110 жылдық мерейтойы қарсаңында Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Алты абызды қаламгер»



Дата04.11.2016
өлшемі261,75 Kb.
#283
Алғы сөз

Қазақтың әдебиеті өзінің арғы-бергі ұлы кезеңдерінде ұлт мерейін үстем етер, халқымыздың ойлау, пайымдау қабілетінің орасан кеңдігі мен ересен тереңдігін танытар жалпы адамзаттық биікке көтерілген көркем туындылар мен кемел тұлғаларға бай.

Аты шартарапқа таралған, ақындық әлемі нұрлы, лирикалық өлеңдердің өршіл жүйрігі Әбу Сәрсенбаев қайраткерлігімен де, адамгершілігімен де аңызға айналған абыз аталардың бірі.

Осыған орай аяулы ақынымыздың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Алты абызды қаламгер» - атты әдістемелік құралын ұсынып отыр. Әдістемелік құралымыз жазушы шығармашылығына арналады.

Әдістемелік құралда «Мейірлі мейір» - атты кітап көрмесі, «Мен бүгін әкем жайлы толғанамын» - атты еске алу кеші, Ақын туралы естеліктер..., Өмірбаяндық деректеме, «Жалғыз тұяқтың жан сыры» атты Минаж Сәрсенбаевтың атасы туралы естелік, әдебиеттер тізімі берілген.

«М е й і р л і м е й і р»

( кітап көрмесі)


1 бөлім: «Өрлеу биігінде»

(Бұл бөлімде жазушы өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар қойылады)


Дәйекті сөз:

Әбу Сәрсенбаевтың тоғыздан тоқсанға дейінгі саналы өмір жолы – тап-таза адамдық, азаматтық сапар. Ол тоғыз жасында теңіз жағасындағы балық, батағасында табырашы бала болып, тұңғыш рет еңбекпен табысты. Адамды адам ететін – еңбек, еңбек есейткен кісілікті кісі қайтадан ардан туады да, арман қуады. Арман, яки асқақ мақсат адамды азаматқа айналдырады. Азаматтың асыл мұраты халық қамы, елге қызмет ету.

Әбу Сәрсенбаевтың осы мағынадағы азаматтығы ақындығымен астасады да, оның қаламынан екі том өлеңдер мен поэмалар, үш кітап әңгімелер мен новеллалар, екі роман туады. Бұған «Ғасыр мен ғасыр беттессе» жинағын қоссақ , алты том әдеби көркем қазынаның өн бойында құс жолындай сайрап, азамат ақынның тоқсан жылға созылған ғұмырнамасы жатыр.

Зейнолла Қабдолов
2 бөлім: « Әбу аралы»

(Жазушы шығармалары, аудармалары қойылады)


Дәйекті сөз:

Әйгілі акын Әбу Сәрсенбаев аты аталғанда, алдымен ауызға алынатыны да әсем лирикасы «Ақша бұлт»!

Отанды поэзияның ғана емес–ау, халықаралық аренадағы антология төрінен ойып орын алатын туынды.

Мұзафар Әлімбаев
3 бөлім: «Ойлы жыр, орамды тіл»

(Бұл бөлімде жазушы туралы айтылған қанатты сөздер қойылады)


Дәйекті сөз:

Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Әбекеңдікіндей тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет керек.

Қазір көзі тірі жүрген ақын-жазушыларда Әбу Сәрсенбаев маңдайынан сүйіп, басынан сипамағаны кем де кем.

«Жақсы адам қартайса – қазына» деген осы. Тоқсаннан аса көз жұмған Әбекем қазына еді.



Шерхан Мұртаза
«Мен бүгін әкем жайлы толғанамын»

( еске алу кеші )


Безендірілуі:

Шара өтетін жер тақырыпқа сай безендіріліп, кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сахна төріне жазушы Әбу Сәрсенбаевтың портеті ілінеді, слайд фильмдер көрсетіліп, гүл шоқтарымен, түрлі-түсті шарлармен безендіріледі.



«Мен бүгін әкем жайлы толғанамын» - атты еске алу кеші кітапханалардың оқырман залында, мектептерде, мәдениет орындарында өткізуге болады. Өлең – жырларын, сахналық қойылымдары таспаға жазылған болса, шара барысында қажетті жерлерде ойнатылып отырылады.

«Мейірлі мейір» - атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалынады.

Қатысушылар:

Еске алу кеші өте үлкен дайындықты талап етеді. Алдымен тақырыбы белгіленіп, хабарландыру ілінеді. Шақырылған оқырмандар поэзия сүйетін қауым, әдебиетшілер, өлең жазатын жастар, өлең – жырға әуес оқырмандарды, жергілікті басылым тілшілерін, радио - тележурналистер шақырылып, бейне таспаға түсіріліп, әнші-күйші, жыршылар шақырылады.


Кешті: Кітапханшылар және 2 жүргізуші (оқушылар) жүргізеді.
Кітапханашы: Армызсыздар қадірлі қонақтар, кітапхана оқырмандары!

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Әбу Сірсенбаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Мен бүгін әкем жайлы толғанамын» -атты еске алу кешімізді ашық деп жариялаймыз.



І-жүргізуші: Сіз бір жансыз жасаратын көңілге,

Сыйласарлық үлгіңіз бар өмірде.

Жырыңыз бар жылы, шипа жаңбырлы,

Ақша бұлт боп ұшқан отан көгінде.

Атыраудың толқынында шулаған,

Қиялыңнан туды перзент тулаған.

Жыл құсындай келешегін күтеміз.

Өзіңіздей болады деп сыйлы адам.


Сахараның ойлы өскен ұланы,

Алды-артынан әр нені үміт қылады.

