Халима Өзақанова:
- 1945 жылы Әзілхан соғыстан аман-есен оралып, Қазақ университетіне оқуға түсті. Мен Қазақ педагогикалық институтында оқығам. Соғыстан кейін «Әуелі Әзілхан оқысын, мамандық алсын» деген оймен, өзара келісіммен Суықбұлақ аулына аттандым, мектепте орыс тілінен сабақ бердім. Әзілханның сүйгені де, жанашыры да – өзім, сондықтан ақша салып тұрдым.
1947 жылы Әзілхан академиялық демалыс алып, Семейге келді. «Екпінді» газетіне орналасты. 11 жыл бойы бір-біріне ынтыққан қос жүрек өмір-бақи бірге болуды армандап, Ақбұзауға келдік... «Мынау, жеті жыл бойы қаңырап тұрған үй – әкемнің шаңырағы. Осы үйге келін боп түсесің», – деді Әзілхан.
"Ертелі де, кеш те, тұрасың сен есте"
Халима Өзақанова:
Әзілханның барлық шығармалары менің қолымнан өтті. Қолжазбаларын оқыдым, машинкаға бастым. Магнитофон таспасына түсіріп алғандарым бар. Архивтерге бірге бардым. Талай дәптерлерге құнды жазбалар көшірдім. 1979 жылы Брестке бардық, Әзілхан 4 дәптер, мен 4 дәптер деректер жинадық.
Жазушының жаны нәзік, сондықтан жүрек сырқатына ұшырау ақын-жазушылар арасында жиі кездеседі. Әзілханның жүрек қабы алты рет жарылды, 40 түн күзеткен, көз ілместен таң атырған кездерім болды. Әсіресе, 1994 жылы жөргектегі сәбиімдей күттім. 40 күн шыдаған басым, 41-күні талықсып, ұйықтап кетіппін. Әзілхан «дүрс» еткен дыбыстан шошып ояныпты, қараса, мен ұйқыға басыппын. Осылайша жан жарымның қуат-күші сарқылса, сырқаты меңдесе, жүрегіне жігер қостым, дертіне дауа болуға тырыстым. Азаматтың өмір-бақи атпал күш иесі болып, қасқайып, қара нарша жүре беруі мүмкін емес, сондықтан тарықса – шыда, торықса – сүйеніш, тірек бол, ауырса – маңдайынан сипа деймін қыздарыма, келіндеріме.
"Қайда сол көктем?.."
Міне, ғұмыр бойы берекесін бұзбай, ынтымағы жарасқан қос ғашықтың махаббаты кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық әдемі роман болып, кітап болып жатталып жатыр. Күні кешеге дейін өзінің Халимаға деген ыстық махаббатын суытпаған әйгілі жазушының жүрегі 2011 жылы 12 ақпан күні мәңгілікке тоқтады. Артында ұрпаққа мәңгілік мұра болып көптеген шығармалары және «Махаббат, қызық мол жылдар» романы қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |