140. Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының тарихи маңызы.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация - 1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат.
Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды. Декларацияда: "Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (хим., бактериолог., биолог., т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады" деп жазылды. "Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар" делінді.
Егемендік Қазақстан Президентіне еркін қимылдауға жол ашты. Экономика саласында орталықтың рұқсатынсыз шетелдермен тікелей байланыс жасала бастады. Халықаралық қатынаста Семей атом полигоны жабылуының маңызы зор болды.
Қазақстан Президенті Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік кеңесін құру жөнінде, Одақтық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақстан үкіметінің құзырына беру туралы, Қазақ КСР-нің алтын және алмас қорын құру жөнінде, Казақ КСР-нің сыртқы экономикалық қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жарлықтар шығарды. Бұл әрекеттер, жалпы алғанда, одақтық министрліктердің үстемдігін жойып, республиканың шын мәніндегі тәуелсіздігіне жол ашты.
Егемендік жариялаған бұрынғы одақтас республикалар енді өзара тікелей байланыстарға шыға бастады. Қазақстан 1990-1991 жылдар ішінде Беларуспен, Әзірбайжанмен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен, Ресеймен, Украина елдерімен экономикалық шарттар жасасып, өзара достық және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 ж. 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы" Конституциялық Заң қабылданды.