137-бап. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсету 1. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсетуге:
1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз күйдегі;
2) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулары бар;
3) ауыр психикалық бұзылушылықтары (аурулары) бар;
4) қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған психикалық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға қатысты жол беріледі.
2. Осы Кодекстің 78-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар үшін келісімді олардың заңды өкілдері береді.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға қатысты келісімсіз медициналық көмек көрсету туралы шешімді - консилиум, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде медициналық ұйымның лауазымды адамдарын кейіннен хабардар ете отырып, тікелей медицина қызметкері қабылдайды.
4. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.
132-бап. Дәстүрлі медицина. Емшілік 1. Дәстүрлі медицина - халық медицинасының көпғасырлық дәстүрлеріне негізделген және медициналық қолдануға рұқсат етілген, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың кодификацияланған әдістерінің жиынтығы.
2. Медициналық білімі бар, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиясы бар адамдардың дәстүрлі медицина саласындағы қызметке құқығы бар.
3. Емшілік - емшілік құралдар, тәсілдер, дағдылар туралы эмпирикалық мәліметтердің жиынтығы және денсаулыққа әсер ету мақсатында оларды практикалық қолдану.
4. Екі және одан көп адамдарды тарта отырып, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, емшілік сеанстарын жүргізуге тыйым салынады.
5. Емшілік әдістерін қолдану кезінде адамның денсаулығына зиян келтірген адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.