14-дәріс. Бастауыш сынып оқушыларының ОҚу мотивтері негізгі мәселелер



Дата04.12.2022
өлшемі37,01 Kb.
#161140
Байланысты:
14-Дәріс


14-дәріс. БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОҚУ МОТИВТЕРІ
Негізгі мәселелер:
1. Мотив. Оқу мотивтерінің жіктелуі.
2. Оқу мотивтері және оқуға ынталандыру жолдары.

Тақырыпқа ену сұрақтары: Оқу әрекетіне қозғаушы күш не деп ойлайсыздар? Мотив деген не? Оқу мотивтері қандай болуы мүмкін? Баланы оқуға қалай ынталандыруға болады?


Теориялық блок. Мотив – адамның объективті мұқтаждығы мен ынтасын бейнелейтін әрекетіне ішкі талаптануы. Мотив – латын сөзі. Ол қозғаушы, итермелеуші, оятушы күш деген мағынаны білдіреді. Қоғам қайраткері М. Жұмабаев “Педагогика” атты еңбегінде: “Жанымызда бір тілек бар. Сол тілекті іске асырғымыз келеді. Тілектің іске асуының тиістілігін бекітетін себепкер яки дәлел мотив деп аталады”,- деген анықтама берген.
Оқу әрекеттерiн қозғаушы күштер мотивтер – оқушыны белсендi танымдық iс-әрекетке ниеттеушi үдерiстер, әдістер, шаралардың жалпы атауы. Мотивтер мұғалiм мен оқушының бiрлескен қызметтерiнің арқасында басқарылады. Мұғалiм тұрғысынан мотив оқытудың қозғаушы күші сипатында, ал оқушы тұрғысынан ол оқып-үйренуге ынталандырушы жағдаяттарды аңдатады. Мотивтер үдеріс сипатында тұлға қалпы мен қатынастарына өзгерiс ендiретiн нақты ниеттер, себептер түрінде iске асып, оқушыны оқуға, әрекетке келуге, қандай да қылықтарды жасауға ойыстырады. Мотивтер рөлiнде өзара байланысты қажеттер мен мүдделер, ұмтылыстар мен эмоциялар, жан қалау талаптары мен мұраттар (идеалы) қабылданған. Сондықтан да бұл құбылыс - өте күрделi құрама. Мотивтер түрі өте көп, олар бiр-бiрiмен байланысты. Педагогикалық үдерiсте көрiнiс беретiн мотивтердің саналуандығы да осы үдерiстің жан-жақты да көп мәндi болуынан. Оқу жүйесiнде әрекетке келетiн мотивтердi әрқилы сипаттарымен топтастыруға болады. Түрлері бойынша әлеуметтiк және танымдық мотивтер ажыратылады. Деңгейлiк қырынан бұл мотивтер келесiдей жiктеледi:
– ауқымды, кең әлеуметтiк мотивтер (борыш, жауапкерлiк, оқудың әлеуметтiк мағынасын түсiну). Бұл ең алдымен тұлғаның қоғамдағы өз абыройын, әлеуметтiк беделін нығайтуға деген ұмтылысы;
– тар әлеуметтiк мотивтер (болашақта нақты лауазым иелеуге ұмтылыс, төңірегiндегi адамдарға беделiн таныту, еңбегiне сай мадақ алу);
– ауқымды танымдық мотивтер (оқу үдерiсiнің өзінен және оның нәтижесiнен қанағат табу);
– оқу-танымдық мотивтер (бiлiм iзденiсiне бағытталу, нақты оқу пәндерiн игеру);
– өзiндiк бiлiм иелеу мотивтерi (қосымша бiлiмдер игеруге бағытталу).
Оқу мотивтері сыртқы және iшкi болып бөлiнедi.
Алғашқы түрі педагогтардан, ата-аналардан, сыныптан, жалпы қоғамнан бастау алып, сыбыр сөз, ым-ишара, талаптар, нұсқаулар, айдау не зорлау күйiнде көрiнедi. Олар, әдетте, адамға әсер етедi, бiрақ олардың әсерi көбiне тұлғаның iшкi қарсылықтарына тап болады. Сондықтан олар еш уақытта iзгiлiк сипатымен көрiнбейдi. Қажеттiсi – оқушының өз қалауымен iске араласуы және нәтижеге ұмтылуы. Мотивтердің ақиқат көзi – адамның өзiнде. Осыдан сыртқы зорлау кейпiндегi оқу мотивтерiне аса мән арта бермей, тұлғаның өз жан қалауынан болған оқу мотивтерiн арқау еткен жөн. Кiшi мектеп жасындағы балаларды оқыту жағдайларға байланысты әрқилы мотивтердi айқындап және бағдарлап барады. Бұлар:
– борыш сезiмi;
– мұғалiм мақтауына сай болу ниетi;
– жазадан қорқу;
– ересектер талабын орындау әдетi;
– танымдық қызығу;
– атақ құмарлық;
– сыныптастардың арасында беделге жету;
– ата-аналарын қуанту ниетi;
– “бес” алу мақсаты;
– марапат, мадаққа ұмтылу.
Аталған мотивтердің бәрi бiрлесе әрекетке келедi. Бiрақ олардың арасында бiреуi жетекшi, ал қалғандары - қосалқы қызмет атқарады. Мұғалiм осы жетекшi мотивті ажыратумен, оны тiрек құрал ретiнде пайдаланады.
Оқу үдерiсiнде басым келген қандай да мотивті айыру үшiн оқушылардың оқуға деген қатынасын бақылауға алу қажет. Жүргізілген зерттеулер нәтижесi балалардың оқу үдерісiне араласуындағы бiрнеше сатыларды ажыратуға мүмкіндiк бердi, олар – болымсыз, бейтарап және ұнамды қатынастар. Оқушылардың оқуға болған болымсыз қатынасы мына сипаттарға ие: себептер жадаулығы мен өрiссiздiгi, оқу нәтижесiне мүдделi болмау, тек баға үшiн оқу, мақсат қоя бiлмеу, қиыншылықтардан тартыну, оқуға құлықсыздық, мектеп, мұғалiмдерге деген жек көрушiлiк.
Бейтарап қатынас та жоғарыда аталған сипаттағы мотивтерге жақын, бiрақ оқушылардың қабiлеттерi мен мүмкіндiктерi оқудың ұнамды жағдайларымен ұштасса, жақсы нәтижелерге жеткiзедi. Мұндай оқушылар типiн қабiлеттi, бiрақ ерiншек деп атауға болады. Оқушылардың оқуға бағытталған ұнамды қатынастарының әрқилы деңгейлерiнде мотивтердің тұрақсыздық қалпынан жоғары саналылық деңгей дәрежесiне көтерiлуiн байқауға болады. Мотивтердің ең жоғары деңгейi өз тұрақтылығымен, болашақ мақсаттарды белгiлей алуымен, өз оқу әрекеттерi мен мiнез-құлқының салдарын күнi iлгерi көре бiлу, мақсатқа жету жолындағы кедергiлердi жеңе алу сипаттарымен ерекшеленедi. Жоғары деңгейлi мотивтердi қару еткен оқушы мәселелердi шешудің дәстүрлi емес жолдарын iздестiруге шебер келедi, ол құбылмалы, икемдi ой толғастыруға, шығармашылық iстi атқаруға қабiлеттi, бiлiмiн арттыру жолында өз iзденiстерiн көбiрек пайдаланады.
Әр сыныпта бiрте-бiрте балалардың оқуға болған қатынастарының нақты типтерi ажырала бастайды. Мұғалiм өз жұмысын осы типтерге сәйкес ұйымдастыруы тиiс. Әсiресе, кең белгiлi болған алғашқы тип – жақсы орындаушылар. Олар оқуға өте ұқыпты, бiрақ өзiндiк белсендiлiгi кем. Мұндай оқушылардың iс-әрекетiндегi жетекшi мотив– ата-ананы қуанту, сыныпта бедел арттыру, мұғалiм мадағына жету. Екiншi тип – ақыл-есті белсендi тип: өз пiкiрiне ие, сыбыр сөзден қашады, өз бетiнше iс қылуды ұнатады, күрделi тапсырмаларға құштар. Үшiншi тип - қарқынды оқу жұмысына құмар балалар. Бұлар өте белсендi, тез түсiнiмдi, ал ой толғауы байсалды, сондықтан өздерiн бiрдейiне iс қалпында сақтауға тырысады.
Мұғалiмнің жеке-дара қатынасын ұнатады. Төртiншi тип – ақыл-ес қабiлеттерi кемшiн балалар. Бұл балалар өз бетiнше оқу тапсырмаларын орындауға қиналады, көңіл-күйi ұдайы қандай да күйзелiсте немесе, керiсiнше, орынсыз сотқарлығымен көрiнiп қалады. Олар үшiн басты нәрсе – бiлмейтiнiн немесе келеңсiз әрекеттерiн мұғалiмнің сезбегенi. Бұл жағдаяттардың себептерi әрқилы: баланың дамуындағы кемшiлiктер, мектеп алды дайындықтың төмен дәрежеде болуы. Ескеретiн жәйт, әр сыныпта сабаққа болымсыз қатынастарының арқасында өзара бiрiккен балалар тобы болады. Мұндай балалар өздерiнің ақыл-есi кемдiгiнен немесе тәрбие аясында тiптi болмағандығынан оқу бағдарламасын игере алмайды.
Бұдан шығаратын қорытынды: әртүрлі топтағы балалармен жұмыс iстей отырып, әрқилы мақсаттар қойып бару қажет. Тиiмдi оқу iс-әрекеттерiне аса мәндi келетiн мотивтер балалардың ақыл-ес белсендiлiгiне және танымдық қызығуларына негiзделуi тиiс. Балалардың оқуға деген қатынастарын мұғалiмдер әдетте олардың белсендiлiгiмен сипаттайды. Белсендiлiк оқушылардың iс-әрекет аясына ену дәрежесiмен (қарқындылық, берiктiк) анықталады.
Белсендiлiк құрылымы келесi бiрлiктерден тұрады:
– оқу тапсырмаларын орындауға әр уақыт дайын болу;
– дербес iс-әрекетке ұмтылу;
– тапсырмаларды саналы орындау;
– оқудың жүйелi болуы;
– тұлғалық деңгейiн көтеруге құштарлық және т.б.
Белсендiлiкпен ұштасқан оқушы мотивтерінің және бiр маңызды тарапы – дербестiк. Осы сапаның болуынан оқушы жұмыс нысанын таңдауда, iс-әрекет құралдарын iздестiруде және оларды iске асыруда үлкендер жәрдемiн аса қажет етпейдi. Оқушылардың танымдық белсендiлiгi мен дербестiгi өзара байланысты: белсендiлiгi күштi оқушылар, әдетте, дербес жұмыс iстеуге қабiлеттi. Оқушылар белсендiлiгiн басқару дәстүрлi белсендiлiк арттыру (активизация) атамасын алған. Бұл құбылысты үздiксiз жүріп жататын оқып-үйренуге мүдделi, енжар және еліктегіш iс-әрекеттердi, ақыл-ес жұмыстарындағы тоқырауды жеңуге бағдарланған пәрмендi үдеріс ретiнде бағалауға болады. Белсендiлiк арттырудағы басты мақсат – оқушылардың оқуға деген құштарлығына нәр берiп, оқу-тәрбие үдерісінің сапасын көтеру. Педагогикалық тәжiрибе белсендiлiк арттырудың әртүрлі жолдарын пайдалануда. Олардың iшiнде – оқытудың әрқилы формалары, әдістерi, құрал-жабдықтары, оларды әрқилы жағдайлардың туындауына сәйкес бiр-бiрiмен ұштастырып, оқушылардың белсендiлiгi мен дербестiгiне дем беру. Сабақ жағдайларында оқушылардың белсендiлiгiн арттыруға келесi әрекеттер тиiмдi:
– өз пiкiрiн қорғап қалу;
– талқылаулар мен пiкiр сайыстарына қатысу;
– жолдастары мен мұғалiмдерге сұрақ қойып бару;
– жолдастарының жауаптарына пiкiр бiлдiру;
– сыныптастарының жауаптары мен жазба жұмыстарын тексеру және бағалау;
– үлгерiмi төмен жолдастарына көмектесу;
– оқуы төмен оқушыларға түсiнiк көмегiн беру;
– өз әлi жететiн тапсырмаларды таңдастыра бiлу;
– қойылған мәселелердi шешудің әрқилы жолдарын iздестiре бiлу;
– өз бiлiмдерi мен тәжірибелік әрекеттерiне өзiндiк талдау және тексерiс ұйымдастыра бiлу;
– өзіне белгiлi тәсiлдердi бiрлiктi қолдану жолымен танымдық мәселелердi шеше бiлу.
Сонымен, мотивтер – бұл оқушыны оқуға, әрекет етуге, қандай да қылықтарды жасауға ықпал етушi ниеттер, себептер.
Оқу барысында көптеген мотивтер бiрдей тең араласады. Қандай да мотивтердің оқу барысында басымдылығын мұғалiм оқушылардың оқуға болған қатынасынан байқайды.
Мотивтер заңдылықтарын бiлу – көптеген мектептiк мәселелерді шешудің көзi. Кiшi мектеп жасындағы оқушылардың қызығулары.
Оқу мотивтерiнің арасында аса тұрақты да пәрмендiлерiнің бiрi - қызығу. Қызығу (“интерес” латын сөзі – мәнге ие, маңызды) – оқушы тарыпынан танылған iс-әрекеттердің аса маңызды, нақты себебi. Қызығу – бұл оқушының нысан немесе құбылысты меңгеруге ұмтылысында, белгiлi әрекет түрін игеруде көрiнетiн танымдық қажеттену формасы. Танымдық қызығу шәкiрттің игерiп жатқан пәнiне болған көңіл-күй қатынасынан байқалады. Л.С.Выготский пiкiрiнше: “Қызығу бала әрекетiнің табиғи қозғаушы күшi, ол тумадан берiлген құштарлық, бала әрекетiнің оның тума қажеттерiмен сәйкестiгiн аңдатады. Сондықтан оқу үдерiсiндегi басты талап: барша тәрбие жүйесi дәл анықталған бала қызығуларының негiзiнде құрылуы тиiс.
Педагогикалық заңды талап – қандай да әрекетке ойыстыру алдынан баланы сол әрекетке қызықтыру, оның бұл әрекетке дайын екендiгiн, бұған қажет күш-қуатының жұмылғанын байқауға тырысу әрi баланы ол iстi өзi орындауына мүмкіндiк беру. Мұғалiм мiндетi бұл жұмысты бағдарлап, оған жеткешiлiк жасау”. Оқуға қызықтыру жолдары сан алуан. Ең алдымен сол қызығулардың төркiнi мадақ, жаза, қорқыныш, жағыну т.с.с. таным үдерісiне жат ықпалдардан туындамай, тiкелей пәнді ұнату, онымен байланысу дәрежесiнен көрiнуi шартты. Осыдан қойылатын екiншi талап - қызығуды ояту ғана емес, оны белгiлi қажеттерге бағдарлау. Қызығуларды пайдалану негiзiнде жасалатын және бiр қорытынды: барша мектеп жүйесiнде жүргізілетін үдерiстер бала өмiрiне тiкелей қатысты болып, әрқандай оқу әрекетi балаларға бұрыннан таныс әрi олардың қызығу сезiмдерiне қозғау салып, ынта көтеретiн материалдардан басталуы қажет.
Оқу барысында iске қосылатын қызығу ықпалдарының жалпы заңдылықтары анықталған, олар: 1) бала қызығулары оның өзi игерген бiлiм деңгейi мен сапасына, ақыл-ес әрекетi тәсiлдерiнің қалыптасуына тәуелдi. Бұл нақты пән бойынша оқушының бiлiмi неғұрлым ауқымды болса, оның сол пәнге болған қызығуы да жоғары. Керiсiнше де болуы мүмкін. 2) оқушы қызығулары оның мұғалiмге болған қатынастарына тәуелдi. Бала өзi сыйлаған мұғалiмнің пәндерiн қызығып оқиды. Алдымен педагог, содан соң оның iлiмi - әрдайым әрi тұрақты көрiнетiн тәуелдiлiк.
Тұрақты танымдық қызығуларды қалыптастыруға бағытталып, тәжірибеде қолданымға келген тәсiлдер және құрал-жабдықтар қоры келесiдей:
– ынталы оқыту;
– оқу материалының жаңалығы;
– тарихилық;
– бiлiмдердің оларды ашқан адамдар тағдырымен байланысы;
– игерiлген бiлiмдердің оқушылардың өмiрлiк жоспарлары және бағыттарына байланыстыра, қолдану жолдарын үйрету;
– оқудың жаңа және дәстүрлi емес формаларын пайдалану;
– оқу формалары мен әдістерiн ауыстырып бару;
– проблемалы оқыту;
– шығармашылық (эвристикалық) оқыту;
– компьютер қолданумен оқыту;
– мультимедия жүйелерiн пайдалану;
– интерактив компьютерлiк құралдарды қолдану;
– өзара оқыту (жұптасып, шағын топтарда);
– бiлiм, ептiлiктердi тестiлеу;
– оқушылар жетiстiктерiн көрсетiп бару;
– табысқа жеткiзетiн жағдайларды жасау;
– жарыстар (сыныптастарымен, өзiмен-өзi);
– сыныпта ұнамды адамаралық қатынастар түзу;
– оқушыға сенiм арту;
– педагогтың кәсiби әдебi мен шеберлiгi;
– мұғалiмнің өз пәнiне, оқушыларына болған қатынасы;
– мектептiк қарым-қатынастарды iзгiлендiру және т.б.
Тәжiрибесiз мұғалiмнің өзi де кейде балалардың пәнге, оқуға болған қызығуларының өзгерiске келгенiн жеңiл байқайды. Профессор А.К.Дусавицкий өзiнің “Қызығу формуласы” кiтабында оқуға зейiндi және селқос оқушылардың жалпы сипаттамасын келтiредi.
“...Қараңызшы, өзiн қызықтырған iспен шұғылданған баланың әрекетiне. Қызыққанынан ләззат тапқаны сонша, екi бетi бал-бұл жанады. Жанары нұрлы, қимылы еркiн, жеңiл де шапшаң. Басқаша болуы мүмкін емес те – ол өз тiлек-ниеттерiнің аясында, сырттай ықпалдардан аза. Өзіне маңызды, қызық өз iсiмен айналысуда. Нәтижесi көрiнiп-ақ тұр. Ұнамды көңіл - қызығу жолдасы, ол бар жерде iс жасау – рахат, ләззат келтiредi. ... Оның ой жұмысы айқын да дәл, мәселе шешiмi өзінен- өзi келiп тұрғандай, келгенде қандай, мұндай да қисынды болар ма! Жұмысқа бүтiндей жан-тәнiмен берiлген, басқа дүниенi ұмытқан. Осыдан оны қызықтырған iсiнен ажырату қиын...... Ал мына баланы төңірегiндегiнің бәрi жалықтырған, ешнәрсеге құлқы жоқ. Кiтаптан безiнгенi сонша, тiптi қанасына симай отыр. Елерiп, елеңдеп, тағаты жоқ, тап бiреу осы iстен төбеден түсiп, құтқаратындай. Кейде ойына шомып, табжылмас. Сабақ адыра қалды...”
Ескеретiн жәйт, оқу мотивтерiнің арасында аса маңызды болғаны –танымдық қызығу. Бұл оқушы тарапынан күштi сезiлетiн әрекеттің нақты себебi. Қызығулар қажеттер әсерiнен пайда болып, олармен бiрге ажырамас байланыста көрiнедi.
Зерттеулер көрсеткендей, кiшi мектеп жасындағы оқушылардың ұнамды оқу мотивтері қалыптасуы үшiн қолайлы және қолайсыз жағдайлар кезiгедi.
Қолайлы жағдайлар арасында: 1) көпшiлiк 6-9 жастағы балалардың мектепке ұнамды қатынасы; 2) мұғалiмге толық сенiм арту; 3) жаңа әсерлерге деген құштарлы қажеттiк; 4) табиғи зерделiлiк.
Қолайсыз жағдайлар:
1) тұрақсыз зейiн; 2) ауыспалы қызығулар; 3)ерiк қасиетiнің қалыпқа түспеуi. Көптеген оқушылар iс-әрекеттерге елiктеумен қатысады, ал ендi қандай да бiр iстi өзi орындауы қажет болып қалса, мұғалiмнің көрсетпелерiн күтiп, күйзелiске түседi, яғни сабақтың нәтижесiне (жақсы баға) көзi жетсе ғана, жұмысқа кiріседi.
Сонымен, мұғалiм өз оқушыларының оқу мотивтері мен әрекет қылықтарын тұрақты зерттеумен айналысады. Бұл үшiн ол бақылау, анкеттеу, әңгімелесу, эксперттi бағалау тәсiлдерiн қолданады. Зерттеулер белгiлi жүйе бойынша өткiзiледi. Педагог оқушылар қызығуын көтерудің жолдарын жақсы бiлiп, оларды жағдайларға байланысты қолдана алуы тиiс.
Оқуға ынталандыру. Ынталандыру (стимулирование), қазiргi заман түсiнiмiнде, оқушыны қандай да бiр затқа ойыстыру, ниеттеу мәнiн аңдатады. Адам болмысы солай да қалыптасқан: егер оған үздiксiз ескерту берiп тұрмаса, өзiндiк немесе сыртқы күштеулер болмаса, ал кейде тiкелей мәжбүрлеу әрекетiн қолданбаса, ол орнынан қозғалмайды, белсендi әрекетке кiрiспейдi де. Бiр замандарда оқуға деген құлықсыздықты әншейiн ерiншектiкпен баламалап, және ол қасиет келеңсiздiгiн жеңу үшiн қарапайым да табиғи шара – әртүрлі формада, тiптi тәндiк жазалаумен орындалатын зорлау әдісiн қолданған. Бүгiнгi бала – еркiн де тәуелсiз тұлға. Оны қорғайтын заңдар баршылық. Осыдан мұндай оқушыға қаратылған қатынас та басқаша болуы мiндеттi. Оқушының бiлiм жолы - қиын жол. Тек бiр ғана оқу қажеттiгiн түсiну бұл жолды басып өту үшiн жеткiлiксiз. Көп жағдайларда бала барша нәрсенi өз ақылымен танып, бiлiп тұрады. Бiрақ оның ақыл-есi тiкелей ықпал жасаған себептермен байланысудан, көңіл-күй толғаныстары жетегiнде қалады, нәтижеде оқушы өзi таңдаған iстерiне дәлел iздейдi және оны табады да. Бұл жағдайда мәселе шешiмi дұрыс iрiктелген және қолданылған ынталандыру шараларына байланысты болады.
Кiшi мектеп жасындағы балалардың iс-әрекетi мен мiнез-құлығының мотивтерiн және ынталандыру жолдарын қолдану өзiндiк ерекшелiктерге ие. Бала табиғатын тану, оның қажеттерi мен тiлек-ниеттерiн сезiну – барша мәселелердің шешiмiне сай кiлт табумен бiрдей.
“Балалар ненi сүйеді, олардың қалағаны не?” сұрағына С.Т.Шацкий былай деп жауап бередi: “....балаларда тума қатынас түзу қасиетi күштi дамыған, олар бiр-бiрiмен жылдам табысады – ойын, әңгіме, таусылмас өзара сәбилер былдыры – осы тума қасиеттің белгiлерi...
... Балалар өз табиғатынан шаршауды бiлмейтiн зерттеушiлер, олардың шапшаң өрiс алатын әуесқойлығы, шексiз сандағы сұрақтары, бар нәрсенi түртiп, ұстап, ауызға салып, байқастыруы – бәрi осы табиғи қызықсынуынан...
... Балалар өзiн көрсетуге, өзi жөнiнде әңгімелеуге, өзi алған әсерлерiн бiлдiруге құмар. Осыдан ол өз “менiн” бiрдейiне әсiрелеуге және фантазиясы мен қиялын дамытуға ұмтылады – бұл бала шығармашылығының тума сипаты...
... Бала жасампаз келедi, жоқтан бар қылады, жетпегенiн қиялымен толықтырып жатады...
... Бала мiнезiнің қалыптасуында орасан ықпалды нәрсе – бұл елiктеу инстинктi”.
Осыны түсiнуден, ынталандыруға жасанды бет бұрмастан, немесе оны балалар ниеттерi мен ұмтылыстарынан, өсiп келе жатқан адамның заңды табиғатынан сырт iздестiрудің қажетi жоқ. Мұғалiмнің барша қателiктерi – оқушы әрекет-қылығының шынайы мотивтерімен қызықпай, үстiрт, кездейсоқ ықпалдарды ескеретiнiнде. Бұл жағдайда оның тұрақты нәтижеге жете алуы, сәйкес ынталандыру жолдарын таңдауы және қолдануы мүмкін бе? Күмәндi. Оқушыны танып бiлу ұраны жаңа мән-мағынаға ауысады – зерттеу жұмысы қажеттi де қолайлы қызықтыру мен ынталандыру әдістерiн табу және пайдалану үшiн жүргізіледi.
Қорытындылай айтатынымыз, кiшi жастағы оқушы үшiн әсте-ақырын және жұмсақ қолдаулар мен қуаттаулар орасан маңызды келедi. Мұғалiм оқушы тiлектерi мен ниеттерiн үздiксiз зерттей отырып, бала табиғатынан туындайтын ынталандыру жолдарын табуда шаршап, шалдығуды бiлмегенi қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет