Агранулоциттернемесе түйіршіксіз лейкоциттер гранцлоциттерге қарама-қарсы белгілерге ие:
спецификалық түйіршіктілігі жоқ;
ядросы сегменттелген (әдетте дөңгелек не бұршақ тәрізді);
агранулоциттер бөлінуге және дифференциялауға қабілетті.
Агранулоциттер моноциттер мен лимфоциттерге ажыратылады.
Моноциттер –қан жағындысында ең ірі, диаметрі 18-20 мкм формалық элементтер. Моноциттер лейкоциттердің жалпы санының 6-8%-ын құрайды. Қанның 1 мкл олардың абсолюттік саны – 200-600 жасушалар. Қанда моноциттер санының өсуі – моноцитоз – қабыну, ісік және гематологиялық аурулардың белгісі.
Құрылысы. Олардың пішіні дөңгелек, цитоплазмасы нәзік базофилді және ядросы полиморфты (әр түрлі пішінді). Цитоплазмасында электрондық микроскопия арқылы анық көрінетін псевдоподияларды (жалған аяқ) құрайды. Плазмолеммасы жасушаны ынталандыратын хемотаксистік сигналдарды қабылдайтын рецепторлармен жабдықталған. Моноциттердің ядросы ірі, жиірек – бұршақ, таға тәрізді, сирек жағдайда бөлшектелген пішінді; жасуша ішінде эксцентрикалық орналасқан. Хроматині орташа дәрежеде конденсацияланған, ядросы лимфоцит ядросына қарағанда нашар – ашық-көгілдір түске боялады. Цитоплазмасында азурофилді гранулдары бар, спецификалық гранулдары жоқ. Сондықтан моноциттер агранулоциттерге жатқызылады. Азурофильді гранул ішінде гидролиздік ферменттер және бактерицидтік заттар: лизоцим, лактоферрин, қышқыл фосфатаза, арилсульфатаза, катиондық ақуыздар, миелопероксидаза, биототықтырғыштар көп. Осы заттар моноциттің негізгі функциясы – фагоцитоз бен жасушаішілік қорытуды қамтамасыз етеді. Цитоплазмада одан басқа митохондриялар, грЭПТ цистерналар, еркін рибосомдар, Гольджи комплексі жақсы дамыған, вакуольдер мн көпіршіктер көп. Жақсы дамыған цитоскелеті псевдоподиялар қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Моноциттер сүйектің қызыл кемігінде 2-3 тәулік бойы дамып, қан айналымына түседі. Қан арнасында 12-32 сағат бойы циркуляциясынан кейін моноциттер тіндерге миграциялайды. Жергілікті микроорта факторларының әсерінен макрофагтардың әр түріне дифференцияланып, 1 айға жуық өмір сүріп, қызметтерін атқарады. Қанның моноциттері – сүйектің қызыл кемігінен шығып, тіндерге бағытталған пісіп жетілмеген жасушалар.
Моноцит және олардан дамитын макрофагтардың функциялары:
микробтарды және организмнің өзгерілген жасушаларын фагоцитоз процесі арқылы жойып, организмнің спецификалық емес қорғанышын қамтамасыз ету;
антиген ұсынатын жасуша ретінде организмнің спецификалық қорғаныш реакцияларына қатысу;
санитарлық – қартайған және өлген жасушаларды, постжасушалық құрылымдарды фагоцитоз арқылы жұтып, жасушаішілік қорыту;
регуляциялық – жасушааралық қат құрамын реттейтін ферменттерді секрециялау, лимфоциттер пролиферациясын реттейтін заттарды – монокиндерді синтездеу.