135-бап. Пациенттердің міндеттері 1. Пациент осы Кодекстің 12-тарауында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;
2) медицина қызметкерлерімен қатынаста құрмет пен сабырлық танытуға;
3) ауруға диагноз қою және оны емдеу үшін қажетті барлық ақпаратты дәрігерге хабарлауға; медициналық араласуға келісім бергеннен кейін медицина қызметкерлерінің тағайындауын мүлтіксіз орындауға;
4) медициналық көмек алу кезінде медициналық ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медицина персоналымен ынтымақтастықта болуға;
5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік туындаған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлеріне уақтылы хабарлауға;
6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын әрекеттер жасамауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
2. Пациенттердің осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген міндеттері стационарда ауру балаға күтімді тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.
136-бап. Медициналық көмектен бас тарту құқығы 1. Осы Кодекстің 137-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, пациенттің немесе оның заңды өкілінің медициналық көмектен бас тартуға құқығы бар.
2. Медициналық көмектен бас тартқан кезде пациентке немесе оның заңды өкіліне медицина қызметкері пациентке немесе оның заңды өкіліне қолжетімді нысанда ықтимал салдары туралы түсінік береді.
3. Медициналық көмектен бас тарту ықтимал салдары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарда жазбамен, оның ішінде электрондық форматта ресімделеді және оған пациент не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.
Пациент не оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде медициналық құжаттамада тиісті жазба, оның ішінде электрондық форматта жүзеге асырылады және оған медицина қызметкері қол қояды.
4. Кәмелетке толмаған не әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына және (немесе) сотқа жүгінуге құқылы.