Негізгі қозғалыстардың маңызы. Негізгі қозғалыстар-бұл адам үшін өмірлік қажетті қозғалыстар, адам бұл қозғалыстарды: жүруді, жүгіруді, секіруді, лақтыруды, өрмелеуді өзінің сан алуан қызметінде қолданады, бұл қозғалыстардың тұрақты, қажетті компоненті тепе-теңдік сезімі болып табылады. Негізгі қозғалыстар динамикалық сипатқа ие. Олар бұлшық еттердің көптеген бөлігін әрекет етуге қатыстырады және барлық физиологиялық процестерді жандандыра отырып, бүкіл организмнің тіршілік қызметін арттырады. Сөйтіп негізгі қозғалыстар баланың денесінің дамуына, денсаулығының жақсаруына жағдай жасай отырып, органимге тұтастай әсер етеді. Жүйке жүйесінің реттеуші қызметі негізгі қозғалыстардың жетілдірілуін айқындайды. Сонымен бірге кері тәуелділік жүйке жүйесінің қызметін жаттығудың әсерімен жетілдіру де байқалады. Мақсатты басшылық жасау жағдайында негізгі қозғалыстарды дамыту психикалық процестерді: таным процесін-зейінділікті, қабылдауды, ойша болжауды, көз алдына елестетуді, ойлауды; жігерлілік процесін-назар аударуының жинақтылығын, бала танып білген әрекеттердің мақсаттылығын, өз әрекетін үйлестіре білуін, жалпыға бірдей міндетті бірлесіп орындауын; эмоциялық процесін-жалпы өмірлік көңіл күйді өсіруді, сезімталдыққа, мүдделілікке және өз іс-әрекетіне белгілі бір көзқарасқа баулуды қалыптастырумен байланысты.
Негізгі қимыл-қозғалыстар баланы түрліше бағдарлай білуге тәрбиелеуге: кеңістікте-қозғалыс бағытын, заттың алыстығы мен тұрған орнын, заттардың кеңістіктегі арақатынасын бағдарлай білу, көзбен бақылап білуді дамытуға; уақыт жөнінде-жаттығулардың орындалу ұзақтығын және олардың жеке фазаларының дәйектілігін, қозғалысты белгіленген немесе жеке қарқынмен орындауды бағдарлауға; ұжым арасындағы қозғалыс кезінде бағдарлауға-қайта сапқа тұрғызу және барлық топты сапқа тұрғызу кезінде, балалардың арасында бытырап жүріп келе жатқан кезде өз орнын табуға көмектеседі. Мұның бәрі өзін қоршаған ортаны ескере білуге және соған сәйкес мақсатты түрде әрекет етуге тәрбиелеуге көмектеседі.
Негізгі қимыл-қозғалыстар эстетикалық сезімдерді тәрбиелеуде де маңызды: олар тұлғаның әдемі де дұрыс қалыптасуына, қозғалыстың дәл, әсем әрі үйлесімді болуына, ұжымда әрекет ете білуге және кеңістікті толық пайдалануға көмектеседі.
Негізгі қимыл-қозғалыстар-тәрбие және үйрену процесінде біртіндеп пайда болатын күрделі шартты рефлекстер. Мектеп жасындағы бүкіл кезеңде негізгі қозғалыстар дамиды, жетіледі және қозғаушы стереотиптер қалыптасады. Қозғалысты белгілі бір жүйелілікпен, мысалы, жүру, жүгіру, лақтыру және басқа да жаттығулар кезінде сан рет қайталау осы қозғалыстардың әрбірінің жекелеген элементтері арасында уақытша байланысты тудырады. Буын-бұлшық еттің алғашқы қозғалысты орындаудан басталатын сигнал беру жүйесі тікелей барлық, келесі сигнал беруді туғызады, олар сол жүйеде қалыптасып автоматтанады. Осы кезде балаларда пайда болған динамикалық стереотиптер тамаша тұрақтылыққа ие болады. Алайда негізгі қимыл-қозғалыстарды балаларға үйрету және олардың бойында дамыту процесінде икемді қозғалыс стереотипін, қозғалысты тез өзгерту қабілетін, қоршаған ортаның өзгермелі жағдайына бейімділікті біртіндеп қалыптастыруға ерекше назар аудару талап етіледі. Бұл тапсырмалар қозғалыс қарқынын, қозғалыс шартын өзгертетін жаттығулардың әртүрлі нұсқаларын орындау жолымен жүзеге асырылады.
Негізгі қимыл-қозғалыстар циклді және ациклді болып бөлінеді. Біріншісі үнемі біркелкі циклдерді (айналымдарды) орындау болып табылады, мұндайда бүкіл дене мен оның жекелеген мүшелері үздіксіз бастапқы жағдайына қайтып келеді (мысалы, жүру, жүгіру). Циклді типтегі қимыл-қозғалыс тез меңгеріледі және автоматтанады. Мұның өзі бұл жүйеде осы циклдің қозғағыш элементтерінің дәйектілігін қалыптастыратын циклдерді қалыпты қайталаумен түсіндіріледі. Қозғалыстардың алмасуымен және олардың қайталануы кезінде тиісті бұлшық еттің сезінуімен байланысты циклдердің қайталанатын дәйектілігі осы қозғалыстың ырғағын қалыптастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |