№153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейі
«Балауса» шағын тәрбие орталығы
Орындаған: «Балауса» шағын орталығының
әдіскері Минасипова Л.Р
2016-2017 ж.
Мектепке дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда тәрбиешінің әдістері
Мазмұны:
Кіріспе
І. Негізгі бөлім:
1. шығармашылық қабілет түсініктері
2.Шығармашылық қабілеттерді дамытуға әсер ететін факторлар
3.Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілеттерін
дамыту жолдары
Практикалық бөлім
Сабақ жоспарлары
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдардың дамуында жағымды өзгерістер және оқыту мен тәрбиелеу ісінің ұтымды жақтары ашылып жатқанымен, балалардың жеке басының қабілеттілік жақтарына терең үңіле бермейміз.Бүгінгі күннің негізгі талабы – білімді адамды әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, шығармашылық таныммен тікелей қатынас жасай алатын жаңаша ойлай алатын шығармашылық адамға айналдыру.Балаларда әлемнің көп бейнелі жақтарын шығармашылық таным негізінде қабылдай алу қабілетін дамыту қажет. Осының негізінде интеллектуалды, креативті (шығармашылық қабілетті), дарынды ұрпақты тәрбиелеп оқыту, психология- педагогикалық маңызды мәселелерінің бірі деп білеміз.
Зерттеу болжамдары: Балалар бойындағы дарындылық қабілетін жетілдіру жолдары н қарастыру, жасау, жүзеге асыру негізінде балабақшадағы дарынды баланың интеллектуалдық ой- өрісінің артуына ықпалы зор болады. Егер балабақшадан бастап дарынды қабілетті бүлдіршіндермен жекеленген шығармашылық жұмыстар жасау негізінде Республика көлеміндегі қабілетті балалардың жан- жақты ашылуына септігін тигізеді деген ойдамын.
Зерттеудің мақсаты: Шығармашылық қабілетті дамыту жолдарын, заңдылықтарын және барысын зерттеу. Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілетінің даму барысын бақылап, тәжірибе барысымен байланыстыра отырып зерттеу.
Зерттеу объектісі: Мектеп жасына дейінгі балалар. 4-5 жас
Зерттеу пәні: Мектепке дейінгі педагогика
Зерттеу міндеттері:
1. Балалар бойындағы шығармашылық қабілетін жетілдіру жолдарын қарастыру, теориялық талдау жасау.
2. Балалар бойындағы дарындылық қабілетін анықтау әрекетінің маңызын ашып, жолдарын белгілеп, құралдарын таңдау.
Балалардың шығармашылық қиялы мен қабілеттерін дамыту, олардың практикалық дағдыларды иемденуі сәбилік кезеңнен басталады. Тәрбиешінің бұл бағыттағы жұмысының ғылыми негізде құрылуының және талапты бірте - бірте, жүйелі күрделендіру, әр түрлі жастағы балалардың білімі мен іскерлігін саралап қарау принціпін сақтап, өнердің әр түрінің қазіргі кездегі даму деңгейін ескеретін белгілі бір бағдарлама бойынша жүргізілуінің маңызы зор. Баланың ақыл-ой ерекшеліктері жаратылыстан шығармашылық, ізденгіштік сипаттарға ие, алайда оны дұрыс бағытта дамыту жағдайлары әрқилы, сондықтан баланың ақыл-ой қабілетін дамыту, оның нақты дара ерекшеліктерін ескеріп тәрбиелеуге байланысты балалардың толыққанды ақыл-ой тәрбиесін сенсорлық процестерді қалыптастырудан бастау қажет. Әр педагогтың алдындағы сәулелі мұраты - балаға білім беріп қана қоймай әр баланың «менін» ашу, сол «менді» шығармашылыққа жеткізіп, баланың өзіне деген сенімін туғызу. Олардың өзінен шығармашылық қасиет, қабілетті іздете білу, өмірден өз орнын тапқыза білу қаншалықты қиын екені түсінікті. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының негізгі міндеттерінің бірі баланың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуды міндеттесе, Қазақстан Республикасының дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетіп дамыту концепциясы шығармашылық қабілетті дамытуға бағытталған білім беру кеңістігін туғызуды талап етеді. Соған сайкес Қазақстан Республикасының білім саласындағы нормативті - құықтық құжаттары адамның шығармашылық мүмкіндігін, шығармашылық қабілетін, шығармашылық ойлауын әрбір адамның жаңа білімді игеруіне, интеллектісі мен ойлау қызметінің артуына қажетті ықпал ретінде дамыту өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені, балалардың шығармашылық қабілеті дамуының қайнар көзі, шығармашылық, мүмкіншіліктерінің психологиялық құрылымы – мұның бәрі арнайы ізденісті қажет ететін мәселелер. Шығармашылық - бұл адамның өмір шындығына өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен саналы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Бұл әрекеттер өзінің логикалық шегіне жеткен деп айтуға болмайды.Сондықтан шығармашылық педагогикасының негізгі мақсаты- бүгінгі күн талаптарынан туындаған, озық қоғамға лайықты жаңа сана, рухани сапа қалыптастыру және тың жолдар мен соны шешімдер іздестіру болып табылады.
Баланың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесін талдау шығармашылық- «белсенділік», «әрекет», «қабілет» ұғымдарының мәнін терең түсініп алуды қажет етеді.
Белсенділік дегеніміз - адамның қажеттілігінен, көзқарасынан, мақсаттарынан туындайтын қоршаған ортаны өзгерте білу қабілеті.
Белсенділік объективті қажеттілік бар жерде жақсы қалыптасады. Сондықтан педагогтар балалардың шығармашылық әрекеттерін басып тастамай оған дер кезінде көмек көрсетулері керек.
Белсенділік деңгейлері туралы Т. Шамованың «Активизация учение школьников» еңбегінен табуға болады. Ол, негізінен, белсенділікті үш деңгейге бөледі:
Әсер ету белсенділігі.
Бұл баланың түсінуі, есте сақтауы, білімін қайта жаңғыртуы, үлгі бойынша қолдана алуы. Әсер ету әрекетін ұйымдастыруда оқытудың түсіндірмелі - иллюстративті әдісі қолданылады. Бұл баланың әсер ету белсенділігін қамтамасыз етеді.
Интерпретациялық белсенділік.
Бұл баланың істі аяғына дейін жеткізу, қиындыққа қарамай, істің шешілу жолдарын іздеуі, неге сұрағына өздігінен жауап беруге тырысуымен байланыстырылады. Екінші деңгейде педагог дамыту үшін оқытудың ақпаратты - ізденіс әдістерін қолдануы қажет, бұл бала әрекетіне жекелік сипат береді.
3. Шығармашылық деңгей.
Бұл құбылыстың мазмұнына және өзара байланыстылығына терең үңіліп қана қоймай, аталған мақсатқа жету үшін, жаңа амал таба білумен сипатталады. Белсенділіктің бұл деңгейінде балалар білімдерін жаңа жағдаяттарда көрсетуге тырысады, яки білім мен амалды бейтаныс жағдаятқа ауыстырады.
Белсенділіктің үшінші деңгейінде шығармашылықтың мәнін аша отырып оның ‘‘әрекет’’ ұғымымен тығыз байланысты екенін анықтауға болады.
Зерттеушілер шығармашылық әрекетке әр түрлі анықтама береді. Мысалы, И.Лернер шығармашылық әрекет деп білім, білік, дағдыны жаңа жағдайға тасымалдай білуді, нысанның жаңа қызметін көтере білуді, жаңа шешім табуды белгілейді.
А.Лук шығармашылық әрекетті мәселені шешудегі көрегендікке балайды, идеаларды іске асыру (генерация жасай білу), болжай білу қабілеттерін атайды.
Шығармашылық және әрекет диалектикалық біртұтастықты құрайды. Әрекет шығармашылықты тудырып, оны нақты болмысқа айналдырса, ал шығармашылық әрекетті реттейді, оның амалдарын, тиімділігін анықтайды. Шығармашылық әрекет арқылы шығармашылық қабілеттер қалыптасады, әрі қарай дамиды
Шығармашылық қабілеттің дамуы, оны дамыту жолдары жайында ғалымдар тереңнен ой толғайды. Жүсіп Баласағұн, Әл-Фараби, Абай өз еңбектерінде адамның жеке басын, қабілеттерін дамытудың жолдарын зерттеген. Бала шығармашылығына бағыт – бағдар беруді ең алғаш білім мазмұнына енгізген – М.Жұмабаев.
Қабілет жайында жазылған ойларды, тұжырымдамаларды, еңбектерді талдай келе, адам бойындағы табиғи мүмкіндіктер болады, олар тек белгілі бір әлуметтік жағдайларды байқалып, әрі қарай дамиды, әр адам басқа адамнан табиғи психологиялық жағынан ерекшеленеді деген қортындыға келеміз.
Қабілет ұғымына берілетін анықтамалар; Қабілеттер – іс-әрекеттің белгілі бір түрін нәтижелі орындаудан көрінетін адамның жеке қасиеттерінің жиынтығы. Бала бойындағы дарындылық сияқты ерекше қасиетті зерттеген Н.Лейтес қабілетке «іс-әрекеттің белгілі бір түрінде жетістіктерге жеткізетін психологиялық қасиет» деген анықтама береді.
Баланың шығармашылық қабілеттерін дамытудың жолдарын, құралдарын анықтау психология мен педагогика ғалымдарында өте ертеден зерттеліп келеді. Шығармашылық әлемдік мәдениеттің барлық дәуіріндегі ойшылдардың назарында болғандығын «шығармашылдық теориясын» жасауға деген көптеген ізденістердің болғандығын байқауға болады. Бұл әрекеттер өзінің логикалық шегіне жеткен деп айтуға болмайды. Сондықтан шығармашылық педагогикасының негізгі мақсаты - бүгінгі күн талаптарынан туындаған, озық қоғамға лайықты жаңа сана, рухани сапа қалыптастыру және тың жолдар мен соны шешімдер іздестіру болып табылады.
Мектеп жасына дейінгі бала психикасының қалыптасуы мен дамуы оның есейген шағымен салыстырғанда шапшаң жүреді. Балалық шақтың осы таңғажайып мүмкіншіліктері мидың, белгілі бір жүйке құрылымдарының толысып, пісіп - жетілуіне және олардың функционалдық қасиеттеріне байланысты. Бұдан шығатын қорытынды; мектепке дейінгі кезеңдегі баланың жас ерекшеліктеріне байланысты қасиеттер оның шығармашылық қабілеті дамуының негізін қалайтын жағдайларды тудырады. Балалық шақтың белгілі бір кезеңдеріндегі жас ерекшелігі оның бойындағы қабілетті қалыптастырудың негізгі алғышарты болып табылады.
Оны шешу үшін ең алдымен оқыту мазмұны жаңартылып, әдіс - тәсілдің озығы өмірге келуі, олар әрбір азаматтың жеке басының қасиеттерін дамытып, шығармашылығын, талантын ұштайтындай болып ұйымдастырылуы қажет. Баланы балабақшадан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға әкелудің жолдарын көрсету керек.
Балалардың шығармашылық қабілетін танып білу, дамыту үшін:
1) балалардың қабілет деңгейі, құрлымы әр алуан болатынын ескеру керек. Оны анықтауға психологиялық тестілер, зерттеу, бақылау, дамыту жұмыстары көмектеседі;
2) әр адамда қабілеттің бірнеше түрі болатынын ескере отырып, баланың жетекші қабілетін анықтап, арнаулы жаттығу жұмыстарын жүргізе білген жөн.
Шығармашылық жеке тұлғаның түрлі әлеуетін қалыптастырады.
Ғалымдардың айтуынша «шығармашылық қабілет» түсінігіне еніп тұрған бар қасиеттер кешенін бір мезгілде қамту мүмкін емес.
Бұл мақсатты түрде ұзақ мерзімде жүзеге асатын жұмыс болғандықтан, эпизодты түрде қолданылатын шығармашылық тапсырмалар біз күткендей нәтиже бере бермейді. Сондықтан мектепке дейінгі мекемеде танымдық тапсырмаларды бір жүйеге құрып, балалардың бір бағыттағы интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытып қалыптастыратындай жұмыс бағытын ұсынып отыру керек. Балалардың шығармашылықпен ойлауын дамытуда алға мынадай шарттар қойылады.
Мектеп жасына дейінгі баланың шығармашылық қабілетін үш кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең – материалды тез қабылдап, жылдам меңгеретін бала.
Екінші кезең – арнаулы тапсырманы мұқият орындайтын бала.
Үшінші кезең – берілген көркемдік білімді баяу қабылдайтын бала. Осы орайда баланың ынта-жігерін арттыру арқылы шығармашылық деңгейін дамытуға болады. Баланың қабілеттілігін дұрыс түсіну үшін баланың жас ерекшелігін психологиясын білу және ескеру қажет. Шығармашылықты тежейтін бірнеше кедергі бар: біреулер «жасай алмаймын, қолымнан келмейді» деп өздерін үрейге, қорқынышқа билетсе, екінші бала өз жұмысына өзі қанағаттанбайды; ал үшінші біреу – жасқаншақтық немесе ұяңдықтың кесірінен өз талантын танытуға енжар болады; төртіншісі – жалқаулыққа жеңдіреді. Психологиялық дайындық, яғни педагогтың психологиялық әсері шығармашылық кезеңде баланың шабытын оятып, құлшындырып еліктіріп отырады. Шығармашылық шеберлік үшін балаға педагогтың берер психологиялық әсері мынадай болмақ керек деп ойлаймын:
«Сенің қолыңнан бәрі келеді», «сен қабілеттісің», деген сөздермен баланың ерік-жігерін билеп, сенім білдіру;
Бүлдіршіндердің кішкентай жетістігі болса да, жоғары бағалап, мадақтап, көтермелеу.
Шығармашылық сәтте балаға құптаушылық көзқарас білдіру, сезім күйін бақылау, қамқорлық таныту;
Балалар үшін педагог өзін қарапайым жан есебінде таныта білу, оқиға, сюжет, образ жасауда оларға сенім білдіру;
Баланың қойған сұрақтарына пейілмен дұрыс жауап беру, олардың еркіндігін қамтамасыз ету сияқты әрекеттерді педагог білуі тиіс.
Мектеп жасына дейінгі өнімді шығармашылық қызметін ұйымдастыруда, бейнелеу өнерінің сабақтары барлық жас топтарында өткізіледі. Мектеп жасына дейінгі балалар бейнелеу өнерімен жалпы топтық оқу іс-әрекетінен тыс та, ойынға бөлінген уақыт мезгілінде шұғылданады. Тәрбиеші бұл ынтаны, алынған бейнелеу дағдыларын қолдануға баланың шығармашылығын қолдап отырады. Іс-әрекетің түрлеріне үңілсек сурет салу, жапсыру, мүсіндеу, құрастыру – балалардың шығармашылық белсендігін көрсету үшін үлкен мүмкіндік беретін сабақтардың бірі. Мектеп жасына дейінгі балалар бейнелеу кезеңінде заттарды салыстыра алмауы мүмкін, дегенмен нәрсеге қарап сурет салуда дәл ұқсастықпен бейнелеуге мүмкіндік бар. Сондықтан бала бақша балаларына бейнелеу өнерінен білім беруде көрнекілік құралдарды жүйелі пайдаланғаны жөн.
«Мектепке дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін дамыту» бағытында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде:
- Ойын - тапсырмаларын орындау барысында балалардың қиялдары дамып, шығармашылық қабілеттері белсенді түрде артады.
- Шығармашылық тапсырмаларды орындау арқылы баланың өз мүмкіндіктері дамып жетіледі.
- Оқу қызметінде бала өзін-өзі қалыптасуына өз идеясын жүзеге асыруына бағытталған жаңа әдіс - тәсілдерді іздеп, проблеманы өзінше, жаңаша шешуге талпыныс жасайды.
- Тілдік тапсырмаларды орындау барысында сөздерді өзгерте, жаңа сөздер ойлап табуға белсенді тәжірибелер жасайды, сөйлеу іс - әрекетіне шығармашылықпен кіріседі.
- Бейнелеу іс- әрекетінде зат пен қоршаған ортаға баланың қызығушылығының артуы шығармашылық қиялының дамуына септігін тигізеді.
- Музыкалық іс - әрекетте баланың жеке басын жан – жақты дамыту эстетикалық тәрбие, дене тәрбиелерімен өзара тығыз байланысы арқасында қамтамасыз етіледі.
- Баланың бойында батылдық, еркіндік, ұшқырлық, сезімталдық сияқты қасиеттермен қатар ерекше ой қызметі, қайшылықтарды түсіну, заңдылықтарды анықтау, шығармашылыққа деген құштарлық дамиды.
Балалардың осындай шығармашылығын ұйымдастыра отырып өмір сүруге қабілетті, өзіндік дамуға даяр, өзін таныта алатын және өзі үшін де, қоғам үшін де бар мүмкіндігі пайдаланатын шығармашыл, құзіретті тұлғаны тәрбиелеуге жұмыстанудың маңызы зор болмақ.
Қорыта айтқанда, ұзақ жылдар бойы шығармашылық барлық адамның қолынан келе бермейді деп қарастырылып келсе, қазіргі ғылым жетістіктері негізіне қабілеттің мұндай дәрежесіне белгілі бір шарттар орындалған жағдайда кез келген баланы шығармашылыққа бейімдеуге болатыны көп айтылуда. Адамның шығармашылыққа ынтасы оның өз даралығын, өз қабілеттерін іске асыруға жол ашады.
Қорытынды
Балалардың осындай шығармашылығын ұйымдастыра отырып өмір сүруге қабілетті, өзіндік дамуға даяр, өзін таныта алатын және өзі үшін де, қоғам үшін де бар мүмкіндігі пайдаланатын шығармашыл, құзіретті тұлғаны тәрбиелеуге жұмыстанудың маңызы зор болмақ.
Қорыта айтқанда, ұзақ жылдар бойы шығармашылық барлық адамның қолынан келе бермейді деп қарастырылып келсе, қазіргі ғылым жетістіктері негізіне қабілеттің мұндай дәрежесіне белгілі бір шарттар орындалған жағдайда кез келген баланы шығармашылыққа бейімдеуге болатыны көп айтылуда. Адамның шығармашылыққа ынтасы оның өз даралығын, өз қабілеттерін іске асыруға жол ашады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Бастауыш мектеп. 2005-2010 ж.
Тұрғынбаев Б.Ш Шығармашылық қабілеттер және дамыта оқыту Алматы 1999 ж
Сыр мектебі 2007 ж №17
Достарыңызбен бөлісу: |