Ақ қағазға түседі ізі сорғалап,

Жыр жолында күлді які жылады.

Тәкен Әлімқұлов

Кітапханашы: Қазақ әдебиеті - әлемді толық танып қана қоймай, қазақ халқының бай рухани қазынасын әлемге лайықты түрде танытқан, танытып келе жатқан үлкен әдебиет, қазыналы, бай әдебиет. Ақиық ақын Әбу Сәрсенбаев әдебиетіміздің қақ ортасынан ойып тұрып орын алатын тұғырлы тұлға. Өйткені бүкіл ғұмырын қастерлі қағаз бен қасиетті қаламға арнап өткен қаламгердің бітірген шығармашылық шаруасы ұлан-ғайыр.

ІІ- жүргізуші: Он бір қыздан кейін туған ұл болып.

Бағаландым ұл ғана емес күн болып.

Әкем мені анамнан да қызғанды,

Жақсы әкенің жаны маған құрбанды.


Әкем менің «серкесі» екен ауылдың.

Ауылыма төнер болса ауыр күн,

Әлсіздерді балапандай қорғаштап,

Соққыға өзі тосқан екен жауырын.


І- жүргізуші: Төңірекпен болыпты әкем силасты,

Жамандықты тірі жанға қимапты.

Әкем маған ұлы Гомер айтқандай

Туған күн-ақ ғажап есім силапты.

«Әбу-Ғали-сина» атапты,

не сәбише қызығып,

Ғұламаны таныды әлде шын ұғып,

Арманшыл жан күткен шығар менен де

Есіміме лайықты ұлылық!

Менің ұям


Кітапханашы: Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, ақын Әбу (Әбуғали )15.,10.1905 жылы Атырау облысының, Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданындағы Мақаш ауылдық аймағының Алға ауылында туған.

Әбу Сәрсенбаев 1927 жылға дейін балық өндірісінде жұмыс істеген. Астрахань Кеңес - партия мектебінде (1929), Алматыдағы Комвузда Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітірген (1934).

1930-32 жж. «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер.1934-36 жж. қазақ тілінде «Темір жолшылар» газетін ұйымдастырып, сол газеттің редакторы. 1942-1943 жылдары Ташкенттегі Әскери Педагогикалық институтында оқыған. Соғысқа дейін «Түрксиб» газетінің редакторы, Қазақ

Мемлекеттік баспасын басқарған. 1942-1947 жылдары Ұлы Отан соғысында әскери тілші ретінде бастан аяқ қатысады. Жеңіспен оралған ақын 1947-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу педагогикалық баспасының директоры қызметін атқарған. Қазақстанның халық жазушысы. 1936-42 жылдары Қазақ мемлекетінің біріккен баспаларында директор, бөлім меңгерушісі.

1942-47 жылдары ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысып, «Советтік жауынгер» газетінде әскери тілші. 1947-52 жж. Қазақ мемлекеттік оқулықтар баспасының директоры. Елу шақты кітаптың авторы, танымал аудармашы.

Әдебиеттегі алғашқы қадамын өлең жазудан бастаған. Әбу Сәрсенбаевтың «Еділ толқыны» атты тұңғыш дастаны (1938), «Жүрек сиы» (1938), «Ант» (1939) жыр жинақтары оқырмандар көңілінен шығып, жазушылар қатарына қабылданды. Майдан тақырыбына жазылған «Ақша бұлт (1947) өлеңдер жинағы солдат сағынышының нәзік иірімдерін, «Ұлым туралы ой» (1949) дастаны әке толғанысын бейнелейді. «Ақырғы гранаталар» (1977) дастаны, «Қасиетті махаббат» (1987) дастандар жинағы қазақ поэзиясын көркемдік тұрғыдан байытты. Соғыс майданы өмірін жан-жақты көрсету арқылы бейбіт өмірді насихаттау мақсатымен Ә.Сәрсенбаев прозалық шығармалар жаза бастайды. «Офицер күнделігі» (1960) (майдандық газеттерде басылған новеллалары), «Жауынгер монологы» (1970), «Батырлардың ізімен» (1974) деректі әңгімелерден тұратын жинақтары алапат соғыстың ел басына түскен ауыр зардабын, қаһармандық көрсетіп даңққа бөленгендер мен сол соғысқа ерлікпен көз жұмған жандар жайлы сыр шертеді. Ә.Сәрсенбаевтың еңбек майданынан жазған «Толқында туғандар» (1955) романы Атырау балықшыларының азаттық күресіне арналған. «Капитан ұлы» (1961) повесі Маңғыстау балықшысы - жас жеткіншек Болатханның ауыр еңбекте шыңдалып, адамгершілік қасиеттер жинақтары сөз болады. Оқырманның жылы лебізін алған бұл повесін кейін толықтырып, романға айналдырып, «Теңіз әуендері» (1969) деген атпен шығарды. «Ұстаздар мен тұстастар» (1986) кітабына Ә.Сәрсенбаевтың әдебиет туралы ой-толғаныстары мен естеліктері кірген. «Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірге, 1966) «Теңіз махаббатты» (1970) пьесалары республика, облыс сахналарында қойылды. Мектеп оқулықтарының авторы.А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Некрасов, Ш.Петефи (венгр ақыны), Лацис (латыш жазушысы) шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Өз шығармалары орыс, эстон, тәжік, түркімен, болгар тілдеріне аударылған. 1980-1984 жылдары 5 томдық шығармалар жинағы (өлеңдер, дастандар мен балладалары, әңгімелері мен романдары) жарық көрді. «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Ұлы Отан соғысы», «Октябрь революциясы», «Парасат» ордендерімен және Одессаны, Белградты, Будапешті, Венаны азат еткен үшін медальдармен марапатталған.

ІІ-жүргізуші: Сен осыдан бір ғасыр бұрын

Тұрдың Тисса жарында биік.

Жасыл майса мадьяр қырын

Жырыңдай ыстық жаныңмен сүйіп.

Естідің елдің қайғы мен зарын,

Дәрменсіз өксіп, егілді ауыл.

Түнерді қабақ, төзеді арың,

Кеудеңді долы кернеді дауыл.


І- жүргізуші: Толқындар тулап жүрегіңдей,

Көз алдыңда дөңбекшіп жатты.

Өзіңнің озат тілегіңдей

Өршелене тік өрге атты.


Сыймады Тисса арнасына,

Бөгетті бұзып ағылтты селін,

Шақырдың жырмен жар басында

Күреске түгел мадьяр елін.

Шандор Петефиге
Кітапханашы: Ұлы Отан соғысында қазақстандықтар айырықша батылдықпен көзге түсіп, Батыр атағын алған бес жүз жауынгердің жүзден астамы қазақ еді. Соғыс жүріп жатқан кезде әлем баспасөзінде («Правда» және т.б ақпарат құралдарында) қазақстандықтар ерлігін шынайы сүйіспеншілікпен атап өтіп жатты. Ұлы Отан соғысына аттанған тоқсанға жуық Қазақстан жазушылары мен ақындары бола олардың ішінде партизан ақын Жұмағали Сайнның топтама өлеңдері, Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы, Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңі және де Баубек Бұлқышев, Абдолла Жұмағалиев, Тахауи Ахтанов, Ә.Нүрпейісов т.т көптеген ақын-жазушылар өмір мен өлім ортасында болып қайтты. Осылардың ішінде майданға ақындық өнерімен танылып, белгілі бола бастағандар санатында Әбу Сәрсенбаевта болды.

Әбу Сәрсенбаевтың мерейтойы қарсаңында оның оқырмандарына қалдырған мұрасының ұшан-теңіз мол екендігін айта отырып, бес томдық таңдамалы шығармалар жинағы бұл күндері баға жетпес сирек кездесетін еңбек екендігін ескергеніміз жөн. Ақынның соғыс жайлы еңбектеріне тоқтала кетсек әр еңбектері оның шығармашылық дүниесіне берілген әр алуан бағалауларды ескерсек, көп нәрсеге қанық боламыз. Ақынның соғыс жайлы еңбектеріне тоқтала кетсек майдан тақырыбына жазылған «Ақша бұлты (1947) күні бүгінге дейін достық, сүйіспеншілік пен жауынгердің азаматтық парасаттылығы боп жырланып келеді.


ІІ-жүргізуші: Уа, ақша бұлт, айтшы маған,

Айтшы маған: келдің қайдан ?

Ақ төсінен күн сүйгенде,

Жаралдың ба Алатаудан ?


Бейне торғын ақ жібектей

Тұрсың төніп тас төбемнен.

Емес пе ең қыз орамалы

Жел ұшырып алып келген ?

Ақша бұлт
Кітапханашы: «Ақша бұлт» - махаббат, сағыныш жолындағы адам жүрегінің қыл пернесі, ыстық шындық. Оқырмандар сезімін, жан толқынын, жан сырын жеткізетін жан ләззаты.

Әбу Сәрсенбаев ақын ғана емес прозаик те. Оның қаламынан туған прозалық шығармалары - «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері романдары, «Офицер күнделігі», «Жауынгер монологы» повестері қазақ прозасы қазынасына қосылған елеулі туындылар. Әбу Сәрсенбаев драматургияда да қалам тербетті. Орыс классиктері Пушкин, Лермонтов, Некрасов өлеңдерін аударып, өзінің ақындық өнеріне үлгі ете білді.



І- жүргізуші: Маужыраған сағатта кешкі ғұрым,

Тек қана өзіңе тән толқуыңның

Түпсіз шыңырау түбінен күмбірлеген

Үнің мен дабылыңды сүйгелі сенің.

А.С.Пушкин
Кітапханашы: Сен болсаң – қанат қақтың Атыраудан,

Мен болсам – жүйткіп шықтым Баянтаудан.

«Шалқыма» мен «Еділдің толқындары»-

Құрдастар жан-жүректің нұрын сауған,-


деуім шығармашылық шындық еді деп еске алады Дихан-баба Әбілев. Бұл екі дастан 1937-38 жылдардың жыр перзенті болып дүниеге келген болатын. Осы жылдарда бірде-бір жаңа шығарма Қазақстан Жазушылар одағында оқылмай, талқыланбай, баспаға «шеру» тартпайтын. «Еділ толқыны» - тек қана теңізде өскен, теңіз кешкен Әбу ақынға ғана тән сәтті жазылған поэма. Ақын сезім, ой-арман, қайырымдылық, адам жанын тани білуге ынтық келеді. Адамның болашағын болжамшыл етіп, жан иесін, жан жүйесін, өнер таңдауын парасатқа бейімдеп келеді.

ІІ- жүргізуші: Қазақта абыз деген ардақты сөз, абыройлы атақ бар. Ол атақ көп жасаған, көпті көрген, ұғымы күшті, ұйғарымы дұрыс, айтқаны дәл келетін, әулие іспеттес азғана адамдарға ғана беріледі. Көбінесе жасы тоқсанға ілінген ақылгөй, атақты әрі шарапатты қарттар ғана абыз аталады. Осы тұрғыдан алғанда, біз алғашқы абызымыз деп Бұқар жырау Қалқаманұлы мен Ақтамберді жырауды айтамыз. Олардың бірі 94 жыл, екіншісі 93 жас жасап, 18 – ғасырда өмір сүрген. 19 – ғасырда ондай абызымыз болды деп атай алмаймыз. Қазақтың абызға жарыған уақыты ХХ ғасыр деп білеміз. Бұл ғасырда алты абызымыз өмір сүргенін мақтанышпен айтумызға болады. Олар атап айтсақ Жамбыл Жабаев (1846-1945), Шәкір Әбенов (1901-1994), Әлжаппар Әбішев (1907-2001), Ғалым Ахмедов (1906-1997) және Дихан Әбілев (1907-2003). Әбу Сәрсенбаев (1905-1995). Екі абызымыз ХХІ ғасырдың табалдырығын еркін аттап, халқымызбен қоса өмір сүріп келеді.

ХХ ғасырдың бас абызы Жамбыл Жабаев. Ұлы Отан соғысы кезінде (1941-1945), майданда неміс фашистермен шайқасып жатқан 100 - дербес қазақ атқыштар бригадасы жауынгерлері атынан Әбу Сәрсенбаев «Атамыз Жамбыл ақынға» деген атпен Жәкеңе ұзақ жыр жолдады. Ол өлең хатына Жәкең «Жүз жасаған жүректен» деген көлемді толғаумен жауап берді. Екеулерінің бір-біріне жазысқан өлеңдері республикалық, облыстық, майдандық, дивизиялық газеттер беттерінде басылды.

Осындай бес абыздың ең үлкені Әбу Сәрсенбаев. Абызға тән асыл қасиеттер Әбу Сәрсенбаевтың бойында көп. Осындай асыл қасиеттерінің бірі адам сүйгіштігі мен өз кінәсін мойындай білуі.

І-жүргіуші: Сәлем саған, жалғыз қызым,

Жалғыз қызым – жан кесегім!

Сенсің менің бақ жұлдызым,

Күндей көркем келешегім.

Апрельдің соңғы кеші,

Күн теңізге қонды барып.

Ертеңгі Май мерекесі

Келе жатыр кезек алып.

Сен туған күн.
Біздің қазақта «Әке – балаға сыншы» деген ұлағатты сөз бар. Бала да ата-анасына сын көзбен қарап, жақсысын үйренеді, жаманнан жиренеді. Қазір өткен жылдарға оймен үңілген сайын абзал әкемнің әрбір ісінің ұрпағына өнеге екені белгілі – дейді қызы Райхан.

«Жасы ұлғая бастағаннан әкем етек-жеңін жинап, қолжазбалары мен күнделіктерін тәртіпке келтіре бастап еді. Әсіресе соғыстан бұрын, соғыс кезінде, соғыстан аман-сау оралғаннан 1995 жылдың шілдесіне дейін жазған күнделіктерінің әрқайсысының жылдарын көрсетіп, жеке-жеке қағазға орап,

кім туралы, қандай оқиғаға байланысты деректер барын қағаздың екі жағына жазып қойған. Кейде қағаз жетпегендей, ашпалы күнтізбенің парақшаларына уақ әріптермен жазған ойы сыймаған соң, әр бетке қосымша бет қосып желімдеп қойыпты. Сол күнделіктері бүлінбеу үшін полиэтилен, қағаз, байлайтын жіп сұрап алатын.

Қажетін тауып бергенмен, күнделікті тамақ даярлау, үй тірлігімен әуре болып жүріп, әкемнен «Сіз не істеп жүрсіз? Бұл неткен жазбалар?» - деп сұрамаппын. Әкем түгілі өзімнің де жылдан-жылға жасым ұлғайып келе жатқанын біле тұра, анау ақ бас шыңды Алатау құсап, қасымда мәңгі тұра «Райхан-ау, есіңде болсын мына бумада мынадай қолжазбам бар, онда бәлен туралы жазылған», деп ол кісінің өзі де айта қойған жоқ. Бәлкім, орыс тілінде оқыған осылар не тындырар дейсің деп ойлады ма, кім білсін...» -деп есіне алады қызы Райхан.



ІІ-жүргізуші: Ақынның жан жары журналист Ләзиза Серғазина да сонау 1930 жылдан қайтыс болуына он күн қалғанша күнделік жазған жан. Ойын қысқа ғана үш төрт сөйлемге сыйғыза білген. Бір қапшық күнделігі сақтаулы. Өте ақжарқын, жақсы адам еді. Әкесі мен шешесінің мінездері ұқсас, екеуі де үлкен жүректі, ерекше мейірімді жандар болған. Басқаларға жақсылық сыйлаудан жандары ләззат алатын. Үйге қанша адам келіп, кетіп жатса да шаршағандарын сездірмей, қабақ шытпайтын. Бір-бірін қас қабақтарынан танып толықтырып отыратын. Анамыздың әдемі дауысы болатын, анда-санда жазудан шаршағанда, не бір үлкен жұмыс тындырып, әкем әнін тыңдап, көңілі бүрленіп, көңілді отырғанда, жаны құлазығанда жазған ақынның «Жар рухымен сырласу» естелік- дастаны құдай қосқан қосағына орнатқан, тозбайтын жыр күмбезі деуге болады.

Тірі болғанда анам 2008 жылы 100-ге келер еді.Ол кісі өмірден өткеннен кейін жарыққа шығарсам деген оймен әкем: «Аяулы жарым, кешірім, күнделіктеріңнің бетін ашуға рухыңнан рұқсат сұраймын. Әрине әр адамның жеке өз өмірі болуы керек. Сіздің күнделіктеріңіз тек өзіме бағышталғанын мен білемін», деп шешеміздің күнделігін тәртіпке келтірген еді. Әкем қайтыс болған соң, бірер жылдан кейін өзі Ләзизасынан қалай рұқсат сұраса, мен де солай істеп, әкемнің жазған күнделіктерін оқып шықтым.



І-жүргізуші: Еуропа топырағына табаны тиісімен, «Мұндағылар бірнеше тіл біледі екен, шет тілін үйреніңдер», -деп хат жазатын. Соғыста жан алысып, жан берісе жүріп өзі де немісше, французша үйренгенін әскери дәптерлерінен байқадым. Әке талабына сай кезінде шет тілін меңгердік. Менімен бірге қызмет істеген қыз-келіншектер: «Райхан ағылшын тілінде ойлап, орыс тілінде сөйлейді»,- деп қалжыңдайтын. 1982-1985 жылдар аралығында әкемнің күнделіктерін тәртіпке келтіруге көмектескен қайын сіңілім, ұстаз Жүсіпова Зекен Әбдірахманқызы мен сыйлас құрбым, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәукім Тілешқызына ризамын.

Заман ағымы мен уақыт талабынан қалмай, қоғам өмірінде болып жатқан жаңалықтар мен оң өзгерістер үнемі құлағы түрік жүретін әкемнің 1943 жылы 7 – тамызда Сәбит Мұқановқа майданнан жолдаған хатында:

«Құрметті Сәке! Сау-саламат шығарсыз. Хабарыңызды алыстан естіп жатырмыз. Мәкеңнің балалардың дендері сау ма? Нендей жаңалықтарыңыз бар? Жазушылар маңында нендей өзгерістер, нендей табыстар, кімдер не жазды? Театр, киноларда қандай жаңа нәрселер енгізілді, баспаның күйі қандай, көркем әдебиеттен жаңа ешнәрсе шығарды ма?»

Өмір бойы қоғамдық істердің бел ортасында жүрген әкем, жасы ұлғайғанына қарамастан, құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздыра жүріп, кезінде солақай саясат салдарынан жабылып қалған қазақ мектептерінің Алматы қаласында қайта ашылуына мұрындық болды.

Астрахань өңірінде қазақ тілінде білім беретін мектептер мен түрлі оқу орындарын, қазақша хабар тарататын телеарна ашқызып, ана тілімізде газет-журналдар шығару қажеттігі жөнінде дабыл қағып, қаншама нәтижелі де тиянақты істер тындырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақын-жазушылармен кездескенде әкем Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беруге байланысты да өзінің азаматтық көзқарасын білдірген болатын.

Кітапханашы: Талантты жастарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қамқорлық жасау әкем үшін әдеттегі іс сияқты еді. Бұл күнде Атыраудан Алтайға дейін созылған Қазақ еліне танымал Қанипа Бұғыбаева, Сайын Мұратбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Темірхан Медетбеков, тағысын – тағы толып жатқан талантты қаламгерлердің әкемді рухани ұстаз тұтқаны кез-келгенге бұйырмайтын бақыт дер едім.

ІІ- жүргізуші: Келді кенет жас шағымды жырлағым,

Сол кезіме арналмапты жырларым...

Кем жазыппын балапандай жаныңның

Жүрегімнен ұя тапқан жылдарың.

Мейлі қазір орынсыз дер өзгелер,

Шырын сезім емес әсте өзгерер.

Саған деген сол бүлдіршін махаббат

Өз ыстығын өзгертпестен көрге енер.



І- жүргізуші: Адал ынтық емес мәңгі жасымақ,

Ажал жендет тұрсын мейлі жақын-ақ,

Салқын көрге түссе денем, жүректен

Жарып шығар қабірді жас жапырақ.


Махаббатым деп біл мұңы өлмеген,

Ажырасудың әміріне көнбеген.

Көз жасыңмен суара бер, тілесең.

Қызғана біл өзімдей-ақ өзгеден...

Жастық дәптерінен

Кітапханашы: Әбудария әлем әдебиетіне салынған Әбу Сәрсенбаевтың кейінгі ұрпаққа қалдырған мазмұнында өрелі мұрасы, жолы. Осы мұра ішінде Ұлы Отан соғысы жайлы еңбектері әлі де талай ұрпақтардың сүйіп оқитын шығармалары бола бермек. Әрі ақын, әрі прозаиктің мұрасы әр қырынан қарастырылып, шығармашылық еңбегінің қыры мен сырына молынан қануымыз -өскен елдің мәдениеттілігінен хабар берсе керек!
І-жүргізуші: Ағалар, бізді рухтарыңмен де жебеңдер.

Абайдан кейін, сирек қой, рас -

Сендердей жарқын беделдер!

«Қазағым оян...!»

Қызыл сирақ сары маса ызыңнан.

Табылса да бірер құлақтарың тосып елеңдер.

Қалың ел жатты селк етпей меңіреу ұйқыда

Қара түн басып мейірімді білмей безерген.

«Қазағым, ел бол! Дұшпандық санап достықты.

Арсыздар шықты арларыңа найза кезенген.

Ағалар рухына
ІІ-жүргізуші: Жалғасы бар батып кеткен әр күннің,

Жалғасы бар бітпей қалған әр жырдың.

Өмір өзен аға бермек үзілмей

Көкірегінен бастау алып әр кімнің,


Көктем жазға сыйлайды гүл қанатын,

Қысқы аяз өшірмейді жаз атын,

Баяу тартқан сендік отты ошақтан,

Жалғасы бар үрлеп қайта жағатын


Жалғасы бар дауылдың да тымықтың,

Жалғасы бар сен тоқтатқан тыныстың,

Жалғасы бар жайдары жас күлкінің,-

Сен аяқтап үлгермеген қызықтың,!

Өмір өзен
Кітапханшы: Осымен әдеби – еске алу кешін аяқтай отырып, жасөспірім оқырмандарымызды Қазақтың «Алты абызды қаламгері - Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылығының бір қырымен таныстырып, ақын поэзиясына деген құштарлығын оятуы ақынның өлең-жырларымен жақын болсаңыз ұлылыққа жол ашып, жаныңа рухани байлық ала отырып, ақынның ойды оятатын қиялыңды қозғайтын, жүрек тебіренетін жырлары ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек- демекпіз.
Ақын туралы естеліктер
Әбу шығармашылығы - өз дәуірінің айнасы. Бұл айнаның бетінде Әбу дәуірінің алуан-алуан күнгейі мен көлеңкесі, дұрыстығы мен бұрыстығы, жетістігі мен кемістігі қатар көрініс тапқан.

Ірі ақын, ұлы ақын - әрқашан ақын. Осы ұғыммен өлшесек, Әбу Сәрсенбаевтың аса көрнекті ақындығы орасан биік азаматтығында жатыр.

Әбу Сәрсенбаевтың тоғыздан тоқсанға дейінгі саналы өмір жолы – тап-таза адамдық, азаматтық сапар. Ол тоғыз жасында теңіз жағасындағы балық, батағасында табырашы бала болып, тұңғыш рет еңбекпен табысты. Адамды адам ететін, еңбек есейткен кісілікті кісі қайтадан ардан туады да, арман қуады. Арман, яки асқақ мақсат адамды азаматқа айналдырады. Азаматтың асыл мұраты халық қамы:елге қызмет ету. Әбу Сәрсенбаевтың осы мағынадағы азаматтығы ақындығымен астасады да, оның қаламынан екі том өлеңдер мен поэмалар, үш кітап әңгімелер мен новеллалар, екі роман туады. Бұған «Ғасыр мен ғасыр беттессе» жинағын қоссақ, алты том әдеби көркем қазынаның өнбойында құс жолындай сайрап, азамат ақынның тоқсан жылға созылған ғұмырнамасы жатыр.

Зейнолла Қабдолов

Расында, «Ақша бұлт» - махаббат, сағыныш жолындағы адам жүрегінің қыл пернесі. Оқырмандар сезімін, жан толқынын, жан сырын жеткізетін жан ләззаты. Біздер, ақындар, бұрын тек қана саяси лирика жазумен болдық.

Ал махаббат, табиғат, адамдар қарым-қатынасы, мінез-құлық, өнер жүйелерін еркін жазудан сырт қалдық. Ал жанға жайлы, еркін, сыршыл тақырыптарға тек қана Отан соғысында, от ішінде, оқ астындағы жауынгер ақын – жазушылар - біздер бастап, елдегілер қостады. Әбудің жаңағы «Ақша бұлты» осының жан жүйесінің жас перзенті дер едім.

Әбу Сәрсенбаевтың шығармалары, әсіресе поэзиясы орыс, болгар, эстон, тәжік тілдерінде де сөйлеген, соған «болдым», «толдым» деп асып-таспайтын да еді. Жанарына жарық еткен бір ақынның шағын өлеңі түссе болды, оқып, іштей парасаттанып, пікірін айтатын, өзгенің де пікірін тыңдайтын.

Бір ғажабы, сондай ой-толғамдарын не топта, не жиналыстарда «айтқыштық», «білгіштік», «белсенділік» жасамайтын ерекше табиғаты болатын. Бұл мінезі Бейімбет Майлин ұстамдылығына ұқсас еді.

Ұлы Абай «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп қандай сөзге, қандай ақынға бағыттап айтты екен десек, мен «Ақша бұлттың» авторы Әбу Сәрсенбаевты айтар едім.

Дихан Әбілев

Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Әбекеңдікіндей тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет керек.

Қазір көзі тірі жүрген ақын-жазушыларда Әбу Сәрсенбаев маңдайынан сүйіп, басынан сипамағаны кем де кем.

«Жақсы адам қартайса – қазына» деген осы. Тоқсаннан аса көз жұмған Әбекем қазына еді.

Шерхан Мұртаза

Әбу Сәрсенбаев есімі маған мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ жақсы таныс еді. Әдебиетке құштар балалар қазақ ақындарының жыр жинақтарын қуалап жүріп іздейтінбіз де, біріміздің қолымызға түскен кітап болса, жұлығы шыққанша қолдан қолға түсірмей, жарысып оқып, ұнаған өлеңдерге әрқайсымыз өзімізше еліктеп, жарысып, көп өлең жазатынбыз. Сондағы бізді қатты еліктірген өлеңнің бірі Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлты » болатын.

Уа , ақша бұлт, айтшы маған,

Айтшы маған , келдің қайдан ?
деп басталатын әдемі сазды жыр туған жерге деген шексіз сағынышымен жас жүрегімді бұлқан-талқан күйге түсіргені есімде. Кәдімгі күнде өзіміз көріп жүрген, ауылымыздың төбесінен қалықтап ұшқан ақша бұлттардың жанды заттай боп, онымен сөйлесуге, сырласуға болатынын, тек ол үшін ақындық қасиет керек екенін ұғыну қандай ғажап еді.

Бұл өмірден өткенінше ұзақ жылдар бойында Әбекең маған әкемдей жақын адам болды. Менің алғашқы әңгімелерімді қолжазбамнан оқып пікір айтып, үнемі қамқорлық жасап отырды. Әдебиет жолына түсіп, қаз тұруыма, буыным қатайып, есеюіме бірден – бір қамқор болған жан еді.

Сайын Мұратбеков

«Жалғыз тұяқтын жан сыры»

(Сәрсенбаевтар әулетін жалғастырушы, әулеттегі жалғыз тұяқ

Минаж Сәрсенбаевтың атасы туралы естелік)


Қазақ әдебиетінің «алтын ғасырында» өмір сүрген, ұлт әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан Әбу Сәрсенбаев – біздің әдебиетке теңіз тақырыбында соңғы леп әкелген қаламгер.

Әбу де, оның інісі Харыс та сұм соғыстың кермек дәмін тартқан. Отан үшін отқа түскен, зулаған оққа көкірегін тосқан. Әулеттің қос бірдей ұлы соғысқа аттанған сәтте олардың соңында бір қыз, бір ұлдан қалған екен. Әбу Сәрсенбаевтың Дәрмен атты ұлы, Райхан атты қызы жазушы шаңырағының отын маздатып қала беріпті. Ал Харыстың үйінде Шолпан және Жамбыл атты қос бүлдіршіннің қос жанары жәудіреп отырыпты. Әбу де, Харыс та соғыстан аман оралады. Бірақ қос шаңырақтың қос ұл олар оралғанша дүниеден озады. Дәрмен мен Жамбыл әкелерін асыр салып қарсы ала алмайды.

Бұл турасында Әбу Сәрсенбаевтың артынан қалған жалғыз тұяғы Минаж Сәрсенбаев атасына деген естелігінде ес білгелі Әбу Сәрсенбаевты ата деп атадым деп еске алады. Негізі Әбу Сәрсенбаевтың өзі соны қалаған екен. Соғыстан көп жарақат алып елге оралған Харыс 1946 жылы шаңырақ көтереді. Содан екі бауырдың шаңырағында мен - Минаж ортақ жалғыз ұл өмірге келіппін. «Харыс -Әбуге ұл тауып беру үшін, мүгедек болса да майданнан тірі оралды»,- деп Хамит Ерғалиев әзілдеп отырады екен.

Әбу Сәрсенбаев жұбайы, адал жары Ләзиза Серғазинамен 1934 жыл отау құрған. Олар елу жылдай тату-тәтті отбасылық өмір кешті. Өкінішке орай, олардың ортақ балалары болмаған. Екі үйдің ортасында өскен ерке ұл 1963 жылы анасы Фатимадан ойда жоқта айырылып қалады. Сұм ажал отыздан енді асқан жас келіншекті жалмап кетеді. Сол кезден бастап Әбу Сәрсенбаевтың жары Ләзиза Минажды қамқорлығына алып, аналық мейірімін төгеді. Минаж «сол кісінің қамқорлығының арқасында өзімді еш уақытта жетім сезінген емеспін»- дейді.

Жазушының жары Ләзиза белгілі журналистердің бірі болатын. Зейнетке шыққанға дейін «Қазақстан әйелдері» журналында жауапты хатшы қызметін атқарды.

Минаж Сәрсенбаевтың балалық шағындағы сәулелі сәттерден құралған естелігіне ерік берейік. « - Менің балалық және жастық шағым атамның өте мұхият қамқорлығымен өтті. Ол менің тәрбиеме көп көңіл бөлді. Оқушы кезімде ол мені жанынан тастамайтын. Тіпті жол сапарларға да бірге алып жүретін. Атаммен бірге Мәскеу, Ленинград, Қырымға дейін бірге қыдырып барған кездерім әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес. Атамның үйі қонақтан босамаушы еді.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Қажым Жұмалиев, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Жақан Сыздықов, Төкен Әбдірахманов,
Жәрдем Тілеков, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Қабдікәрім Ыдырысов, Қасым Тоғызбаев, Әбдіжәмәл Нұрпейісов, Тахауи Ахтановтар біздің үйдің қадірлі қонақтары болатын.Ал атамның ең жақсы көретін достары – Хамит Ерғалиев пен Зейнолла Қабдолов үйге күн аралатып келіп тұратын. Кіші буын өкілдерінен Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Зейнолла Серіккалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Сәтімжан Санбаев, Бабажан (біз Ләзиза анамызды осылай атайтын едік ) жайған дастарханынан талай мәрте дәм ауыз тиді.

Атам кемел жасына дейін Қазақстан, Ресей, Украина, Балтық жағалауы елдері, Өзбекстан және басқа да республикаларға шығармашылық іс-сапармен жиі баратын. Венгрия, Румыния, Болгария сияқты шет мемлекеттерге де ат ізін салды. Сапар барысындағы жазбалары мен өлеңдері, қойын дәптерлері мен өлеңдерінде – «Украина түні», «Жауынды Рига», «Шипка асуы», «Балатон көлі», «Амудария саздары» және тағы да басқа шығармаларында орын тапқан. Атам аударма жұмысымен де көп айналысты. Ол Мажарлық революционер ақын Шандор Петефиді аса құрметтейтін. Петефидің қазақтың хас батыры, өршіл рухты ақыны Махамбет Өтемісұлына теңейтін. Олардың екеуі де ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, азаттық жолында қаза тапқан.

Жазушы ресейлік ақындармен де жақын жолдас болды. Сұрапыл соғыс кезінде әскери газетте бірге еңбек еткен Мұстай Кәрім, Илья Сельвинский және Михайл Львов секілді кісілермен достық, шығармашылық байланысын үзген жоқ , - деп Минаж Сәрсенбаев өз естелігімен бөлісті.

1982 жылы күзінде Сәрсенбаевтар әулеті қара жамылды. Дүниеден ақсақалдың адал жары, аялы қосағы Ләзиза Серғазина дүниеден өтті. Бұл қаза жазушы қабырғасына қатты батып, шығармашылығы тоқырап, өзі еңкіш тарта беретін болды.

Ол өзінің соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдегі достары жайында естелік жазумен шұғылданды. 1985 жылы 80 жылдық мерейтойы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында және өзінің туып өскен жері –ол кездегі Гурьев облысының Теңіз ауданында кеңінен аталып өтілді.

Ал 90 жылдығы Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Бұл жолы Президенттің қолынан «Парасат» орденін алды. Тәуелсіз елінің жоғары мәртебелі марапатын алғанына шын жүректен қуанды. Өкінішке орай, 1995 жылдың қараша айының соңына дүниеден өтті.

Қазір атам мен Бабажан (Ләзиза жары ) бір зиратта жатыр. Олардың жанында Бауыржан Момышұлының ескерткіші тұр. Кезінде атам осы ескерткішті құшақтап, былай деген еді: «Солдат, сен өзіңнің қаруыңның күшімен соғысты жерге қададың». Сол соғыстың улы жебесін бірге қадасқан қандыкөйлек жолдасының, қаламды серік еткен қаламгер бауырларымен бірге мәңгілік орнынан жай тапты»

Атам жайындағы қысқа естелікті Зейнолла Қабдоловтың, Ғабит Мүсіреповтің Әуезовке арнап айтқанын атама қарай бағыттап: «Әбекеңді мақтаудың керегі жоқ, Әбекеңмен мақтану керек»,- деп аяқтады әулеттің жалғыз тұяғы Минаж Сәрсенбаев.

Қарашаңырақта жазушының қызы Райхан екі ұл, бір қызы және немере-шөбересімен ғұмыр кешіп жатыр. Райхан әке-шешесінің артынан қалған қолжазбаларын реттеп, баспаға беріп, кейбір еңбектерін Атырау мен Павлодардағы мемлекеттік архив пен мұражайларға табыс етті.

Жазушы жалғыз тұяғының «Болашақ – теңіздің түбі» деген өлеңімен Минаждың келешегін анықтап қойғандай мектепті тамамдаған соң, ҚазМУ–ге оқуға түсіп инженер-гидролог мамандығын алып шықты. Оқу бітіргеннен кейін алты жыл ғылыми-зерттеу институтында қызмет етіп, экспедицияларда және ғылымның қолданбалы басқа түрлерімен айналысты. ҚазМУ-дің құрлықтар гидрологиясы кафедрасында аспирантураға түсіп, ғылым кандидаты, кейінірек ғылым докторы дисертацияларын қорғады. Кафедра меңгерушісі және география факультетінің деканы қызметін атқарды. Бүгінде осы кафедраның профессоры.

Әдебиеттер тізімі
Сәрсенбаев Ә. Жаса, достық! // Аспанда күн сөнбесін.-Алматы, 1985.-11-12 б.
Сәрсенбаев Ә. Кіршіксіз жандардың көңіл күйлері: ( З.Шүкіровтың «Тоғысқан тағдырлар» кітабы жайлы ) // Ұстаздар мен тұстастар.- Алматы, 1986, 294-313 б.
Сәрсенбаев Ә. Шандор мен Махамбет: (Қазақ және венгр әдебиеті арасындағы байланыс жайлы) // Ұстаздар мен тұстастар.-Алматы, 1986.-

20-34 б.
Сәрсенбаев Ә. «Ақша бұлттар» туралы: (Жырдың шығу тарихы туралы) // Ұстаздар мен тұстастар.- Алматы, 1986.- 429-431 б.


Сәрсенбаев Ә. Балапан жырлар самғайды: ( Жас ақындар творчествосы жайлы ) // Ұстаздар мен тұстастар.-Алматы, 1986. -314-368 б.
Сәрсенбаев Ә. Жетпіс бесінші қырқадан : (Өмірбаян естелік )

// Ұстаздар мен тұстастар.-Алматы,1986.- 396-428 б.


Сәрсенбаев Ә. Ағалар рухына: Өлең // Әлем – Альманах – Алматы. Жазушы, 1990.-360 б.
Сәрсенбаев Ә. Ғасыр мен ғасыр беттессе - Алматы: Жазушы, 1995. –

272 б.
Сәрсенбаев Ә. // Қайырбеков Ғ.Алыста жақын жағалаулар.- Алматы, 2001.-135-143 б.

Сәрсенбаев Ә. Ақша бұлт: Өлеңдер мен балладалар.- Алматы: Раритет, 2005.-240 б.- «Алтын қор» кітапханасы
Сәрсенбаев Ә. [Әбу Сәрсенбаев туралы естеліктер].-Алматы: Білім баспасы, 2005. -240 б.

Х Х Х
Асылжанұлы Б.Ұзын аққан Әбудария айдыны: ( Әбу Сәрсенбаев - 100 жыл ) // Жұлдыз.-2006.-№6.-164-171 б.

Молдағалиев Т. Тау алыстаған сайын биіктейді: (Әбу Сәрсенбаев)

// Егемен Қазақстан.-2006.-2 наурыз.


Бектөре Б. Жалғыз тұяқтың жан сыры: (Жазушы Әбу Сәрсенбаев туралы) // Б.Бектөре // Ана тілі.-2010.-13 мамыр.-5 б.
Қазақ әдебиеті: Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қазақстан даму институты,1999.-750 б.

Қазақстан жазушылары: Анықтамалық.- Алматы: Ан Арыс, 2009.-

349 б.

Мазмұны
Алғы сөз - 1 б


«М е й і р л і м е й і р»- ( кітап көрмесі)- 2
«Мен бүгін әкем жайлы толғанамын» -

( еске алу кеші ) – 3

Ақын туралы естеліктер - 12
«Жалғыз тұяқтын жан сыры»- 14
Әдебиеттер тізімі - 17

Құрастырушы: Шарымбаева Ф.Қ – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі

Редакторлары: Қозыбекова Р.С – құқықтық білім орталығының меңгерушісі

Сұраншиева Г.Қ – жоғары дәрежелі 2-ші категориялы

кітапханашы






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет