Гимнастика - дене тәрбиесінің құралы. Гимнастика (грекше gymnazo–жаттықтырамын)-дене тәрбиесінің құралы, сондай-ақ ол адамның денсаулығын нығайту, күш-қуатын, икемділігін, төзімділігін арттырып жетілдіру үшін қолданылатын әдістер мен арнайы іріктеліп алынған дене шынықтыратын жаттығулар жүйесі. Гимнастика адамды дұрыс жүруге, жүгіруге жаттықтырады, мүсіннің дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Гимнастика - жан-жақты дене тәрбиесінің негізгі құралдары мен әдістерінің бірі ретінде анықталатын кең ұғым. Гимнастика - адам организміне жан-жақты әсер етіп, оның негізгі функционалдық процестерін күшейтеді, үйлесімді дамуына көмектеседі, көңіл күйін көтереді. Гимнастикалық жаттығулар жасау арқылы өмірлік қажетті қозғағыш дағды, әсемдік пен қозғалыс дәлдігі қалыптасады, дененің негізгі қабілеті - ептілік шапшаңдық, күш, төзімділік, икемділік дамиды. Гимнастика жасау сәби кезден басталып, барлық жас кезеңдерінде жалғастырылады.