өткізу үшін күресуді мұрат тұтты» - деп көрсетеді.
М.Қойгелдиевтің пайымдауы бойынша «Алаш қозғалысының» көш бастаушысы негізінен екі мақсатты – қазақ елін отарлық езгіден азат ету мен қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік экономикалық және мәдени даму жолына алып шығу міндеттерін көздеді.
Ал, «Үш жүз» партиясы жайында ауыз толтырарлық тұжырым жасалмаса да Б.Елкеевтің ,С.О.Смағұлованың және К.Ілиясовалардың тарихи зерттеулері бізге біршама мәлімет береді. Б.Елкеев партия хақында « «Үш жүз»партиясы буржуазиялық «Алаш»партиясымен жарыса бір мезгілде дүниеге келіп,өзінің практикалық қызметін Кеңес өкіметінің бағыт-бағдарын толық қолдаумен бастады»-деп көрсетті. Ал,Алаштанушы К.Нүрпейісов «Үш жүз»партиясының құрылуы,олардың көтерген әлеуметтік-экономикалық мәселері, «Үш жүз» бен «Алаш» арасындағы автономия,ұлтаралық қатынас мәселелері жөнінде көзқарастары бірде қайшы,бірде жақын екендігін, «Үш жүз»партиясы басшыларының бірі К.Төгісовтің жүргізген қызметі жөнінде тоқтала келіп: «Үш жүз» 1917 жылғы қазан-қараша айларында пайда болды.Әуел баста ол «Алашпен» бірлесе әрекет жасау мүмкіндігі туралы мәлімдегенімен,ол ойынан тез қайтты да,көп кешікпей Қазақстанның қоғамдық-саяси мәселері жөнінен «Алаштың» басты сынаушысына айналды»-деп жазса,ал М.Қойгелдиев «Үш жүз»өзінің пайда болу негізі жағынан да,әлеуметтік жағынан да толық қалыптасып үлгермеген.бірақ ықпалды саяси күшке айналу ниеті бар ұйым деп көрсетті.Ресей мұсылмандарының тарихын зерттеген С.М.Исхаков «Үш жүз» және «Алаш» партиялары қазақ интелегенттерінің идеялық бөліну нәтижесінде құрылды деген пікірді ұстанды.
Шындығында 1917 жылы қараша –қазан айларында М .Әйтпенов, К.Төгісовтердің басшылығымен құрылған «Үш жүз» ұсақ буржуазияшыл демократтардың саяси партиясы болды.Партия құрамында зиялы қауым өкілдері,революцияшыл-демократиялық бағыттағы жартылай жұмысшылар мен кедей шаруалар бар еді.
Саяси күрес жолында бірінен соң бірі құрылған екі партияның ұстанған бағытына келсек , «Алаш »партиясы буржуазиялық – демократиялық бағытты ұстанса , «Үш жүз» социалистік –демократиялық бағытты таңдады. Алдына қойған мақсаты ортақ болғанымен екі партия саяси өмірде бір-біріне қарсы күрес жүргізді. «Алаш »партиясының соңынан іле-шала құрылған «Үш жүз»партиясы жайлы Омбы Совдептің органы – «Революционная мысль» газеті өзінің 1917 жылғы 23 желтоқсандағы 58-ші нөмірінде «Қазақ социалистік партиясы «Үш жүз»құрылды,ол өзінің Орталық комитетін сайлады,тұрағы – Омбы қаласы» деп жазды. «Үш жүз» құрылғаннан кейін Алаш қайраткерлері өздерінің қарсы пікірлерін білдіріп ,баспасөз беттерінде жариялады. «Үш жүз » құрыла салысымен партия жөнінде іле-шала «Алаш»партиясының органы «Қазақ», «Сарыарқа», Қызылжарда шығатын жастардың «Жас азамат»газеттерінде әр түрлі пиғылда жазылған бірнеше мақалар жарияланды.Әрине ,көпшілігі «Үш жүзді » мақтай емес, даттай жазды.
Семей уездік земствоның А.Аңдамасов,А,Болатов, С.Дүйсенбин, И.Қазанғапов, Р.Мәрсеков, Ж.Шөлембаев және т.б. мүшелері «Қазақ» газетінде «Үш жүз» партиясының құрылғанына ашық қарсылық білдірді. «Түрі адамға ұқсағанымен пиғылы айуан сияқты сұмдар «Үш жүз » партиясы деп атақ байланып, бар қазаққа ұйытқы болған «Алаш»партиясының адамдарын арам аузымен былғамақ болып жүр.Төрт аяқты қасқырға у салушы еді ,мыналарға деген у мынау : «Үш жүз» партиясы содырлы ,сойқанды, жүзі қаралар партиясы.Бұл жұртқа келген үлкен дерт. Сөзіне құлақ қоймай,өздерінен аулақ болып, сақтану алаш балаларының борышы », - деп келетін мақалалар жариялады .Алашорда төрағасының орынбасары Х.Ғаббасов Мәскеуге Хәлел мен Жаһанша Досмұхамедовтерге Семейден социалистік «Үш жүз» партиясының әрекетін айыптап жеделхат жіберген.Онда К.Төгісов «Алаш» партиясын ,халық милициясын ақ гвардиялық топ деп айыптауда деп көрсетілген.
Алаш партиясының басшыларының бірі М.Дулатов та «Үш жүз» партиясының құрылуына қарсы болды.Ол «Үш жүздің қулары »деген мақаласын жариялап, «Үш жүз» партиясын құрушы ,басшылары М.Әйтпенов пен К.Тоғысов және партияға мүше болған Ш.Әлжанов, Қ.Торсанов,Ү,Қасабаевтардың қадамдары «Алашқа »қарсы жүргізіліп жатқан істер деп сынға алды.Осылайша қазақ интелегенттері партияны бірден –ақ құрушылардың бірі К.Төгісов пен М.Әйтпеновті әр қырынан сынауға тырысты. Біреулер олардың жеке бастарына кінә тақса,екіншілері «Үш жүз» партиясына қатысты қызметтерін сынға алды.
Саяси бағыттары бір екі партияның алдына қойған негізгі мақсаты – езуші ,ескіні көксеген үкімет билігін толығымен жойып, қазақ халқының өз алдына бөлек отау құруын жүзеге асыру.Сондықтан осы мақсатты орындау жолында бұл екі ұлттық партияның арасында күрес туындады. «Алаш» мүшелері «Үш жүздің» ісін жақтырмады, «Үш жүз» де «Алашты» өз газеттерінде ғайбаттап жатты.
«Үш жүз» бен «Алаш » арасындағы текетіресті С.Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» атты романында баяндап, «Үш жүз» партиясының басшылырының саяси портреттерін ашық көрсетуге тырысты.
1917 жылдың қазан айында Ә.Бөкейханов Омбыда «Бірлік» ұйымымен болған кездесуде ұлттық «Алаш» партиясын құру қажеттігін айтса, осы кездесуге қатысқан М.Әйтпенов пен Ш.Әлжанов пікірсайысқа түсіп, «Алаш» емес, қазақ үш ордаға, үш жүзге бөлінеді, сондықтан «Үш жүз» партиясын керектігі жөнінде пікірлерін айтады. Алайда жиналысқа қатысқандардың көпшілігі «Алашты » жақтап қол көтерген.
Осыдан соң «Үш жүз»партиясын құрушылар «Алашшылар» ашықтан –ашық қарсы шығады.
К.Нұрпейісов «Үш жүз » партиясының құрылуы ,олардың көтерген әлеуметтік – экономикалық мәселелері, «Үш жүз» бен «Алаш» арасындағы автономия , ұлтаралық қатынас мәселелері жөніндегі көзқарастары бірде қайшы ,бірде жақын екендігін , «Үш жүз» партиясы басшыларының бірі К.Төгісовтің жүргізген қызметі жөнінде нақтылай келе : Үш жүз 1917 жылғы қазан-қараша айларында пайда болды.Әуел баста ол «Алашпен»бірлесе әрекет жасау мүмкіндігі туралы мәлімдегенімен , ол ойынан тез қайтты да, көп кешікпей Қазақстанның қоғамдық – саяси мәселелері жөнінен «Алаштың» басты сынаушысына айналды», - деп көрсетті. М.Қойгелдиев «Үш жүз» өзінің пайда болу негізі жағынан да,әлеуметтік жағынанда толық қалыптасып үлгермеген,бірақ саяси күшке айналу ниеті бар ұйым»,- деп көрсетті..Ресей мұсылмандарының тарихын зерттеген С.М. Исхаков «Үш жүз » және «Алаш»партиялары қазақ интелегенттерінің идеялық бөліну нәтижесінде құрылды»,- деген пікірді айтты.
1917 жылы 16 қарашада Омбыдан Мұқан Әйтпенов һәм Ысқақ Кабенов қол қойған телеграммада: «Белгілі кадет Ә.Бөкейханов жасаған «Алаш» партиясының жолына қарсы қазақтар жеке «Үш жүз» деген социалист партиясын жасады. Мақсаты – Федерацияны қорғау һәм түрік-татар тұқымдарын біріктіру. Учредительное собраниеге жеке список шығару туралы - Омбы» - деп жазды.
Жаңа партияның Орталық комитетінің төрағалығына М.Әйтпенов ,төрағаның орынбасары болып К.Төгісов ,хатшылыққа Ы.Кәбеков,ал Ә.Қылышбаев қазынашы қызметін атқарушы болып сайланды.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет